Алматыда жоғары білімнің жаңа бағыттары талқыланды

0
814

Алатау баурайындағы әсем Алматы тағы бір мәрте халықаралық деңгейдегі маңызды басқосудың ортасына айналды. Биыл 12-13 маусым күндері шаһарда жоғары білімнің бүгіні мен келешегін саралаған айтулы жиын өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген академиялық қауымдастық өкілдерін бір арнаға тоғыстырды. Жасанды интеллект адамзат өмірінің барлық саласына дендеп еніп жатқан бүгінгі кезеңде жоғары білім беру жүйесінің алдында жаңа міндеттер мен тың мүмкіндіктер туындап отыр.

Университеттер енді тек білім беретін мекеме ғана емес, қоғамдағы өзгерістерге бағыт-бағдар беретін стратегиялық орталыққа айналуда. Алқалы жиын барысында білім саласының болашағы, тұрақты даму қағидаттары және халықаралық ынтымақтастықтың жаңа бағыттары кеңінен сөз болды.

Тарихта алғаш рет Орталық Азия өңірінде жоғары оқу орындары басшыларын біріктіретін ең беделді халықаралық ұйымдардың бірі – International Association of University Presidents өңірлік конференциясын Алматыда өткізді. Бұл маңызды шараны AlmaU ұйымдастырып, Қазақстанның жоғары білім саласындағы халықаралық беделінің арта түскенін тағы бір мәрте айқындады.

«Impact-driven Universities: Education, Leadership and Societal Change» тақырыбымен өткен конференция білім беру жүйесіндегі жаңа үрдістерді, көшбасшылықтың заманауи моделін және университеттердің қоғамдағы рөлін талқылайтын беделді пікірталас алаңына айналды. Басқосуға Орталық Азия, Еуропа, Солтүстік Америка және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 20-дан астам елден келген 100-ден аса университет президенттері мен ректорлары, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік құрылымдардың және сарапшылық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Ауқымды халықаралық жиынның жоғары деңгейде өтуіне Almaty Management University мен International Association of University Presidents ұйытқы болды. Конференция Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің, The Phoenix Philanthropy Group, British Council, QS Quacquarelli Symonds, Principles for Responsible Management Education ұйымының Еуразиялық бөлімшесі және Алматы қаласының Туризм бюросы қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл халықаралық серіктестіктің кең ауқымын және Қазақстанның жаһандық білім кеңістігіндегі беделінің артып келе жатқанын айқын көрсетті.

Конференцияның ашылу салтанатында әлемдік академиялық қауымдастықтың көрнекті өкілдері ізгі тілектерін жеткізді. Қатысушыларға IAUP президенті Шон Чен, және AlmaU негізін қалаушы әрі президенті Асылбек Кожахметов құттықтау сөз арнап, білім мен ғылымды дамыту жолындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Ал Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы бейнеүндеу жолдап, елдегі жоғары білім беру саласының жаңғыру бағыттарына тоқталды.

– Қазақстан жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Соңғы жылдары маңызды заңнамалық бастамалар қабылданып, университеттерді қолдаудың жаңа тетіктері енгізілді. Соның ішінде эндаумент-қорларды дамытуға және жекеменшік жоғары оқу орындарының қызметін жетілдіруге бағытталған жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі конференция академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, түлектердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін арттыруға, ғылыми серіктестікті дамытуға және болашақ мамандарын даярлауға жаңа серпін береді. Бұл үдерістерде жасанды интеллекттің рөлі ерекше, себебі ол білім беру жүйесінің трансформациясын жеделдететін негізгі факторлардың біріне айналып отыр. AlmaU университеті жекеменшік жоғары оқу орындарының ірі халықаралық бастамаларды жүзеге асырып, еліміздің білім беру экожүйесінің дамуына елеулі үлес қоса алатынын көрсетіп келеді, – деді Саясат Нұрбек.

Бұл конференция тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, жаһандық білім кеңістігіндегі жаңа серіктестіктер мен тың бастамалардың бастауы болды.

– Орталық Азия әлемдегі ең көп жастардың шоғырланған өңірі. Сондықтан осындай халықаралық конференциялардың аймақ үшін маңызы ерекше. Мұндай алаңдар тек пікір алмасу немесе өзекті мәселелерді талқылау үшін ғана ұйымдастырылмайды. Ең бастысы – халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп шешім табуға және болашақ ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады, – деп пікір білдірді IAUP президенті әрі Sias University негізін қалаушы Шон Чен.

Конференцияның алғашқы күні әлемдік білім беру кеңістігіндегі өзекті мәселелерді талқылаған мазмұнды баяндамалармен ерекшеленді. Солардың ішінде геосаясат пен геоэкономика саласындағы беделді стратег, Норберт Чизмадиа сөз сөйлеп, университеттердің бүгінгі қоғамдағы орны мен болашақтағы миссиясына ерекше тоқталды.

Сарапшының айтуынша, қазіргі таңда жоғары оқу орындары білім берумен ғана шектелмей, мемлекеттердің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын, инновациялық идеяларды өмірге әкелетін және халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды күшке айналып отыр. Ол IAUP алаңын өңірлік деңгейден әлдеқайда кең ауқымды қамтитын жаһандық пікір алмасу ортасы ретінде бағалап, болашақ үшін бүгін қабылданатын шешімдердің маңызына назар аударды.

