Тәуелсіздігіміздің таңы атқан отыз жылдан бергі уақытта Қазақстанда спортты дамыту жолында қыруар жұмыстар атқарылып келеді. Ал, елдегі спорттың, соның ішінде балалар спортының дамуына зор үлес қосып келе жатқан спорт клубтары да бар. Солардың бірі – «Арыстан» кәсіпқой спорт клубы.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында, 27 мамырда Іле ауданының Өтеген батыр кентіндегі Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде таеквандодан «Арыстан» кәсіпқой спорт клубының Кубогы үшін республикалық жарыстың ресми ашылу рәсімі өтті. Байрақты бәсекеде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Семей, Тараз, Қызылорда қалалары мен Алматы, Қарағанды облыстарының жас спортшылары бақтарын сынады.
Ашылу салтанатына «Sagadat Batyr» спорт клубының президенті, Іле ауданының Құрметті азаматы Ерболат Тұрымбетов, Іле ауданының Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Бақытжан Рақымжан, Қазақстан таеквондо федерациясының Спорт мәселелері жөніндегі вице-президенті Қайрат Дүйсенов, Іле ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, «Қазақстан барысының» тұңғыш жеңімпазы Ұлан Рысқұл, «Alash Pride FC» президенті Данияр Қасқарауов, Алматы облыстық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Орынбасаров және Іле аудандық мәслихат депутаттары Нұрлан Түймелиев, Бауыржан Ысқақ, Айдар Абдрахманов пен Гүлмира Ақжолтаева қатысты.
Халықаралық балаларды қорғау күні мен Қазақстандағы Балалар жылына орайластырылған дүбірлі дода ҚР Мемлекеттік әнұранымен ашылды. Алғашқы сөзді Ерболат Тұрымбетов алды.
«Жасөспірімдердің осылайша спортпен айналысып жүргені қуантады. Өйткені, болашақта Қазақстанның көк Туын желбіретіп, Әнұранын асқақтататын спортшылар арамызда тұр», – деп атап өтті Ерболат Сапарұлы.
Бақытжан Көкенұлы да жарыстың ашылуымен құттықтап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Балалар жылы деп жариялағанын еске салып, Іле ауданының әкімі Бағдат Әбілмәжінұлының сәлемін жеткізді.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Нұрлан Лесұлы, Данияр Алдабергенұлы және Ұлан Ғалымұлы жас спортшыларға сәттілік тілеп, жарысты ұйымдастырып отырған «Арыстан» кәсіпқой спорт клубына ризашылықтарын білдірді.
Ашылу салтанатының соңында «Арыстан» кәсіпқой спорт клубының Алғыс хатымен егеменді еліміздің болашағы саналатын балалар, жасөспірімдер мен жастар арасында спорттың дамуына қосқан зор үлестері үшін бірқатар қонақтар марапатталды.
Айта кетейік, жарыстың бас демеушілері – Іле ауданы әкімдігі және Асқар Шайхиев атындағы таэквондо спорт клубы.
Спорт – денсаулық кепілі екені барлығымызға мәлім. Ал, «жастар – жарқын болашағымыз» десек, жас ұрпақты спортқа баулудың артықшылығы айқын бола түседі. Сондықтан осы тұрғыда атқарылатын жұмыстарды жандандырып, барынша қолдау көрсетіп және балалардың спортпен айналысуына жағдай жасап жүрген «Арыстан», Асқар Шайхиев атындағы спорт клубтарының еңбегін ерекше атап өтуге болады. Демек, өскелең ұрпақ бос уақытын тиімді өткізіп, денсаулығын күтуге, салауатты өмір салтын ұстануға көп көңіл бөлетін болса, еліміздің болашағы мықты ұрпақтың қолында болары сөзсіз.
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