Қайрат Үмбетов: «Ұлттық ұлан – егемен елдің берік қалқаны»

0
2383

ТАРАЗЫ: ЖАНДАР АСАНМЕН

Ұлттық ұлан ширек ғасырдан астам уақыт ел мен жердің қауіпсіздігін қадағалап, заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етіп келеді. Заң мен тәртіп салтанат құрған бүгінгі күнде бұл құрылым егемендіктің тұғырын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып жүр. Орайы келгенде әскердің құқықтық тәртіпті сақтаудағы рөлі, заман ағымына сай өзгеру бағыты, атқарылып жатқан басқа да іс-шаралар туралы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, «Халық қаһарманы» атағының иегері, генерал-майор Қайрат Үмбетовпен арнайы сұхбаттасуды жөн көрдік.

«ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ТӘРТІПТІҢ КЕПІЛІ»

Қайрат Жарылқасынұлы, осы жылдары Ұлттық ұлан өзінің қалыптасу жолында бірқатар жетілдіру кезеңдерін басынан өткерді. Әңгімеміздің әлқиссасын маңызды әскери құрылымның тарихын шолудан бастасақ…

– Сауалыңызға рақмет. Ұлттық ұланның қалыптасуы ел тәуелсіздігінің тарихымен үндесіп жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан Орталық Азияда бірінші болып ел қорғанысын қолға алды. Қоғамдық қауіпсіздікпен қатар, түзеу мекемелеріндегі тәртіп – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі еді. Егемендік декларациясы жарияланғаннан кейін небәрі 26 күннен соң, Президент Жарлығымен Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері құрылды. Қиын кезеңдерді бастан өткерген күштік құрылым түрлі дауылдарға төтеп берді. Қолдағы дүниені талан-таражға түсірмей сақтап қалды. Сол алғашқы қалыптасу кезеңдері – Қазақстанның әскери тарихында алтын әріптермен жазылды. 1992 жылғы 10 қаңтарда еліміздің құқықтық тәртіп әскері қалыптасу жолына түсті. Алты айдан кейін, 23 маусымда «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері туралы» Заңы қабылданды. Ал, 2014 жылы Ішкі әскерлер Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы болып өзгерді, 2015 жылғы 10 қаңтарда «Ұлттық ұлан туралы» Заң қабылданды. Осы сәттен бастап әскерді дамытудың жаңа кезеңі басталды. Атап айтқанда, Шымкент, Қызылорда, Жаңаөзен, Астана, Өскемен қалаларында қосымша әскери бөлімдер құрылды. Мұндай оң өзгеріс – елдің барлық қалаларында төтенше жағдайлардағы, тосыннан туындайтын міндеттерді орындауға Ұлттық ұланның дер кезінде қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, әскери күш пен қызметшілерді және жедел топты тасымалдау кезінде ұтқырлық пен мобильділікті арттыру үшін әскердің авиаэскадрильясы Алматыдан Астанаға көшірілді. Өздеріңіз білетіндей, 2024 жылғы 3 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана іргесінде заманауи Ұлттық ұланның авиациялық базасы ашылды.

– Ұлттық ұлан жауынгерлері еліміздегі ірі қоғамдық, саяси және спорттық іс-шарада қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді. Бұдан бөлек қандай жауынгерлік міндеттерді орындауда?

– Қазіргі уақытта Ұлттық ұлан еліміздің 21 қаласында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарады. Жауынгерлік қызметке күн сайын 7 мыңнан астам әскери қызметші жұмылдырылады. Ұландықтар Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен бірлесіп, 40-қа жуық түзеу мекемесінде сотталғандарды күзетеді және қадағалайды. Мұндағы бақылаушылық қызметті де жүзеге асырады. Бұл ретте бейнебақылау жүйелері арқылы қызмет көрсетудің жедел әдісі кеңінен қолданылуда. Бұдан бөлек, 32 темір жол және автомобиль маршруттары бойынша айдауылдау міндеті атқарылады. 29 сот мекемесінде сот ісін жүргізу процестерінде қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, 12 стратегиялық және аса маңызды мемлекеттік 3 объектіні күзету мен қорғауды қамтамасыз етеді. Жыл сайын жауынгерлік қызметте 6 мыңнан астам міндет орындалады. Өткен жылы Полиция департаменттерімен бірлесіп 3 800 қызметтік-жауынгерлік міндет орындалды. 19 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді және 800-ден астам қылмыскер ұсталды. 230-дан астам қару, 6 жарым мың оқ-дәрі, 10 жарылғыш құрылғы, 9 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді. «Қарасора» іс-шараларын өткізу шеңберінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлермен бірлесіп, заңсыз өсірілген 19 қарасора егісі табылды. Құрамында 15 мыңнан астам өсімдік тектес есірткі бар бұталар тәркіленді. 500-ден астам қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар өткізу кезеңінде қоғамдық тәртіпті қорғауды қолға алу, оның ішінде мемлекет басшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әскерлер бөлімшелері міндеттердің үлкен көлемін орындады. Олардың қатарында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысы, «Орталық Азия – Жапония» саммиті, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бар.