Норберт Чизмадиа өз сөзінде «Бирюзалық аймақ» тұжырымдамасын тілге тиек етіп, оны аспан мен жердің, идея мен мүмкіндіктің, ғылым мен қоғамның тоғысқан кеңістігі ретінде сипаттады. Бұл ұғымның қазақ дүниетанымындағы «көк» сөзімен астасып жататынын атап өткен ол, университеттерді қалалар мен мемлекеттердің дамуына серпін беретін басты қозғаушы күш деп бағалады. Сондай-ақ болашақтың супер-мегатрендтері адамзат өмірінің барлық саласын түбегейлі өзгертіп жатқан кезеңде жоғары білім беру жүйесі де жаңа талаптарға бейімделуі қажет екенін жеткізді.

Конференция аясындағы мазмұнды пікірталастар пленарлық және панельдік сессияларда жалғасын тапты. Соның ішінде «Халықаралық стандарттар және нәтижеге бағдарланған университеттердің болашағы» тақырыбындағы пленарлық отырыс ерекше қызығушылық тудырды. Сессияны IAUP басқарма төрағасы әрі Фернандо Леон-Гарсия модерациялап, жиын British Council серіктестігімен ұйымдастырылды.
Ауқымды талқылау барысында жоғары білім сапасын арттыру, халықаралық аккредитация талаптары, университеттердің жаһандық рейтингтердегі орны және түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі сөз болды. Пікір алмасуға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары білімді дамытудың ұлттық орталығы директоры Алибек Мадибеков, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірінші проректоры Самғат Ермекбаев, New England Commission of Higher Education президенті Лоуренс М. Шалл, Ұлыбританияның Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету агенттігінің атқарушы директоры Роб Страуд және Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дауленов қатысты.
Сарапшылардың ортақ пайымы бір арнаға тоғысты: ХХІ ғасыр университеттері тек диплом беретін мекеме емес, қоғамдағы өзгерістердің бастамашысы, инновациялардың орталығы және жаһандық сын-қатерлерге жауап ұсынатын интеллектуалдық хаб болуы тиіс.

Жиын барысында университеттердің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық сын-қатерлерді еңсерудегі миссиясы кеңінен талқыланып, жоғары білім беру саласының жаһандық даму бағыттары сараланды. Сондай-ақ қатысушылар оқу орындарының жасанды интеллект дәуіріне сай жаңғыруына ерекше назар аударды.

– Бүгінгі конференцияның Алматыда өтуі тек AlmaU үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға. Қазір жоғары білім беру жүйесіндегі жасанды интеллекттің дамуы, еңбек нарығындағы өзгерістер және тұрақты даму секілді тақырыптарға тоқталамыз. Сондықтан университеттер енді қоғамдағы өзгерістердің көшбасшысы ретінде танылуы керек. Сондай-ақ, шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығымызды дамытқымыз келеді, – деді Алматы менеджмент университетінің президенті Асылбек Кожахметов.

Халықаралық деңгейдегі басқосу білім беру жүйесінің бүгінгі тынысын танытып қана қоймай, болашаққа бағытталған стратегиялық қадамдарды айқындауға мүмкіндік берді. Әлемнің әр түкпірінен келген ректорлар мен сарапшылар университеттердің тек білім беретін мекеме ғана емес, инновация мен қоғамдық өзгерістердің қозғаушы күшіне айналуы қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар маңызды жиында әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері тәжірибе алмасып, Орталық Азияның жаһандық білім кеңістігіндегі орны мен даму перспективаларын жан-жақты талқылады. Мамандар мұндай алаңдардың өңірлік ынтымақтастықты нығайтып, академиялық байланыстарды кеңейтуге, ғылыми зерттеулер мен бірлескен жобалардың көбеюіне серпін беретінін жеткізді.

– Конференцияның жалпы негізін қалаушы, осы жерге жиналуға себеп болып отырған университеттердің президенттері мен ректорларының халықаралық ассоциациясы. Бұл ұйым 1965 жылы, осыдан 60 жыл бұрын Оксфорд университетінің негізінде құрылған. Бүгінде ассоциация құрамына әлемнің 100-ден астам еліндегі университет басшылары мүше болып отыр, – деді Алматы менеджмент университеті қамқоршылық кеңесінің мүшесі Жақсыбек Құлекеев.

Алматы төрінде өткен алқалы жиын жоғары білімнің жаңа дәуіріне бастар маңызды диалог алаңына айналды. Конференция қорытындысында қатысушылар білім мен ғылымның халықаралық ықпалдастығын арттыру, жасанды интеллект технологияларын тиімді енгізу және тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екендерін білдірді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның жаһандық білім кеңістігіндегі беделін арттырып, өңірдегі академиялық көшбасшылық позициясын нығайтуға жол ашпақ.

Алматыда өткен халықаралық конференция жоғары білім беру жүйесінің келешегін айқындайтын маңызды пікірталас алаңына айналды. Әлемдік тәжірибе мен озық идеялар тоғысқан жиын университеттердің заманауи сын-қатерлерге бейімделуі, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және халықаралық серіктестікті нығайту жолындағы нақты қадамдарды белгіледі. Сарапшылардың пікірінше, мұндай кездесулер Орталық Азияның жаһандық білім кеңістігіндегі орнын күшейтіп қана қоймай, өңірдегі ғылым мен инновацияның дамуына тың серпін береді. Демек, білім мен технологияның тоғысқан тұсында өткен бұл басқосу болашаққа бастар жаңа мүмкіндіктердің бастауы болды.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here