Тарихи повесть: Ахаң мен Жахаң салған азаттық жолы (соңы)

0
3168
Елордада Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған ескерткіш

(Соңы. Басы өткен нөмірде)

САРТҮБЕКТЕГІ ОҚИҒА

1909 жыл. Ақпан айының бас кезі. Ақкөл, Сартүбек ауылы. Ауылда сары саз кірпіштен тұрғызылған жиырмадан астам қыстақ үй бар. Төбелері қамыспен жабылған жаппа үйлер. Сартүбектегі қыстауындағылардың көбісі Шошақ ұрпақтары. Мұндағы үлкен үй – Ақтастың үйі. Сырттан келген саудагер, пошташы, ояз қызметкерлері әуелі осы үйге кіріп шығады. Ақтас осыдан жеті жыл бұрын Сібір каторгасынан келген. Жасы жетпіс беске тақап қалса да, атқа қиналмай мінетін, қапсағай жауырынды, денелі кісі. Ақтастың бәйбішесі Үбіжан Сібірге бірге еріп барып, сол жақта қайтыс болған. Ақтас айдаудан оралғасын үйленген. 1885 жылы Ақтас, Байтұрсын, Даниярды Сібірге айдағанда, бүкіл Шошақ балаларының мал-мүлкін түгел кәмпескелеген. Ақтас пен Байтұрсын айдаудан келгелі Шошақ балаларының тұрмысы ептеп жөнделе бастаған. Ауылдың екі жүздей жылқысы бар. Жыланшық бойында еркін жайылып жүреді. Ұры-қары тиген емес. Ақтас пен Байтұрсынның атағынан сескенеді.

Ауылда таң ата қар қыламықтанып жауып тұр еді, түске қарай ашылып, күн шуағын шаша бастаған. Әр үйдің мұржасынан түтін шудаланып шыға бастаған. Байтұрсынның үйі Ақкөл жақтан келетін жол жақта еді. Үйдің кішісі Зиляш қорадан бір құшақ шағыр алып, ауыз үйдегі пешке тастаған. От лаулап, үйді жылыта бастады. Анасы Күнші үлкен жез құманға су толтырып, пеш үстіне қойған. Байтұрсын төргі үйде ауырыңқырап, төсекте жатқан, Сібірден оралғанда денсаулығы әлсіреп келген еді.

– Зиляш-ау, жаңа үйдің жанынан бір атшана өткен сияқты еді, кім екенін білмедің бе? –  деп сұраған.

(Ұлын көп жылдан бері көрмеген ана жүрегі ұлы Ахметті сағынады. Сырттан адамдар келсе, «солармен Ахметі келіп қалды ма екен» деп ойлайды. Қайран ұлына деген ана сағынышы бөлек).

Зиляш:

– Жоқ! Ешнәрсе байқамадым, – деген.

Күнші Байтұрсынның төсегіне жақындатып, дастархан жайып, шәй әкелген. Бауырсақ, құрт, сары май, бидай жент дастархан төрінен орын алған. Зиляш ақ кесеге күрең шәй құйып, әкесінің қолына берген. Сол кезде есік ашылып, Кәкіштің үйіндегі келіні кіріп келді. Оған Күнші «Есікті тез жапшы, келін, атаңа суық ызғар жақпайды» деген. Бірақ, келіні ерекше қуанышты екен:

– Ата, апа! Семейдегі ағам сәлемдеме жіберіпті. Сүйінші!

– Не дейді, құдай-ау! – деген Күнші өз құлағына өзі сенбей.

– Не деп тұрсың, келінім-ау?!

– Міне, ағамның жаңа кітабы! Атам мен сізге арнайы жіберіпті. Жаңа қазірде үлкен үйге келген пошташы алып келді. Әр үйге бір кітаптан беріп жіберіпті! – деп Бибіш келін Ахмет беріп жіберген кітапты Күнші апасының қолына ұстатқан.

Бай отбасында өскен Күнші бала кезінен сауатты еді, кітаптың бетінде жазулы тұрған «Қырық мысал», «Ахмет Байтұрсынов» деген жазуды оқып, зарлап қоя берсін. «Ахметім-ай! Құлыным-ай! Ақ жүзіңді көре алмай зар болдым-ау» деп еңірегенде үй солқылдағандай болды. Байтұрсын жатқан жерінен басын көтеріп:

– Әу, Күнші, не болды үйді басыңа көтеріп?! Жамандық шақырып тұрғаның не зарлап?! – деп жекіріп тастаған.

Күнші сол көз жасын көлдеткен күйі қолындағы кітапты Байтұрсынға ұстатты. Байтұрсын орысша-арапша оқи алатын. Кітаптағы Ахметтің атын оқып, қуанғаннан жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Сөйткенше, үйге құтты болсын айтқан туыстар да жиналып қалған. Қуанышты хабарды ауыл түгел естіпті. Әкесінің жанына Кәкіш, Мәшен, Ақтастың үлкені Аспандияр келіп, құтты болсынды жаудырып, әкелерінің көңілін көтеруге барынша тырысып жатқан. Ақтас та келіп, інісінің қолын алды. 

– Байтұрсын, Күнші қарағым, Ахметтің мына кітабы елдің еңсесін көтеруге сеп болып жатыр. Қуаныш ұзағынан болсын! Мен Ахметіме бір жорға атадым, – деді Ақтас. 

Жиналған жұрт ырза, барлығы «әумин» десіп жатты.

Сол күні Байтұрсынның үйінің таң атқанша шамы сөнген жоқ. Ертеңіне Байтұрсын бойына жаңа күш біткендей далаға шығып, қорада тұрған отыз-қырық қой-ешкіге шөп салып, біраз тер төккен. Күн көрістері осындағы екі сиыр мен оншақты жылқыға ғана қарап қалған. Содан ұлы Ахметтің «Қырық мысалы» ауылда бір ай әңгіме болып, Байтұрсын мен Күншінің көңілі бір өсіп қалған кезі еді. Наурыздың басында Байтұрсын төсекке қайта жатып қалды. Шаншу көбейіп, буындары жүргізбей қойған.

– Бәйбішем-ау, бүгін жаман түс көрдім, Ахметке бірнәрсе болып қалған жоқ па екен?! Шошып ояндым. Кет, пәлекет! Кет, шайтан! Ух! – деп оянып еді бір жолы.

Бір күні Күнші таң ата тұрып, пешке от жағып, қазанға су құйып жылыта бастаған. Күн шығар-шықпаста Байтұрсынның «Күнші-ау, тездетіп пешке от салсайшы, үй салқындаса, тез тоңып қалам» дейтіні бар еді, бүгін үнсіз жатқанына таң қалып, Байтұрсынның көрпесін ашса, денесі суып, көзі жұмылып қалыпты. Күнші жоқтауға салды. Еңіреп тұрған Зиляш Ақтас ағасына жаман хабар айтуға жүгіріп кетті…

АХМЕТТІҢ ЕКІНШІ ҚАМАЛУЫ

Семей қаласы. 1909 жыл. Наурыз айы басталған кез. Ахмет Байтұрсыновты Семей жандармериясы қамауға алған. Ахаңның қамауда жатқанына он күн болған.

Бәдрисафаға Ахаңның әкесі дүниеден озғаны туралы хабар келген. Бірақ, Бәдрисафа ол қаралы хабарды Ахаңа жеткізуге батылы бармай жүрген. 

Бір күні екі қарулы конвой кісенделген Ахметті жабық арбамен жандармерия кеңсесіне алып келді. Тергеу бөлмесінің терезесі темір торлы, оның жанындағы столда фуражкесін қисайта киген казак ефрейторы отырды. Алдында қаламсап, сия сауыт пен қамшы жатты.

Бір сәтте есікті еркін ашып, капитан дәрежесіндегі офицер кірді. Ол ефрейторға қарап:

– Ефрейтор, мені анаған таныстыр! – деді.

– Құп болады, – деді ол орнынан ұшып тұрып.

– Губерниялық жандармерия департаментінің аға тергеушісі, капитан Савелий Кривошин, – деп таныстырды.

– Жақсы, тергеуді бастаймыз!

Сосын Ахаңа қарап:

– Фамилияңыз?

– Байтұрсынов!

– Иә, атақты Байтұрсынов мырза! Онда әңгіменің турасына көшеміз. Сіздің үстіңізден түскен арыз көп. Қойшығұлов деген кісіні танисыз ба?

– Танымаймын ондай кісіні, көрген адамым емес.

– Сол өз арызында «Сізді губернияға жазылған петицияға қол қоюды сұраған» депті. Бұл кісі Қарқаралыдан. Бұған не дейсіз?

– Ешқандай кісіні «қағазға қол қой» деп мәжбүрлеген емеспін.

– Қоянды базарынан Есенбаев деген кісі де Сіздің үстіңізден «Қол қойдырып жүргенін көрдім» деп жазыпты.

– Мен Қарқаралыда мектепте мұғалім болып қызмет атқардым. Базарға, жәрмеңкеге өте сирек баратынмын. Ондай текті адаммен таныс-біліс емеспін.

