ҚазҰАЗУ Алматы қаласында өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет атанды

0
998

Бүгін, 22 желтоқсанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде жаңа жатақхана пайдалануға берілді. №3 студенттер үйі 300 орынға арналған. Іс-шараға Қазақстан футболының ардагері Құралбек Ордабаев, «Алматы» олимпиадашылар дайындау орталығының басшысы, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, бірінші жартылай орта салмақтағы IBO бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраров және инвестор компаниялар басшылары қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, ақ тілектерін жолдады.

Айта кетейік, жатақханның  200-і бакалаврға, 100 бөлме магистранттар мен жас ғалымдарға үлестірілді. Мұнда бөлмелер, ас үй мен дәліздер, тазалық орындары жаңаша дизайнмен өрнектелді, жиһаздар, мұздатқыштар, кір жуғыш машиналары мен газ плиткалары қойылды. Университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуы бойынша, жеке қолға өтіп кеткен университет активтерін кері қайтару жалғасуда. Мысалы, №6 студенттік жатақхана биыл тұрғын үй қорына қайтарылып, қосымша 280 студент баспаналы болды. Кезінде «Шаһ» атты мейрамхана мен офис ретінде жеке кәсіпкерге қызмет жасап келген №3 студенттік жатақхана да кері қайтарылып, толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл мақсатқа университеттің бюджетінен 160 млн теңгеге жуық  қаражат бөлінді. Сонымен бүгіннен бастап оқу орнында жатақхана тапшылығы жойылды. Енді инвестиция көлемі 2,3 млрд теңгеден асатын тағы бір құрылыс жобасы қолға алынған.

«Біз Алматы қаласында бірінші университетпіз өзінің студенттерін толықтай жатақханамен қамтамасыз етіп отырған. Биылдан бастап біз тағы да жаңа жатақхананың құрылысына кірістік. Ол 9 қабатты үлкен ғимарат болады. Онда 500-дей студент тұратын болады, жас ғалымдар тұратын болады. Қазір біздің серіктесіміз инвестор жұмысына кірісіп, құрылысты бастап жатыр. Бұйыртса, 12 айдың ішінде келесі жаңа жылға жаңа жатақханамыз дайын болады деп ойлаймыз», – деді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры  Ақылбек Күрішбаев.

«Сіздер көптен армандаған стадионға қол жеткіздіңіздер. Университет басшылығы инвесторлармен бірлесе отырып, бұқаралық спортты қолдау мақсатында осы заманауи стадионды салып берді. Өте тамаша! Бұл ең алдымен студент жастар арасында спорттың дамуына күшті серпін беретіні сөзсіз. Екіншіден, спортпен шұғылдану жастардың денсаулығын нығайтып қана қоймайды, ол болашақта сіздердің араларыңыздан Олимпиада чемпиондарын тәрбиелейді. Баршаңызды осы қуанышпен құттықтаймын және белсенді спортпен шұғылдану тілеймін», – деді   Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов.

Осындай нақты істердің нәтижесінде ҚазҰАЗУ Алматы қаласында өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет атанды. Жаңғырған Орталық стадионға ынтымақтастық негізде «Аtlant Systems» ЖШС тарапынан 130 млн теңге тартылып, жалпы құрылысын «Korkeм» ЖК жүргізді. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің құрамына 6 ірі ҒЗИ мен бір тәжірибелік шаруашылық берілді.

ҚазҰАЗУ әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының тәжірибесіне сәйкес, қазіргі заманғы функционалдық интеграцияланған жүйе болып табылатын сапалы зерттеу университетінің жаңа деңгейіне көтерілді: ғылым – білім – өндіріс (яғни, зертхана – аудитория – тәжірибелік шаруашылық) жүйесі енгізілді. Бұл жақсылықтың нышаны. Тәуелсіз еліміздің тірегі мен тілеуі болар жастарға барлық жағдай жасалып отырғанының көрінісі.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here