Үлкен жүректі ғалым, білікті ұстаз

0
2275

Әр дәуірдің, әр ұрпақтың жадына сирек кездесер болмыс-бітімімен, қайталанбас мінезімен жазылатын адамдар болады, мәселен, ағарту, білім саласында, ғылымда, әдебиетте, өнерде, саясатта өзінің туа біткен дарынымен оқшау көзге түсіп, бойындағы ізгі қасиеттерін ұлттық іргелі істеріне жұмсаған перзенттерімізді халқымыз қай кезде де шексіз қадірлеген.

Адамның қадірі мен қасиеті неде?

Әсілі, кім-кімнің болсын оқта-текте өзіне осындай сұрақ қойып, көңілінде соның жауабын жұптап әрі мынау аласапыран, алмағайып тірлікте содан көз жазып қалған жоқпын ба деп үнемі алаң көңіл болып жүргені дұрыс па дейміз. Аяз бидің жыртық тоны мен көнетоз тұмағы сияқты осы бір сұрақ-жауап үнемі маңдайшамызда (көңіліміздің төрінде) тұрса, кәнеки. Іштей тазартуға, ақыл мен арды кір шалдырмай ұстауға сол жақсы.

Ал, мұның жауабын ақылды дария абыздар қалай беріпті дегенге келсек, Абай атамыз былай дейді: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылдық».

Иә, ақыл, ғылым, ар, мінез. Осы төртеуі тал бойына тарала біткен әрі соларды тең ұстап, қастерлей білген адам – бақытты адам. Ал, біздің бақытымыз – сондай жандарды көп көрдік, тәлім-тәрбиесін алдық және солардай болмасақ та, ұқсап бағуға тырыстық. Бұндай азаматтардың қатарына абзал жан, асыл аға, ұлағатты ұстаз, дарынды ғалым, үлкен жүректі азамат экономика ғылымдарының докторы, профессор Жаппар Жұманды жатқызуға болады. Бұл ғалым бүкіл қазақ сахарасында да емес, одан қалды көптеген шетел зиялыларына танымал есім.

Жаппар Жұман – Қазақстан ғылымында кеңінен танымал көрнекті ғалым, экономист-кибернетик және педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Қазақстанның Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері.

1954 жылы желтоқсанның 5 жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы Жылға ауылында дүниеге келген, Сарыағаш ауданы С.Сейфуллин атындағы орта мектепті үздік бағамен бітірді.

Мектепте оқып жүрген кезден-ақ Жаппар өзінің құрдастарының арасында еңбекқорлығымен, білуге құмарлығымен, жалықпайтын қасиетімен, көбірек біліп-тану ынтызарлығымен ерекшеленді. Ол математика ғылымына ерекше қызығушылық танытқан. Осы қызығушылығы алдағы өмірлік жолын анықтады.

1978 жылы Жаппар Жұман «Қолданбалы математика» мамандығы бойынша С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірді және Қазақстанның Жоғары білім министрлігінің жолдамасымен Қазақ химия-технологиялық институтына оқытушы болып қабылданды. 1983-1986 жылдары «Экономикалық кибернетика» мамандығы бойынша Украина Ұлттық ғылым академиясы В.М. Глушков атындағы Кибернетика институтының аспиранты (Киев қаласы). 1987 жылдан 1989 жылға дейін Украина ҰҒА В.М. Глушков атындағы Кибернетика институтының Программалық жабдықтамалау арнаулы конструкторлық-технологиялық бюросының инженері.

1989-1999 жылдары – Алматы технологиялық университетінің проректоры, доценті, кафедра меңгерушісі. 1999-2004 жылдары – Алматы экономикалық университетінің ректоры. 2004 жылдан 2005 жылға дейін Қазақ мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпараттар ғылыми-зерттеу институтында директордың орынбасары. 2005 жылдан 2008 жылға дейін Еуразия технологиялық университетінің ректоры. 2008-2022 жылдары Қайнар университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры және экономикалық зерттеулер институтының директоры. 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры және Халықаралық қолданбалы зерттеулер орталығының директоры. 2019 жылдан Халықаралық инновациялық технологиялар академиясының президенті.

