Жылқы етін әлемдік нарыққа шығаруға не кедергі?

0
11159

Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы мәліметінше, Қазақстанда 3,1 млн бас жылқы бар. Осылайша, еліміз Қамбар ата түлігінің саны жөнінен әлемдегі он елдің қатарына енеді. Алдына АҚШ, Мексика, Бразилия, Моңғолия, Қытай елдерін ғана салады. Дегенмен, ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талатын байтақ даламызда жылқы санын арттырудың да мүмкіндігі мол. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары елдегі жылқы санының 3,6 млн бастан асқанын ескерсек, жері бізден 40 пайызға аз Моңғолияның алдына шығып, жылқының саны бойынша әлемде үздік бестікке енуге қауқарымыз жетеді. Ол үшін мемлекеттік деңгейде жылқы шаруашылығын мықтап қолға алу керек. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін жылқы шаруашылығының қазіргі ахуалына тоқталады.

СОҢҒЫ БЕС ЖЫЛДА ЕЛДЕГІ ЖЫЛҚЫ САНЫ ЕКІ ЕСЕГЕ КӨБЕЙДІ

Рас, биліктің елдегі жылқы шаруашылығын шетқақпай қалдырған күні болған емес. Сондықтан оның саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, тәуелсіздік алған 30 жылда Қамбар ата түлігі екі есеге артыпты. Сөйтіп, ішкі нарықты жылқы етімен өзіміз толықтай қамтамасыз ете алатын жағдайға жеттік. Осы қарқын сақталатын болса, жылқының көптігінен бұл сала стагнацияға ұшырайды. Демек, жылқы етін молынан экспортқа шығарудың жолын қазірден бастап қарастырмаса тағы болмайды.

Жылқы шаруашылығы бір қарағанда қазаққа соншалық таңсық емес сияқты көрінеді. Бірақ, жылдар бойы мал бағумен айналысқан қазақ халқы жаңа заманда жылқы санының көптігінен әлемде алғашқы ондыққа енсе де, ет өндіруден жетекші елдердің қатарына кіре алмай келеді.

Негізгі тақырыпқа оралмай тұрып, өткен ғасырға сәл шегініс жасайық. КСРО құрамындағы Қазақстанда 1928 жылы жылқының саны 3,6 млн басты құрады. Өкінішке қарай, отызыншы жылдардағы ұжымдастыру елдегі жылқы санын 900 мыңға дейін төмендетті. Ал, азаттық алған 1991 жылы оның санын 1,7 млн басқа арттыра алдық. Дегенмен, тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарыс жылқы шаруашылығына да салқынын тигізді. 1998 жылы елдегі жылқы саны 1 млн басқа да жетпей қалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылындағы көрсеткішке 2018 жылы ғана қол жеткізіп, әлемдегі ең көп жылқы өсіретін сегіз елдің қатарына қосылдық.  Содан бері жылқы саны артып-ақ келеді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылдың қорытындысы бойынша елде 3,1 млн бас жылқы барын хабарлады. Яғни, бір жылда Қамбар ата түлігі 9,3% өсім көрсеткен. Ал, соңғы 5 жылда жылқы саны 45,8%-ға көбейген. Бұл – азаттық жылдарындағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Жылқы шаруашылығындағы бұл «демографиялық дүмпуді» Қазақстан ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаев былайша түсіндіреді: «Қазақстанда жылқы еті мен оның өнімдеріне сұраныс жылдан жылға артып келеді. Сондықтан ата кәсіпке бет бұрғандар көбіне жылқы шаруашылығының тізгінін ұстайды. Оның үстіне жылқыны жыл бойы жайылымда бағудың мүмкіндігі бар. Ол жем-шөп талғамайды. Тез қоңданады. Басқа малдарға қарағанда көп күтім мен бапты қажет етпейді. Ал, жылқы еті сиыр, қой еттеріне қарағанда бұрыннан қымбат саналады».

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылдың екінші жарты жылдығында бір қазақстандық 5,6 келі сиыр етін, 1,7 келі қой етін, 1,0 келі жылқы етін қолданды. Дегенмен, өткен жылы сиыр еті – 15,1%-ға, қой еті – 15,6%-ға қымбаттады. Яғни, былтыр жылқы еті нарықтағы екі «бәсекелесіне» қарағанда аса қымбаттай қойған жоқ. Бағаның шарықтап кетпеуі жылқы етіне сұраныстың аздығын білдірмейді. Керісінше сиыр, қой еттеріне қарағанда жылқы етіне сұраныс жоғары болды. Таяу жылдары жылқы еті нарықта қой етін үшінші орынға ығыстырады. Бұл фактор да жылқы басының артуына әсер етеді.

