Қарашаңырақтың қарлығаштары

0
1952

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстандағы ілім мен мәдениеттің қарашаңырағы. ҚазҰУ – дарынды әрі талантты студенттердің басын біріктіріп отырған, шынайы сыйластық пен адал достықтың құтты мекені. ҚазҰУ – білім іздеп келген адамның жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал  етіп, оның жан-жақты қабілеттерінің ашылуына мүмкіндік беретін мекен. 87 жыл аралығында университет өз елінің дамуына орасан зор үлес қосқан 200 мыңнан астам мамандарды шығарды. Бүгінгі таңда ҚазҰУ жалпы танылған Quacquarelli  Symonds (QS) халықаралық рейтингінде әлемнің 800 үздік университеттерінің ішінен 165-ші орынға ие болып, әлемдік деңгейде топ-200 мықты университеттердің қатарына ең алғашқы қазақстандық университет ретінде қосылды. Тәңірдің  мейірімі түскен осынау ғылым ордасынан білім нәрімен сусындап, қарашаңырақтан қанат қаққан қаншама атақты түлектер  бар екенін білесіз бе?!

Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Әзілхан Нұршайықов, Дулат Исабеков, Олжас Сүлейменов сынды аса көрнекті әрі әйгілі тұлғалар ҚазҰУ қабырғасында білім теңізінен бойларына інжу-маржан ілген. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ермұхан  Бекмаханов, Әлкей Марғұлан секілді ғылым және  мәдениет  қайраткерлері  студенттерге  дәріс оқығанын үлкен мақтанышпен, қуанышпен айта аламыз. Сонымен қатар, Қазақ ұлттық универ-ситетінен ел аузынан түспейтін Әсел Сағатова, Дариға Назарбаева, Жанна Қуанышева, Бақытжан Сағынтаев сынды қоғам қайраткерлері түлеп шыққан. Бұл кісілер оқуды тәмәмдаған соң өмірде өз кетігін тауып, еліміздің мәдениетін көркейтуде, жұртымыздың рухани өрлеуіне үлес қосып, ерен еңбек етуде.

Осы жерден университетіміздің миссиясы – еліміздің қоғамдық өмірі мен ғылымына, экономиканы өркендету мәселелерін шешуге бағытталған жоғары білімді, заманауи, бәсекеге қабілетті, ел жанашыры болып келетін білікті мамандар буынын қалыптастыру екені белгілі болып отыр. Дәл осы кісілердің артынан еріп, Қазақ ұлттық университетінен түлеп шығу қандай бақыт десеңізші?! Қазақ еліне бар күш-жігерін салып еңбек еткен апа-аталарымыздың басқан ізімен жүру үлкен арманымыз.

1934 жылы іргесі қаланған университетіміз әлемдік білім беру жүйесінде өз ұстанымын жыл сайын жақсартып, жоғарыға қарай ұмтылып келеді. Еліміздегі жетекші орынды қанжығасына байлаған университеттің болашағы жарқын, келешегі кемел боларына күмәніміз жоқ. Көркіне көз тоймайтын ҚазҰУ қалашығының қазақ даласында бой көтеріп, студенттердің сүйікті мекеніне айналуы баршамызды қуантады. Болашақта қарашаңырақтан түлеп шығатын, аты әлемге әйгілі болар ұрпақтардың есімдерін естиміз деген сенімдеміз.

ҚазҰУ-нің 4-курс студенттері: Акиметова Динара, Асқар Аружан, Тоқтасын Улболсын.

Жетекшісі: Шоинбекова Сабина,ҚазҰУ-нің биотехнология кафедрасының профессоры, химия ғылымдарының докторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here