1988 жылы 28 қазанда Украина ҰҒА В.М. Глушков атындағы Кибернетика институты жанындағы К 016.45.05 Арнайы кеңес отырысында «Ауыл шаруашылығына әуе кемелерін қолданудың оңтайландыру әдістері» тақырыбында экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 1995 жылы 5 желтоқсанда Украина ҰҒА В.М. Глушков атындағы Кибернетика институты жанындағы Д 01.39.06 Арнайы кеңес отырысында «Астық өнімдері кешеніндегі көлік жүйесінің экономикалық-математикалық модельдері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. 1996 жылы Украинаның Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен Украина экономика ғылымдарының докторы дипломы берілді. 1997 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары аттестациялық комиссиясымен Қазақстан Республикасы экономика ғылымдарының докторы дипломы берілді.

1992 жылы (29 қаңтар) КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Жоғары аттестациялық комиссия шешімімен доцент атағы және 1997 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары аттестациялық комиссия шешімімен экономика бойынша профессор ғылыми атағы берілді.

Жаппар Жұманның ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі ғылыми жұртшылыққа танылды. Ол Халықаралық ақпараттандыру академиясының (1998), Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының (1998), Украина экономика ғылымдары академиясының (2001), ҚР жаратылыстану ғылымдары академиясының (2001), Нью-Йорк ғылым академиясының (2004), Қазақстан Республикасы Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының (2008), Ресей жаратылыстану академиясының (2014) толық мүшесі (академигі) және Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі (2008) болып сайланды.

Жаппар Жұман жоғары оқу орнының жетекшісі ретінде университеттегі кәсіби білім беру құрылымын реформалау және арттыру, оқу үрдісіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу, жаңадан ашылған мамандықты нормативті-әдістемелік бейімдеу, жоғары білім берудің мемлекеттік стандартын жасау, материалдық-техникалық базаны нығайту мәселелерімен айналысып келеді.

Жаппар Жұманның жетекшілігімен және қатысуымен Алматы экономикалық университетінде экономика мамандықтары бойынша аспирантура мен магистратура ашылды, сондай-ақ Алматы экономикалық университеті және Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті негізінде 08.00.02 және 08.00.13 мамандықтары бойынша кандидаттық диссертацияларды қорғау жөнінде Біріккен диссертациялық кеңес құрылды.

Ғылыми жұмыстары экономикалық кибернетика, көліктегі логистика, экономика және халық шаруашылығын басқару, экономикадағы математикалық және инструменталдық әдістер, жүйелі талдау және ақпаратты басқару мен өңдеу салалары бойынша зерттеулермен байланысты.

Украина ҰҒА В.М. Глушков атындағы Кибернетика институтының түлегі Жаппар Жұман Киевте В.М. Глушков, В.С. Михалевич, И.В. Сергиенко, И.В. Скурихин, Б.Н. Пшеничный, А.А. Бакаев, Н.З. Шор, Ю.С. Архангельский, И.Н. Ляшенко, А.Н. Ястремский, Ф.И. Андон, Е.М. Лаврищева, В.Л. Ревенко, Г.Н. Юн тағы да басқа көрнекті ғалым, академик, профессорлардың жетекшілігімен үлкен ғылыми мектептен өтті. Қазіргі кезге дейін олардың көбісімен тығыз ғылыми байланыста. Сондай-ақ, Мәскеудің, Санкт-Петербургтің, Минскінің, Ташкенттің, Ұлыбритания, Түркияның, Аустрияның ғалымдарымен, В.М. Глушков атындағы кибернетика институтымен және Украина ҰҒА Экономика институтымен, Целле қаласындағы Неміс менеджмент академиясымен, Орталық экономикалық-математикалық институтымен (ЦЭМИ) және РФ ҒА Экономика институтымен (ИЭ РАН), Түрік Республикасының Хаджеттепе және Гази университеттерімен, Рединг университетімен (Ұлыбритания) шығармашылық байланыс орнатып келеді.

Профессор Жаппар Жұман экономикалық-математикалық модельдер мен оларды халық шаруашылығында ендіру және тиімді жоспарлау әдістерін жасау, сол сияқты жаңа ақпараттық технологияларды құрастыру салаларындағы танымал ғалым. Экономикалық кибернетиканың көкейтесті де қажетті бағыты дамуда – экономикалық-математикалық тиімді модельдерді және халық шаруашылығының мақсатты жоспарлау, болашақты және ағымдық жоспарлауды шешу құралдарын жасақтау. Олардың арасында маңыздылары кездейсоқ іздеудің градиенттік әдістерін біріктіруді, үлкен өлшемдік міндеттер үшін де композициялық әдістерді, экономикалық-математикалық модельдеу әдістерін және жаңа ақпараттық технологияны жасақтау болып келеді.

