5000 оқушыны тоғыстырған тағылымды жоба

0
815

Бүгінгі технология дәуірінде балалардың назарын кітапқа аудару оңай шаруа емес. Смартфон мен әлеуметтік желі сананы жаулаған кезеңде кітапқа бет бұрған әр бала – ұлттың болашағына жасалған инвестиция. Себебі кітап оқитын ұрпақ ойлайды, ізденеді, саралайды және өз тағдырына ғана емес, ел тағдырына да жауапкершілікпен қарайды. Осы орайда Райымбек ауданында жүзеге асқан «Балалықтан даналыққа» жобасы мыңдаған оқушыны кітаппен табыстырып, рухани жаңғырудың жарқын үлгісін көрсетті. Алты ай бойы жалғасқан тағылымды жобаға 5000 оқушы қатысып, білім бәйгесінде бақ сынады. Оның қорытындысы Алматы қаласындағы қасиетті Ғылым ордасында өтіп, үздік шыққан 50 оқушының мерейі үстем болды.

Бұл – бір ауданның ғана емес, кітап оқитын ұлт қалыптастыру жолындағы үлкен бастаманың жемісі еді. Ұлттың рухани деңгейі де, болашақ буынның танымы да кітаппен өлшенеді. Бес мың баланың арасынан суырылып шыққан талантты жастарға арнайы құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі жоғары бағаланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның түпкі мақсаты Райымбек ауданынан басталған рухани қозғалысты бүкіл Қазақстанға таратып, кітап оқитын зерделі ұлт қалыптастыру.

«Балалықтан даналыққа» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және зерделі ұлт тәрбиелеу жөніндегі бастамаларымен өзектесіп жатқан тағылымды жоба ретінде ерекше маңызға ие. Бұл бастама оқушылар арасында кітап оқуды насихаттаумен ғана шектелмей, жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, дүниетанымын кеңейтуге, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға бағытталған ауқымды мәдени-ағартушылық алаңға айналды.

Алматыдағы Ғылым ордасында өткен қорытынды кештің мәні де ерекше болды. Елдің рухани және мәдени өмірінде өзіндік орны бар өнер, ғылым және қоғам қайраткерлері жас оқырмандармен жүздесіп, білім мен ізденістің құндылығы туралы тағылымды әңгіме өрбітті. Кеш қонақтарының қатарында белгілі өнер майталмандары Нұрлан Албан мен Сұлушаш Нұмағанбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев, қоғам қайраткері Тоққожа Естенов сынды елге сыйлы тұлғалар болды. Олар өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, кітаптың адам тұлғасын қалыптастырудағы орны мен білімнің қоғам дамуындағы маңызы туралы әсерлі ойларын ортаға салды. Жас оқырмандар үшін бұл кездесу рухани серпін сыйлап қана қоймай, алдағы өмір жолына бағыт-бағдар берген тағылымды басқосуға айналды.

«Балалықтан даналыққа» жобасының авторы, кәсіпкер Мәсімғазы Айдар Советұлы бұл бастаманың негізінде балалардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, оқу мәдениетін қалыптастыру мақсаты жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жоба туған жеріне жанашыр азаматтардың қолдауымен жүзеге асып, ауыл мен қала арасындағы рухани байланысты нығайтқан ерекше игі іске айналған.

Бүгінде бала тәрбиесінде кітаптың орнын ешнәрсе алмастыра алмайды. Сондықтан біз ең алдымен балаларды кітаппен достастыруды көздедік. Райымбек ауданындағы барлық 22 мектепті қамтып, әр ауылдан шыққан азаматтар туған жеріндегі білім ошақтарына қолдау көрсетті. Оқушыларға кітаптар тарту етіліп, ай сайын түрлі байқаулар ұйымдастырылып, үздіктер марапатталып отырды. Бұл жұмыстардың барлығы ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың және «Хантәңірі қырандары» ұйымының қолдауының арқасында жүзеге асты. Қорытынды шараны Ғылым ордасында өткізудің де өзіндік символдық мәні бар. Бұл – қазақ ғылымының қарашаңырағы, Қаныш Сәтбаев бастаған ұлы тұлғалардың ізі қалған қасиетті мекен. Біз балалар сол ортаның рухын сезінсін, ғылым мен білімнің құдіретін жүрегімен ұғынсын дедік. Кезінде елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар жүрген жолмен бүгінгі ұрпақ та жүріп өтсін, олардың арманына қанат бітірген ортадан шабыт алсын деген ниетпен осы жерді таңдадық. Өйткені кітап оқитын бала ертең елін сүйетін, халқының болашағына қызмет ететін саналы азамат болып қалыптасады. Ұлттың келешегі білімді жастардың қолында, ал білімге бастайтын ең сенімді жол кітап екенін Айдар Советұлы атап айтты.