– Ал ендеше, Қостөбе болысының бұрынғы старшинасы Қиаспаев деген «Байтұрсынов сол ауылда болып, жергілікті өкіметке қарсы насихат жүргізді» деп Сізге арыз жазып отыр. Сіз сол болыстықта болғаныңыз туралы не дейсіз?

– Мен жалғыз Қостөбеде ғана емес, басқа болыстықтарда да болып, гимназияға, Петербор, Орынбор, Омбы оқу орындарына оқуға балаларын жіберуді болыстық тұрғындарынан сұрадым. Оның ешқандай саяси астары жоқ. Жастарды мектептерге оқуға шақыру менің ұстаздық парызым. Менің осы сөзімді естіген таза пиғылды кез келген ауыл тұрғындары растай алады.

– Сіздің үстіңізден түскен басқа арыздар да көп. Олар жөнінде келесі жолы сөйлесеміз. Бүгінгі тергеуді осымен аяқтаймыз, – деді де, тергеу бөлмесінен шығып кетті.

Екі конвой Ахмет Байтұрсыновты түрмеге қайта алып кетті. Содан Ахаң  тағы он күннен астам уақыт тергеусіз жатты қамауда. Бәдрисафа алаңдаулы, Ахаңмен кездесуге бір айда бір рет қана рұқсат береді. Тамақ жеткізеді, бірақ әкесінің қайтыс болғанын Ахаңа айтуға тілі жетпей жүр. «Айтқанда не болады? Түрмеден шығып, Торғайға бара ала ма, әлде жүрегі көтеріліп, ауырып қала ма?» деп ойлаған Бәдрисафа не істерін білмей, іштей қамығуда…

ҚАМАУДАҒЫ КҮНДЕР

Семей уезі. 1909 жылдың жазы. Ахаңның қала түрмесінде қамауда отырғанына үш ай болған. Тергеуге сирек шақырады. Бәдрисафа жандармерия бастығынан рұқсат алып, Ахаңмен кездесуге келген. Ахаңның жүдеп кеткенін Бәдрисафа көзімен де көрді, жүрегімен де сезді. Екеуінің де уайымы көп. Ахаң:

– Мені «Өкіметке қарсы үгіт жүргізді» деп айыптап жатыр. Бір айыбының негізі, дәлелі жоқ. Мені ұзақ ұстап отырғаны содан. Заң бұзған қылмыскер емеспін, «шығаратын шығар» деген үміттемін. Бәрінен бұрын әке-шешем үшін уайымдаймын. Әкем қиындықты көп көрген адам ғой, шыдар. Апам үшін қиналамын, жаны өте нәзік еді, күйіктен өмірден өтіп кете ме деп қорқамын, – дегенде Бәдрисафа шыдай алмай ал кеп жыласын!

Ахаң шошып кетіп:

– Не болды, бірнәрсе болып па еді? – деп сұрағанда, Бәдрисафа көз жасын әрең тиып:

– Жәй сенің, ана жақтағы әкең мен анаңның күйі көзіме елестеп, жыладым.

– Ендеше, мен анама арнап хат жазып едім, соны тез апарып, поштаға салшы, мүмкін хатым көңілдеріне демеу болар, – деген.

Сол кезде күзетші надзиратель де кездесудің аяқталғанын айтып, Ахаңды алып кеткен.

Бәдрисафa жолда келе жатып Ахаңның анасына жазған хатын оқып, поштаға жеткенше көз жасын тыя алмаған. Ахаңның сол өлеңмен жазған анасына хаты төмендегдей еді:

«Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ тағалам!

Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!

«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар көп жаннатқа да тарам-тарам.
Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.

Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!»

Ахаңның анасына арнап жазған тоғыз ауыз өлең хаты осылай басталған еді. Ахаң анасына жазған осы хатында өзінің ішкі күйігін, арманын, мұратын, бәрін түсіндіріп жеткізе білген. Бәдрисафа хатты аяғына дейін оқуға мұршасы жетпей, асыға поштаға кіріп, хатты конвертке салып, заказной ақшасын төлеп, елге жөнелткен. 

Жалдап алған пәтерге келіп, көп ойланып-толғанып, Бәдрисафа Батыс Сібір губернаторының атына хат жазуға отырды. Губернатордың атына жазылған хатта күйеуі Ахмет Байтұрсынов негізсіз қамауға алынып, дәлелсіз, зорлықпен түрмеден шығарылмай отырғаны жазылған. «Бәдрисафа Байтұрсынова» деп қол қойылған хатта «А.Байтұрсыновтың ісі сотта қаралып, ақ қарасы шешілсін, олай болмаған жағдайда тез босатылуын талап етемін» делінген. Бұл тамыз айының жетісі еді. Келесі айда Батыс Сібір губернаторының канцеляриясы қол қойған жауап келген. Олар «вашей просьбе отказано» деген…

ҚАМАУДАҒЫ САРЫЛЫС

1909 жылдың қыркүйегі аяқталып та қалған. Семей уезі бойынша 1905 жылы жазылған Петицияны ұйымдастырғандарды тергеу жалғасып жатқан. 1908 жылы Қазан университетінің Заң факультетін Алтын медальмен бітірген Жақып Ақбаев пен тағы он шақты оқыған қазақтар сотқа тартылып, олар екі жылға Жетісуға жер аударылған болатын. Соған қарамастан Петицияны жазушылар мен отаршылдыққа қарсы белсенді сөз айтып жүрген қазақ оқығандарын сыпыра «Өкіметке қарсы пікір таратқан» деген саяси айыппен қылмыстық іс қозғау істері жалғасып жатқан.

1909 жылдың күзі. «Өкіметке қарсы» деген жаламен Ахмет Байтұрсыновты түрмеде ұстап отырғанына жеті айдан асты. Бәдрисафа Омбы губерниясының губернаторы канцеляриясынан «Өтінішіңіз қабылданбады» деген хат келгеннен кейін қаладағы жанашыр оқығандардың ақылымен бұрын Ресейдің II Думасының депутаты болған Н.Скалозубовтың адресін тауып алып, соған А.Байтұрсыновтың хал-жағдайын айтып хат жазған. Н.Скалозубов А.Байтұрсыновты 1906 жылы Ресей Думасына депутат сайлауына қатысқан кезінен білетін. А.Байтұрсынов Қарқаралыда жүргенде осы Н.Скалозубовқа дауыс берген. Одан да бұрын Орынбор газетінде әр облыстан Ресей Думасына депутаттар енгізуді мәселе етіп көтергені бар еді. Бәдрисафаға Скалозубовтың есімі Ахаңның жазбаларынан таныс.

Бәдрисафаның хаты он-он бес күнде жеткен болуы керек, Батыс Сібір губерниясында беделі бар Н.Скалозубов Омбы губерниясының губернаторына «Елге танымал ағартушы педагог Ахмет Байтұрсынов түрмеде жазықсыз ұсталып, кінәларын мойындату үшін зорлық-зомбылық жасалатын көрінеді. Жазықсыз айыпталып отырған Ахмет Байтұрсыновты түрмеден босатуыңызды сұраймын» деп жазған хаты Омбы губерниясының бастықтары арасында алаңдаушылық туғызғаны рас, бірақ губерния жандармериясының бастығы «Депутат А.Байтұрсыновқа зорлық-зомбылық көрсетілгенін дәлелдесін» дегендей сылтау айтқан. Оған қоса Семей жандармериясының бастығы Омбы губерниясының губернаторынан «А.Байтұрсыновты түрмеде ұстау мерзімі ұзартылсын» деген тағы талап қойған.

Сонымен, депутат Н.Скалозубовтың Омбы губернаторына жазған хаты аяқсыз қалған. Бірақ, ол алған бетінен оңайлықпен қайтатын адам емес еді. Ол кешіктірмей Ресей империясының Ішкі істер министріне Ахмет Байтұрсыновты босату және кінәсі дәледенбесе, сотта қаралуын сұрап талап арыз жазды. Оған қоса Ресей Ішкі істер министрінің атына Бәдрисафа Байтұрсынованың атынан арыз осы уақытта түскен. Сондай-ақ, Санкт-Петербург газетінде «Казахский поэт Ахмет Байтұрсынов в тюрьме» атты резонансты мақала жарық көрген. Басқа орыс тілді газеттерде де осы сипаттағы мақалалар жарияланған. Орынбор қалалық газетінде орыс тілінде «Поэт Ахмет Байтурсынов» атты мақала шыққан.

Түптеп келгенде, осы депутат Скалозубовтың, Бәдрисафаның Ішкі істер министріне жазған хаттары және үлкен газеттерде А.Байтұрсынов туралы жазылып жатқан мақалалар А.Байтұрсыновтың үстінен қозғалған қылмыстық істің барысына әсер етті.

1910 жылдың қаңтар айында Ахмет Байтұрсыновтың ісі Семей сотында қаралып, «Өкіметке қарсы насихат жүргізгені жанама түрде дәлелденуіне байланысты Орынбор губерниясына жер аударылсын» деп үкім шығарған. 
Сот үкімі шыққаннан кейін де Ахмет Байтұрсынов бірден түрмеден босатылған жоқ.

