Шешендердің әкесі: Рамзан Қадыров 30 жасында билік басына қалай келді?

0
7267
Рамзан Қадыров: «Бұрын мен де бізге азат Ичкерия керек деп ойлайтынмын. Бірақ, ант етейін, біз өз бетімізбен үш ай да өмір сүре алмаймыз...»

Ресей Федерациясының құрамында жері біздің Райымбек ауданымен шамалас Шешенстан Республикасы бар. Күні кеше 1,5 млн халық тұратын Мәскеуге тәуелді ел өзінің басшысын «Халық әкесі» деп жариялады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Шешенстанның су жаңа әкесі Рамзан Қадыровтың 30 жасында билікке қалай келгеніне, шешен халқының орыстармен қалай соғысып, олармен қалай татуласқанына тоқталады.

АЗАТТЫҚ ҚҰНЫ:
ОПАТ БОЛҒАН
МЫҢДАҒАН ШЕШЕН,
ҮЙІНДІ АСТЫНДА
ҚАЛҒАН ГРОЗНЫЙ

Негізгі тақырыпқа тоқталмас бұрын 1994-1996 жылдардағы Бірінші шешен соғысы мен үш жылдан кейін қайта тұтанған Екінші шешен соғысын аттап кетуге болмайды. Өйткені, саясаттан аулақ болған Рамзан Қадыровтың билік басына келуіне қос қанды қырғын тікелей әсер етті.

Бірінші шешен соғысында екі жақтан да адам шығыны көп болды. Ресей таратқан ресми мәліметке сенсек, екі жылға созылған соғыста 3,9 мыңдай   әскери    қызметкер, 1,9 мыңдай ІІД қызметкері   қаза тапқан, 17,4 мыңға жуық шешеннің (Кремль оларды сепаратистер санайды) көзі жойылған, 17,9 мыңдай адам түрлі жарақат алған.

Ичкерия Шешен Республикасының азаттығы үшін күрескен Шәміл Басаев бастаған 195 «баскесер» 1995 жылы 14-19 маусым күндері Буденновск қаласында террористік акт жасады. Олар қалалық аурухананың ғимаратына басып кіріп, барлығы 2 мыңдай бейбіт тұрғынды тұтқынға алды. Мәскеуден ресейлік әскери күштердің Шешенстаннан кетуін, түрмеде отырған шешен тұтқындарын босатуын талап етті. Дегенмен, ол талаптарды орындаудан бас тартқан Мәскеу ауруханадағы террористерді күшпен алмақ болды. Төрт сағаттық атыстан кейін бірінші корпустағы 95 тұтқынды босатты. Бірақ, бас корпусқа шамасы келмеді. Мәскеу жасаған екінші операция сәтсіз аяқталды. Содан террористермен келіссөз жүргізуге келісті. Сол тұстағы Ресей Федерациясының Үкіметін басқарған Черномырдин мен Басаев арасындағы келіссөздің нәтижесінде Мәскеу қарсыластарына автобус берді. Террористермен бірге 120 тұтқын болған автобус Шешенстанның Зандак ауылына тоқтады. Сол жерде тұтқындар жіберілді, Басаев бастаған шешендер қашып кетті. Бұдан 143 ресейлік қаза тапты, 415 ресейлік жарақат алды. Ал, Басаев жағынан 19 адам өлді, 20 адам жараланды. Бұл жағдайдан кейін екі тарап бір келісімге келіп, атыс-шабыс белгісіз уақытқа тоқтатылды.

1996 жылы 19 қаңтарда Басаевтың жақтастары қайта бас көтерді. Бұл жолы Салман Радуев, Турпал-Әли Атгериев және Хункар-Паши Исрапилов сияқты командирлер бастаған 256 адам Кизляр қаласында ойран салды. Олар ресейлік тікұшақ базасына шабуыл жасады. Екі тікұшақтың көзін жойды. Тікұшақ базасының қызметкерлерін қолға түсірді. Сөйтіп, перзентхана мен аурухананы басып алды. Барлығы 3 мыңдай бейбіт тұрғын тұтқында болды. Бұл жолы Мәскеу ешқандай операцияға бұйрық бермеді. Олардың айтқанына көнді. Бәрібір 78 адам өмірден өтті.

