Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінде қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі – «Айқап» журналының 115 жылдығына арналған «Алашты оятқан Айқап» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды.

1911-1915 жылдары Троицк қаласындағы «Энергия» баспасында қоғам қайраткері Мұхамеджан Сералиннің редакторлығымен жарық көрген «Айқап» журналы қазақ қоғамындағы ағартушылық ойдың қалыптасуына, ұлттық сананың жаңғыруына елеулі ықпал етті.
«Айқап» журналы алғашында 500 дана болып жарық көрсе, кейін сұраныс артып, таралымы 1000-2000 данаға дейін көбейді. Айына екі рет шығып тұрған басылымның барлығы 88 саны жарық көрді. ҚР Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында басылымның:
1911 жыл: №3-6, №8-12;
1912 жыл: №1-4;
1913 жыл: №1-12, №15-22, №24;
1914 жыл: №1-8, №10-13, №15-23;
1915 жыл: №1-5 сандары сақталған.
Аталмыш көрмеге «Айқап» журналының 1911-1915 жылдары Троицк қаласындағы «Энергия» баспасынан жарық көрген түпнұсқа сандары ұсынылды. Сонымен қатар, журналдың қызметіне қатысты сол кезеңдегі баспасөз материалдары да қамтылды. Атап айтқанда, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 8 қыркүйектегі №148 санында жарияланған «Айқаптың» тоқтауы туралы хабар мен соңғы мақаланың көшірмесі, сондай-ақ 1914 жылғы 16 қаңтардағы №46 санында берілген журналға жазылу жөніндегі құлақтандыру көрсетілді.


Көрме мазмұнын толықтыру мақсатында «Айқап» журналына арналған ғылыми-анықтамалық және зерттеу еңбектері де енгізілді. Олардың қатарында Ү.Субханбердина мен С.Дәуітов құрастырған, Р.Нұрғалиевтің редакциясымен жарық көрген «Айқап: энциклопедия» (Алматы, 1995), сондай-ақ Ү.Субханбердинаның «Айқап» бетіндегі мақалалар мен хат-хабарларды қамтитын мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші (Алматы, 1961) бар. Сонымен бірге, Н.М. Асқарбекованың «Айқап» журналының 100 жылдығына арналған зерттеу мақаласы (Ұлттық кітапхана, 2011, №1) және М.Дулатовтың «Қазақ» газетінде 1914 жылы жарияланған журнал сапасына қатысты пікірі де көрме экспозициясынан орын алды.
Бұдан бөлек, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының қатысуымен дайындалған, Ғ.Әнес пен Т.Замзаева құрастырған «Айқап» журналының 1911 және 1912 жылдарға арналған толық жинақтары (Алматы: «Алашорда», 2023) көрме мазмұнын байыта түсті.


Экспозиция құрамына «Айқап» журналына қатысты 6 дана фотоматериал енгізіліп, көрерменге тарихи деректерді визуалды түрде қабылдауға мүмкіндік жасалды.
Қадірлі оқырман, баршаңызды қазақ руханиятының алтын арқауына айналған, ұлт санасын серпілтіп, ағартушылық ойдың шамшырағын жаққан «Айқап» журналының 115 жылдығына арналған «Алашты оятқан Айқап» атты тақырыптық көрмені тамашалауға шақырамыз!
Ертай БІЛӘЛ,
Абай атындағы ҚазҰПУ PhD докторанты,
ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің маманы
Гүлжайна МЫРЗАКЕРІМОВА,
ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің маманы











