Бейнеттің зейнеті: Зейнеткер болу қай елде ғажап, қай елде азап?

0
5835

Саналы ғұмырының сан жылын қызметке арнаған әр адам бойындағы қауқары  кеміп, қартайған шақта бейнетінің зейнетін көруді арман етеді. Зейнетақы – арнаулы қызмет атқарған жылдары үшін азаматтарға берілетін тұрақты ақшалай төлем. Сондай-ақ, мүгедектігіне байланысты, асыраушысынан айырылған немесе заңнамада көрсетілген түрлі жағдайда зейнетақы тағайындалады. Ақшалай төлем жинақтаушы зейнетақы қоры есебінен төленеді. Ал, елімізде зейнетақы тағайындау және төлеу тәртібі  ҚР Конституциясы негізінде және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыз-дандыру туралы» заңымен, сондай-ақ басқа да заң актілерімен айқындалады. Мемлекет 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақымен қамсыздандырудың бұрынғы ынтымақты жүйесінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Қазір елімізде базалық, міндетті және ерікті деңгейден тұратын зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.

ОТАНДЫҚ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ: АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

Осыдан 23 жыл бұрын Қазақстан ТМД елдерінде тұңғыш болып зейнетақы реформасын жүргізіп, жинақтаушы жүйеге көшті. Дегенмен, бұрынғы ынтымақты жүйе де сақталды, зейнетақының бұл түрі 2040 жылға дейін беріліп бітеді. Ереже бойынша ынтымақты зейнетақы 1998 жылға дейін кемінде 6 жыл еңбек өтілін жинағандарға төленеді. Ал, 2040 жылға қарай зейнетке шығатындардың көрсетілген уақытқа дейінгі еңбек өтілі болмайды.

Жаңа жинақтаушы жүйенің енгізілгеніне біраз уақыт өткенімен, халық арасындағы алып-қашпа әңгіме азаяр емес. «Самаурыннан су ақтыны» «Самарқанды су алды» қып әсірелеп жіберетіні бар айтқыштар арасында аталған тақырып турасында да түрлі аңыз тарап жүр.

«Мен зейнетке шыққанша жинақтарым инфляция «құрбаны» болып, жер сипап қалмаймын ба» деп қорқады кейбіреу. 

Асылында, еліміздегі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң бойынша мемлекет азаматтардың зейнетақы жасына жеткен кездегі инфляция деңгейін ескере отырып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) міндетті және ерікті зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік береді. Қазір Қазақстан мұндай мүмкіндік қарастырылған әлемдегі жалғыз ел. Мысалы, Аустралия, Израиль, Мексика, Швеция, Норвегия сияқты елдерде Үкімет азаматтардың зейнетақы жинағының қауіпсіздігіне кепілдік бермейді.

Ел арасында «зейнетақы жинақтары кіріс есебінен өспейді, табысыңның көп болуы инфляциядан құтқармайды» деген де қауесет тараған. Шындығында қалай?

2020 жылдың 1 желтоқсанындағы есеп бойынша, Қазақстанда зейнетақы жинақтары 12,7 трлн теңгеден асқан. Бұл жинақтарға зейнетақы жарналары мен инвестициялық кірістер кіреді. Қазақстанда 1998 жылы жинақтаушы жүйе енгізілгеннен бастап салымшылардың шоттарына түскен таза инвестициялық кіріс 5,5 трлн теңгені құрады. 2020 жылдың басынан бастап кірген кіріс (1,13 трлн теңге) осы жылы түскен міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері-нен (959 млрд теңге) асып түсті. Яғни, болашақта зейнетақы жинақтары жарналар есебінен емес, инвестициялық кірістер есебінен өседі. Елімізде жинақтаушы зейнетақы жүйесі өз жұмысын бастағалы жиналған инвестициялық кіріс 598,08 пайызды, инфляциялық жинақ 491,10 пайызды құраған. Нәтижесінде, зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге арналаған қаржының нақты кіріс көлемі 2020 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 106,98 пайызды көрсетеді. Осылайша, алдағы уақытта инвестициялық кіріс инфляциядан асып түседі. Демек, инфляция деңгейіне сәйкес зейнетақы жинақтарының өсуі мен қорғалуы қамтамасыз етіледі.

