Мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы жазғандай, «Кел, балалар, оқылықпен» сауат ашқан тұтас ұрпақ Ыбырай Алтынсариннің нақты тұлғасын толық тани алмай келеді. Өкінішке қарай, алаштың архивтерге қамалып қалған талай ардақтылары қайтадан жарқ ете қалған кезде де Ыбырай Алтынсарин екінші қатарға ысырылғандай болды. Ал, артына өлмейтұғын мұра қалдырған ағартушыны елеусіз қалдыратындай жөніміз жоқ еді. Ендеше, алдағы 2021 жылы болатын ағартушының 180 жылдығына дайындықты биылғы жылдан бастау керек. Ыбырай Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық мемориалдық музейінің директоры Марғұлан Оспанов та ашық әңгімесінде біраз ойды қозғап, өзінің ұсыныстарын жеткізді.
«ИБРАҺИМ АЛТЫНСАРЫҰЛЫН ИБРАҺИМ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ДЕҢГЕЙІНДЕ ҰЛЫҚТАМАУ – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰРПАҒЫНА ЖАТ ҚЫЛЫҚ»
– Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын ел болып лайықты атап өту керектігі жиі айтылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де Абай жылының мән-маңызына ерекше мән береді. Демек, бұл Абай мұрасын зерттеп, танып-білудің әлі де өзекті екенін көрсетеді. Енді алдағы жылы ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы да келе жатыр. Ыбырай да Абай сияқты исі қазаққа қадірлі тұлға. Бұл жайында не айтасыз?
– Биыл Шоқан Уәлихановтың ескерусіз қалатын түрі бар. Шоқанның 185 жылдығы республика деңгейінде аталып өтілуі керек еді. Өкінішке қарай, олай болмай отыр. Мүмкін, алдағы уақытта, яғни, жыл соңына таман, туған күні қарсаңында тойланатын болар. Бірақ, «алдағы жылы Абайдың 175 жылдығы келе жатыр» деп бір жыл бұрын жар салып едік. Сол дәрежеде шоқ жұлдыздай жарқ еткен, шоқтығы биік Шоқанды шыңға шығарып шарықтата алмадық. Айтпағым бұл емес. Алдағы жылы осындай қазақтың маңдайына біткен үш ағартушысының бірі, ұлы ғалым, педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы келе жатыр. Мемлекет тарапынан әзірге қозғалыс байқалмайды. Данышпан дара тұлға Шоқан мен Ыбырай тек туған жері Қостанайға ғана керек болғаны ма? Ұлты үшін аянбай қызмет етіп, тек сөзімен ғана емес, ісімен де халқына жанашыр, адал болған Ибраһим Алтынсарыұлын Ибраһим Құнанбайұлының деңгейінде ұлықтамау – ұлы даланың ұрпағына жат қылық. Сауатсыздықтың бұлтын сейілтіп, қазақ даласына білімнің нұрын шашқан даңқты дала қоңырауын мемлекеттік деңгейде мақтанышпен дәріптей алмай келеміз. Бір ғана «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін ұлттық брендке айналдыруға болатын Ыбырай атаның ескерткішін ел астанасының төрінде орнатып, Инспектор көлінің тарихи атауын қайтарып, Тобыл өзенінің жағасындағы, жаз жайлауы болған жазиралы мекендегі өзінің ағаштан жасалған үйін қайта қалпына келтіріп, қасиетті орынға айналдырса, ұстаз үшін, ұлт үшін, ұрпақ үшін жасалған ұлы іс болар еді.
Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейі ұлы ағартушының елеулі еңбегі мен өнегелі өмір жолын насихаттауда тынымсыз еңбек етіп келеді. 2019 жылы музей қызметінің негізгі бағыты саналатын мұралар мен мәдени әлеуетті дамыту, сақтау ғана емес, қалың елді мәдени құндылықтарға жақындату, музей жұмысының тиімділігін арттыру бойынша бірқатар маңызды іс-шаралар атқарылды.
Исмаил Гаспринский мемориалдық музей қорында Ыбырай Алтынсариннің қолтаңбасы бар 1884 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Мұсылманшылық тұтқасы» кітабы сақталған. Осыны негізге ала отырып, Татарстан Республикасының Бахчисарай тарихи-мәдени және археологиялық музей-қорығымен бірлесіп, «Ыбырай Алтынсарин мен Исмаил Гаспринский» атты телекөпір өткізілді.
Былтыр Ыбырай мұрасының өзге де өңірлерде ауқымды насихатталуы әрі екі облыс ортасында мәдени-рухани байланысты нығайту үшін Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейімен, Республикалық Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейімен және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалды музейімен тұлғалық музейлер арасында өзара тәжірибе алмасып, ынтымақтастық келісімшарт жасалды. Осы меморандум негізінде танымдық, ғылыми ізденістерді арттырып, музей экспонаттарынан Ыбырай Алтынсаринге қатысты көрмелер апарылып, жергілікті тұрғындардың назарына ұсынылды.
