«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЛАС-ВЕГАС»: ҚҰМАР ОЙЫНҒА ҚҰШТАРЛЫҚ

0
83

2007 жылы 1 сәуірде күшіне енген ҚР «Ойын бизнесі туралы» Заңына сәйкес, Қазақстанда құмар ойын заңдастырылған. Алайда, аталған Заңның 11-бабында «Казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Шортанды ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады», – деп көрсетілген. Демек, аталған аумақтарды қоспағанда казино мен ойын автоматтары залдарын Қазақстан Республикасы аумағында орналастыруға қатаң түрде тыйым салынған. Сол 2007 жылдан бері Алматы қаласынан солтүстікке қарай 70 шақырым жерде орналасқан Қапшағай қаласы маңындағы ойынханалар (казино) «қазақстандық Лас-Вегас» атала бастады.

Қазақстандағы заңдастырылған ең алғашқы ойынхана («Фламинго») 2008 жылы сол Қапшағайда ашылды. Ал бүгінде қала маңында 30-дан астам казино болса, соның 8-інің есігіне қара құлып салынған. Әрине, бұл әлі Лас-Вегас емес, дегенмен бұрынғы Қапшағай деуге тағы келмес. Қаланың түнгі тіршілігі күндізгіге қарағанда қызықтырақ. Сонымен, тілшілер үшін ойынхана біткенге кіру, ол туралы жазу мүмкін емес болғанымен, бұл тақырыпқа «Журналистік зерттеу» жүргізіп көрген едік.

Қапшағайдағы  казиноға  құмар  ойын  ойнауға келгендер 100 мыңнан 13 миллионға дейін ұтылып қалып жатады екен. Бір сәтте бүкіл өміріңізге жетерлік ақша қолыңызға тисе, көзді ашып-жұмғанша бар дүние-мүлкіңізден айырылып, қарызға белшеңізден батып қалуыңыз да ғажап емес. Бірақ, бұл да құмар ойын ойнаушыларды шошыта қоймайтын көрінеді.

Казинода көздің жауын аларлық жиһаздар, кез келген сөзіңізді екі етпейтін сыпайы қызметкерлер, шексіз сусындар мен тіске басарлар, ең бастысы, бір сәтте миллионер атану мүмкіндігі бар.

Егер казино табалдырығын бірінші рет аттап тұрған болсаңыз, бірінші кезекте тіркеуден өтуіңіз қажет. Дәлірек, ең бірінші есіміңізді сұрайды, Сіз өз кезегіңізде лақап атпен де тіркеле аласыз. Тіркеуші Сізді суретке түсіріп алады да, мәліметтер базасына енгізіп қояды. Нәтижесінде, тіркелген есіміңізбен казино қонағы болып келіп тұра аласыз. Мәліметтер базасында казиноға кіммен, қашан келгеніңіз, ұтылыстарыңыз бен ұтыстарыңыздың барлығы тіркеліп отырады. Ал, мекеменің талаптарына бағынбасаңыз, яғни, басқа қонақтардан қарыз сұрап, алаяқтық жасар болсаңыз, мекеменің есігі Сіз үшін жабылады. Ал қалталы қонақ ойын үстінде ашуланып, жиһаздарды сындырса да, қызметкерлерге әлімжеттік жасаса да ойынхананың есігі ол үшін әрдайым айқара ашық. Бұл дегеніміз қып-қызыл бизнес емес пе? Тағы да казиноға суық қарулармен келетін қонақтар да жоқ емес көрінеді. Бұл жағдайда мекеме әкімшілігі барлық суық қаруларды алады да, шығарда қайтадан өз иелеріне тапсырады.

Казиноға кірудің өзі ақылы тұрады. Кіру үшін 5000 теңгеден 5000 долларға дейін ақша төлеуіңіз қажет. Яғни, қанша ақша төлейсіз, соған байланысты қызмет түрлері көрсетіледі.

Кіре берісте, өзіңіз таңдаған тарифке байланысты қолыңызға белгілі бір ақшаға баланатын фишкалар беріледі. Ол фишкаларды Сіз өз ақшаңызға айырбастап аласыз. Лак-фишкалар ойын барысында қолданылады. Демек, казиноға келіп тегін ішіп-жеп, қалтаңыздағы ақшаның мұртын бұзбай кете алмайсыз. Бірақ, манирайнер қыздардың арасында жақсы танысыңыз болса, лак-фишкаларыңызды ақшаға айырбастап алуыңызға әбден болады.

Қапшағайдағы казинолардың да тура Лас-Вегас казиноларындағыдай терезелерінің барлығы дерлік қараңғыланған. Сонымен қатар, сағат атауын да мүлдем кездестірмейсіз, ең қызығы, ойынның қызығына кіріп кеткеніңіз сонша далада күн бе, түн бе – ажырата алмайтын жағдайға жетесіз. Видеоға және суретке түсуге қатаң тыйым салынады, бірақ телефонмен сөйлесуге рұқсат етіледі. Мекеменің бұрыш-бұрышының барлығына дерлік бейне-бақылау камералары орнатылған.

Бір ғимараттың ішінде ойыннан шығып қалмас үшін барлық «жағдай» жасалған. Атап айтар болсақ, ішінде ломбард та бар екен. Кез келген уақытта пәтеріңізді, көлігіңізді, бағалы бұйымдарыңызды кепілге қойып, қажетті қаржыңызды оп-оңай аласыз. Ол аз десеңіз, нотариус тағы бар.

