Бабалар салып кеткен даңғыл жол – ұлттығымыздың басты шарты

0
1064
«Простор» журналының ауызашарында...

Әрбір нәрсенің дүниеге келуі белгілі бір қажеттіліктен, себептіліктен болады. Қажеттілік екі түрлі: бірі – материалдық, екіншісі – рухани. Адамдардың өмір сүруі үшін ең алдымен, материалдық қажеттілік: тамақ, киім, үй керек. Адамзат өмірі тек қана материалдық игіліктермен ғана шектеліп қоймайды, сонымен қатар рухани қажеттілікті де керек етеді. Рухани қажеттілік әртүрлі: саясат, ғылым, өнер, ұлттық құндылықтар.

Мемлекет басшысының бастамасымен үш жылдан бері өткізіліп келе жатқан Ұлттық Құрылтай да рухани қажеттіліктен туындаған шара деп білеміз.

Биылғы Ұлттық Құрылтай отырысы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен және Ораза айымен орайлас келгенін айта келіп, үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екенін де Мемлекет басшысы атап өтті.

«Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет».

Жазушылар Одағының төрағасы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Мереке Құлкенов жақында осы мәселе туралы орынды пікір білдірді. Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түседі деп айтты.

Сонымен қатар Президент еліміздің рухани дербестігін сақтап, нығайта түсу үшін – дәстүрлі дініміз – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабы екенін айтты. Осыған орай түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Яссауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аудару жөн екенін де тілге тиек етті.

«Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет» (Қасым-Жомарт Тоқаев).

«Дәстүр» журналының биылғы №1 санында «Қожа Ахмет Йассауидің қазақтың салт-дәстүрлері мен мәдениетін қалыптастырудағы орны» атты ғалым Закария Жандарбектің үлкен зерттеу мақаласын жариялаған болатынбыз.

Онда: «ⅩⅠ ғасырдың басында бүкіл ислам әлемінің рухани қуаты сарқылып, рухани әлем мен адамзат арасындағы байланыс тоқырауға ұшырады. Сол кезеңде тарихтың сахнасына Қожа Ахмет Йассауи шықты. Ол жанқиярлықпен сол кезеңнің діндарларымен арпалыса жүріп, рухани әлем мен адамның рухы арасындағы байланысты қайта орнатты. Қожа Ахмет Йассауидің осы еңбегінің арқасында исламдағы үшінші кезең – Әулиелер дәуірі басталды. Осылай рухани әлем мен адамзат арасындағы пайғамбарлардан кейін үзілген байланыс қалпына келтірілді. Ол кезеңнің басында «Ахмади-с-сани» – «Екінші Мұхаммед», «Қтуб ал-Ақтаб» – «Дүниенің тірегі» атанған Қожа Ахмет Йассауи тұрды».

Осы Құрылтайда Мемлекет басшысы тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық – ұлтымыздың жаңа келбеті болуы керек деді.

Атырауда өткен үшінші Ұлттық Құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлікті нығайту жолдарын да айтып өтті. «…бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ Әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі – Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек», – деді.

Биылғы Наурыз мерекесі осындай жаңалықтарымен басталып та кетті. Жер-жерлерде салт-дәстүрлеріміз дәріптеліп жатыр.

Ұлттық Құрылтай болып жатқан кеште теледидар қарап отырып, көңілімнің босағанын жасыра алмаймын. Көкшетау өңіріндегі бір мейрамхананың аспазы (ұлты орыс): «…қазақтың ұлттық тағамдарының басты ерекшелігі – оның дәмінің табиғилығында» деп мақтанышпен айтып тұрғанын көрдім. Шынымен де, қазақтың қай асын алсаңыз да, бәрінің табиғи дәмі айқын сезіліп тұрады.

Жарнама емес, бірақ Алматы қаласында «Бауырдақ» деген атпен ашылған қазақтың ұлттық тағамдарын заманауи фаст-фуд түрінде жасайтын фаст-фуд желісін білемін.Тағамдарын сүйсіне жейсің. Ешқандай артық қоспаларсыз, таза табиғи дәм.

Негізінен ұланғайыр Ұлы далада ғұмыр кешкен қазақ халқының ас әзірлеу, оны тұтыну қолданбалы технологиясында табиғат заңдылықтарымен мінсіз үйлескен бірегейлік сақталған. Біздің халық ас әзірлеудің табиғи ретін тауып, жазда да, қыста да бұзбай, құнарын-нәрін сақтай отырып дайындаудың   әдіс-тәсілдерін жетік білгендігі сондай, адамның тағамдық қажеттілігін қанағаттандыруға толық қабілетті, тағамдық құны жоғары ас-тағамдарын дайындайтын қолданбалы технология қалыптастырған.

Нәтижесінде ол кездегі адамдарда анемия, әлсіздік, бел-қуат әлсіздігі дегендер мүлдем болған жоқ. Сондай-ақ тіс және құрт аурулары дегендер өте сирек кездесетін. Мұның себебі: біріншіден, жүз пайыз табиғи таза өнім; екіншіден, тағам өнімдерін дайындау технологиясы табиғат заңдылықтарымен жақсы үйлескен; үшіншіден, сайын даланың шүйгін шөбі, таза ауасы, тұнық суын ішкен дені сау малдың құнарлы ет, сүті және химиялық қоспасыз көкеністерден дайындалған ас-тағамдарының сапасы жоғары, дәмі татымды, тағамдық құны өте жоғары болғаны анық; төртіншіден, сол кездегі қоғамдық өмір салтына байланысты олардың тағам тұтыну рационы өте дұрыс жағдайда болған; мысалы, ет жесе артынан сүзбе қатық қатқан сүрлем сорпасын, не қымыз, шұбат ішкен. Бұл дегеніңіз жоғарыда аталған ұсақ-түйек аурулардың есігін тас жауып, энергияңды тасытып, күш-қуатыңды толтыратын құнарлы ас-сулар рационы деген сөз. Яғни, қазіргідегідей бір-біріне қарсы келетін, тіпті бір жолда қосып жеуге болмайтын тағамдардың жиырма-отыз түрін үстелге толтыра жайып, мән-мағынасыз ішіп жей беретін үрдіс атымен жоқ еді.

