Ақ халат тек мамандықтың белгісі емес, ол адам тағдырына деген жауапкершіліктің, мейірім мен сенімнің символы. Әсіресе, науқастың жүзіндегі күлкіні қайта сыйлайтын стоматолог дәрігердің еңбегі қашанда ерекше құрметке лайық. Бүгінгі Дәрігерлер күніндегі кейіпкеріміз өз ісіне адал, кәсібін жүрек қалауымен таңдаған білікті маман Гүлмира Тілеубекқызы. Ол жылдар бойы мыңдаған жанның саулығына қызмет етіп, әр науқастың көңіліне сенім ұялата білді. Дәрігерлік шеберлік пен адамгершілік қасиетті қатар ұстанған Гүлмира ханым үшін әрбір емделушінің алғысы ең үлкен марапат. Жылы жүзі мен кәсіби білімі үйлесім тапқан, ақ халаттың абыройын асқақтатып жүрген жанның еңбек жолына бірге көз жүгіртіп, мерейлі мерекеде оның өнегелі өмірімен таныс болайық.

Адам өміріндегі таңдаған жолына адал болып қалу үлкен бақыт. Ал сол жол арқылы мыңдаған адамның алғысына бөлену екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Кейбір адамдардың жан дүниесінен жылылық сезіліп тұрады. Олардың жүзінен мейірім, сөзінен сенім байқалады. Дәрігердің қолынан ем алған әрбір жан үшін оның кәсібилігі ғана емес, адамгершілігі мен жан жылуы да ерекше маңызды. Осындай қасиеттерді бойына тоғыстырған Гүлмира Тілеубекқызы 1982 жылы 14 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында дүниеге келген.
Бала күнінен білімге құштар болып өскен ол 1999 жылы Семей қаласындағы №1 Чернышевский атындағы орта мектепті аяқтап, медицина саласын таңдауға нық шешім қабылдайды. Бұл таңдау кейін мыңдаған адамның саулығына қызмет ететін абыройлы жолдың бастауы болды. 2004 жылы Семей мемлекеттік медицина академиясының стоматология факультетін тәмамдап, стоматолог дәрігер мамандығын иеленген жас маман еңбек жолын Өскемен қаласынан бастады. Алғашқы жылдардан-ақ өз ісіне деген ұқыптылығымен, кәсіби білімімен және науқасқа деген жанашыр көзқарасымен ерекшеленді. 2007–2012 жылдары Алматы қаласындағы жекеменшік стоматологиялық клиникада қызмет атқарып, тәжірибесін молайтты. Бұл кезең оның кәсіби шеберлігінің шыңдалуына, стоматологияның заманауи қыр-сырын терең меңгеруіне жол ашты. Ал 2012 жылдан бастап Алматы қаласындағы №20 қалалық емханасында стоматолог дәрігер ретінде халық игілігі үшін еңбек етіп келеді. Бүгінде ол тек тәжірибелі дәрігер ғана емес, ұжым арасында сыйлы басшы да. 2016 жылдан бері емхананың Мамандандырылған көмек көрсету бөлімін басқарып, ұйымдастырушылық қабілетімен де танылып келеді. Әрбір науқастың сенімі мен алғысын ең үлкен марапат санайтын дәрігердің еңбегі ресми деңгейде де жоғары бағаланған. Көп жылғы жемісті қызметі үшін емхана директорының Алғыс хаттарымен және AMANAT партиясының марапаттарын алған.


Дәрігерлік білім мен біліктілікті ғана емес, төзімділік пен жанашырлықты талап ететін мамандық. Әсіресе стоматология саласында науқастың сеніміне ие болу үлкен өнер. Гүлмира Тілеубекқызы осы қасиеттердің барлығын өз бойына тоғыстыра білді. Сондықтан да оның қабылдауынан шыққан әр адам дәрігердің кәсібилігін ғана емес, адамгершілік болмысын да ерекше ықыласпен еске айтады. Қызметтестері оны талапшыл басшы, сенімді әріптес ретінде бағаласа, науқастар білікті дәрігер әрі жанашыр жан ретінде құрметтейді. Дәрігер үшін ең үлкен марапат сауығып шыққан адамның ризашылыққа толы көзқарасы.
Дегенмен Гүлмира Тілеубекқызының тұлғасын тек кәсіби жетістіктерімен ғана бағалау жеткіліксіз. Ол – аяулы жар, ардақты ана. Жолдасымен бірге бес бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының ұйытқысы. Ақ халаттағы жауапкершілік пен аналық мейірімді қатар алып жүрген жанның өмірлік ұстанымы да осы қасиеттерден бастау алады. Көп жылдық еңбек тәжірибесінде ол халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуді басты мақсат етіп келеді. Өз мамандығына деген құрметі мен адалдығы, кәсіби дамуға деген ұмтылысы және адам денсаулығына деген жанашырлығы оның дәрігерлік келбетінің негізгі сипатын айқындайды.
Ақ халатты абыроймен арқалау кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Ал оны ұзақ жылдар бойы адал еңбекпен, шынайы жанашырлықпен және кәсіби біліктілікпен ұштастыру үлкен азаматтық қасиет. Гүлмира Жақиянова дәл осындай қасиеттерді бойына жинақтаған дәрігерлер қатарынан. Оның еңбек жолы медицина саласына қызмет етудің, адам сенімін ақтаудың және кәсібіне деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.
Дәрігер болу тек мамандық емес, ол үлкен жауапкершілік пен адам тағдырына деген жанашырлықты талап ететін өмірлік миссия. Осы жолда талмай еңбек етіп келе жатқан Гүлмира ханым кәсіби біліктілігімен ғана емес, адамға деген шынайы қамқорлығымен де көпшіліктің құрметіне бөленіп жүр. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен еңбегінің арқасында ол талай жанға денсаулық сыйлап, талай адамның жүзіндегі күлкіні қайта оралтты. Оның еңбек жолы жас мамандарға үлгі болса, адамгершілік қасиеті әріптестері мен пациенттердің ықыласынан көрінеді. Дәрігерлер күні қарсаңында Гүлмира Тлеубекқызына зор денсаулық, отбасылық бақ-береке, еңбегіне толағай табыс пен кәсіби жетістіктер тілейміз. Ақ халатқа деген адалдығы мен адам жанына жасаған қамқорлығы әрдайым биік бағаланып, ел алғысына бөлене берсін.
Индира БІРЖАНСАЛ









