Абай университетінің жастары қоршаған ортаға жанашырлық танытады

0
540

Республикадағы экология және орнықты даму мәселелеріне назар аударуға, қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бүгінде аталған акцияға еліміздің ерікті жастары мен белсенді студенттері аянбай атсалысып, өздерінің қоғамға қамқорлықтарын, табиғатқа ұқыпты қарап, оны жақсартуға деген ұмтылыстарын көрсетіп жүр. Мәселен, Абай атындағы ҚазҰПУ-да университет жастарының белсенділігімен бірнеше мәрте сенбілік ұйымдастырылып, Алматының әртүрлі аймақтарын тазалау жұмыстары жүргізіліп тұрады. Студенттер мен оқытушылар көшелерді, саябақтарды, өзен жағалауларын қоқыстан тазалап, қоғамға тазалық мәдениетін насихаттауды дәстүрге айналдырған. Бұл шараларға университеттің түрлі факультеттерінен қала тазалығына үлес қосамын деген жүздеген ерікті студент қатысады. Мұндай игі бастамалар ұжымдық іс-әрекеттің және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің маңыздылығын айқындайды.

Сондай-ақ, Абай университетінде «Айналаңды таза ұста», «Экологиялық мәдениет – болашаққа деген қадам», «Абай университетінің жастары экологиялық бастамаларды қолдайды» сынды акциялар жиі өткізіліп тұрады. Іс-шаралар барысында университет білім алушылары қоғамдық орындарда тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, қала  тұрғындарына экологиялық мәдениеттің маңыздылығын түсіндіріп, оларды қоршаған ортаны қорғауға шақырады. Абай университетінің оқытушылары мен студенттері осылайша еліміз бен әлемдегі экологиялық жағдайды жақсартуға белсенді атсалысып отыр. Олар мұндай шараларға шабыттана қатысып, айналадағы адамдарға табиғатты қорғаудың маңыздылығы туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Абай университетінің жастары экологиялық сананы арттыру мақсатында «Көліксіз күн» акциясын да ұйымдастырды. Бұл күні студенттер мен оқытушылар өздері үлгі бола отырып, барлық тұрғындарды жеке автокөліктерді пайдаланудан бас тартып, қоғамдық көлікпен, велосипедпен немесе жаяу жүруді қолдауға шақырды. Акцияның мақсаты – зиянды газдардың ауаға таралуын азайту және экологиялық өмір салтын насихаттау. Көліксіз күн акциясы аясында мұндай шараларды жиі өткізіп тұру қоршаған ортаға ғана емес, сонымен қатар адамның денсаулығына да оң әсер ететіні туралы кеңінен айтылды. Акция экологиялық мәдениетті нығайтып қана қоймай, қоғамның барлық секторларының таза және салауатты болашақ үшін күрестегі күш-жігерін біріктіруге арналған.

Қоршаған ортаға жанашырлық, табиғатқа таза әрі ұқыпты қарау – әрбір азаматтың парызы. Абай университетінің жастары бұл бастамаларымен барша қазақстандықтарға үлгі болып отыр. Оқу орнының студенттері экологиялық жобаларды қолдауды және дамытуды белсенді түрде жалғастырады деген сенімдеміз.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here