Осы оқиғаға орай Елордадағы Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіште митинг өтіп, гүл шоқтары қойылды. Іс-шараға Ауған және жергілікті соғыстардың, Қарулы күштердің ардагерлері, Қорғаныс министрлігінің, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері, қаза тапқан жауынгерлердің туыстары мен жақындары қатысты.
Қарулы күштердің ардагері отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов жиналғандарды Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылуының 34 жылдығымен құттықтады. Ол ауған жауынгерлеріне жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне қосқан үлесі үшін зор ризашылығын білдірді.
Митингке қатысушыларды Астана қаласы «Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Миранбек Төлекпаев құттықтады.
– Ауған сынағынан өткен сарбаздардан өзге жауынгерлік жолдастық пен адам өмірінің құндылығы қандай болатынын ешкім білмейді. Әскери борышын абыроймен орындағандарды еске ала отырып, біз барлық құндылықтарды бағалауымыз керек, – деді қоғамдық ұйым басшысы.
Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде 900-ден астам жауынгер қаза тауып, 1700-ден астамы жараланды. Митингке қатысушылар Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Қарулы күштердің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайында Ауған соғысының ардагері запастағы полковник Ербол Смағұлов «Олар әскери борышын орындады» атты ерлік сабағын өткізді. Сондай-ақ, мұражайға келушілер үшін аты аңызға айналған қара майор Борис Керімбаев пен басқа да интернационалист-жауынгерлерге арналған экспозиция дайындалды.
Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасында отставкадағы полковник Мұхамедқали Қазанбаев, «Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ҚБ төрағасының кеңесшісі Талғат Солтыбаев және қоғам қайраткері, интернационалист-жауынгер Қайрат Елубаев әскери қызметшілермен кездесті.
«Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері полковник Мұхамедқали Қазанбаев Отанына оралғаннан кейін авиациялық буын ұшқышынан Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасарына дейін қызмет атқарғанын айта кету керек.
– Ауған соғысында жастардың иығына ауыр сынақ түсті. Содан бері 34 жыл өтті. Бірақ сол соғысты еске алу аналардың, әкелердің, жесірлердің және қаза тапқандардың балаларының жүрегіне ауыр тиеді, – деп атап өтті Мұхамедқали Қазанбаев.
Бұл күні Қарулы күштердің барлық әскери бөлімдері мен бөлімшелерінде еске алу іс-шаралары өтті.