Алакөл ауданында «Ақжар» мешіті ел игілігіне берілді

0
1277

Алматы облысына қарасты Алакөл ауданындағы Ақжар ауылдық округінде «Ақжар» мешіті ел игілігіне берілді. Айдынды өлкеде қазығы қағылған мешіттің ашылу салтанаты барлық санитарлық талаптарға сай өткізілді.

Имандылық пен ізгілікке шақыратын Алла үйінің құрылысын «Жазылбеков и К» ЖШС-нің директоры А. Жазылбеков өз демеушілігімен жүргізген. Мешіттің бой көтеруіне ықпал жасап, күш-жігерін аямаған серіктестік төрағасына ауыл тұрғындары мен қарттарымыз ризашылықтарын білдіріп, ауыл ақсақалдары ақ бата беріп, жеке шаруашылық иесіне қазақы салт-дәстүр бойынша шапан жапты.

Кең орынды мешіттің ашылуында Алакөл ауданының бас имамы Ә. Молдахметов бұқара халықты мешіттің ашылуымен құттықтап, оны салудың сауабы мен имандылық иірімдері турасында насихат айтып, құран бағыштап, күндердің сұлтаны жұма күнімен тұспа-тұс келген тарихи күнде қасиетті Құран Кәрім кітабын жаңадан тағайындалған ауыл имамына табыстады.

Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары М. Төлеужанов және «Жазылбеков и К» ЖШС-нің директоры А. Жазылбеков кезегімен сөз сөйлесе, аудан әкімінің әдеп жөніндегі уәкілі Б. Сүлейменов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Бекболатов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Айтахметов пен Ақжар ауылдық округінің әкімі Е. Жапарғалиев өңіріміздің рухани жетістіктеріне ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, жиынға ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Бүгінгі күні өңірімізде тұғырлы тәуелсіздік пен тұрақтылықтың арқасында мешіттер саны артып келеді. Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай айдынды өлкемізде 30-ы мешіттің ашылуы оған дәлел. Бұл күн тарихта қалар ерекше оқиға.

Сонымен қатар, құлшылық үйінде бір мезетте 100-ге жуық тұрғын намаз оқи алады. Мешіт ішінде намаз оқуға арналған үлкен залы мен әйелдер намаз залы және т.б. орындары бар. Аталған мешіт ғимараты жылу жүйесімен қамтылған. Жалпы, ауданымызда жаңадан ашылған мешіт «Ақжар» мешіті деп аталатын болады.

Касиет Арстан, Алакөл ауданы әкімінің Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here