ЖЫЛҚЫ ЕТІНІҢ ЕКІ ПАЙЫЗЫН НЕГЕ СЫРТТАН ТАСИМЫЗ?

Бүгінде жылқы еті ішкі нарықтағы сұранысты 98%-ға қамтамасыз етеді. Жалпы, жылқы басының артуы ішкі нарықты 100%-ға қамтамасыз етіп қана қоймай, жылқы етін өзге елдерге де экспорттауға мүмкіндік береді. Ал, сонда жылқы етінің неге 2%-ын сырттан тасимыз? ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеутай Рахымбековтің бұл сұраққа берер жауабы да дайын.

Төлеутай Сатайұлының айтуынша, ішкі нарықтағы сырттан сатып алынатын жоғарыдағы 2% жылқы еті отандық ет комбинаттарына тиесілі. Олар бағасы бізден үш-төрт есе арзан жылқы етін алыстағы Уругвай, Исландия және Болгариядан тасиды. Өйткені, бұл елдердің тұрғындары жылқы етін жемейтін болғандықтан оған сұраныс мүлдем жоқ.

Жоғарыда айтқанымыздай, жылқы басының артуы бұл саланы стагнацияға тірейді. Ал, тығырықтан шығудың жалғыз жолы – экспорт. Демек, енді ішкі нарықта артылған жылқы етін сыртқа сатудың жолын қарастыру керек. Өйткені, өзге елдерде де жылқы етіне сұраныс бар.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Дәурен Сыдықовтың пікірінше, 750 млн халық тұратын Еуропада жылқы еті шұжыққа көптеп қолданылады. Мысалы, бір Италияның өзінде 2017 жылы ет комбинаттары 50 мыңдай бас жылқының етін сырттан сатып алған екен. 

Дәурен Сыдықовтың ресейлік әріптесі Александр Зайцевтің де экспортқа қатысты айтар өз уәжі бар. Еуропада үлкен нарық болса да, еуропалықтар арасында жылқы етіне айтарлықтай сұраныс жоқ. Сұраныс ет өнімдерін шығаратын жекелеген комбинаттардан ғана болады. Оның үстіне жолдың қашықтығы да жылқы етін сойылған күйінде жеткізуге мүмкіндік бермейді. Демек, Еуропа нарығына шығудың басқа оңтайлы жолын қарастыру керек. Алдымен етті жартылай фабрикат күйінде экспортқа шығаруға болады. Еуропа елдерінің басым бөлігі алыстан етті осылай тасымалдайды.

Статистикаға көз жүгіртсек, Ресейді есепке алмағанда, жылқысының көптігімен кәрі құрлықта Румыния (470 мың бас жылқы), Германия (448 мың), Ұлыбритания (409 мың), Италия (367 мың), Франция (366 мың), Украина (291 мың) елдері ғана мақтана алады. Жылқы етін біздегідей көп жемесе де, Қамбар ата түлігінің етінен жасалған шұжыққа еуропалықтардың тәбеті жақсы екенін жоққа шығара алмаймыз. Яғни, экспорт мәселесін шеше алсақ, Еуропаның үлкен нарығына шығудың экономикалық пайдасы зор болмақ.

Қазірдің өзінде жылқы етінің көрші елдерге экспортқа шығатыны белгілі. Мәселен, Орталық Азия елдеріндегі көршілерімізде шамамен 825 мыңдай бас жылқы бар. Соның жартысы бір Қырғызстанға тиесілі. Ал, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдерінде 57 млн халық тұрады. Яғни, олар да өздерін жылқы етімен толық қамтамасыз ете алмайды.

Жылқы санының көптігінен шығыс пен солтүстіктегі көршілеріміз де әлемде алғашқы ондықта тұр. Дейтұрғанмен, Қытайда 1,4 млрд, Ресейде 146 млн халық тұратынын ұмытпайық. Қос көрші де өзін жылқы етімен толық қамтамасыз ете алмайды. Содан екі алып держава жылқы етін Құдай қосқан көршілері Моңғолиядан тасымалдайды. Жылқы еті экспортындағы біздің басты бәсекелесіміз де осы Моңғолия. Неге десеңіз, 3,2 млн халық тұратын елде 4,2 млн бас жылқы бар. Жылқының көптігі соншалықты мыңдаған тонна етін Моңғолия солтүстік пен оңтүстіктегі көршілеріне сатып жатыр.