АХАҢНЫҢ ОРЫНБОРҒА ЖЕР АУДАРЫЛУЫ

1910 жылдың сәуірі. Семей қалалық түрмесінің алдына бір топ адам жиналған. Олар Ахаңды, Бәдрисафаны Орынборға шығарып салушылар. Арасында Міржақып Дулатов, ерлі-зайыпты Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтар бар. Ахмет Байтұрсыновты Семей жандармериясы соттан кейін Орынбор жандармериясының бақылауына апарып тапсырмақ. Бәдрисафаға Ахаңмен бірге баруға жандармерия рұқсат берген. Әне, екі конвой Ахаңды екі жағынан қоршап, жабулы ат арбаға қарай алып келеді. Жұрт Ахаңмен көрісіп, қоштасуда. «Амандықпен жолығуға жазсын» деп жатыр әрқайсысы.

Міржақып ағасына жақынырақ келіп:

– Аға! Сізге жайсыз хабар айтуға мәжбүрміз. Осы күнге дейін жеңгем де, мен де Сізге айтуға батылымыз бармай келген.

– Не боп қалып еді? – деп Ахаң бір үрей жайлаған реңмен сұрағанда, Міржақып:

– Әкеміз Байтұрсын өткен жылы наурыз айында дүниеден өткен. Ахаң үнсіз көз жасына ерік беріп, іштегі күйігі шығып, өксіп, Міржақыпты құшақтап тұрып: 

– Әкемнің жылы да өтіп кеткен екен. Ұлының түрмеде отырғанын, шарасыз болғанын білмей кетті-ау, қайран әкем! Орынборға мені жер аударды ғой, ол жерден де мені елге барып қайтуға жібермейтін шығар…

– Аға, оны сонда барғасын билік басындағылармен сөйлесіп, шешіп көрерсің. Ахаң Міржақыпты құшақтап тұрып інісіне:

– Шешеме көңіл айтып, қамаудан шыққанымды, Орынборға жіберілгенімді айтып хат жазарсың…

– Әрине, аға! Бүгін жазамын!

Жиналғандар Ахаңның қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Әйелдердің ішінде көздеріне жас алып, жылап тұрғандар да болды. 

Жұрт Ахаңмен қоштасып, Ахаң мен Бәдрисафа конвой отырған жабық арбаға мінді. Бет алыстары – Орынбор.

Семей мен Орынбор арасында әр он сегіз шақырым сайын орналасқан пошта бекеті бар-тын. Конвойлы арба сол бекеттерде аз тыныстап, ат ауыстырып отырады. 

Міне, Ахаңдар мінген конвойлы ат арба Павлодар бағытында орналасқан бірінші бекетке де жетіп қалған. Ахаң әкесінің қайғысынан айыға алмай келе жатқандай, үнсіз, мұңды… Арбаның дөңгелегінің шиқылдаған үніне ұзақ сонар құлақ түріп келеді.

ОРЫНБОРДА. «МАСА», «БАҚЫТСЫЗ ЖАМАЛДЫҢ» БАСПАДАН ШЫҒУЫ

1910 жыл. Орынбор. Омбы жандармериясы Семей сотының «Жер аудару» туралы шешімінен кейін, Ахмет Байтұрсыновты Орынбор жандармериясының бақылауына жеткізген. Орынбор жандармериясы Ахаңнан «қаладан тыс жерге шығуға болмайтынын» ескертіп, қолхат алып, босатқан. Ахаң енді Орынбор қаласында қызмет істеп, еркін қала ішінде жүруге мүмкіндік алды. Ахаң мен Бәдрисафаға бұл да үлкен жетістік болды. Ахаң бұрын осы қалада оқыған, қаланы жақсы біледі. Бәдрисафа Орынборды бірінші көруі, қалада темір жол вокзалы, солтүстікке, батысқа, оңтүстікке  теміржол қатынасы бар екен. Семейден үлкен қала екенін көріп, ішінен тамсанды. Ахаңа Орынборға жер аударылғаны барлық жағынан мұратына сай келгендей болды. Орынбор солтүстігінде Ақтөбе, Қостанай, Торғай уездеріне жақын. Сондай-ақ, баспаханасы көп Қазан, Уфа қалаларына жақын. Орынборда оқу орындары да баршылық. Ахаң өз армандарын орындауға жол ашылғандай сезінді. Өсімқордан қарыз ақша алып, Бәдрисафа екеуі орталыққа жақындау жерден екі қабатты үйден үш бөлмелі пәтер жалдады.  Орынбор губерниясы жанындағы Земство департаментіндегі оқу бөліміне қызметке тұрды. Одан басқа губерниядан шыққан заң актілерін, нұсқауларын болыстарға, старшиналарға орыс тілінен қазақшаға аударып беріп, қосымша табыс тапты. Сөйтіп, Ахаң мен Бәдрисафа екеуі өмірлерін мамыражай қалыпты ағысқа түсіре бастаған. Бірақ, Ахаң үйде отырғанда да стол басында жазып отыратын. Ахаң баспаға дайындап жатқан «Масa» атты кітабын, қайта-қайта қарап, редакциялап, кей жерін түзеп, көңілі өсіп отырған шақ.

– Бәден, маған жақын келші, міне қара, екінші кітабымды баспадан шығаруға әзірлеп біттім! – деген. Бәдрисафа Ахаңа күлімдеп келіп:

– Құтты болсын! – деді.

Ахаң Бәдрисафаға жаңа кітабына енген «Адамдық диқаншысы» деп аталатын жаңа өлеңін оқып берді.

«Адамдық диқаншысы – жолға шықтым,
Көгі жоқ, көгалы жоқ қырға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көтеруге құл халықтың…» деп басталған өлеңін Бәдрисафа ерекше ықыласпен тыңдап отырып, қуаныштан ба, әлде терең сезімнен бе, көзінің жасын ағыза отырып, Ахаңның бетінен сүйіп, керемет жазылғанын айтты.

Ахаң ертеңіне қызметіне барып, одан соң қала ішіндегі баспаға соғып, «Маса» атты кітабын басып шығаруға, ақысына келісті. Содан жеңіл арбамен үйге келсе, төрде танымайтын қонақ отыр екен. Ахаң сәлемдесіп, асықпай шешініп, қонаққа қарай жүрген. Ол орнынан тұрып, Ахаңның қолын алып, «ассалаумағалейкүм» деп амандасты.

– Аха, мені бұрын көрмегенсіз, танымайсыз, мен Сарықопа болысынан келдім, есімім Асқар, –деді.

Орынбордағы пәтерінде төрде отырған Асқарға Ахаң:

– Мен Сізді шырамыттым. Мен Торғайдағы орыс-қазақ училищесін бітірейін деп жүргенде Сіз төменгі класта оқыған сияқтысыз?

– Иә, иә. Мен Сізден бірер жас кішімін. Училищеден кейін ел ішінде қызмет еттім, – деген Асқар.

– Естуім бар. Міржақып інім Сіз туралы көп айтатын. 

– Әкеміз Дулат ерте қайтыс болып, Міржақып менің қолымда өсті. Ауылда жүріп, Сіздің «Қырық мысалыңызды» бала-шағамызға дейін оқып, жаттап алған.

– Жақсы екен, Міржақыптың «Оян, қазағы» Торғайда әр үйге тараған деп жүр. Міржақып інім «роман жазуға кірісіпті» деп естіп едім…

– Иә, ол рас! Мен Міржақыптың сол романын Орынборда ма, әлде басқа жерде ме, әйтеуір бастыруға алып келдім. 

– Міне, керемет! Жөн болған!

Сонда Асқар:

– Романды әуелі Сіз оқып көрсін, ақыл кеңес берер деп алып келдім.

– Жөн екен! – деп қолжазбаны алып көрді, шағатай әліпбиінде жазылған екен.

Бәдрисафа шәй әзірлеп, ақ дастархан жайды да қонаққа қарап:

– Аға, Мир Якубтың жаңа романы құтты болсын! – деді.

Асқар Бәдрисафаның қазақша сөйлегеніне бір таңғалса, оның Міржақыпты «Мир Якуб» дегені тағы таңдандырған. Ахаң мән-жайды түсіндірді. Бәдрисафаға Семейде жүргенде үйленгенін, жеңгесі болғасын Міржақып қайнысына «Мир Якуб» деп ат қойғанын күліп отырып айтқан. Асқар оған тәнті болды.

– Құрған шаңырақтарыңыз берекелі, қуанышы көп болсын! Манадан бері менен үлкен қателік кетті. Үйге кірген бетте Байтұрсын атамызға құран бағыштап оқуым керек еді. Оны айып етпеңіздер, – деп Ахаңның әкесі Байтұрсынға арнап дұға оқып, шәй дастарханын қайырған.