– Ұландық сарбаздар арнайы операцияларға да қатысып, қаруланған қылмыскерлер мен трансұлттық ұйымдасқан топтарды құрықтауға атсалысатынынан хабардармыз. Осы орайда Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағы туралы айтып өтсеңіз.

Ұлттық ұлан жауынгерлеріне жүктелген тағы бір міндет – арнайы операцияларға қатысу. Яғни, ел аумағындағы қаруланған қылмыскерлер мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды құрықтау. «Бүркіт» – ауыр және аса ауыр қылмыстарда, диверсиялық оқиғаларда, террорлық акт кезінде, қарулы қақтығыстар мен тараптар тартысында атқа қонатын арнайы мақсаттағы жасақ. 2014 жылы «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетін ұйымдастыру орталығы «Арнайы операциялар орталығы» болып қайта құрылды. 2016 жылы 6654 әскери бөлімінің құрамында «ІІМ арнайы мақсаттағы бөлімшелерін жауынгерлік және әдістемелік даярлау орталығы» құрылды. Бүгінде оқу орталығында барлық күш құрылымдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелері дайындалады, түрлі халықаралық оқу-жаттығулар өтеді. Осы жылдар ішінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығы шеңберінде Ұлттық ұлан «Нерушимое братство», «Антитеррор», «Кобальт», «Единство», «Қызыл бархан», «Өзара іс-қимыл», «Жартас» сияқты қырыққа жуық халықаралық жаттығуларға қатысты.

Халықаралық тәжірибе әскердің жауынгерлік дайындығын едәуір арттырды. Былтыр 9 желтоқсанда «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағы өзінің 25 жылдығын атап өтті. Жыл басында, дәлірек айтсақ 1-5 ақпан аралығында Дубайда өткен «Swaт challenge» сайысында қазақстандық арнайы жасақ жауынгерлері кәсіби біліктілігімен ерекшеленгенін ақпарат айдынынан көрдіңіздер. Нағыз тісқаққан, кіл мықтылар қатысқан дода тартысты өтті. Дүниежүзінен 100-ге жуық команда қатысқан әлемдік сайыста «Бүркіт» құрамасы сегізінші орынға тұрақтады. Бұл – жоғары көрсеткіш деп ойлаймын. Біздің арнайы мақсаттағы жасақтарымыз ауыр және аса ауыр қылмыстардың жолын кесуге, ұйымдасқан қылмыстық топтардың, оның ішінде трансұлттық топтардың қызметіне тосқауыл қоюда.

«ӘСКЕРДЕГІ ЗАҢДЫЛЫҚ ПЕН ТӘРТІПТІ САҚТАУ – БАСТЫ МІНДЕТ»

– Кейінгі жылдары Мемлекет басшысы елімізде демократиялық, саяси реформалардың бірнеше маңызды топтамаларын ұсынып келеді. Нәтижесінде, қоғамдағы ұзақ жылдар бойы қордаланған көптеген мәселелер оң шешімін тапты. Жүйелі жұмыстар қолға алынды. Осы ретте Ұлттық ұланға қандай жауапкершілік пен міндеттемелер жүктеліп отыр?