Тағы бір ел арасында тартыс туғызған мәселе БЖЗҚ-ның зейнетақы жинақтарына өз бетінше инвестиция салуына қатысты. Ал, бұл ақпарат қаншалықты рас?

Заңнама бойынша зейнетақы активтерін (зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ететін қаржы) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі басқарады. Барлық зейнетақы жарналары Ұлттық банктің инвестициялық шотына түседі және осы жерден тиісті тұлғаларға жөнелтіледі.

Зейнетақы активтерін инвестициялау кезінде Ұлттық банк бекітілген Инвестициялық декларацияны негізге алады. Инвестициялаудың негізгі бағыттарын Президент жанындағы Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес анықтайды. Зейнетақы активтері есебінен берілетін төлем тізбесін ҚР Үкіметі бекітеді.

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын инвестициялаумен айналыспайды. Қордың міндеті – жинақтар мен салымдардың жеке есебін қамтамасыз ету, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, салымшылар мен алушыларға қажетті қызметтерді көрсету. Зейнетақы активтерін тағайындау туралы инвестициялық шешімдерді тек қана Ұлттық банк қабылдайды.

«Бейнетіңнің зейнетіне жете алмай, жарты жолда дәм-суың таусылса, сол уақытқа дейін қорға жинаған қаржыңның қызығын мемлекет көреді» деп бөседі бәз біреулер. Шындығында қалай?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 31 және 32-баптары бойынша БЖЗҚ-да міндетті және кәсіптік зейнетақы жарналары арқылы жиналған жинақтары бар адам қайтыс болса, оның зейнетақы жинақтары заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.

Салымшы, яғни алуға тиісті тұлға қайтыс болған жағдайда, оның отбасына немесе жерлеу рәсімін ұйымдастырушыға БЖЗҚ айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген (бірақ, зейнетақы шотындағы қаражаттан аспайтын) мөлшерінде бір реттік төлем төлеуді қарастырады.

Аталған төлемнен кейін шотта қалған жинақ қалдығы ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын жағдайда, ол қаражат та Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеу төлемі ретінде тиісті тұлғаларға аударылады. Салымшының барлық жиналған ақшасы жеке мүлік болып табылады, сондықтан оның мұрагерлері бүкіл қаржыны қайтарып алуға құқылы.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕ ЗЕЙНЕТАҚЫ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?

FreedomFinanceLife сарапшылары зейнеткерлер үшін әлемнің қай елінде жақсы жағдай жасалғанын атап көрсетті. Компания Еңбек министрлігінің деректеріне сүйеніп, Қазақстанда 2,2 млн зейнеткер тіркелгеніне тоқталып өтті. Орташа зейнетақы мөлшері 94,7 мың теңгеден асады. Елдегі ерлердің зейнетке шығу жасы 63-тен, әйелдерге 60 жастан басталады. Әйелдер жасына біртіндеп 6 айдан қосылып отыратынын ескерсек, 2027 жылға қарай олардың  да  зейнет  жасы  63-ке барады.

«Қазақстандық зейнеткерлерге орташа айлық жалақыны ескере отырып, 2,15 есе аз ақы төленеді. Ресей, Италия, Финляндия, Канада сияқты елдердегі жалақы мен зейнетақы төлемдері осы шамалас. Ал, Данияда зейнетақы мөлшері ай сайынғы табыстан 1,27 есе төмен» деп жазды сақтандыру компаниясы.

Орталық Еуропадағы Лихтенштейн корольдігінде әлемдегі ең жоғары жалақы – айына орташа есеппен 5 мың еуро (6 мың доллардан астам) тіркелген. 64 жастан зейнетке шыққан ел тұрғындары 3 510 доллар (айлық жалақыдан 1,66 есе төмен) көлемінде зейнетақы алады.