Ахаң шәйден кейін Асқарға:

– Сіз келесі бөлмеге барып тынығыңыз, мен Міржақыптың романын оқуға кірісемін, – деген.

Ахаң Міржақыптың қолжазбасын басын алмай таң атқанша оқып бітірген. Сосын сәл көз іліндіріп, бірер сағаттан кейін көңілі жадырап, ерекше күйде тұрды. Таңертеңгі шәй кезінде Асқарды ыстық лебізбен құттықтады.

– Бұл қазақтың алғашқы романы болайын деп тұр. Бұған дейін қара сөзбен, көркем тілмен қазақ өмірін суреттеген шығарма болған емес! Көз алдыма өз ауылымның өмірі елестеп, терең әсерде болдым, – деді.

Міржақыптың ағасы әрі әкесі Асқар Ахаңның жүрек жарды сөзіне қуанып:

– Кітапты қай жерде бастырсақ екен? – деп сұрады. 

– Иә, ең маңызды мәceле енді сол.

Ахаң сәл ойланып:

– Қазан қаласында бастырғаныңыз жөн-ау. Өйткені, онда баспахана көп әрі мұндағылардан арзан бағаға басып береді. Одан басқа ел-жер көріп қайтасыз. Онда оқып жүрген елдің жастары бар, – деген.

Асқар Ахаңның ақылын тыңдап, Қазан қаласына жол жүріп кеткен.

* * *

1910 жыл. Қазан айы басталған кез. Қала ішіндегі ағаштардың жапырақтары сарғайып, алтын желекке бөленген, олар кейде күн көзіне шағылысып, жан-жағына нұр шашып тұрғандай. Қаланың орталық көшелеріне жұмыр тас төселген. Әр жерден дәулеттілердің пар ат жекен күймесі көзге түседі. Адам таситын екі дөңгелекті арбалы пәуескелер де жиі ұшырайды. Олар жаныңнан өткенде арбаға жегілген аттың темір тағалы тұяғы барабан соғып бара жатқан сияқты тық-тық етіп, қоңыраулары  сыңғырлап, музыка ойнап бара жатқандай сезіледі.

Ахмет Байтұрсынов сондай бір тарантасқа мініп, баспаханаға соғып, бояуы кеуіп үлгермеген «Маса» атты кітабының мың шақтысын алып келе жатқан. Ахаңның көңілі ерекше көтеріңкі, су жаңа кітабын қайт-қайта қолына алып, алғашқы беттерін оқып, мәз боп келеді. Танымайтын атшыға  қуанышын айта алмайды. Содан үйге, Бәдрисафға жаңа кітабын көрсеткенше асығып келеді.

Үйгеде жетіп, кітаптарды жерге түсірген, Бәдрисафа күткендей жедел шығып кітаптарды үйге тасуға көмектескен. Жаңа кітаптың баспадан шыққанына Бәдрисафа да ерекше қуанып, Ахаң екеуі елге, анасына, Торғайға, Семейге жақын адамдарына жіберетін кітаптарды бөлектеп, қағазға орап бөлек жерге қойған.

Ахаң мен Бәдрисафа біразға дейін ұйықтаған жоқ, Ахаң домбырада күй тартып, скрипкада ойнап ерекше көңіл күйде болды сол күні.

Бір аптадан кейін Қазанға Міржақыптың «Бақытсыз Жамал» атты романын бастыруға барған Асқар оралған. Оның да арбасында Міржақыптың баспадан шыққан жаңа кітабы бума-бума боп жатыр екен. Асқар, Ахаң, Бәдрисафа үшеуі  үйге тасып кіргізді.

Қос қуаныш. Асқар мен Ахаң бірін-бірі жаңа кітаппен құттықтап мәз. Шәй үстінде Ахаң мен Асқар өзара ақылдасып, Міржақыпты Семейден шақырып, қазақтың белгілі оқығандарын шақырып, солардың алдында екі кітаптың тұсаукесерін жасауға ұйғарды.

Келесі күні Ахаң мен Асқар қаладағы бір татар байының жаңа үлгімен жабдықталған үлкен залы бар үйін бір күнге жалға алды, сырттан келгендерге қону мүмкіндігін жасады. Екі кітаптың тұсаукесерін өткізетін күні де белгіленген. Бұл кезде Ахаңның «Қырық мысалы», Жахаңның «Оян, қазағы» қазақ жеріне түгел тарап, екі ақынның да есімдерін ел жақсы білетін кез еді. Бұрын Екінші Думаның депутаттары болған елге белгілі тұлғаларды да екі кітаптың тұсаукесеріне арнайы шақырған.

Орынборда өтетін «Маса» мен «Бақытсыз Жамал» романының тұсаукесеріне шақыру Ахмет пен Міржақыпқа жиі хабарласып тұратын  Бөкейханға, ағайынды Досмұхамедовтерге, Құлмановқа, Калменовке, Ақбаевқа, Шоқайға, Құлжановтарға және әр болыстықтардағы қазақ оқығандары мен жанашырларына жіберілген еді.

Ахаң мен Жахаңның «Маса» және «Бақытсыз Жамал» атты романының тұсаукесеріне әр жерден жүз шақты кісі келген. Оның ішінде ағайынды Досмұхамедовтер, Мәскеуден келген М.Шоқай, Семейден келген Құлжановтар, Қалменов, Уфаның «Ғалия» медресесінің шәкірттері, Б.Майлин, «журнал шығарамын» деп жүрген М.Сералин және Орынбордың оқыған қазақтары болды. 

Тұсаукесерді Ахмет Байтұрсынов бастаған:

– Ал, халайық! Елдің келешегі үшін жасалып жатқан үлкен игі істің бастауына келіп отырсыздар. Қай ұлттың да келешегі үшін мәдениеттің, ұлт тілінің, әдебиетінің атқаратын рөлі Сіздерге жақсы мәлім. Қазақ ауыз әдебиеті ғасырдан ғасырға жетіп, ұрпағымыздың рухына дем беріп келе жатыр. Енді жетпей жатқаны жазба әдебиет еді. Бүгін Сіздер қазақтың жазба әдебиеті дүниеге келіп жатқан сәтке куә болғалы тұрсыздар. Сол сөзімнің дәлелі мынау – Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы! Авторы міне, қасымда тұр, өзіне сөз беремін, құттықтауларыңызға болады! – деді.

Міржақып Дулатовқа жұрт сөзін айтып үлгертпей, төрден жапырыла келіп, құттықтап, кітаптың байғазысын беріп жатқандар да болды. Сосын Міржақып әрең дегенде сөз алып:

– Құрметті қонақтар, қазақтың зиялы оқығандары! Жаңа Ахаң сөйлегенде тек менің кітабым туралы ғана айтып, өзінің баспадан шыққан «Маса» атты кітабы туралы айтпай кетті. Ахаңның бұл екінші кітабы! (Тыңдаушы жұрт шапалақ ұрып, қол соқты). Ахаңның бұл кітабы елдің санасын жаңғыртушы, рухпен қанаттандырушы кітап. «Қырық мысал» кітабы ел арасына кең тараған. Ахаңның бұл кітабы да ел келешегі үшін, тарихы үшін қымбат болатынына сенімдімін, – дегенде, жұрт ұзақ қол шапалақтағанда, үйдің шатыры селкілдегендей болды. Сосын Міржақып «Ахаңның жаңа кітабының байғазысы» деп «Қараторғай» халық әнін орындап берді. Қонақтар Міржақыптың әншілігіне таңғалысып, өздері де қосылып кетті. Семей семинариясында оқытушы қызметін атқарып жүрген Нәзипа Құлжанова ортаға шығып, халық әні «Шилі өзенді» сызылта айтып бергенде, тыңдаушылар жақсы әсерге бөленіп, «мен де ән айтамын» деушілер көбейді.

Екі жаңа кітаптың тұсаукесеріне келгендердің бәрінің қолында Ахaң мен Жахаңның жаңа кітаптары. Бұрын мұндай қызықты әдеби кешті көрмегендей, көңіл күйлері ерекше көтеріңкі отырды. Тұсаукесер соңында Ахмет Байтұрсынов шетте тұрған пианиноға отырып, «Аққұм» әнін орындады. Әдемі әуенге аң-таң болып отырған жұртшылыққа Ахаң үлкен алғысын айтты. Тұсаукесердің соңында құрметті қонақтардың бірі Мұстафа Шоқай сөз сөйлеп, Ахаң мен Міржақыпты жаңа кітаптарымен, қазақ қоғамының әдеби тарихын дамытуға жаңа қадам жасағандарымен құттықтады. Халел Досмұхамедов те құттықтау сөз сөйледі. Жанша Досмұхамедов қолына домбыра алып, «Адай» күйін орындағанда, әсерінің күштілігінен жұрт орындарынан тұрып кетті.

Сонда Ахаң:

– Бұл күй қазақтың гимні болатындай күй екен, – деген.