Кеңестік экономикалық-математикалық мектеп дәстүріндегі прагматизм мен ауқымдылық, зерттеулер талдамының тереңдігі, кең ауқымды дереккөзін қолдану сияқты ғылыми-зерттеу ізденісіндегі негізгі ерекшеліктер Жаппар Жұманның ертедегі жұмыстарында-ақ байқалған еді.

Жаппар Жұман қазіргі ақпараттық технологиялар мен экономикалық-математикалық әдістер қолданылатын кең көлемді және іргелі-қолданбалы зерттеулерді агроөнеркәсіпте, отын-энергетикалық, көлік және машина жасау кешенінде қолданудың қағидалары мен әдіснамасын ұсынды, сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылысты оңтайландыру, салааралық теңгерім, макроэкономикалық динамика және аймақтық жоспар жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына есеп жүргізді.

Профессор Жаппар Жұман АҚ Ұлттық ғылыми-техникалық «Парасат» холдингі «2050 жылға дейін Қазақстан болашағының тұрақты энергетика стратегиясын жасау» жобасының ғылыми жетекшісі болып табылды. Осы жоба «ЭКСПО-2017 шеңберінде 2015-2018 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының таза энергия көзін өңдеу» ғылыми-техникалық бағдарлама шеңберінде орындалып келді.

Жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласындағы ерекше жетістіктері үшін Ресей жаратылыстану академиясының В.И. Вернадский атындағы алтын медалімен және «Ғылым және білім саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен (РФ) марапатталған.

Ресей Жаратылыстану академиясы төралқасының шешімімен ғылым мен техниканың басым бағыттарын жетілдіруге, ғылыми мектептер құруға, ғылыми кадрларды даярлау және тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі үшін «Білім және ғылымның еңбек сіңірген қайраткері» және «Ғылыми мектеп құрушы» Құрметті атақтары берілді. Білім саласындағы және жоғары білім мазмұнын жаңартудағы қолданбалы жетістіктері үшін Ресей Жаратылыстану академиясы төралқасының шешімімен «Жоғары білім саласындағы жаңашылдық жұмысы үшін» алтын белгімен марапатталды.

2005 жылы Аграрлы ғылым саласындағы «Республиканың аграрлық жүйесiн нарықтық жағдайда дамытудың модельдік бағалауы» атты үздік ғылыми жұмысы үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің А.И. Бараев атындағы (I дәрежелі алтын медаль) Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары мен инновациялық қызметтегі үлкен жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеулері мен жұмыстары үшін Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жаппар Жұманның өмірінің мәні ғалым және педагог ретінде жаңа теоретикалық ізденістерді дайындауға қатысу ғана емес, сондай-ақ өзінің мұғалімдерінің ойларын одан әрі дамыту, лайықты жеткіншекті тәрбиелеу болып табылады. Ол дарынды жастардың шығармашылық еңбектері, аға буынның ғылыми ойларын кеңейтіп қана қоймай, көпшілікке таралуына және көбеюіне көмектесіп, осы ойлардың тәжірибеге енуіне жағдай жасайтынына сенімді. Сондай-ақ, еліміздің жетекші жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымында да білікті, талапты жетекші және сауатты педагог ретінде үлкен абыройға ие.

Сонымен қатар, профессор Жаппар Жұманның жетекшілігімен 2024 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның халықаралық қатынастар факультетінің жанынан «Халықаралық қолданбалы зерттеулер» орталығы ашылып, орталықта әлемдік және ұлттық экономиканың заманауи жаңа трендтері жайлы ғылыми мәселелері мен осы бағыттағы білім бағдарламаларының жетістіктері зерделенеді.

Ғылыми орталықта профессор Жаппар Жұманның жетекшілігімен 2024-2026 жылдарға арналған «Сапа менеджменті жүйесі саласындағы инновациялық шешімдердің Қазақстан Республикасының өнеркәсіп саласындағы тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігіне әсері» атты ғылыми-зерттеу жобасы жүргізілуде.

