Жастар мамандықты дұрыс таңдап жүр ме?  

0
652

«Ауылым – алтын бесігім» демекші, ең алғашқы іс-сапарды Алматы облысы Шонжы ауылынан бастадым. Басты мақсат – жастарға болашағы бар, бәсекеге қабілетті мамандық таңдауда дұрыс бағыт ұсыну, жол көрсету.

Мамандық таңдау оңай емес. Шыны керек, кейбір жастарымыз «Жақсы маман иесі болсам» деген мақсат қоя білмейді. Әйтеуір,  «бір мамандықты таңдай салып, диплом алып шықсам болды» дейді. Сонда саны көп, сапасы жоқ дипломнан не пайда? «Алуан-алуан кәсіп бар, таңдай біл де, талап қыл!» демекші, жақсы маман иесі болу үшін көп ізденіп, терең білім алу керек. Ең бастысы, мамандыққа деген сүйіспеншілік қажет.

Жастармен сөйлесе келе түсінгенім, жан қалауымен таңдалған мамандық, ойдағы мамандық және ата-ана кеңесімен таңдалған мамандық боп бөлінеді екен. Ал, кез келген еңбек мамандық емес. Еңбек пен мамандықтың айырмашылықтары болады. Еңбектің мамандық болып аталуы үшін өзіндік шарттары орындалу қажет: біріншісі – маман атануыңыз үшін білім алып, қолыңызға сол саланың дипломын, куәлігін, аттестат немесе сертификатын алуыңыз керек болса, екіншісі – еңбегіңізге ақы төлену қажеттілігі. 

Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Мамандыққа деген махаббат пен карьерист болу екеуі екі бөлек нәрсе. Махаббатпен істелген жұмыс ғана нәтиже бермек. Басқаша айтқанда, мамандығыңыз сіздің сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады. 

Бүгінгі таңда ең қажетті мамандық­тарды Алматы технологиялық университетінің барлық факультетінде алуға болады. Себебі, Білім беру бағдарламаларының түлектері, негізінен, тағам және қайта өңдеу, жеңіл және текстиль өнеркәсібі салаларының өндірістік кәсіпорындарында, сондай-ақ машина жасау кәсіпорындарында, заманауи техниканы және жаңа өндірістік-технологиялық үдерістерді зерттеумен және әзірлеумен айналысатын бейінді және бейіні жағынан жақын ғылыми-зерттеу, құрастыру және жобалау ұйымдарында жұмыс жасау үшін даярланған.

Елімізде «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» қолға алынғалы техника мамандарына сұраныс артты. Сонда біздің қоғам қандай мамандарға зәру? Біз осы сауалды бірқатар оқушыларға қойып көрген едік. Абай атындағы мектеп-гимназиясының түлегі Куаныш Рамазан: «Менің ойымша, туризм мамандары аса қажет. Еліміздің инфрақұрылымын жақсартуымыз керек», – десе, Ж.Құдайбергенов атындағы мектеп оқушысы Ақмарал Итен: «Елімізде шикізатты өзімізде өңдеп шығару үшін жеңіл өнеркәсіп, текстиль мамандары мен дизайнерлері тапшы», – деген ой білдірді.

Мұның себебі, мектеп бітірушілердің көбі техникалық оқу орындарына барғылары келмейді. Жастардың тілімен айтқанда, бұл мамандық иелері заманауи емес деп санайды. Өкінішке қарай, қазіргі кейбір жастар «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүргенді ұнатады.

Осындай қателіктерді болдырмау үшін, оқушыларға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беретін іс-шаралар жиі өтіп тұрса екен дейсің… Осы­ған орай, жақында Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шонжы, Қырғызсай, Сүмбе, Шошанай бастаған бірқатар ауылдарында мектеп түлектеріне арналған түсіндірме сабақтар жүргізілді.

Мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом алу емес, өмірлік жолыңды таңдау. Сондықтан болашақтарын айқындау барысында талапкер де, ата-ана да «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал болмақ. Сол үшін осы бастан дұрыс бағытты таңдап, лайықты маман болудың жолын қарастырған жөн. Өйткені, өз саласының білгірі ғана қай кезде де сұранысқа ие.

Түсіндірме сабақ барысында оқушыларға түрлі мамандықтар жайында көрнекі материалдар, слайдтар көрсетілді. Белсенділік көрсеткен оқушыларға сыйлықтар берілді.  

Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ соны таңдауда дұрыс шешім қабылдай білу керек. Қарапайым сөзбен айтқанда, мамандық таңдау өзің айналысқың келген жұмысты ғана емес, араласқың келетін ортаны қоса таңдау болып табылады. Сол себепті әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйене отырып, болашақ мамандығына аяқ басу керек.

Шынында да, болашақта қандай мамандықты таңдаған жөн? Бұл сауал күннен-күнге өзекті мәселеге айналуда. Өйткені, заман талабына сай түрлі мамандықтар күннен күнге көбейіп келеді. Ал, бірнеше жыл бұрын ғана сұраныста болған кейбір мамандықтар, керісінше, қажетсіз күйде қалғанын байқауға болады. Сондықтан үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған жастардың мамандық таңдауда қателеспеуі үшін осындай профориентациялық пікір-сайыстардың өтуі орынды, яғни университет өкілдерін шақырып, жастарға дұрыс бағыт көрсетуіміз қажет.  

Жаңа Қазақстан жастары – білімді, байсалды және озат. Біз – елдің тірегі, мемлекеттің ең белсенді бөлігі болғандықтан, әрдайым еліміз үшін қолымыздан келген істен аянып қалмайтынымыз сөзсіз. Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру жастардың жауапкершілігінде.

Ұлы ақын, ұлағатты ұстаз Мағжан Жұмабаев айтқандай, «Мына қоғам арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, жалындаған жастарға» үміт артады. Ата-бабамыздың үмітін ақтау – ең басты борышымыз.

Жаңа Қазақстан жастары білімді әрі парасатты болуы қажет, бұл бізге қиын заманда әрбір кедергіні бұзып өтуге көмектеседі.

Орманова Мөлдір Әбдімәжитқызы,
Алматы технологиялық университетінің лекторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here