Биыл Ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі бірқатар жұмыстарды пысықтап жатырмыз. Келер жыл – Ыбырай жылы болуы тиіс. Ол Абай тойынан кем болмау керек. Музейде осы мақсатта жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп келеді. Ы.Алтынсариннің мерейтойына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтуін жоспарлап отырмыз.
«АЛТЫНСАРИН КЕСЕНЕСІНЕ ӨЗ ЕРКІМІЗБЕН КІРУГЕ МҮМКІНДІГІМІЗ БОЛМАЙ ТҰР»
– Ыбырай Алтынсарин кесенесіне зиярат етуге барғандар ішке кіре алмай, тек сырттан қайтып жүргендерін жиі айтады. Бұл мәселені қалай шешуге болады?
– Кесене Тобыл қаласының балансында тұрғандықтан біздің де қарапайым халықтан еш айырмамыз жоқ тәрізді. Ы.Алтынсарин музейі бола тұра оның кесенесіне өз еркімізбен кіруге мүмкіндігіміз болмай отыр. Себебі, бізде кілт жоқ. Кілт тек жергілікті әкімшілікте ғана. Ал, сыртында іс-шараларымызды өткізіп, келген қонақтарға экскурсия жұмыстарын жүргізе береміз. Ал, ішіне кіріп қарау үшін әкімшілікке барып, кілт алуға рұқсат сұрап, өтініш білдіруіміз керек. Біздің мемориалдық музей – Ыбырай Алтынсаринге арналған Республика бойынша жалғыз облыстық музей. Сондықтан, Ыбырай Алтынсариннің музейі, ескерткіші, мектептің орнына қойылған мәрмәр тақта, оның атындағы көше мен іргесіндегі дарынды балаларға арналған мектеп-интернат және Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының қатарына енген кесенесі мен «Омар құдығы» тұтас бірыңғай бір кешенді құрауы тиіс. Сол үшін кесене Тобыл қаласының балансынан облыстық музейдің қарауына өтсе, музей штатынан бір бірлік бөлініп, кесене басында құран оқи алатын, экскурсия жүргізе білетін шырақшы тағайындап қояр едік. Сол кезде Ұлы Ұстаздың аруағына тағзым етіп, басына барушылар көбейіп, туристік орынға айналуы да әбден мүмкін. Басында «Ыбырай оқулары» сынды іс-шаралар жиі өткізіліп, ұрпаққа насихат жұмысы жандана түсер еді. Ең бастысы, еліміздегі жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысан құлыпта тұрмас еді…
– Ыбырай Алтынсариннің туған, тұрған үйі туралы нақты деректер бар ма? Егер болса, ол үйді қайта қалпына келтіріп, мәдени орынға айналдырған игі іс болмай ма?
– Алдымен, Ыбырай Алтынсариннің туған жері жайлы айтайын. Ол – Алтынсарин ауданына қарасты Щербаков ауылдық округінің Сатай ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан бұрынғы Мезгіл ауылы. Ыбырай Алтынсарин бұл жерде 1841 жылы дүниеге келген. Ертеде бұл өлкеде атасы Балғожа бидің тұрағы орналасқан. Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша, осы маңайда Үлкен Мезгіл, Кіші Мезгіл, Қошанның Мезгілі деген сияқты атаулар болған. Қазіргі таңда бұл жерде ата-бабасының қорымы мен «Омар құдығы» сақталған. Құдықтың жанында «Бұл жерде Ыбырай Алтынсарин дүниеге келген» деп жазылған ескерткіш тақта орнатылды. 2017 жылдан бастап Ыбырай Алтынсариннің туған жері, «Омар құдығы» Қостанай облысы киелі нысандардың аймақтық тізіміне енгізілді.
Ал, енді тұрған үйі деген кезінде Тобылдың жағасы, кесенесінің маңы есімізге оралады. Тарихи дерекке көз жүгіртсек, 1883 жылы Алтынсарин отбасымен Торғайдан Қостанай қаласына көшіп келді. Қаладан 2-3 шақырым жерде, Тобыл өзенінің бойындағы кішкене көлдің жағасына өз қаражатымен ағаштан 10 бөлмелі үй салып, жанына қазақы киіз үй тігіп, өмірінің аяғына (1889 ж.) дейін сонда тұрды. Сол кездегі жергілікті халықтан бізге дейін ел аузында және тарихи деректерде «Инспектор көлі» деп аталып келген кішкене көлді бүгінде жекешелендіріп, тарихи атауын өзгертіп, «Безымянное озеро» деген тақтайша іліп қойған екен. Бұл мәселені сан мәрте көтеріп, айтып жүрген ыбырайтанушы, ғалым Қалқаман Жақып «Жер сатылса да, тарихи атауы сатылмауы керек» деп ескертеді. Әзірге құлаққа ілер жан табылмай келеді.