Ұлттық ұлан ел Президентінің саяси бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе, адам құқықтарын сақтау және оны негізге алу, адамның өмірі мен денсаулығын сақтау іспетті принциптер әскер басшылығы тарапынан үнемі қолдау табуда. Біз барлық әскери қызметшілердің құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге күш жұмсап келеміз. Оның ішінде ерекше көңіл бөлуді талап ететіндер – ол біздің сарбаздарымыз. Ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Армияның басты күші мен негізгі байлығы – солдаттар. Сондықтан да, басты назар солдат кәсібін үйретуге, жауынгерді ұрыста аман сақтап қалуға аударылуға тиіс», деген болатын. Бүгінде ел басшылығы, қоғам бізден әскердегі қауіпсіздік деңгейін көтеруді және әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауды әділ талап етеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Әскердегі заңдылық пен тәртіпті сақтау – басты міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеу үшін барады. Сондықтан, сарбаздардың өз міндеттерін кедергісіз орындай алуы үшін армияда темірдей тәртіп болуы керек» деген болатын. Бұған қоса жауынгер үшін бірінші жауапкершілік – командирде екенін атап айтты.

Ата-аналар бізге балаларын сеніп тапсырады және біз олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауаптымыз. Біздің міндетіміз – оларға әскери қызметін алаңсыз өтуі үшін барлық жағдайды жасап, аман-есен үйіне қайтару. Сондықтан, мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың денсаулығы, тамақтану жағдайы мен қауіпсіз қызмет өткеру мәселелері үнемі бақылауда. Ұлттық ұлан қоғамға ашық. Сарбаздардың қызмет өткеру жағдайлары туралы бірінші күннен бастап ата-аналарға тікелей командирлер айтады, «Ашық есік» күндері ұйымдастырылады, олардың құқықтары бұзылған жағдайда ата-аналары әрқашан әлеуметтік желілер, сенім телефондары, Ұлттық ұланның ресми сайты арқылы хабарласып, бірден жауап алуға мүмкіндіктері бар. Тамақтандыру қызметтерін ұйымдастырушылардың шарттық міндеттемелерді орындауына ерекше назар аударамыз. Бұл мәселелер Сарбаздар аналары комитетінің бақылауында, олардың өкілдерімен әскери бөлімдерде тығыз байланыс орнатылған.

«Салауатты тамақтану – әскерлердің жауынгерлік қабілеттілігінің негізі» ұранымен сарбаздардың асханаларында ұлттық тағамдарды дайындау енгізілуде. Әскери қызметшілерді әскери-медициналық даярлауды дамыту шеңберінде биыл «тактикалық медицина» бағдарламасын енгізу жоспарлануда. Елордалық бригадада нұсқаушыларды даярлау үшін «тактикалық медицина орталығы» жұмыс істейтін болады. Олар алдағы уақытта жеке құраммен сабақ өткізбек. Бұл жеке құрамды алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйретуге және армияның күнделікті қызметінде әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, мемлекеттік органдармен бірлесіп, патриотизм деңгейін арттыру бағдарламасын әзірлеп, жастардың өз түсініктеріне жақын келетін әдіс-тәсілдерді пайдалану қажет деп есептеймін. Бұл бағыттағы жұмыстың маңызды әдістерінің бірі – әлеуметтік желілер. Яғни, әлеуметтік желілер арқылы біз жас ұрпаққа ақпараттық материалдарды, әскери қызметтің беделін арттыратын, Қазақстан армиясындағы қызметтің қадір-қасиеті туралы баяндайтын, оның шынайы өмірін көрсететін, мағыналы да ұғынықты және жастардың бойында риясыз патриотизмді оятатын роликтерді, деректі және көркем фильмдерді жеткізуге тиіспіз. Өз кезегінде мемлекет те әскери қызметтің беделін арттыру бойынша кешенді шараларды іске асыруда. Нақтырақ айтсақ, мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде сарбаздың банк алдындағы қарыз шарты бойынша төлемдерін (кредиттерін) кейінге қалдыруды ұсыну, үлгілі қызмет өткергендерге жоғары оқу орындарында тегін білім алу гранттарын беру мүмкіндіктері. Аталған жобалар іске асырылған сәттен бастап, Ұлттық ұланның 2,5 мыңнан астам сарбазына оқу гранттарының сертификаттары табысталды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен прокуратура органдарымен бірлесіп «Қауіпсіз әскери қызмет» жоспары әзірленуде. Парламент Мәжілісінің жұмыс тобында әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қаралып жатыр.