Жобаның мақсаты – өнім сапасын арттыру және еліміздің әлемдік нарықтағы позициясын нығайту үшін теориялық және практикалық ұсыныстар әзірлеу мақсатында өнеркәсіп саласының тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сапа менеджменті жүйесіндегі инновациялық шешімдердің әсерін зерттеу және бағалау.

Академик Жұман Жаппардың ғылыми жетекшілігімен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Аграрлық зерттеулердің Ұлттық академиялық орталығының, «Парасат» Ғылыми-технологиялық холдингі АҚ-ның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының және BRITISH COUNCIL үйлестіру жоспарларына енгізілген 30-дан астам ғылыми-зерттеу жобалары сәтті орындалды.

Оның жетекшілігімен Қазақстан экономикасының өзекті мәселелері бойынша 47 ғылыми баяндама, ғылыми зерттеулер, ұсынымдар мен ұсыныстар еліміздің шаруашылық өмірінің тәжірибесіне енгізу үшін ҚР Президентінің Әкімшілігіне, ҚР Үкіметіне, министрліктер мен ведомстволарға дайындалып берілді.

2017 жылы Гуманитарлық ғылымдар саласындағы «Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық дамуының жүйелік талдамы» атты еңбегі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және ҚР Ұлттық ғылым академиясының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.

Әлемдік деңгейдегі пікірталас алаңдарында Астана экономикалық форумы, «Қалалардың тұрақты дамуы» халықаралық конференциясы, G-Global Халықаралық ақпараттық-коммуникативтік алаңы, мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдарының Жібек жолы экономикалық белдеуі бойынша халықаралық форумдарда баяндамалармен белсенді қатысуда.

2021 жылы Жаратылыстану ғылымдары саласындағы «АӨК-тің қайта өңдейтін өндірістерінің инновациялық технологиялары мен логистикасы» атты еңбегі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және ҚР Ұлттық ғылым академиясының Қ.И.Сәтбаев атындағы Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.

Жаппар Жұман бүгінгі таңда еліміздің «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының, «Құрмет» және «Ахмет Байтұрсынұлы» ордендерінің, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» және көптеген мемлекеттік мерейтойлық медальдар мен Құрмет грамоталарының иегері. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.

Жаппар Жұман сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ол тек ел сенімін арқалаған ұстаз ғана емес, ол егемен елдің намысын көтерер қызуқанды, отанжанды азамат. Ол нар жүгін көтерер ер. Екі айтпайтын, айтса қайтпайтын, ісі мен сөзі бір жерден шығатын жан. Достыққа берік, азаматқа серік, қатар жүрген достарына көрік жан, зерделі ғалым. Қандай да күрделі мәселеге болмасын ол салғырттықпен қарамай, қызу араласып кететін. Мәселені барынша терең зерделегендігінің және өзінің шебер де өткір әрі батыл өрнектей алатын зерттеулерінің арқасында оның көтерген проблемасы аяқсыз қалмайтын. Әр іс шешімін тауып, көбінесе оңынан келіп жатушы еді.

Жаппар Жұман елімізге белгілі жоғары оқу орындарында қызмет атқара жүріп, ол алғыр азамат ғылыми зерттеулермен айналысатын, болашағы зор практик-экономистерге барынша қолдау көрсетіп, жоғары оқу орындары қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін ынталандыруға ұмтылады. Яғни, ғылымның дамуына оның қосқан үлкен көреген үлесін атап өткен жөн. Онда өндіріс пен еңбекті ұштастыру жағы кеңінен қамтылды. Жаппар Жұманның ғылымдағы ізденісінің ауқымы аса кең. Нарықтық қатынастарға өтпелі кезеңде ол экономиканың өзгеруіне байланысты бірқатар өзіндік теориялық және практикалық әзірлемелер жасады. Оның жалпы көлемі 720 баспа табақты құрайтын 500-ден астам ғылыми еңбекті баспа бетінде жариялады. Оның ішінде 33 монография, 18 оқулықтар мен оқу құралдары және әлеуметтік-экономикалық мәселелері бойынша қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми еңбектері. Ол әлемдік және қазақ ғылымына қосылған елеулі үлес деп білеміз.

