Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ ПА-ны Қазақстан Президентінің Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасын қолдауға шақырды

0
111

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен парламенттік дипломатияның климаттық сын-қатерлерді еңсеру жолындағы рөлі және Орталық Азияның орнықты даму перспективалары тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Өңірлік экологиялық саммит (RES-2026) аясында ұйымдастырылған іс-шараға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік ассамблеясының, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің басшылығы, сенаторлар, сарапшылар, ғылыми және талдау орталықтары мен салалық институттардың қызметкерлері, сондай-ақ, Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері қатысты.

Сенат Төрағасы дөңгелек үстелге қатысушыларға ілтипат білдіріп, ХХ ғасырдағы ірі экологиялық апаттар – Арал қасіреті мен Семейдегі ядролық сынақтардың зардаптарын еңсеру Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда еліміз бұл тәжірибені экономиканы декарбонизациялау, «жасыл» энергетиканы енгізу, суды үнемдеу және шөлейттенуге қарсы тиімді күрес жөніндегі ұлттық бастамаларды белсенді іске асыру сияқты ауқымды жұмыстармен жалғастырып келеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоғамның жауапкершілігін арттыруға және орнықты даму қағидаттарын ілгерілетуге арналған «Таза Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазақстан климаттық күн тәртібін ұлттық деңгейде ғана емес, өңірлік және жаһандық деңгейде де жүйелі түрде ілгерілетіп келеді. Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық құру – осы бағыттағы маңызды қадам. Сондай-ақ Қазақстан Президенті БҰҰ аясында мамандандырылған Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ұсынды. Бұл бастама институционалдық үйлесімділікті күшейтуге, функциялардың қайталануын қысқартуға және су мәселесіне халықаралық деңгейде басымдық беруге бағытталған», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол RES-2026 Өңірлік экологиялық саммиті климаттық күн тәртібі тақырыбына арналғанын тілге тиек етті. Бұл бастама экологиялық сын-қатерлер қауіпсіздікке төнетін негізгі тәуекелдердің бірі ретінде танылған ЕҚЫҰ ПА-ның 2025 жылғы декларациясымен үндесетіні де назарға алынды. Сенат Төрағасы «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» атты қорытынды декларация цифрландырудан бастап БҰҰ институттарымен серіктестікке дейінгі тәжірибелік шешімдер табуды көздейтінін атап өтті. Аталған үдерісте заңнамалық қолдау көрсету және қол жеткізілген келісімдердің орындалуын бақылау арқылы саяси бастамаларды нақты құқықтық тетіктерге айналдыру жолында Парламенттерге ерекше рөл жүктеледі.

Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев бірқатар басым міндетті атап өтіп, климаттық күн тәртібін ілгерілетуде және маңызды жобаларды іске асыруда парламенттік дипломатияның рөліне ерекше назар аударды.

«Ең алдымен, Қазақстан Президентінің Халықаралық су ұйымын құру бастамасы аясында Орталық Азия елдерінің Парламенттері мен ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы арасында су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған Бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуге болады. Сондай-ақ өңір елдерінің экологиялық және климаттық заңнамаларын үйлестіру ісінде халықаралық сарапшыларды тарта отырып, ынтымақтастықты жандандырудың маңызы зор. Экологиялық білім беруді дамыту және жастарды орнықты даму қызметіне жұмылдыру да маңызды бағыттардың бірі екені анық», – деп, Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ-ның және оның Парламенттік ассамблеясының мемлекеттер арасындағы диалог пен сенімді нығайтуға, Еуразия кеңістігіндегі өзекті мәселелерді шешуге арналған қызметіне жоғары баға берді.

Сонымен қатар талқылау барысында ауыл шаруашылығы секторында сұраныс артып отырған қазіргі жағдайда мұздықтардың жедел еруі және Сырдария мен Әмудария өзендерінде ағынның азаюы Орталық Азияның су және азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп отырғаны әңгімеге арқау болды. Сенат Төрағасы бұл сын-қатерлердің ауқымы шұғыл әрі үйлестірілген әрекеттерді талап ететінін, өйткені экологиялық тоқырау өңірдің экономикалық тұрақтылығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететінін айтты.

Дөңгелек үстелге ЕҚЫҰ ПА Төрағасы Пере Жоан Понс, ЕҚЫҰ ПА Бас хатшысы Роберто Монтелла, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Хаолянь Шу қатысты. Сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның экономикалық және экологиялық қызметін үйлестіруші Бақыт Жүсіпов, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зүлфия Сүлейменова, Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты Азай Гулиев, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы комитет төрағасының орынбасары Бахтиёр Пулатов, ЕҚЫҰ ПА-ның Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі, Грек Республикасының депутаты Ангелос Сиригос, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев сөз сөйлеп, баяндама жасады.

Іс-шара соңында қатысушылар экологиялық бастамаларды сараптамалық тұрғыдан қолдаудың маңызын атап өтіп, осы бағыттағы сындарлы диалогты әрі қарай жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Айта кетейік, бүгін елордада RES-2026 Өңірлік экологиялық саммит басталды. Ауқымды жиын 24 сәуірге дейін жалғасады және оған өңір елдерінің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдар, даму институттары, сарапшылар қауымдастығы, бизнес және азаматтық қоғам өкілдерінен шамамен 1500 делегат қатысады. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында жариялап, 2025 жылы 80-сессияда расталғанын да атап өткен жөн. Форум Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесіп климаттық және экологиялық мәселелер бойынша өңірлік шешімдер әзірлеуді көздейді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here