Сол жылдың 31 тамызында екі тарап атысты тоқтату жөнінде келісімге келіп, республиканың мәртебесін анықтауды 2001 жылдың 31 желтоқсанына дейін қалдырды. Ресей қарулы күштері Шешенстаннан шығарылды. Ал, елдің тәуелсіздігі жабулы қазан күйінде қалды.

Азаттық құны тым жоғары болса да, шешендер оңлайлықпен тәуелсіздік алу армандарынан бас тарта қоймады. Алайда, шешендердің бұл арманын Мәскеу орындауға асықпады. Содан 1999 жылы сол тұстағы премьер, қазіргі президент Владимир Путин Шешенстанда әскери операция бастауға бұйрық берді. Осылайша, Кавказ аймағындағы сұрапыл соғыс басталды.

Сол жылы 13 қыркүйекте Мәскеу мен тағы екі қалада көпқабатты ғимараттарда жарылыс болып, 300-ден астам адам өмірден өтті. Путин бұл жарылысқа Шешенстандағы «террористерді» айыптады. Жарылыс Шешенстандағы екінші соғысқа түрткі болды. Халық арасында «Кремль Шешенстанда соғыс бастау үшін жарылысты әдейі ұйымдастырды» деген әңгіме де тарады.

Ресей Шешенстандағы соғыста «Точка» деп аталатын ракетасын қолданды. Ал, 21 қазанда ресейлік әскерилер баллистикалық ракеталарымен Грозныйдың орталығын талқандады. Соның салдарынан жүзден астам адам мерт болды. Ақыры Мәскеу Грозныйды алды. Шешендер жеңіліс тапты.

Иә, бір жылға созылған соғыстағы адам шығыны алғашқы соғыстан аз болған жоқ. Грозный үйінді астында қалды. Сепаратистер жағында соғысқан Ахмат Қадыров кейін Кремльдің саясатын қолдап шықты. Мәскеудің тілін тапқан Қарағандының тумасы 2000 жылы аймақ басшысы қызметін атқарушы болып тағайындалды. Сөйтіп, елде Қадыров әулетінің шексіз билігі басталды.

АХМАТ ҚАДЫРОВТЫҢ ТҮБІНЕ КІМ ЖЕТТІ?

Шешенстанның 1996-1999 жылдары тәуелсіз мемлекет болғанын тарих растайды. Алақандай елдің алып империя қабырғасында тұрып қалай тәуелсіз болғанына жоғарыда тоқталдық. Әрине, бұл шешен ұлтының ержүректігі мен батылдығының арқасында мүмкін болды. Өйткені, таразы басы тең емес еді. Яғни, Грозныйдың екі рет Мәскеуге қарсы шығуының өзі көзсіз ерлік саналады.

Тоқсаныншы жылдардың басында 14 ел жеке отау тікті. Осы кезде шешендер де өздерін жеке ел ретінде көргісі келетінін ашық айта бастады. Бірақ, тәуелсіздік  сұраған  шешендерді  орыстар үнемі басып-жаншып отырды. Тіпті, жоғарыда тоқталғанымыздай, 10 жыл ішінде Ресей мен Шешенстан екі рет соғысты. Ресей-Шешенстан соғысы екі кезеңге бөлініп, ол азаматтық соғысқа ұласа жаздады. Шешен халқы талай батырынан айырылды. Орыстар да шығынсыз емес еді. Дегенмен, Ресейде билік ауысып, Шешенстан мәселесіне нүкте қойылды. Ол билікке Путин мен Қадыровтың келуімен мүмкін болды.

Екі мыңыншы жылдардың басында Шешенстандағы соғыс тоқтағанымен, елдің ішіндегі ахуал әлі де тұрақсыз еді. Әр жерлерде көрініс тапқан террористік актілер, қылмыстық топтардың құйтырқы әрекеттері халықтың үрейін қашырды. Осындай қиын сәттерде билік басына Ахмат Қадыров келді.