Ел Президенті әрдайым заң мен тәртіп қағидасын ұстануды талап етуде. ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов, Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков «Құқықтық тәртіп әскерінде – қылмысқа орын жоқ» атты қағидатты мақсат етіп қойып, тиісті тапсырмалар беруде. Ұлттық ұлан әскери толықтай бір жауынгерлік жанұя ретінде жаңа заманауи талаптарға бейімделуде. Біз қызметімізді жоғары деңгейде атқаратынымызға сендіргім келеді.

Мемлекет басшысы қазақстандық патриотизмді нығайту бойынша бірқатар тапсырма жүктеген еді. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?    

– Сұрағыңыз өте орынды. Патриоттық рухты нығайту кең көлемдегі, қоғамда жиі талқыланып жатқан тақырыптардың бірі. Сауалыңызға жауап бермес бұрын, мен 2019 жылдың 24 мамырындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық ұланның елордалық бригадасына жасаған алғашқы сапарын айтқым келеді. Ұландықтардың әскери қалашығымен, қызмет барысымен танысқан Президент: «Ұлттық ұлан – ерлік пен патриотизм мектебі» деп үлкен баға берген болаты. Біз тарих барысында нағыз ержүрек әскер екенімізді талай мәрте дәлелдедік. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Таулы Қарабах, Ферғана, Ереван оқиғалары кезінде, тоқсаныншы жылдары тәжік-ауған шекарасын қорғау барысында, Қаңтар оқиғасында патриотизмнің озық үлгісін ұландықтар көрсетті. Қанды қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Қызылордада орналасқан 5547 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мадияр Қайсаров, Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Айбат Аманов қаруластарын құтқару мақсатында соққыны өздеріне қабылдап, ерлікпен қаза тапты. Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Мемлекет басшысының бұйрығымен қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Жалпы алғанда, еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері 200-ден астам Ұлттық ұлан жауынгерлері табандылығы мен ерлігі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ең бастысы – біздің сарбаздарымыз сын сағатта сыннан сүрінбей ерлік көрсетуде. Соның бір дәлелі – Ербол Отарбаевтың 2010 жылғы 22 маусымда Ақтау қаласындағы түзеу мекемесін күзету бойынша қарауыл қызметінде тұрған кезіндегі жанқиярлық ерлігі. Бүгінде елге танымал «Алтыншы бекет» туындысын түсіруге аталмыш ерлігі негіз болды. Сол кезде жас жауынгер қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолына жалғыз өзі тосқауыл қоя білген. Ол ауыр жарақат алған кезде де жауынгерлік бекетті тастамады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әскери борышын орындаудағы жанқиярлық әрекеттері үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, 2016 жылы Ақтөбедегі әскери бөлімге шабуыл жасаған лаңкестерге қарсы тұрған қатардағы жауынгер Бақтияр Қайырбаевтың ерлігін мысалға келтіруге болады. Ол қару-жарақ қоймасын қаскөйлерге бермей, соңғы оғы қалғанша атысты. Нәтижесінде, бір террорист қаза тауып, бірі жараланған. Ербол Отарбаев та, Бақтияр Қайырбаев та бүгінде офицер. Олар өз өмірлерін Ұлттық ұланмен байланыстырып, өскелең ұрпаққа тәжірибесімен бөлісуде. Осындай мысалдар жетіп артылады. Біз ел қорғау жолында қаза тапқан қаруластарымызды ешқашан ұмытпаймыз. Досбол Сапар, Айбат Аманов, Мадияр Қайсаров барлығының ерлігі жеке құрамға насихатталып келеді.

Біздің тағы бір бағытымыз – болашақ ұрпақты тәрбиелеу. Елімізде 31 «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы және 70 «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныптар бар. 1400-ге жуық тәрбиеленушілерімізбен мақтанамыз. Атап айтатын болсақ, Ұлттық ұланның «Жас бүркіт» тәрбиеленушілері Ақтөбеде ел Президентінің қатысуымен өткен «Айбын-2025» әскери-патриоттық жиынында 51 команданың ішінен жүлделі ІІІ орын иегері атанды.

Біз бүгіннен бастап жас буынды патриоттық тұрғыдан тәрбиелеп, болашақ Отан қорғаушыларды дайындап отырмыз. Біздің мақсат – заманға сай жауынгерлік дәстүрді әрі қарай қалыптастыру. Болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеу жұмысы одан әрі жалғасын табады деп зор сеніммен айта аламын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here