КООПЕРАЦИЯҒА БІРІКПЕЙ – МӘСЕЛЕ ШЕШІЛМЕЙДІ

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылғы мәліметінше, елдегі жылқылардың 48,9%-ы жекелеген адамдарда, 44,9%-ы шаруалардың қорасында болса, 6,2%-ы ғана үлкен шаруашылықтың қолында тұр. Яғни, үлкен шаруа қожалықтарға қарағанда жеке шаруалардың ет экспорттауға мүмкіндігі аз. Өйткені, бұл жылқыны сойып, етін базарға өткізе салатындай жеңіл шаруа емес. Жүрдім-бардымды экспорт көтермейді. Өзінің заңы мен талабы бар. Өнімнің мінсіз әрі сапалы болғаны да қадағаланады. Осы жағынан алып қарағанда, қазіргі мал басы санын арттыруды ғана емес, қолда барды әлемдік стандарттарға сәйкестендіру сияқты күрделі мәселелерді қолға алу керек. Демек, жеке шаруалар мен шаруа қожалықтары үлкен кооперацияға бірікпей, экспорттың даңғыл жолы ашыла қоймайды.

Жылқы етінің өнімдерін де сыртқы нарыққа шығаруға болады. Ал, жылқы етінің өнімдерін шығару тәжірибесі біздің Қазақстанда бұрыннан бар.

Дәурен Сыдықовтың айтуынша, Қоянды ауылында (Ақмола облысы) бұрын консервіленген ет шығаратын зауыттың өнімдері Кеңес Одағының нарығына молынан шыққан. Сондай зауыттарды көптеп ашсақ, экспортқа шығатын қазақстандық өнімдердің қатары көбейеді. 

Соңғы бес жылда Қазақстанда бие сүтінің көлемі 5,2%-ға артып, жылына 27 мың тонна қымыз, саумал өндіретін жағдайға жетті. Бұл саланың дамуына қарағандылық «ЕуразияИнвест ЛТД» компаниясының да қосқан үлесі зор. Мысалы, аталған компанияның меншігіндегі зауыттың үлесіне 25 мың гектар жайылым жер тиесілі. 1,5 мың бие тәулігіне 2,5 мың тонна сүт береді және осының арқасында жоғары сапалы сублимацияланған бие сүтінің бір жылдағы мөлшері 30 мың тоннаға дейін жетеді. Ал, «Saumal» сауда белгісімен биенің сүтінен жасалған құрғақ ұнтақтың Ресей, АҚШ, Қытай нарығына шыққаны да қуантады.

Иә, саумалды дәрі-дәрмек пен ұнтақ күйінде дайындау экспорт үшін пайдалы. Ал, саумал экспорты мұнайға қарағанда 5-6 есе көп пайда беруге қабілетті. Өйткені, фармацевтикалық және косметологиялық өнеркәсіптерде пайдаланылатын құрғақ саумалға Еуропа елдерінде сұраныс жоғары.

Кәрі құрлықта құтыдағы қымыздың литрі шамамен 7-8 еуро болса, құрғақ саумалдың келісі 20-25 еуро тұрады. Ал, дәрі-дәрумен бағытындағы өнімнің құны әлдеқайда қымбатырақ. Демек, құрғақ саумалға құрақ ұша ұмтылатын елдермен келісім жүргізе отырып, өнімді экспорттауға жол ашқан дұрыс болмақ.

Міне, мемлекет осындай зауыттарды көптеп ашса, «Қазақстанда жасалған» сауда белгісімен өз өнімдерімізді экспортқа шығаруға мүмкіндік аламыз. Өйткені, экономикасы шикізатқа тәуелді елдің алысқа бармайтынын коронавирусқа байланысты туындап отырған бүгінгі экономикалық жағдай тағы бір дәлелдеп берді. Мұнай бағасы құлдыраған сайын шикізат экспорттаушы елдердің экономикасы да шатқаяқтап тұратыны ешкімге жасырын емес.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» дейтін біздің қазақ үшін мінсе – көлік, жесе – ас, ішсе – сусын болған жылқы қашанда төрт түлік малдың төресі саналады.

«Ер қанаты – ат» дейтін де қазақ. Қамбар ата түлігін жеті қазынаның бірі санайтын да қазақ. Дәл қазақтай жылқыны қастерлейтін басқа ұлтты кездестіру қиын.

Оның еті де, қазы-қартасы да, жал-жаясы да, қымызы да қазақ дастарханының төрінен орын алады. Ал, жылқы санының артқаны қуанарлық жағдай. Дегенмен, жәй ғана қуанып қою аздық етеді. Енді жылқы еті мен оның өнімдерін экспортқа шығарудың қамына кірісу керек. Жоғарыда отандық жылқы шаруашылығының бүгініне тоқталдық. Импорт пен экспорт мәселесін сараладық. Сарапшы мамандардың да пікірін жарияладық. Енді естір құлақ табылса игі…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here