Осы еңбектерінде ол экономика саласы бойынша нарықтық экономикаға көшудің қазақстандық үлгісін жасауға айырықша көңіл бөлді. Нарықтық экономикаға көшу бойынша үлкенді-кішілі компанияларға үнемі үлкен тәжірибелік көмек көрсетіп отырды. Оның алға шығарған теориялық зерттеулері мен олардың тәжірибелік қолданылуы Қазақстанда кезеңдік баспа беттерінде көпшіліктің оң бағасына ие болды. Жарияланған жұмыстарының бірқатары жоғары оқу орындарында, колледждерде және біліктілікті жоғарылату курстарында экономистерді дайындау үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар ретінде пайдаланылады. Жаппар Жұманның экономикалық кибернетиканың көшбасшысы болуы да терең білім мен бірегей біліктіліктің нәтижесі. Қазақстан экономикасы дамуының әр кезеңдерінде экономика ғылымын перспективалық бағыттарда байытуға сүбелі үлес қосты. Әсіресе, нарықтық экономикаға көшудің және республиканы экономикалық дағдарыстан шығарудың қазақстандық үлгісін талдап жасауға үлкен еңбек сіңірді. Сонымен қатар, жекелеген аймақтарға, аса ірі кәсіпорындардағы нарықтық қатынастардың тәжірибесін үйретуге іс жүзінде көмек көрсетуге жалықпады.

Жаппар Жұман экономика ғылымдарының көптеген салаларын оңтайлы ұйымдастыру және әлеуметтік-экономикалық проблемалары жөнінде ірі ғылыми мектептің негізін салып, оны өмірге әкелді. Оның көптеген еңбектері әлеуметтік-экономика салаларының жалпы экономикалық проблемаларына, ғылыми техникалық прогреске және ғылымның өндіріспен білім жүйесімен байланысына арналған. Оның жетекшілігімен 7 ғылым докторы, 22 ғылым кандидаты, 3 PhD докторлары дайындалып, 50-тан астам экономика ғылымдарының докторларына пікірлер беріп қорғауларына септігін тигізді, сондай-ақ ТМД елдері мен Қазақстанның әртүрлі Диссертациялық кеңесінде докторлық және кандидаттық диссертациялар бойынша ресми оппоненті болды.

«Ұстаз болу адамның асылы» деп бекер айтпаған. Еліміздің жетекші жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де атқарған ұстаздық қызметінде және қоғамдық жұмыстарында болсын, Жаппар Жұман замана ағымынан туатын өмірдің өктем талабынан сынық сүйем айныған емес. Оның ғылыми әдіснамалық жұмысы қашанда келелі жайларды қозғайтын кемелдігімен, теория мен практиканы үйлестіре білетін шеберлігімен, тұтастай алғанда, Қазақстанның, ал жекелей алғанда, экономика ғылымдарының толғағы жеткен толымды проблемаларын мол қарпып талдайтын ауқымдылығымен ерекшеленетін. Экономикадағы іргелі мәселелерге арналған еңбектерінде де ғалым осы ұстанымынан айнымайтын. Мәселен, қазіргі экономика жағдайында мемлекеттік реттеудің сөзсіз қажеті туралы өз тұрғысын, өзіндік түсінік-пайымын ешкімге жалтақтамай ашық айтатын.

Сонымен, профессор Жаппар Жұман жайында ризалық пікірлердің көбейіп, іште сайрап тұрғаны белгілі. Білікті қоғам қайраткері, сергек ойлы ғалымның атқарып жүрген жұмыстарының жалпы сипатына көз жібере отырып көңілге үлкен қуаныш аламыз. Үлкен жүректі ғалым, ұстаз, абыройлы академик, білікті де білімді ұйымдастырушы, жұртқа ұйытқы ардақты азамат елге, ұрпаққа адал қызмет ету жағынан бәрімізге үлгі деп білеміз.

Бүгінде білім және ғылым саласының көрнекті ғалым-зерттеушісі, білікті ұстаз, профессор, қоғам қайраткері Жаппар Жұман 70 жасқа толып отыр. Шығармашылық қуатқа толы күш-жігерін Жаңа Қазақстан үшін жоғары білікті мамандар даярлауға және экономика ғылымының дамуына Еңбек ардагері жұмсай бермек.

Гүлнәр БАЙКҮШІКОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
«Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика» кафедрасының меңгерушісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here