Жоба барысында оқушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлініп, әрқайсысына арнайы әдебиеттер ұсынылған. Бастауыш сынып оқушылары ертегі, аңыз-әңгімелер мен қисса-дастандарды оқыса, жоғары сынып оқушылары тұлғатану бағытындағы кітаптарды талдады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бүгінгі баланың қиялын дамыту үшін кітаптың орны ерекше. Алты айлық жоба барысында оқушылар Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан», «Өзбекәлі және мәдени майдан», «Жұмабек және жер майданы» атты кітаптарын оқып, қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың өмірі мен еңбегін терең зерттеді. Олар ұлтқа қызмет етудің үлгісін танып, елге адал болудың маңызын ұғынды.Бұл кітаптар жастарға тек білім беріп қана қоймай, ұлттық рухты оятып, тарихи сананы қалыптастыруға ықпал етті. Оқушылар өз ойларын еркін жеткізіп, кітаптан алған әсерлерімен бөлісті. Сол арқылы олардың сыни ойлау қабілеті дамып, таным көкжиегі кеңейді.

Біз болашағын біліммен байланыстыратын, туған жері мен еліне жанашырлықпен қарайтын зерделі жастардың қалыптасуына үлес қосуды көздедік. Сондықтан бұл жоба тек жарыс емес, балалардың рухани дүниесін байытып, таным көкжиегін кеңейтетін маңызды алаңға айналды. Алты ай бойы оқушылардың ынтасын арттыру мақсатында түрлі марапаттар мен қолдаулар көрсетіліп отырды. Соның нәтижесінде мыңдаған қатысушының арасынан дараланған 50 үздік оқушы Түркістан қаласына мәдени-танымдық сапарға жолдама алды. Бұл – туған жерден шыққан кәсіпкерлер мен ел ағаларының білімге ұмтылған жастарға білдірген құрметі мен сенімінің көрінісі. Біз Қазақстанды кітап оқитын, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұлт ретінде көргіміз келеді, – деп жоба ұйымдастырушысы Ернұр Сағатбек пікір білдірді.

Жоба жеңімпаздарының бірі, Райымбек ауданы Сарбастау ауылынан келген оқушы Сүлейман Іңкәр бұл жоба өзінің кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, көптеген жаңа білім мен өмірлік тәжірибе жинауына ықпал еткенін айтты.

Осы уақыт ішінде көптеген кітап оқып, бұрын білмеген тарихи тұлғалар мен тағылымды оқиғалар туралы мол мағлұмат алдым. Әр кітаптан өзіме қажетті ой түйіп, дүниетанымымды кеңейттім. Бес мың оқушының арасынан үздік 50 жеңімпаздың қатарына енгеніме қуаныштымын әрі бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Осындай мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да кітап оқуды тоқтатпай, білімімді жетілдіріп, еліме пайдасы тиетін азамат болуға тырысамын. Түркістанға жолдама алу мен үшін үлкен қуаныш әрі жаңа әсерлерге толы сапардың бастауы, – деп Сүлейман Іңкәр өз ойын білдірді.

«Балалықтан даналыққа» жобасы жай ғана кітап оқу байқауы емес, бұл ұлттың рухани болашағына салынған инвестиция, білім мен тәрбиені ұштастырған тағылым мектебі. Алты ай бойы жалғасқан жоба мыңдаған оқушыны кітаппен табыстырып, олардың ой-өрісін кеңейтіп, таным көкжиегін жаңа белеске көтерді. Ең басты жеңіс те осы балалардың кітапқа жақындауы, білімге деген құштарлығының артуы. Ғылым ордасының төрінде марапатталған 50 үздік оқушы бүгінгі еңбегінің жемісін көріп қана қойған жоқ, өз қатарластарына үлгі боларлық үлкен жетістікке қол жеткізді. Олар кітап арқылы білімнің құдіретін танып, ұлт тарихын, тұлғалардың тағылымды жолын зерделеп, рухани байлықтың шынайы мәнін түсінді.

Ал олардың сапары мұнымен аяқталған жоқ. Жобаның жеңімпаздары тарихи Түркістан шаһарына танымдық-мәдени сапарға аттанды. Бұл сапар жас буынның ел тарихымен тереңірек танысып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне мүмкіндік береді. Кітаптан басталған білім жолы киелі мекендерге ұласуы жобаның тәрбиелік маңызын одан әрі айшықтай түседі. Бүгін кітап оқыған бала ертең елдің тізгінін ұстайтын азамат. Сондықтан осындай игі бастамалар көбейіп, білім мен руханиятқа негізделген жобалар жалғасын тапқан сайын Қазақстанның кітап оқитын, ойлайтын, ізденетін әрі зерделі ұлтқа айналарына сенім мол.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here