Жоғары білім мен ғылымның өзекті тенденциялары талқыланды

0
754

Алматының жетекші жоғары оқу орындарында «Жоғары білім мен ғылымның өзекті тенденциялары» тақырыбында II Халықаралық форум өтті. Форумның мақсаты – жоғары білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық үшін жаңа байланыстар орнату. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ресей Федерациясының Ғылым және жоғары білім министрлігі және Ресей Федерациясының Білім министрлігі ұйымдастырды.

Форум аясында пленарлық отырыста және тақырыптық сессияларда қатысушылар білім берудегі инновацияларды, халықаралық ынтымақтастықты, заманауи педагогикалық практикалар мен оқыту технологияларын талқылады, сондай-ақ мүдделі тараптар ретінде студенттерді, магистранттарды, докторанттарды тарта отырып, оқу үрдісіндегі ғылыми зерттеулердің нәтижелерін ұсынды.

Халықаралық форум Абай университетінде жалғасын тауып, «Педагог кадрларды даярлау: тәжірибе және перспективалар» тақырыбында панельдік пікірталас өткізілді. Іс-шараны Басқарма төрағасы – ректор Болат Тілеп ашып, форумның маңыздылығын және екі ел арасындағы ынтымақтастық болашағы еліміздің білім мен ғылымының дамуына, сондай-ақ отандық білім берудің ғылыми-зерттеу жүйесіне зор ықпал ететінін атап өтті.

Форум жоғары білім мен ғылымды дамытудың заманауи сын-қатерлері мен перспективаларын талқылау үшін екі ел университеттерінің жетекші ректорларының, ғылым және жоғары білім саласының өкілдерінің, ЖОО мен ғылыми ұйымдардың басшыларының, қоғамдық кеңес мүшелері мен ғалым, профессорлардың басын қосты.

Форум спикерлері ретінде А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік орыс тілі институтының білім беруді дамыту және цифрландыру жөніндегі проректоры Горбатова Дина, Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінің даму және халықаралық қызмет жөніндегі проректоры Кайгородов Евгений, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Қанай Гүлмира, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Жанбол Жилбаев, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Джумакулов Закир, А.И.Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университетінің білім беру қызметі жөніндегі проректоры Снегурова Виктория, Абай атындағы ҚазҰПУ Ғылым департаментінің директоры Абдигапбарова Ұлжарқын, М.Ақмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі проректоры Гареева Светлана ғылыми зерттеулерін презентациялады.

Форум екі елдің жоғары оқу орындары арасында тәжірибе алмасу, ғылым мен білім беру саласында әріптестік пен ынтымақтастық байланыс орнату алаңына айналды. Форумға қатысушылар білім берудегі инновациялар, халықаралық ынтымақтастық, заманауи педагогикалық тәжірибелер мен оқыту технологиялары, мүдделі тараптармен студенттерді, магистранттарды, докторанттарды тарта отырып ғылыми зерттеулер жүргізу және олардың зерттеу нәтижелерін кейіннен оқу үрдісіне енгізуді қамтитын негізгі тақырыптарды талқылады.

Кездесу соңында Абай атындағы ҚазҰПУ мен Башқұрт мемлекеттік университеті арасында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойылды.

Форум Ресей мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға жаңа серпін береді, бұл өз кезегінде Қазақстан мен Ресейдегі білім мен ғылымның сапасын арттыруға ықпал етеді.

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here