Сөйтіп, Ахаңның «Маса» кітабы мен Міржақыптың «Бақытсыз Жамал» романының тұсаукесеріне жиналған қазақ оқығандары қайталанбас ерекше әсермен тарасқан еді…

САРТҮБЕКТЕ. АХАҢНЫҢ АНАСЫНЫҢ ҚУАНЫШЫ

1910 жылдың желтоқсаны. Торғайда қыстың аязды мезгілі басталған кез. Күн ашық, желсіз. Ақбоз ат мінген жолаушы Қызбел жақтан Аққұмды бет алып келе жатыр. Таң атқаннан бері орта жолға жетіп қалған сияқты. Көкалат тұсынан өтіп, Аққұмға қарай тура тартып келе жатыр. Жер бетінде қар жұқа, кей тұста ақ топырағы көрініп қалады, соған қарап Аққұмның шетіне түскенін жолаушы сезді. Қар бетінде қоян мен түлкінің іздері көп, анық көрініп жатыр. Бір кезде алдынан бір топ киік алдынан топырлап өте шықты, шамасы оңтүстікке, Ырғыз жаққа бет алған. Шамалыдан соң, қасқа торы мінген кісі алдынан жолықты, ердің қасына ілген қақпанына қарап, «аңшы ау» деп ойына түйген.

– Сартүбек қай жақта болады? – деп сұрады аңшыдан Қызбелден келе жатқан ол.

– Осы бетіңізбен ет пісірім уақыт жүрсеңіз, алдыңыздан сол ауыл шығады, – деген.

Қызбелдік әрі қарай аяңға салып жүріп кетті. Түс ауа қыстаулардың да шеті көрінген. Әр үйдің мұржасынан шала қалқып түтін шығып жатыр. Бірер ит үріп алдынан шықты. Ауылдың ортасына кіргенде тысқа шығып тұрған орта  жастағы жігітті  көріп:

– Қарағым, Байтұрсын аға мен Күнші апайдың үйін көрсетіп жіберші, –  деді. Ол жігіт екі-үш үйдің тасасында тұрған жаппа үйге алып кірді. Пештің жанында жаңа сауып әкелген сүтін пісіріп Күнші отырған, ол үйге кісі ертіп кірген баласын көріп:

– Мәшен-ау, не боп қалды? – деп сұраған.

– Қонақ келді, апа!

– Ә, құдайым!?

Мәшенге ере келген кісі үндемей төрге шығып (Мәшен көрпе төсеген), үй иесі Байтұрсын марқұмға құран бағыштауды бастаған. Құран оқылып болғасын, бәрі қол жайып, «әмин» десті.

– Күніш апа! Ел ағасы болған Байтұрсын ағамыздың артының қайырын берсін! Жақсылығын артында қалған ұрпақтарына берсін! Кезінде жер шетінде болғасын ағамызды жоқтап келе алмадық. Мен Орынбордағы Ахметтің інісі болып қасында жүрген Міржақыптың ағасы Асқар деген боламын. Осы бетімде Сарықопа болысынан Байтұрсын ағамызға құран бағыштап қайтайын деп арнайы келдім, – дегенде Күнші апа жоқтау айтып, зарлап қоя берген.

– Байтұрсынымдай ер қайда?

Ерді жоқтар ел қайда? – деп солқылдай бастағанда, Асқар басу айтып, Күнші апайды әрең тоқтатқан. Құдай қосқан жары Байтұрсынды жоқтаған өксігі әлі басылмаған екен.

Сосын Күнші апасы баласы Мәшенге құлағына ақырын сыбырлап, Ақтас ағасына хабар беріп, қадірлі кісіге қонағасы беру жағын айтты. Мәшен шаруа жайымен сыртқа шығып бара жатқан, оған Асқар:

– Қалқам, аттың ерінде тұрған қоржын бар еді, соны кіргізіп тасташы, – деді де, Күншіге қарап:

– Апа, мен әнеу күндері Орынборда болып едім, сол кезде Ахметтің жаңа кітабы шығып еді, соны арнайы Сізге беріп, сәлем айтып, сәлемдеме беріп жіберді, соларды әкелдім, – дегенде, Күнші апа тағы еңіреп жыласын. Сосын Асқар:

– Апа, енді қуанышқа жылаңыз, Ахмет балаңыз ел сыйлаған азамат болды, – дегенге Күнші апа жылауын тоқтатып:

– Рас, қалқам, рас! Біздің Байтұрсын Сібірге айдалып барып келгеннен бері небір құқайды көрдік. Сол жаныма батады, қалқам! – деген.

Мәшенмен бірге Қали, Кәкіш, Ақтас ағасы ере келген, бүйірі толық қос қоржын да кіргізілген. Асқар орнынан тұрып, Ақтаспен қол алысты.
Отырғаннан кейін Асқар Орынборда болған оқиғаларды айтты.

– Ахмет пен келіндеріңіз аман-сау, Ахмет қызметте. Мен барған кезде «Маса» деген кітабы шығып, қуанышына ортақ болдым, – деді. Оған жиналған жұрт қуанып, алғыстарын қонаққа айтып жатты. Асқар қоржынды өз алдына алып, Ахметтің бірнеше кітабын туыcтарының қолына табыс етті. Әсіресе, Ақтас ағасы кітапқа үңіліп қарап, беттерін ашып оқып, таң қалып отырған қалпын байқатты.

Асқар сосын Ахаңның анасы Күншіге қарап:

– Мынау алтын жүзік пен сырға келініңіздің Сізге деген сәлемдемесі, «Қолыңызға тапсыр» деп маған аманат етіп еді. Қоржынның қалған жағындағысы келініңіз салған кәмпит-шәй, көйлек. Оны өзіңіз қарап аласыз, – деп қоржынды Күншіге тапсырған.

Қонақтың сөзі Ахаңның туыстарына ғажап әсер сыйлады, бәрі таң-тамаша сезімге бөленген. Ақтас қана тіл қатып:

– Асқар інім, біздің үйде Сізге арналып мал сойылып, қонақасы әзірленіп жатыр еді. Ендігі әңгімені біздің үйде жалғастырайық, – деген.

Сол күнгі кеште Ақтастың үлкен үйінде бүкіл Шошақ балалары, басқа да ағайындары жиналып, қуанышты кеш болды. Сол күні таң атқанша ауылдың күйшілері, термеші-жыршылары құлақ құрышын қандырғандай дастандар орындап, таң атырған…

Бұл Шошақ ауылында көп жылдардан бері болмаған естен кетпес әсерлі, қуанышты күн еді. Көп жылдардан бері уезд тарапынан қысым көріп келген Шошақ әулетінің келешекке деген үміті сәулелене түскендей болды.

Ахметтің анасы Күнші Ақтастың үлкен үйіндегі қонақасыға бармай қалған. Енесі бармағасын, Мәшеннің үйіндегі келіні де апасының қасында қалған. Күнші көп жылдан бері көрмеген Ахметінің жаңа кітабын қайта- қайта сүйіп, қайта-қайта оқи беруден (Күнші дәулетті отбасынан шыққан, бала кезінде молдадан оқыған) шаршамады. Әсіресе, «Анама хатын» бірнеше рет оқып, көз жасын бұладай ағызды-ай кеп. Келіні:

– Апа, қойсаңызшы енді жылауыңызды, ағам «түрмеден шығып, қызметке орналасты» деп айтты ғой манағы кісі. Кітабы шығып жатыр екен. Үлкен қуаныш емес пе?!

– Иә, қалқам, жөн айтасың. Сол қуанғаннан жылап отырмын. Қуаныш пен қайғы бірдей екен ғой!

– Сөйтіңізші! Мына келініңіздің сәлемдемесі қандай керемет! Алтын сақина мен сырға! Жіберген көйлегі қандай әсем! Қараса көз тоймайды!

Күнші келінінің көйлектік матаға қызыға қарап отырғанына қарап:

– Мынаны сен ал, тіктіріп көйлек ки, – деген.

Мәшеннің үйіндегі келіні апасының көйлек сыйлағанына разы болып, сәлемдемемен келген иісі бұрқыраған үнді шәйін бабымен қайнатып,  енесімен бірге рахаттанып ішуге кіріскен.

«ОЯН, ҚАЗАҚТЫҢ» КӘМПЕСКЕЛЕНУІ

1911 жылдың қаңтары. Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» кітабы мен Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы өткен жылы баспадан шығып, қазақ елінің түкпір-түкпіріне дейін тарап, Ахаң мен Жахаңның даңқы жер жарған кез болатын. Ресейдің I-ші және II-ші Думасына депутат болған қазақтың атақты тұлғаларынан, Омбы, Орынбор губернияларының оқыған зиялыларынан, Семейдің белгілі болыс билерінен, Абай Құнанбаевтың «Өлеңдерін» жарыққа шығарған Тұрағыл мен Шәкәрім Құдайбердіұлынан, Омбыдағы Әлихан Бөкейханнан құттықтау хаттар қардай жауып кеткен еді. Орынборда Ахаң мен Жахаңды танымайтын адам болмады. Ахаң мен Жахаң қара костюм киіп пәуескемен кетіп бара жатқанын көрген жұрт иіліп сәлемдесетін. Міржақып «Бақытсыз Жамал» романы кітап боп шыққанда бар болғаны 25 жаста еді. Ол алғашқы романының тұсаукесері өткеннен кейін «Орынборға жақын» деп Қызылжар қаласындағы оқу ағарту саласына қызметке орналасқан. Қуаныш пен қайғының қатар жүретіні рас. «Орынбор мен Омбы губерниясының жандармериясы «Оян, қазақ» кітабын кәмпескелеу туралы жарлық шығарыпты» дегенді Міржақыптың құлағы шалған. Ел келешегі үшін белін буып кіріскенін өзі жақсы сезінетін. «Не болса да, бір қауіп маған төнейін деген екен, барып көрейін» деп, Семейге жол жүріп кеткен. Тыңшылар қалаға келгенін хабарлаған болуы керек, сол жолдан түскен бетінде оны тұтқындап, Семей түрмесіне жапқан.

