«Қалқан-2024» III қысқы жасөспірімдер спартакиадасы

0
394

Алматыда «Қалқан-2024» III қысқы жасөспірімдер спартакиадасының қорытындысы шығарылды. Қатысушыларды салтанатты марапаттау рәсімі ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Алматыдағы филиалында өтті.

ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубының базасында өткен спартакиадаға Қазақстанның барлық өңірінен 14-17 жас аралығындағы ұл-қыздар қатысты. Олар үш шақырымға шаңғы теуіп, пневматикалық мылтықтан оқ атты, жас жігіттер – белтемірге тартылып, қыздар – шалқалап жатып денені көтеру жаттығуларын орындады. 

Салтанатты рәсімге қатысушыларды құттықтай отырып, ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Арман Әсенов армия спортшылары жанкүйерлерін талай мәрте тамаша өнерлерімен тамсандырып, көрнекі рекордтарымен қуантып жүргенін атап өтті. 

– Спорт өмірінің мәніне айналған балалар үшін қуаныштымын. Сендерге зор денсаулық, жауынгерлік рух және Отанымыздың игілігі жолында жаңа жетістіктер тілеймін, – деді ол.

Жас спортшыларға «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев спартакиада атауының мағынасы терең екенін атап өтті.

– Қалқан дегеніміз – қорғаныс құралы. Бұл жарыс болашақта спортты міндетті түрде серік етіп, күшті, жылдам, епті болатын болашақ Отан қорғаушылардың жарысы. Сайыс барысында сендер жақсы тәжірибе жинадыңдар, бұл жаңа жеңістер мен жетістіктер үшін бойға сенімділік ұялатады, – деді ол.  

«Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерін жарыстың аяқталуымен белгілі спортшылар – қазақ күресінен әлем чемпионы Марат Байқамыров, әлем чемпионатының қола жүлдегері дзюдошы Гусман Қырғызбаев, самбо мен дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асан Мәмбетқұлов және самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Арнұр Қуатай құттықтады.

Спартакиада қорытындысы бойынша алтынды командалық есепте Ақмола облысының, күмісті – Солтүстік Қазақстан облысының, қоланы – Батыс Қазақстан облысының құрамасы олжалады.  

Жасөспірімдер арасындағы үш жарыстың қорытындысы бойынша жеке есепте Роман Жеребило (Солтүстік Қазақстан облысы), екінші орында Никита Матюшков (Ақмола облысы), үшінші орында Артем Сурко (Батыс Қазақстан облысы) чемпион атанды.  

Қыздар арасында Мария Воробьева (Ақмола облысы) жеңімпаз атанса, тұғырдың екінші және үшінші сатыларынан Дарья Латыпова (Қарағанды облысы) және Валерия Никитина (Солтүстік Қазақстан облысы) көрінді.

Іс-шара Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Алматыдағы филиалының шығармашылық ұжымы дайындаған концертпен аяқталды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here