Норвегиялық атақты шаңғышы Йоханнес Клебо Олимпиада ойындарындағы ерлер эстафетасында топ жарып, қысқы Олимпиадалар тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті.
29 жастағы спортшы тоғыз дүркін Олимпиада чемпионы атанып, қысқы ойындардағы ең көп алтын иеленген атлетке айналды. Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтіп жатқан Олимпиадада Клебо бұған дейін скиатлон, спринт және жеке жарыста (бөлек старт) чемпион атанып үлгерген еді. Эстафетадағы жеңіс – оның осы ойындардағы төртінші алтыны.
Жалпы алғанда, Йоханнес Клебоның Олимпиада қоржынында:
- Пхёнчхан-2018 – 3 алтын медаль;
- Бейжің-2022 – 2 алтын медаль;
- Милан-Кортина-2026 – 4 алтын медаль бар.
Осылайша, ол атақты Марит Бьорген, Бьорн Дэли және Уле Эйнар Бьорндален сынды аңыздарды артта қалдырды.
Эстафета қалай өтті?
15 ақпанда Италияның Валь-ди-Фьемме аймағында өткен ерлер эстафетасына 10 ұлттық құрама қатысты. Норвегия құрамасы сапында Эмиль Иверсен, Мартин Лёвстрём Нюэнгет, Эйнар Хедегарт және Йоханнес Клебо өнер көрсетті. Клебоның командасы мәре сызығын бірінші болып кесіп, тарихи жеңіске жетті.
Эстафетада:
- Алтын медаль – Норвегия;
- Күміс медаль – Франция;
- Қола медаль – Италия (Федерико Пеллегриноның үлесі зор) иеленді.