Түрмеде тергеу жүрізген Ерофеев деген жандармерия офицері қазақша біледі екен, сұрақтарды қазақша қойды:

– «Оян, қазақ!» кітабыңыздың кәмпескеленгенін естідіңіз бе?

– Жоқ, естіген жоқпын.

– Бұрын Семейде пәтерде тұрған үйіңізден он кітабыңыз кәмпескеленді, қалғандары қайда?

– Кітап өткен жылы әр тарапқа тарап кеткен, менің өзімде де бір кітап жоқ.

– Цензура «осы кітабы арқылы өкіметке қарсы уағыз жүргізген» деген қорытынды шығарған…

– Біздің көп жұртымыз сауатсыз екенін Сіз жақсы білесіз. Мен бұл кітабымда елді сауатын ашуға, оқуға шақырғанмын. Оның еш саяси астары жоқ.

– «Міржақып Дулатов – 1905 жылы жазылған петицияны ұйымдастыруға қатысқан адамдардың бірі» деп Қоянды жәрмеңкесінің тұрғыны жазған арыз да бар.

– Мен ол жылдары Зайсанда мұғалім қызметінде жүргенмін. Қояндыда болған жоқпын…

– Так, так! Дулатов мырза, Сіз өкіметке қарсы екеніңізді мойындамасаңыз да, кітабыңыз бен үстіңізден мына жазылған арыздар көп нәрсені аңғартады. Біз әлі бұл мәселені анықтай түсеміз! – деп тергеуші камерадан шығып кетті.

АХАҢНЫҢ «ӘЛІПБИІ»

1911 жылдың маусымы. Орынбор. Інісі Міржақыптың Семей түрмесіне қамалғанына Ахмет Байтұрсыновтың көңілі алаңдаулы. Қазақ даласында даңқты қаламгерге, жастығына қарамастан ел жоқтаушысы болып, қайраткер тұлғаға айналған Міржақыптың қасында жоқтығын Ахаң терең сезінді. Газеттерге «Кінәсіз қамалған ақын» атты мақала да жазды. М.Дулатовты жақсы білетін, бұрын Ресей Думасының депутаты болған, Самарада жүрген Әлихан Бөкейханға, Жетісудан айдаудан оралған семейлік заңгер Жақып Ақбаевқа Міржақып Дулатовқа көмек көрсетуді сұрап, бірнеше рет хат жазған. Ахаң солардан жақсы хабар күтіп әлек. (Өзінің Орынбор жандармериясының нұсқауы бойынша қаладан шығуға құқы жоқ).

Ахаңды қатты алаңдататыны – қазақ жағдайы. «Айқап» журналына «Тағы да халық соты туралы», «Земство жайында», «Қазақ  жерін  алу туралы низам» атты сол кездің күрделі мәселелерін сөз еткен мақалалары жарияланған. Мақала жазудан басқа, ұлт келешегі үшін ең маңызды мәселе – қазақтың төл әліппесін жазып шығуды армандап келе жатқанынына он жылдай уақыт болған. 

Ахмет Байтұрсынов қазақтың төл әліппесі болмай, халқының сауатын ашуы екіталай екенін жан-тәнімен түсінген. Өзінің мектептерде қызмет еткен көп жылдық ұстаздық тәжірибесі Ахаңа қазақтың төл әліпбиі оқулығын жазуға жетеледі. Ол оны жазуға кіріскеніне екі жылдай болған. Орыстың грамматикасын, парсы, араб сөздерінің жазылуы мен оқылу заңдылықтарын біраз зерттеді. Түркі тіліне лайықталған шағатай әліпбиінің ерекшеліктерін талдаған. Ең соңында қазақ сөздерінің дауысты және дауыссыз дыбысталуын зерттеп, соған лайықтап араб ғаріптерін негізге алып, 28 ғаріптен тұратын қазақтың төте әліпбиін түзіп шықты. Өзі жазып шыққан жаңа әліпбиді Орынбордағы медресеге оқуға түскен балаларға апарып, арап әліпбиін меңгеру мен жаңа әліпбиді оқып үйренудің айырмашылығын тексеріп көрген. Жаңа төте әліпбиді балалар бір айда үйреніп, толық оқи алатын дәрежеге жеткенін Ахаң да, медресе ұстаздары да көрді. 

1912 жыл. Орынбор. Ахмет Байтұрсынов аталған оқулықты қаладағы Каримов баспаханасына басып шығаруға берген. Жаңа оқулық қаңтар  айында баспадан шыққан. Ахаң ол жаңа оқулықтарды Қазан, Уфа, Орынбор қалаларындағы медреселерге, болыстықтардағы медресе, мешіттерге, бала оқытатын имамдарға таратты. Кітап таратылған екі-үш айдан кейін медресе, мешіттерден, жеке  имамдардан төте әліпбиді балаларға үйрету мен оқыту әлдеқайда жеңіл екенін жазған хаттар келіп, Ахмет Байтұрсыновты қуанышқа бөлеген. Көп жыл ойластырған арманы жүзеге асқанына ерекше қуанып, мойнынан бір ауыр жүк түскендей әсер алған. Ахаң сол қуанышпен Бәдрисафаны шақырып алып, өз әліпбиін жарына үйретуге кіріскен. Бәдрисафа ынталы «оқушы» болып, күн сайын бес ғаріп жаттап, әліпбиді меңгере бастаған еді.

Бір күні үйге төрт-бес жас жігіттер келді. Уфа медресесіне қазақ ауылдарынан оқуға түскендерін айтты.

– Сіз «Әліпби» оқулығын жазған деп естіп, сол оқулықты қалай алуға болатынын білейік деп келіп едік, – деген олар.

Ахаң балалардың сәлемін жылы қабылдап, медреседегі оқуларының жемісті болуына тілек білдіріп:

– Сіздер айтып отырған «Әліпби» қазір менде жоқ. Оны осы қаладағы Каримов деген кісінің баспаханасынан таба алуларыңыз мүмкін, – деген.

Уфа медресесінің шәкірттері соған да ырзалықтарын білдіріп, Бәдрисафа  апаларының қолынан шәй ішкен.

МІРЖАҚЫПТЫҢ ОМБЫДА ҚЫЗ АТАСТЫРУЫ

1912 жыл. Тамыз айының аяғы. Міржақып бір жарым жыл Семей түрмесінде қамауда отырғаннан кейін, сол мерзім жазаға есептеліп, сот  шешімімен бостандыққа шыққан. Губерния жандармериясы «келесі шара қатаң болатынын» ескерткен. Содан алды-артын ойлаған Міржақып Семей уезінен тыс елге баруды ойластырып жүрген. Ертеректе Омбыға барып, бір гимназияға қызмет іздеп кіргенде сонда оқитын бір әдемі қызды көріп, қатты ұнатып қалған. Ол оқыған, орта шаруасы бар, осы Омбы қаласының тұрғыны Баймұрат деген кісінің қызы болып шықты. Міржақып сол қыздың өзімен сөйлесіп көруді ойлап Омбыға келген. Бұл Омбыда М.Дулатовтың есімі дүрілдеп тұрған кез. Қалада «Бақытсыз Жамалды» оқымаған қыз қалмаған. Қалада Жұмасын деген жақсы жолдасы бар еді. Соны Досымбектің Баймұратының қызына құда түсіп, атастырып қайтуға шақырды. Галстук тағып, орысша костюм киген кісілерді кез келген үй құрметпен қарсы алатын кез. Галстук таққан, сықиған жаңа костюм киген екі жігіт пен бір келіншекті Баймұраттың үйі жылы ілтипатпен қабылдады. Бұл кісілердің маңызды шаруамен келгендерін осындағы әйелдер түсінген. Үндемей, сыпайы дастархан жайып, шәй әкелген. Дастархан басындағы әңгімеден үй иесі Баймұраттың қайтыс болғаны, оның орнына үлкені Омар шаңырақты ұстап отырғаны айтылған. Ол қарындасы Ғайнижамалдың жасы он жетіде, гимназияны бітіргелі жүргенін сөз ретінде айтып өткен. Міржақыптың  жолдасы Жұмасын келген шаруасын айта бастады:

– Қасымда отырған жігіт қазақ әлеміне атағы шыққан ақын, жазушы Міржақып Дулатов деген азамат.

