«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ және Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) бірлесіп, Қазақстан тарихында алғаш рет «Уран ісі» бағытында бакалавриат деңгейінде білім беру бағдарламасын іске қосылғанын жариялайды. Бұл бағдарлама 2025 жылдан бастап іске қосылады және еліміздің атом саласына жоғары білікті кадрлар даярлауға бағытталған.
Бағдарлама әлемдік атом өнеркәсібіндегі заманауи талаптарға сай әзірленген. Жетекші инженерлер мен ядролық ғылым саласының мамандарымен тығыз әріптестікте дайындалған оқу жоспары студенттерге уран өндіру мен өңдеу, ядролық қауіпсіздік, автоматтандыру, тұрақты даму қағидаттары секілді маңызды пәндерді тереңдетіп меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаһандық атом индустриясындағы өзекті сын-қатерлер мен үрдістер де оқу бағдарламасына енгізілген.
КБТУ ректоры Маратбек Габдуллин бұл бастаманың маңыздылығын ерекше атап өтті:
«Біз тек жаңа мамандық ашып отырған жоқпыз – біз болашақтың негізін қалаудамыз. Қазақстан атом өнеркәсібі саласында өзіндік орны бар елге айналып келеді. Осы бағдарлама арқылы біз халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті, техникалық ағылшын тіліне жетік, ғылым мен өндірісті ұштастыра алатын кадрлар даярламақпыз. Бұл бастама – ҚБТУ мен Қазатомөнеркәсіп арасындағы стратегиялық серіктестіктің нақты жемісі, әрі ұлттық кадрлық әлеуетті дамытудың маңызды қадамы».
Бағдарламаның басты элементтерінің бірі – техникалық ағылшын тілін терең меңгеру. Бұл түлектердің халықаралық жобаларға қатысуына және жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті болуына жол ашады.

«Уран ісі» бағдарламасының іске қосылуы – бұл жай ғана білім беру бастамасы емес, Қазақстанның ядролық энергетика саласындағы болашағына салынған инвестиция. Аталған бастама еліміздің жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қосатын үлесін арттыруға бағытталған.
Мемлекеттік грант конкурсына құжат тапсыру 20 шілдеге дейін, ал ақылы оқуға түсу үшін – 25 тамызға дейін жалғасады.
Қосымша ақпарат үшін байланыс:
Қазақстан-Британ техникалық университеті
Email: info@kbtu.kz | admissions@kbtu.kz
Тел.: +7 (727) 357-42-42