Ахмат Абдулхамитұлы 1995 жылдан 2000 жылға дейін Шешенстан ішінен құрылған Ичкерия Республикасын басқарып, өзінің әріптестері Зелимхан Яндарбиев пен Аслан Масхадов сынды дала командирлері арқылы Ельцин билігіне бағынбағанын айта кетуіміз керек. Алайда, Шешенстан ішіндегі ахуал 2000 жылы Ресей президенті болып Владимир Путиннің сайлануымен түпкілікті өзгерді.

2003 жылдың 9 мамырында Грозныйдың «Динамо» стадионында Ахмат Қадыровқа қастандық жасалып, 53 жасында елдің тұңғыш басшысы мерт болды. Сот үкімі бойынша үлкен Қадыровтың ұзақ жылдар бойы тақ әрі бақталасы болған Шәміл Басаев кінәлі деп танылып, оның Қадыровты өлтірген адамға 50 мың доллар төлегені анықталды. Сол қайғылы күні Қадыровтың тас қамал күзетшілері де оған қорған бола алмады. Үлкен Қадыров тірі күнінде Путиннің өзі ұсынған Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) күзетінен бас тартып, өз күзетшілеріне сенім артқаны белгілі. Содан Ахмат Қадыров өмірден өткеннен кейін арадағы өтпелі кезеңде Шешенстанды Мәскеуден жіберілген азаматтар уақытша басқарды. Дегенмен, олардың атына түрлі ескертулер мен қорқытулар, басқа да жағдайлар түсіп тұрды. Кезінде Ахмат Қадыровты өлтірудің өзі оның Мәскеуге қатты жақындап кеткенінен болғанын ешкім жоққа шығармайды.

ЕКІНШІ ҚАДЫРОВТЫҢ ДӘУІРІ
ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Ахмат Қадыровтың кенже ұлы Рамзан Қадыров Шешенстан жерінде бейбіт өмір орнатып, халықтың әл-ауқатын көтерген тұлға ретінде үлкен қошеметке ие болды. Алайда, Рамзан Қадыров елде тыныштық қана орнатып қоймай, диктаторлық режимді қоса орнатты.

1976 жылы өмірге келген Рамзан Ахматұлы Ресей-Шешенстан соғысында Ресей әскеріне қарсы соғысса, екінші Ресей-Шешенстан соғысында Ресей әскерінің құрамына енді. Қадыровтың екінші соғыстағы әрекетін Путин жоғары бағалады. Кезінде әкесінің күзет қызметін басқарған Рамзан Қадыров 2007 жылы 30 жасында Шешенстан тізгінін қолына ұстады. Осылайша, отызында орда бұзған ол билікке келе салып, елде тыныштық орнатты. Террорлық әрекеттер азайды. Елдің инфрақұрылымы қалыпқа келлді. Ауылдар жөнделіп, астана қайта салынды. Грозныйда аспанмен таласқан ғимараттар пайда болды. Үлкен мешіттер бой көтерді. Дегенмен, жыл сайынғы миллиардтаған қаржыны Шешенстан өзі тауып отырған жоқ. Бұл – Мәскеуден бөлінген қомақты дотацияның арқасы. Мәселен, Шешенстан орталық бюджеттен жылына 300 млрд рубль алады.

«Бұрын мен де бізге азат Ичкерия керек деп ойлайтынмын. Бірақ, ант етейін, не газымыз, не мұнайымыз жоқ біз өз бетімізбен үш ай да өмір сүре алмаймыз», – деген Рамзан Қадыров азаттықты аңсағандардың ауызын жапты.

Медальдің екі беті болатыны сияқты Шешенстанда тұрақтылық орнағанымен, адам құқығы жиі тапталатыны тағы бар. Құқық қорғаушылар оны «адам құқығын бұзды», «белсенділерді қудалады, ұрлады, өлтірді» деп ашық айыптайды. Еуропалық Одақ елдері, АҚШ және өзге елдер оған санкция салған.