– Иә, естуіміз бар, – деді қыздың ағасы.

– Тегі – арғын, Торғай дуанынан. Жақында естіген шығарсыздар, үкіметтің қыспағынан шыққан. Қырық ауыз сөздің түйіні – жаңа өзіңіз айтқан қарындасыңызға құда түсіп, атастыруға келдік, – деген.

Дастархан үстіндегілер біраз үнсіз қалған. Сосын қыздың ағасы сөз жалғап:

– Мен шешетін мәселе емес екен, Ғайнижамалдың өзінің келісімін алмасақ болмайды, – деді.

Сосын үй іші біраз ақылдасып, Ғайнижамалдың өзін шақырған.

Ол Міржақыпты гимназияда бір көргені бар, бүгін қонақтар пәуескеден түсіп жатқанда тағы көріп, сезімі оянғандай әсерде болып еді.

Дастархан басына шақырғанда Ғайнижамал басына орамал жауып, төмен қарап тұрды. Ағасы:

– Қарағым, төрде отырған Міржақып деген жігіт сені атастыруға келіпті. Оған не айтасың? – деп сұрағанда, қыздың беті оттай қызарып, теріс бұрылып, келесі бөлмеге кетіп қалған. Сосын үй иесі Омар қонақтарға не айтарын білмей жұбайына: «Барып Ғайнижамалдың не ойы бар екенін біліп кел», – деп жіберген. Ол көп ұзамай күлімдеп оралып:

– Қайын сіңілім келісімін берді, – деді.

Содан кейін құдалықтың рәсімі басталып, су жаңа құда-құдағиға  арналған алтын жүзік, білезік сыйға тартылып, Міржақыптың жолдасы Жұмасынның келіншегі келесі бөлмедегі Ғайнижамалға барып, құлағына күміс сырға салған.

Біраздан соң Міржақып Ғайнижамалды оңашаға шақырып, оңтүстік елге сапар шегіп бара жатқанын айтып, Ғайнижамалдың маңдайынан, бетінен сүйген. Міржақыпқа қыздың сыпайы қалпы есінен кетпестей әсер қалдырған. 

Келесі күні Міржақып пошта тарантасына отырып, ұзақ жолға шыққан. Бағыты – Түркістан.

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ӘСЕР

1912 жыл. Қыркүйек айы туып, күз басталғанымен, Түркістанда күн ыстығы әлі қайта қоймаған кез. Міржақып Дулатовтың Түркістанға алғаш жолы түсуі. 1906 жылы Міржақып Санкт-Петербор қаласындағы «Серке» газетіне «Жастарға» атты мақаласы шыққан кезде түркістандық Садық Өтегенұлымен танысып, достасып кеткен. Семей түрмесінен шығып, осы Садық  досына  хабарласқанда, ол Түркістанға шақырған. Садық  Міржақыпты Арыс станциясынан күтіп алып, Түркістандағы үй жайына пәуескемен  жеткізген.

Садық Түркістандағы дәулетті кісілердің қатарындағы жігіт. Екі қабатты ағаштан қиып салынған үлкен үйі бар екен. Шәй мен дәм ішкен Міржақып алыс жолдан тыныстағаннан кейін Садық жарты гектардай жерді алып жатқан қора жайын, асыл тұқымды аттарын көрсетті. Төрт-бес түйе де байлаулы тұрды.

– Ертең атпен қала сыртына шығып серуендейміз, – деген Садық досы Міржақыпқа.

Бесін кезінде екеуі қаланың базарын аралады. Ол кездегі Түркістан базары – Орта Азиядағы үлкен базарлардың бірі еді. Сонау Ираннан, Үндістаннан келген жеміс-жидектер базарға лық толы. Үнді маталары мен жібектері, түркіменнің әсем кілемдері алыстан көзге түсіп жарқ-жұрқ етеді. Саудагерлер де, сатып алушылар да ығы-жығы, сапырылысып жүр. Әр жерден тәжіктің, түркіменнің, өзбектің тілдері құлаққа шалынады. Міржақып Түркістан базарынан адам кез келген затын, тауарын, азық-түлігін, жеміс-жидегін таба алатынын көрді. Орынбор, Омбы, Семей, Қоянды базарлары Түркістан базарынан жұтаңдау екенін байқады. Омбы, Орынбордағыдай мұнда орыстар жоқ, мұндағы атмосфера да басқаша, жанға тыныш, әркім өз-өзімен жүреді екен. Міржақып «базардан құр шықпайын» деп сафиян былғары етік, бір пар жұп-жұқа теріден тігілген бес саусақты қолғап, бір қолшатыр сатып алды.

Міржақып Садықтың үйінде екі айдан астам уақыт тынығып жатты. Міржақыптың атағы Түркістанға да біршама жайылған екен. «Оян, қазақ!» пен «Бақытсыз Жамалды» оқыған қазақтар мұнда да кездескен. Садықпен екеуін екі күннің бірінде қонаққа шақыратын болған. Қонаққа шақырғандардың ішінде ұйғыр, өзбек, қырғыздың ірі саудагерлері де болды. Олардағы қонақ асы той сияқты өтіп, Міржақып небір әуезді, сазды өзбек, ұйғыр әндерін тыңдап рахатқа бөленсе, ұршықтай айналған билеріне талай сүйсініп қолын соқты. Ондай қонақастарында Міржақыпта қазақтың термелерін шебер орындап, тыңдаушыларының біраз таңдайларын қақтырған. Сосын Міржақып сөзге шебер шешен, әзіл қалжыңдарымен де жұртты күлдіріп отырады. Міржақып сол жайсаң, сері мінезімен түрлі ұлттан құралған саудагерлерге жақты.

Түркістанда екі айдан астам уақыт қонақ болған Міржақып «елге қарай жол жүрем» деген жолы Садық досы үйіне Түркістанның белгілі зиялылары мен саудагерлерін шақырып, үлкен қонақ асы берген. Дәм соңында Міржақып орнынан тұрып, қолындағы домбыраның сүйемелдеуімен дастархан басында отырған құрметті қонақтардың есімдерін атап, оларға алғысын айтып ұзақ жыр арнаған. Құрметті қонақтар қазақ даласынан келген үлкен ақынның өлеңіне ырза болып, Міржақыптың алдына бума-бума ақша тастаған. Міржақып оған ыңғайсызданып, «ақша үшін айтқан жоқпын, алмаймын» дегеніне қарамай, қонақтар мен үй иесі Садық ақшаларды Міржақыптың қалтасына салған…

ОРЫНБОРДА. «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ ЖАРЫҚ КӨРУІ

1912 жылдың желтоқсан айы болатын. Міржақып Дулатов Тәшкен-Орынбор пойызынан түскен кезде қалада қыс қақап тұрған. Солтүстіктен соққан аязды жел бетті шымшылап тұрғандай. Көшедегі жұрт жағаларын көтеріп, ықтап кетіп бара жатқан сияқты. Міржақып алыс жолдан келгесін пәтерде бір күн демалып, ертеңіне түс ауа Ахмет Байтұрсыновқа сәлемдесуге келген. Үйдегілер Міржақыпты құшақтап, қуанышпен қарсы алды. 
Дастарханға ыстық шәй да келіп қалған. Ахаң Міржақыпқа қарап:

– Семейден шыққаныңды хат жазып білдірдің де, одан кейін хабарсыз кеттің. Соған біраз алаңдаған едік…

Иә, Аха, содан кейін өмірімде көп жаңалықтар болды. Семейден босағаннан кейін жандармерияның бақылауынан алыстау жүрейін деп оңтүстік облысқа сапарлап кеттім. Қасиетті Түркістан қаласында болдым. Сондағы Садық досымның үйінде жатып бірер ай тынықтым.

– Өте дұрыс жасағансың. Сенен көз жазып, жандармерия да тынышталған шығар. Түркістан қалай екен?

– Керемет! Ол жақтың тынысы мен бұл жақтың тынысы бөлек, онда өз еліңде жүргендей өзіңді еркін сезіне аласың!

Әңгімеге араласпай үнсіз отырған Бәдрисафа:

– Түркістанның қыздары сұлу ма екен? – деп сұраған.

– Иә, жеңеше, небір сұлу өзбек, ұйғыр, түркімен қыздарын көрдім, өздеріне ғана тән ұлттық көйлектерімен жүреді екен, ғажап әсер алдым. Айтпақшы аға, Түркістанға жүрер алдында Омбы қаласында бұрыннан көзім түсіп жүрген сүйген қызыма құда түсіп, атастырып та қойғанмын.

Бәдрисафа мен Ахаң оған таң қалып:

– Керемет жаңалық осы ғой! Қадамың құтты болсын!

– Рахмет! Келешектегі жарымның ата-бабасы осы Көкшетау жерінен екен.

– Бәрекелді, қуанышың ұзағынан болғай!

Шәйдан кейін Міржақып:

– Аха, одан басқа да қуанышты жаңалығым бар, – деді.

