Халықаралық апталық аясындағы біліктілікті арттыру курсының маңызы

0
956

Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде 2026 жылғы 10-13 наурыз аралығында өткен International Week 2026 халықаралық апталығы аясында ұйымдастырылған біліктілікті арттыру курсы жоғары білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды кәсіби алаңға айналды.

Аталған іс-шара Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі мен Француз Альянсының қолдауымен жүзеге асырылып, халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, отандық жоғары оқу орындарының жаһандық білім кеңістігіне ықпалдасуын жеделдетуге бағытталды.

Курстың негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарының халықаралық бөлімдері қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін арттыру, халықаралық білім беру және ғылыми бағдарламаларға қатысу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ шетелдік білім алушыларды тарту және сүйемелдеу бағытындағы тиімді тәжірибелерді кеңінен енгізу болып табылады.

Бағдарлама аясында Erasmus+, Horizon Europe, «Абай–Верн» және басқа да халықаралық бастамалар бойынша мазмұнды баяндамалар ұсынылып, академиялық ұтқырлық пен қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамыту мәселелері жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар, білім беру үдерісіне жасанды интеллект пен заманауи EdTech технологияларын енгізу арқылы инновациялық тәсілдерді қалыптастырудың маңызы ерекше атап өтілді.

Іс-шара барысында Германия, Франция және өзге де мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстарды дамыту, халықаралық жобаларды бірлесіп іске асыру және институционалдық деңгейде интернационалдандыру стратегияларын жетілдіру мәселелері талқыланды. DAAD, «Orhun» бағдарламалары аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері нақты тәжірибелер негізінде ұсынылды.

Бағдарлама мазмұны жоғары білім беруді интернационалдандырудың заманауи бағыттарын қамтып, академиялық ұтқырлықты дамытуға, халықаралық жобаларға қатысуға және шетелдік студенттерді тартуға бағытталды. Сонымен қатар, Францияның серіктес жоғары оқу орындарымен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру тәжірибесі таныстырылды.

Біліктілікті арттыру курсы кәсіби дамуға серпін беретін, тәжірибе алмасуға негізделген тиімді алаң екенін көрсетті. Мұндай бастамалар жоғары білім беру сапасын арттыруға, халықаралық стандарттарға сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға және ғылым мен білім саласындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосады.

Қазіргі жаһандану жағдайында халықаралық әріптестікті дамыту – стратегиялық маңызы бар басым бағыттардың бірі. Осы тұрғыда аталған курс жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған нақты әрі нәтижелі қадамдардың бірі ретінде бағаланады.

Исмаилова Фариза Кенжеғалиқызы,
Халықаралық ғылыми бағдарламалар орталығының жетекшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here