Биыл, жоғарыда айтқанымдай – Наурыз мерекесі, қасиетті ай – Ораза қатар келіп, мерекелерге қосымша Ұлттық Құрылтайдың Амал мерекесі күні басталуы – Адамзатының рухани болмысымен табиғат заңы арасындағы үндестікті ашып тұрғандай. Сол Ұлттық Құрылтайдан кейін Ұлттық тағамдарымызға, ұлттық киімдерімізге деген ерекше құрмет пен сүйіспеншілік көрінді.

Айналамызда бұрын болмаған үлкен өзгерістер болып жатыр. Мен өз басым Ұлттық құндылықтарымыздың қайта орала бастағанына шын қуаныштымын. Өйткені 15 жылдан бері шығарып келе жатқан ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналында бұл мәселелерді көтеріп келеміз. Осы аралықта мен адамға күш-қуат  беретін және ұлттық санасын, адамгершілік асыл қасиеттерін қалыптастыратын күш – оның тілінде, өнер-мәдениетінде, салт-дәстүрінде және ұлттық тағамдарында жасырылғанын шынайы сезіндім. Жоғарыда айтқанымдай Алматыда ашылып жатқан таза ұлттық тағамдар беретін тамақтану орындарын көргенде де осындай сезімде болдым. Ұлттың ұлттық мұраты айқындалады деген осы емес пе?!

Жақында «Дәстүр» журналы Қазақстан Жазушылар одағының ұжымына Наурыз көже берді. Журнал бұл үрдісті бірнеше жылдан бері дәстүрлі жасап келе жатыр. Наурыз көжеге ұжым ұлттық киімдермен келді. Оларға ешкім ұлттық киім киіп келу керектігі туралы айтқан да жоқ. Бірақ кешегі Ұлттық Құрылтайдағы айтылған ұлттық мәселелерді халық нұсқаусыз-ақ орындауға көшкен.

Сонымен қатар, күні кеше ғана «Простор» журналы алғаш рет ұжымға ауызашар жасады. Қазақстанның халық жазушысы Любовь Шашкова да қазақтың ұлттың киімін киген, сондай жарасымды. Ол туралы ауызашарда сөйлеген сөзімде айттым. Бұл да қоғамда болып жатқан оңды өзгерістерді көрсетсе керек.

Мемлекет басшысының тағы бір айтқаны – ұлттық киімдерді күнделікті киім үлгісі ретінде кию туралы. Тәрбие мен тәлім балабақша мен мектеп табылдырығынан бастау алады десек, былтырдан бастап осы мекемелерде де ұлттық киім кию үрдісі қарқын алып келеді. Әлеуметтік желілер арқылы көріп отырғанымыздай, ұлттық киім киген қаракөздеріміз құлпырып шыға келді. Наурыз кезеңінде ұлттық киімдерімізді киіп шығу дәстүрге айналған-тын. Бірақ биылғы Наурыздан бастап күнделікті тұрмыста қолдануды көздеп отырған ұжымдар мен жекелеген адамдардың көп екенін байқап отырмыз.

Үй тұрмысындағы ыдыс-аяқ – ағаш астау, қымызды тостағанмен ұсыну әлі үрдісі де өте жарасымды. Бір жағынан ұлттық ыдыс-аяқтарды жасайтын жеке кәсіптер көптеп ашылып жатыр. Халық шеберлерінің ағаштан жасалған ыдыс-аяқтарына сұраныс көп. Тұскиізді де, сырмақ пен текеметті те, алашаны да қолданысқа енгізе беруіміз керек. Осы заманғы алуан аспап, түрлі техника бұларды жасауды жеңілдетеді де. Әттең, соларды шығарып, көрсететін, насихаттайтын бірен-саран талапты жандарды қолдап жіберсе, жақсы болар еді. Оны жекелеген ауқатты қазақ жігіттері біраз шығын шығарып, жомарттық танытса, шіркін. Осындай шынайы ұлттық бұйымдарды, ұлттық киімдерді әртүрлі үлгіде, арзаны бар, қымбаты бар, деген сияқты, қатарлап қойса, әркім алар еді. Осы жағынан қырғыздар озып бара жатқан сияқты, оны да ескеруміз керек.

Мемлекет басшысы айтқандай бабалар салып кеткен даңғыл жол – ата салтымен өмір сүру – ұлттығымыздың басты шарты. Ұлттық дәстүр негізінде өмір сүру, замана талабына сай оның кейбір тұстарын жаңғырта, бейімдей, жаңашылдықпен ұштастыра қолдану өміршеңдік белгісі.

Сондықтан да жас ұрпақты ата салты рухында тәрбиелеу, бабаларымыз болашақ үшін білектің күшімен, найзаның ұшымен салған даңғыл жолмен жүріп, өмір сүру әрбір қазақтың ұлт алдындағы азаматтық борышы.

Қасымхан Бегманов,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here