«Ы.Алтынсарин Қостанай қаласынан 3 шақырым жерде тұрған. Алтынсариннің отбасы Тобыл өзенінің жағасында орналасқан, үйі еуропалық үлгіде жасалған» деп жазды З.П.Толстых өзінің баяндама хатында.
Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларына ауыл шаруашылық мектебін ашуға Халық Ағарту Министрлігіне өтініш жасайды. Ы.Алтынсарин өзінің руы атынан 500 ондықтай жер беріп, қайырымдылық көмегін көрсетеді. Патша үкіметі Ы.Алтынсаринге ауыл шаруашылық мектебін ашуға рұқсат бермейді.
1889 жылы Ы.Алтынсарин өмірден өтті. Инспектор көлінің жағасында өз руының зиратында жерленеді. 1991 жылы 22 шілдеде ағартушының 150 жылдық мерейтойында қызыл кірпіштен кесене көтерілді. Алтынсарин қайтқаннан кейін, Алекторов инспектор болып тағайындалып, 90 жылдарда үкімет ауыл шаруашылық мектебін ашуға рұқсат беріп, Ы.Алтынсариннің руынан 500 ондықтай жерді училище салуға алады. Бұл аймақ, сондай-ақ, Алтынсарин отбасының үйі халықтық мектеп инспекциясын басқаруға ауыстырылды және «инспекторлық» деген атаққа ие болды. Алтынсарин үйі 1905 жылы Қостанай уезінің халық мектебі инспекторлары үшін саяжай ретінде пайдаланылды. 1905-1906 жылдары Қостанай қаласының мұғалімдер ұжымы жаз мезгілі кезінде қала мұғалімдерінің саяжайы және демалыс үй ретінде үйдің бір бөлігін инспекторларға берудегі өтініштері іске асты.
«Әскери коммунизм» кезінде бұл үй Затобол селосына қарызға сатылады, жер Затобол селосына ауыстырылды. Одан бұл үйді бұзып, ағаштарын құрылыс материалына пайдаланады. 1920 жылы мәдени ошақтар салына бастап, Ыбырайдың үйінің ағаштарымен клуб тұрғызылады. Клуб 1965 жылы қиратылып, материалдарымен дәріхана салынады. Ағаштан салынған дәріхана 1990 жылы жабылып, құрылыс материалдары осымен зым-зия жоқ болады. Бізге бұл ақпаратты жеткізген Қалқаман Хасенұлы «Ыбырайдың үйінің бір ағашын таба алмай табан тоздырдым» дейді.
Ыбырай Алтынсарин сол кездегі қарапайым қазақтардан білімділігімен, жаңашылдығымен ғана емес, тұрмыс дәстүрімен де ерекшеленген. Оның үйі кең, көп бөлмелі, әр бөлмесінде сан салалы қызмет атқарған. Мысалы, жатын бөлме, демалатын бөлме, ас бөлмелерінен тыс қонақ қарсы алатын екі түрлі бөлмесі болған. Бірінде қазақтарды күтсе, екінші бөлмесін еуропалық үлгіде жабдықтайды. Үй ішінде кітапханаға арнайы бір бөлме қарастырылған. Ұлы ұстаз балалар оқытатын орынға да аса мән берген. Және еңбекке баулу мақсатында ер балаларды ағаштан түйін түюге, басқа да шеберлік қол өнер бұйымдарын жасауға үйретсе, қыз балаларды арнайы бөлмеде жүн түтіп, тоқыма тоқу, тігін тігу сияқты жұмыстарға дайындаған. Алтынсарин өмірден өткеннен кейін оның үйін халықтық мектеп инспекциясын басқаруға арналған «инспекторлық» үйіне беруінің мәнісі де осы.
Ендігі айтарымыз, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, қасиетті орындарға көңіл бөлініп жатқанда ұлы ұстаз баспанасы орнына түпнұсқа негізінде үй тұрғызылса, «Инспектор көлі» атауы заңдастырылса. Үйдің ішін сол заман көрінісіне сай жабдықтап, реконструкция жасап, Ыбырай музейіне қарасты тарихи орын ретінде жаңғыртсақ, шетелдік туристерді тартуға мүмкіндік беретін экспедициялық жұмыстар ұйымдастыруға жол ашылар еді. Сонда Қостанайдағы Ыбырай музейін Семейдегі Абай музейінің дәрежесіндей Республикалық мемлекеттік тарихи-мәдени мемориалдық қорық музейіне айналдыруға мүм-кіндік туады.