Алпауыт ел АҚШ-та орташа айлық 4 150 доллар. Бұл зейнетақы төлем-дерінен (1 503 доллар) 2,76 есе көп. Америкалықтардың зейнетке шығу жасы ерлер үшін 67 жас, әйелдер үшін 65 жас деп бекітілген. Бірақ, мерзімінен бұрын зейнетке шығу мүмкіндігі  қарастырылған. «Ертерек бейнетімнің зейнетін көргім келеді» дейтіндер 62 жасында зейнетақы төлемдерінің 20%-ын айыппұлға төлеп, еңбек демалысына шыға алады.

Жапонияда орташа жалақы жоғары – 310 мың иена (2 984 доллар). 65 жасында зейнетке шыққан жапондар 183 мың иена (1 768 доллар) алады. Бұл жалақыдан 1,5 есе төмен.

Италия  халқы үшін  орташа  жалақы  2 415 еуро (2 917 доллар) болса, зейнетақы мөлшері әдеттегі кірістің жартысын, яғни 1,2 мың еуроны құрайды. Елдегі зейнет жасы – 67 жас.

Батыс Еуропадағы ең ірі, жер көлемі бойынша Ұлыбританиядан екі есе үлкен Франция халқының орташа айлық табысы – 3 мың еуро (3 623 доллар). 62 жасынан зейнетке шығуға мүмкіндіктері бар француздарға 1 мың еуро (1 207 доллар) төленеді.

Германиядағы орташа жалақы – 3 771 еуро (4 555 доллар). Осындай жоғары жалақыға қарамастан 65,5 жастан зейнетке шыққан немістер бар-жоғы 770 еуро (930 доллар) зейнетақы алады. Бұл айлық орташа кірістен 5 есе төмен көр-сеткіш. Есесіне, бұл елде зейнеткерлер үшін коммуналдық төлемдерді төлеу – мемлекеттің міндеті болып саналады.

Азия мен Еуропа құрлықтарында орналасқан Түркия мемлекетінде еңбекке қабілетті халықтың орташа жалақысы айына 10 мың лира (1,3 мың доллар). Бұрын бұл елдегі зейнетке шығу жасы 45-тен басталған. Кейін енгізілген түзетулерге сәйкес әйелдер 58 жастан, ерлер 60 жастан зейнетке шығуы керек. Түріктерге бейнетінің зейнеті үшін төленетін зейнетақы – 8 000 лира (1 070 доллар).

Көршілес Ресей Федерациясында орташа айлық кіріс көлемі 49 мың рубль (666 доллар). Зейнетақы жалақының жартысынан астамын (17 мың рубль) құрайды. Ресейде зейнетақы төлемдері әйелдер үшін  56,5  жастан,  ерлерге  61,5 жастан бастап төленеді.

Айыр қалпақты ағайынның орташа айлығы – 18 мың сом (213 доллар) болса, әйелдер 55 жастан, ерлер 60 жастан бастап орташа 6 мың сом (72 доллар) зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етіледі. Яғни, Қырғызстандағы зейнетақы мөлшері орташа айлықтан 3 есе аз.

Компания сарапшыларының пікірінше, барлық елде, оның ішінде Қазақстанда да зейнетақы жүйесі жұмыс беруші мен қызметкердің кірісінен болашақта базалық зейнетақыны құрайтын жарна енгізу мен сақтандыру компанияларымен келісімшарттар жасаудан тұрады.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕГІ ОРТАША ЗЕЙНЕТАҚЫ КӨЛЕМІ (2021)

Мемлекет

Орташа зейнетақы (ұлттық валюта)

Орташа зейнетақы (АҚШ доллары)