Күні кеше Шешенстан парламенті елдің конституциясына енетін бірқатар түзетуді мақұлдады. Бас құжатта «Мехк-Да» деп аталатын республика басшысының қызметі бекітілді. Аталған тіркес қазақ тілінде «халық әкесі» деген мағына береді. Осылайша, Шешенстанның өз әкесі пайда болды.

РАМЗАН ҚАДЫРОВТЫҢ
ЕЛУДЕН АСТАМ
ТУЫСҚАНЫ ТҮРЛІ ҚЫЗМЕТТІҢ
ҚҰЛАҒЫН ҰСТАП ОТЫР

Рамзан Қадыров өзінің «бесіктен белі шықпаған» перзенттерін лауазымды қызметке тағайындағаны үшін де жиі сынға ұшырайды. Айталық, 24 жастағы тұңғыш қызы Айшат Шешенстанның Мәдениет министрлігін, 23 жастағы екінші қызы Хадижат Грозный қалалық Мектепке дейінгі білім беру департаментін басқарады. 20 жастағы үшінші қызы Хутмат Шешенстан басшысының хатшылығы жетекшісінің орынбасары қызметін атқарса, 16 жастағы тұңғыш ұлы Ахмед елдің балалар мен жастар ұйымдарына жетекшілік етеді. Ал, 14 жастағы екінші ұлы Адам атасының атындағы Білім беру орталығында оқушылардың президенті.

Иә, әкесі жақсы қандай-ды…

Рамзан Қадыров өзінің туысқандарын да лауазымды қызметтерге тағайындаудан еш қымсынбайды. Мәселен, Шешенстан басшысы немере інісі Хас-Магомед Қадыровты 2021 жылы 30 жасында ел астанасы – Грозныйдың мэрі қызметіне тағайындады. Ал, туған әпкесінің ұлы, яғни жиені Ибрагим Закриев 2020 жылы 30 жасында Шешенстан басшысы мен үкіметі әкімшілігінің басшысы қызметіне кірісті. Тағы бір жиені – Идрис Черхигов 28 жасында Шешенстан жол полициясының бастығы атанды. Үлкен ағасының ұлы Хамзат Қадыров 2 ақпан күні 26 жасында Шешенстанның мүлік және жер қатынастары министрі болып тағайындалды.

Әпкелері мен жезделері де мемлекеттік қызметтен шет қалған жоқ. Айталық, Зарган мен Зулай он жылдан бері мемлекеттік аппараттағы орындарынан қозғалмай отыр. Біріншісі – Шешенстан басшысы мен үкіметі әкімшілігі басшысының орынбасары, екіншісі – республика басшысының мектепке дейінгі білім беру бойынша көмекшісі. Осы екі әпкесінің күйеулері де басшылық қызметте. Бірінші жездесі – Рамзан Черхигов 2007 жылдан бері Шешенстанның көлік және байланыс министрі қызметін атқарады. Екінші жездесі Салман Закриев – Шешенстан Республикасы парламенті төрағасының бірінші орынбасары. Бухгалтер жездесінің бұл қызметте тапжылмай отырғанына 15 жылдың жүзі болды.

«Кавказ.Реалии» редакциясының мәліметіне сенсек, бүгінде Рамзан Қадыровтың 50-ден астам туысқаны түрлі қызметтің құлағын ұстаған. Ал, 24 үкімет мүшесінің он үші оның туысқандары мен жақындары болып табылады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Кіші Қадыров тұсында шешендердің тәуелсіздік туралы жақ ашпайтындары түсінікті. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Қадыров соғысты насихаттаушылардың біріне айналғаны да рас. Шешенстан басшысы жалдамалы әскерді майданға жіберіп жатқанын тұрақты түрде баяндап, Украинаның жоғары лауазымды тұлғаларына жиі шүйлігеді. Бір сөзбен айтқанда, Қадыров Путиннің тілін тапқан.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here