2021 жылы музей 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. 2019 жылдың есебімен тек бір жылда барлық келушілер саны 32 569 болды. 2017-2019 жылдар аралығында қазақстандық және шетелдік 2 269 туристер музейге келіп, ұлтымыздың ұлы тұлғасының тарихына қанықты. Музейге келушілер тек экскурсия тамашалау үшін ғана емес, сонымен қатар, лекция тыңдап, ауыспалы көрмелердің ашылуына және басқа да түрлі шараларға қатысу үшін де келеді. Ел Тәуелсіздігін алған 1991 жылы музей ашылды.
Міне, келер жылы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығымен қатар, музейдің 30 жылдық мерейтойы тұспа тұс келіп отыр. Қазір осы айтулы мерекені атап өту жоспары талқыланып, ұйымдастыру жұмыстарын пысықтау күн тәртібінен түспей тұр.
«НЕШЕ ЖЕРДЕН АҚПАРАТТЫҢ ЗАМАНЫНДА ӨМІР СҮРСЕК ТЕ, ӨЛКЕ ТАРИХЫ МЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДАН АЖЫРАП ҚАЛМАУЫМЫЗ КЕРЕК»
– Мұражайға келетіндердің басым бөлігі мектеп оқушылары екен. Ал, мемлекеттік қызметшілердің келуі қалай?
– Иә, ол рас. Негізінен, музейге келетіндер санының басым көпшілігін мектеп оқушылары құрағанымен, әр саладағы мемлекеттік қызметшілердің де келу қарқыны көңілден шығады. Мектептермен музей жұмысы екі бағытта жүргізіледі: педагогтар және оқушылар. Музей онлайн-кездесу, тамыз мәжілістеріне қатысып, онда қазіргі музейдегі тың ақпарат және жұмыс жоспары туралы баяндайды. Музей келушілеріне ойын сабақтарын және дәрістер, экскурсиялар ұсына отырып, түрлі бағытта ғылыми-әдістемелік жұмыс жүргізді. Барлық экспозиция және көрме бөлімдері бойынша түрлі жастағы топқа арнаулы экскурсия қарастырылған. Қысқасы, бұрын музейдің бар екенін білгенімен, қай жерде орналасқанын білмейтін кейбір қала тұрғындары қазір музейден шықпайтын жағдайға жетті. Себебі, түрлі кездесу кештері, тақырыптық іс-шаралар мен көрме жұмыстары оларды қызықтыра бастағандай. Биыл «Музей түні» жылына екі рет өткізілетін болды.
Мен өз басым, тарихи-мәдени орыннан алыстаған адамды рухани бай деп айта алмаймын. Неше жерден ақпараттың заманында өмір сүрсек те, біз өлке тарихы мен ұлттық құндылықтарымыздан ажырап қалмауымыз керек.
Рас, әр нәрсе өз заманына лайықты, қызығырақ әрі қолжетімді болуы тиіс. Алайда, ол жағынан да көштен қалып жатқан жоқпыз. Музей жәдігерлерін сандық форматқа көшіру – заман талабы. Ыбырай музейінде 12 829 жәдігер бар. Оның негізгі қорындағы 3 875 жәдігері электрондық базаға енгізілді. Цифрланған жәдігерлерді жариялау және таралымын көбейтуге, сондай-ақ, «Музеолог» бағдарламасы үшін қолдануға болады.
Ауыз толтырып айтар тағы бір жаңалығымыз – заманауи 3Д виртуалдық экскурсиясы. 2019 жылы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің музейі және «Омар құдығы», Ы.Алтынсарин кесенесі бойынша екі тілде 3Д виртуалдық экскурсия жасалып, сайтқа енгізілді. Оны кез келген адам музейдің ресми сайтына кіріп, өз еркімен тамашалай алады. Сондай-ақ, facebook, instagram парақшаларына тіркеле отырып, музей тыныс-тіршілігімен танысуға да болады. Сонымен қатар, облыстық «Qostanai» телеарнасында музей экспонаттары мен тұлғаны насихаттау үшін музей қызметкерлерінің жүргізуімен «Kóneniń kózi» авторлық бағдарлама айына 2 рет эфирден көрсетіліп тұрады. Ғимараттың төбесінде латын әрпімен «Ybyraı Altynsarın mýzeıi» деп жазылған. Есіктің маңдайшасында осы атау Ыбырай графикасымен электрондық жүгіртпе жолдары арқылы көрсетіліп тұрады.
– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!
Әңгімелескен: Сералы МЫРЗАБАЙ, журналист