Австрия

1 400 еуро

1 690 $

АҚШ

1 503 доллар

1 503 $

Аргентина

5 446 аргентиналық песо

64 $

Армения

42 000 драм

87 $

Аустралия

1 505 аустралиялық доллар

1 157 $

Әзербайжан

300 манат

176 $

Беларусь

446 беларусьтік рубль

174 $

Болгария

412 лев

254 $

Бразилия

1 250 реал

236 $

Біріккен Араб Әмірліктері

10 200 дирхам

2 777 $

Венгрия

135 000 форинт

452 $

Германия

770 еуро

930 $

Грекия

697 еуро

842 $

Грузия

275 лари

83 $

Дания

2 800 еуро

3 381 $

Жапония

183 700 иена

1 768 $

Израиль

5 300 шекель

1 621 $

Иран

8 053 800 риал

191 $

Ирландия

1 071 еуро

1 293 $

Испания

987 еуро

1 192 $

Италия

1 200 еуро

1 449 $

Канада

2 000 канадалық доллар

1 574 $

Кипр

740 еуро

893 $

Кувейт

906 кувейттік динар

2 981 $

Қазақстан

94 733 теңге

225 $

Қырғызстан

6 061 сом

72 $

Литва

374 еуро

451 $

Мексика

18 000 мексикандық песо

909 $

Нидерланды

1 300 еуро

1 570 $

Норвегия

14 667 норвегиялық крона

1 713 $

Өзбекстан

705 290 сум

68 $

Польша

2 100 злотый

558 $

Португалия

550 еуро

664 $

Румыния

1 265 лей

313 $

Ресей Федерациясы

17 443 рубль

237 $

Словакия 

460 еуро

555 $

Тәжікстан

300 сомони

26 $

Түркия

8 000 лира

1 070 $

Финляндия

1 632 еуро

1 970 $

Франция

1 000 еуро

1 207 $

Хорватия

2 500 куна

400 $

Чехия

11 807 чех кронасы

544 $

Чили

157 952 чилидік песо

215 $

Швейцария

2 000 франк

2 243 $

Швеция

1 697 еуро

2 049 $

Эстония

582 еуро

702 $

 

ЕҢ БАЙ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР – ЕҢ КІШКЕНТАЙ ЕЛДЕ

Тек қана Еуропада емес, бүкіл әлемдегі ең кішкентай елдердің бірі саналатын Люксембургте 626 мың адам тұрады. Жеріне біздің екі Шымкент қаласы сыяды. Елде мұнай да, газ да, үлкен өнеркәсіптер де жоқ. Есесіне әлемдегі ең бай зейнеткерлер осында тұ-рады. Олар айына орташа есеппен төрт мың еуро алады, бұл өзге елдермен са-лыстырғанда әжептеуір көп көрсеткіш.

Люксембургте зейнетақы жүйесі енгізілгеніне жүз жылдан астам уақыт өткен. Осы уақыт аралығында төлем өз тұрақтылығын сақтап келеді. Зейнетақы жарнасы 16% болса, оның 8%-ын жұмысшының өзі, қалған 8%-ын жұмыс беруші салып отырады. Өзін-өзі жұмыс-пен қамтығандар мен кәсіпкерлер өз-дері үшін 16% төлесе, мұндағы 8%-ды мемлекеттің үлесі құрайды.

Шағын ғана бұл мемлекетте ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы тең, 65 жасқа жеткен кез келген тұрғын заңды түрде зейнетке шыға алады. Ал, мүмкіндігі шектеулі адамдарға 57 және 60 жаста зейнетке шығу қарастырылған. Жұмыс өтілі 40 жылды құрайтын мүмкіндігі шектеулі тұлға мемлекет тарапынан толық төлем алуға құқылы. Олай болмаған жағдайда ең төменгі айлыққа тең (2 мың еуро) зейнетақы төленеді. Бірақ, 2 мың еуромен бұл елде бір ай өмір сүру қиын көрінеді. Себебі, елде азық-түлік бағасы қымбат.

«Екі бөлмелі пәтерді тек жалға алу үшін айына 2 мың еуро төлем жасауға тиістісіз. Коммуналдық қызметтер мен азық-түлікке қажетті ақшаны қосқанда алған ақыңыз аздық етеді» дейді Люксембургте гид болып жұмыс жасайтын Валентина Катина-Чистова.