Ахаң мен Жахаң оңашаланып, көптен жүзеге асыра алмай, арман болып жүрген мәселелерін талқылады. Ол қазақ елінің мұңын мұңдап, келешегін күйттейтін газет шығару болатын. Міржақып Түркістаннан сол газетті шығаруға жететін мол ақша әкелгенін айтып, Ахаңды сол жерде таңдандырған. Міржақып бірнеше бума ақшаны қара сөмкесінен алып Ахаңның алдына қойды. Ахаң басын шайқап, ұзақ таңданды. 

– Түркістанның саудагерлері мен байлары маған осылай сыйға тартты. Бұл қаржыны өзіміз ашатын газетке жұмсағанды жөн көрдім, – деді Міржақып үн қатпай отырған Ахаңа қарап.

– Егер өзің олай шешсең, қарсылығым жоқ. Жөн көрсең, ертеңнен бастап губерния департаментіне барып, газетке рұқсат алайық, тіркетейік, – деген Ахаң.

Сол жерде Міржақып газеттің аты қалай болуы керек екенін, айына қанша рет шығу мүмкіндігі болатынын, қай баспаханада газетті бастыруға болатынын, газетті бастыратын қағазды қайдан алуға болатынын, яғни газет шығаруға байланысты барлық өзекті мәселелерді екеуі түн ортасына дейін талдаған. 

1913 жылдың қаңтары. Міржақып пен Ахаң уәделі күні таңертең газетті тіркету мәселесімен Орынбор губерниясының ішкі істер департаментіне барған. 1905 жылы жарияланған Патша Декретінде айқындалған, Ресей ішкі істер министрінің «бұратана халықтардың өз тілдерінде газет-журнал шығаруға құқығы берілгенін» анықтайтын шешімін Орынбор департаментінің чиновнигіне айтқан Ахмет Байтұрсынов 1908 жылы газет шығаруға рұқсат алған құжатын көрсеткен. Орынбор чиновнигі Жахаң мен Ахаңа газет шығару жөніндегі өтінішті қайта жазу керектігін, ол газеттің атын көрсетіп, қай баспаханада басылатынын, айына қанша рет шығатынын, учредителі кім екенін, газеттің мазмұнына және оларды цензурадан кім өткізіп, жауапты болатынын айқындап жазып әкелуі керектігін айтқан.

Ахаң мен Жахаң Орынбордағы Каримовтың баспаханасымен айына төрт рет газет басып шығаруға келісім жасады. Одан кейін Ахаң мен Жахаң біраз ойласып, газеттің атын «Қазақ» деп атауға келісті.

Ертеңіне Ахаң мен Жахаң газеттің аты «Қазақ» деп аталатынын, оны Каримовтың баспаханасында бастыруға келісім жасалғанын, газеттің мақалалары цензурадан өткізіліп тұратынын, газеттің мазмұнына жауапты оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынов пен орынбасары Міржақып Дулатов  болатынын көрсетіп, «Қазақ» газетін шығару жөніндегі өтінішті орынбор губерниясының департаментіне тапсырған.

Бір аптадан кейін Орынбор губернаторының газет шығаруға қол қойған шешімі Ахаң мен Жахаңның қолына тиді. Сол күні екеуінің қуанышында шек болған жоқ.

Міржақып Самарадағы Ә.Бөкейханға, Ресей Думасының бұрынғы депутаттарына, өзі білетін әр облыстағы қазақ зиялыларына «Таяу арада «Қазақ» газеті шығады» деп телеграмма жіберген. Ахаң бір апта ішінде Уфа қаласына барып, баспахананың ғаріп тұратын ұясына лайықталған, өзі өткен жылы жазған төте әліпбиіндегі 28 ғаріпті (әр түрлі кегльде) түрлі көлемде темірге құйдырды. Мысалға, газет төрт бет болып басылатын болса, бір бетте «ә» ғаріпі жүз рет және әр түрлі кегльде қолданылуы мүмкін. Сондықтан Ахаң Уфадағы әріп құятын зауытта әрбір ғаріпті жүз данадан жасатты.

Ахаң Орынборға келгесін газеттің заставкасын жасады. «Қазақ» деп жазып, оның жанына шаңырақтың суретін салып, оны тұрақты қолдану үшін темірден ойдырған. Одан кейін Ахаң мен Жахаң екеулеп газеттің алғашқы нөмірінің мақалаларын әзірледі. Ахаң Каримовтың баспаханасына келіп, ғаріп терушілерге төте ғаріптің арап ғаріптерінен айырмашылығын терушілерге екі-үш күн бойы түсіндірді, ақыры төртінші күні «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі басылуға дайын болды. Алғашқы нөмірдің корректорлық қызметін Ахаң мен Жахаң кезектесіп атқарған. Осындай үлкен күш-қайратпен «Қазақ» газеті 1913 жылдың 2 ақпанында жарқ етіп жарық көрді.

Сол күннің өзінде сатушы балалар арқылы ұлттың тұңғыш кәсіби деңгейдегі «Қазақ» газетінің мың данасы қалаға тарап кеткен. Бұл –газеттің алғашқы қадамы сәтті болды деген сөз. Ахаң мен Жахаң енді газеттерді Омбы, Семей, Қостанай, Түркістан қалаларына және ауылдық болыстарға жібере бастаған. «Қазақ» газеті шыққан бір аптадан кейін Каримов баспаханасының кеңсесінде «Қазақ» газетінің екінші нөмірінің тұсаукесері болды. Оған арнайы шақырылған М.Сералин, енді таныла бастаған ақындар М.Жұмабаев, Б.Майлин және газеттің қаржысына мүмкіндіктерінше қаржы қосқан «Ғалия» медресесінің шәкірттері қатысып, ыстық тілектерін білдірген. Самарадағы Әлихан Бөкейханнан, Оралдағы Досмұхамедовтардан құттықтау телеграмма келген. «Қазақ» газетінің келесі нөмірлерінде жоғарыда есімдері аталған жас ақындардың өлеңдері мен Алаш қайраткерлерінің ел мәселесін қозғаған келелі мақалалары жариялана бастаған. Ахаң мен Жахаң газетке келген әр түрлі тілде жазылған хаттарды  редакциялаудан, төте әліпбиге аударудан қолдары босамайтын кез болды.

Ахаң қағаздан бас көтере алмай отырған Міржақыпқа қарап:

– «Оян, қазақ!» деп кітабыңмен бастап ең, енді халқыңның көзін газетпен ашасың! – деп әзілдеген.

Міржақып алдындағы қағаздан басын көтермей:

– Бізде елге қызмет етуден басқа мұрат жоқ қой! – деп шын жауап берген еді. Және солай болды да! Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың қазақтың сауатын ашып, санасын жаңғырту үшін жазылған «Қырық мысал», «Маса», «Әліппе», «Оян, қазақ!», «Бақытсыз Жамал», «Азамат» кітаптары қазақ жұртының сауатын ашса, жазба әдебиетін жаңғыртып, ұлт мәдениетінің еңсесін көтерген. Ал, «Қазақ» газеті одан да биік мақсаттарды жалау етіп, қазақтың келешегі үшін қызмет ете бастады.

1914 жылдың жазы айы. «Қазақ» газеті өміршең болып, жеті мың данамен бүкіл қазақ даласына тарай бастаған кез. Келесі нөмірін асыға күтетіндер саны күн сайын өсе бастаған. Газет Омбыға да көп тарапты. Омбыда Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың есімін білмейтін қазақ, татар кемде-кем болды.

Міржақып Түркістанға жүрер алдында өзіне атастырылған Ғайнижамалмен қосылу тойын жасауға Омбыға келген. Жаздың басталған кезі. Ғайнижамалдың ағасының үйінде шағын үйлену тойы өтті. Міржақыптың қасына еріп келген досы омбылық Жұмасын келіншегі екеуі  Ғайнижамалдың анасы Қанипаға алтын зерлі камзол, шапан жауып, алтын білезік таққан. Тойдың ең кереметі – Міржақып пен Ғайнижамал Омбының ең ірі татар саудагерінің Германиядан алдырған жеңіл мәшинесін бір сағатқа жалға алып, мәшиненің үстінде тұрып, Омбының бір көшесін айналып шыққан кезде болды. Қала жұртының бәрі шетелдік мәшиненің үстінде тұрған қара сюртук киген, бантик таққан, қара мұртты әдемі жігітпен аппақ ұзын той көйлегін киген сұлу қызды көріп, ұзақ тамашалаcты, таңғалысты. Олар мұндай тойды бұрын көрмеген екен.

Тойдан кейін Міржақып пен Ғайнижамал Орынборға келіп орналасқан. Міржақып «Қазақ» газетіндегі қызметін абыроймен әрі жалғастырды. «Қазақ» газетінің ұраны мен асқақ рухы Алаш Орданың және Алаш партиясының құрылуымен жалғасты. Бұл жол – қазақ халқының азаттығы мен келешегінің ақ жолы еді…

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, жазушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here