Дегенмен, бұл елде қариялардың 80%-дан астамы қарттар үйінде тұрады. Қарттар үйі дегенде, бұл зейнеткерлерге арналған арнайы орталық секілді. Мұнда мемлекет тұру ақысын төлемейді. ХІХ ғасырда салынған ең беделді қарттар үйінің әдемі бөлмесін жалдағысы келген зейнеткер айына 3-4 мың еуро төлейді және бұл қаржыға пәтер ақысы ғана емес, тамақтану да кіреді. Люксембургтегі зейнеткерлер саны 98 мыңнан асады. Бірақ, олардың үштен бірінде ғана толық  зейнетақы төлемі бар. Дегенмен, мұндағы зейнеткерлердің жағдайы өте жақсы.

Елдегі жұмысшылар мемлекеттік қызметкерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтушылар болып бөлінеді. Әркім тапқан табысының бір бөлігін ай сайын зейнетақы қорына аударып отырады. Зейнет жасы жеткенде төлемдер осы жинақтау қорынан жүзеге асырылады.

Шағын мемлекеттегі зейнетақы жүйесінің ерекшелігі мынада, егер адам елден біржола кетуге шешім шығарса, сол уақытқа дейін жиған-тергенін түгел алып кетуге құқылы. Сондай-ақ, Люксембург тұрғындары толық зейнетақы алу үшін төлем жасап, жетіспей тұрған жылдарды үкіметтен «сатып ала алады». Яғни, 40 жылдық еңбек өтілін осылай толтыруға болады. Әйтпесе, тек ең төменгі зейнетақы алу мүмкіндігі бар. Және зейнетақы қорында жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда оның туыстары, өз зейнетақысымен қоса, жиналған қаржы есебінен ай сайынғы ақыны алып отыруға құқылы.

Мемлекеттің шағындығына байланысты мұндағы жүйені бірқалыпта ұстап отыру аса қиындық туғызбайды. Десек те, Люксембургтегі зейнетақымен қамсыздандыру саясатының азаматтарға өте ыңғайлы ұйымдастырылғандығы әлемді таң қалдырады. Тіпті, мұнда еуропалық стандарттар бойынша орташа зейнетақы көлемі ғана емес, ең төменгі жалақы мөлшері де дамыған еуропалық елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елдегі зейнеткерлер саны 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 2,2 млн адамды құрайды. Сонымен қатар, биылдан бастап базалық бағам 18 524 теңгеге (былтыр 17 641 теңгені құраған), жасына байланысты ең төменгі зейнетақы 43 272 теңгеге (былтыр 40 441 теңге), базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, ең  төменгі  зейнетақы  61 796 теңгеге ұлғаяды.

15 қаңтарда өткен VІІ шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

«Зейнетақы жүйесі әділ болып, адамдар мүддесіне сай болуы керек. Біз маңызды, бірегей реформаны – зейнетақы активтерін ішінара алу және пайдалану мүмкіндігін іске қостық. Сонымен қатар, азаматтарға өз жинақтарын түрлі құралдар арқылы басқаруға мүмкіндік беру қажет. Оны іс жүзінде жүзеге асыру сапалы заңнаманы талап ететіні анық», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, экономикалық шолушы

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Қазақстанда ерлердің зейнетке шығу жасы – 63 жасты, әйелдер үшін – 60 жасты құрайды. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 11-бабына  сәйкес  әйелдер  үшін  зейнеткерлік жас 2027 жылға дейін,  яғни 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріледі. Оның үш жылы өтті.

Әйелдердің зейнеткерлік жасының кезең-кезеңмен көтерілуі:

  • 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толғанда;
  • 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толғанда;
  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа толғанда;
  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;
  • 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;
  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда;
  • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 63 жасқа толғанда.

Осылайша, бұл 1960-1964 жылдары туған әйелдерге қатысты болады.

Бұдан ерте жаста шығу келесі адамдар үшін қарастырылған:

1) 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шілдеге дейін (5 жылдан кем емес) экологиялық қауіп аймақтарында тұрған, Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтар жүргізудің салдарынан зардап шеккен азаматтар:

  • ерлер – 50 жасқа толғанда;
  • әйелдер – 45 жасқа толғанда.

2) Бес және одан көп бала туған немесе асырап алған және  оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here