Ендігі кезекте казино персоналдары даяршылар, операторлар, күзетшілер, тіркеуші қызметкерлер, фишкаларды ауыстырып тұрушылар, яғни, манирайнерлер, пит-босс – басшы, менеджер және казино директорынан тұрады.

Тағы бұл ғимараттың ішінде ойын автоматтарымен және покер, рулетка секілді ойындарды ойнау арқылы бағыңызды сынап көрсеңіз де ешкім кедергі болмайды. Негізінен мекемедегі қарапайым көрініс: шылым тартып, алкогольді сусындардан ұрттап отырған ересек адамдар. Тыныштық сирек бұзылады екен. Әсіресе, ауқымды сомма ұтқанда немесе қарызға белшеден батып кеткенін байқамай қалғанда. Көліктерін ломбардқа кепілге қойып тұрып, «Енді ата-анама не бетіммен қараймын?» деп жылап тұрған тепсе темір үзер жігіттерді көргенде ішіңнің ашитыны да өтірік емес. Кейбір қызуқанды ойыншылар ұтылып қалған жағдайда, жан-жағындағының барлығын қиратып, казино қызметкерлеріне қол жұмсауға дейін барады. Естеріңізде болса, Қазақстанның белді азаматтарының бірі ойыннан ұтылып қалып, төбелес шығарған сәті бейне-бақылауға түсіп, желіні «жарған» болатын. Естуімізше, ол 40 мың доллар көлемінде қаражат ұтылып қалған-ды. Бұл секілді жағдайларда күзетшілердің оларға қол жұмсауға мүлдем құқы жоқ. Спорттық дене бітімі бар күзетшілер ойыншыны сыртқа шығарып жіберуге ғана тиісті.

Ғимарат ішіндегі бөлмелер, үлкен зал, сауна… барлығы дерлік айнадай тап-таза. Даяршыларды, казино қызметкерлерін беттегі мимика арқылы шақырады. Бұл мүмкін басқа ойыншыларға кедергі келтірмес үшін ойлап тапқандары шығар.

Бұл жақта VIP-залдар және бар. Таяуда казинолардың біріне жеті оққағарымен әзербайжандық миллионер қонақ болыпты. Бұл секілді қонақтарды тіптен тексермейді де. Казино қызметкерлерінің айтуынша, миллионер қонақтар жиі келіп тұрады екен. Тіптен, 100 мың долларға дейін ұтылса да, шыбын шаққан құрлы көрмей, қайтып кететін көрінеді.

Қапшағайда күтпеген жерден полиция қызметкерімен тілдескен болатынбыз. Оның айтуынша, эстрадамыздың жарық жұлдызы, көп қыздардың арманы болған бір өнерпаз 100 мың доллар ақшамен келіп, соңғы тиынына дейін ұтылып қалған екен. Онымен шектелмей, сол жердегі ломбардқа өзінің қол сағатын 10 мың долларға кепілге қойыпты. Көп күттірмей-ақ ол ақшадан да айырылса керек. Алматыдағы жолдасына телефон шалғаны сол-ақ екен, ол да 40 мың доллармен жетіп келіпті. Әлгі ойыншы 40 мың долларды да басына су құйып жіберген екен. Артынан келген досы көп ойланбастан өзінің «Гелендвагенін» ломбардқа кепілге қоя салыпты. Ендігі қызықты қараңыз, осыдан кейін намысқа тырысқан екі дос бар күштерін салып ойнап, ломбардқа кепілге қойған барлық дүниелерін қайтарып алып, оның үстіне 200 мың доллар ұтып, уақытында ойынды тоқтатып, қайтып кеткен екен.

Көлемді ұтысқа ие болған қонақтарды қарумен жабдықталған күзет және арнайы көлік арқылы керек жеріне жеткізіп тастау қызметі де бар. Сонымен бірге, аптасына бір рет лоторея ойнатылады. Сыйлыққа автокөлік және 10, 100 мың доллар арасындағы қомақты қаржы қойылады. Лотореяға қатысуға купоны бар қонақтардың ғана мүмкіндігі бар. Кіру үшін төлеген қаржыңыздың көлеміне қарай, купон саны да арта береді. Кімнің купоны көбірек болса, жеңіске де бір табан жақын екенін аңғартады. Автокөлік ұтып алғандар сыйлығын ақшалай алғанды құп көреді екен. Ол ақшаны не істейтінін ішіңіз сезіп отырған болар. Иә, сол жерде ұтылады.

Айтпақшы, бонустық жүйе тағы бар. Сіз казиноға қаншалықты жиі келсеңіз, соншалықты бонус жинай аласыз. Жиналған бонусқа саунада тегін демалуға мүмкіндігіңіз болады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қойыртпақтана түскен қоғамның емі жоқ дерті – құмар ойын. Талай қазақ Американың Лас-Вегасына барып қан тулатпаса да, өзіміздің Қапшағайдың ойынханаларында жіпсіз байланып жүр. Құмар ойынға құмар болғандардың санын нақты білмесек те, оңай олжаны ойлап, Қапшағайға ағылатындардың қатары көп екенін ішіміз сезеді. Алғаш рет Еуропадан бастау алған бұл құмар ойындар енді қазақтың қанына дендеп, сан мыңдаған жанұяны зар илетіп, айрандай ұйып отырған отбасының шаңырағын шайқалтты. Бұлай деуге себеп те жоқ емес. Біреу жүз мыңдаған ақшасынан, кейбіреу астындағы темір тұлпарынан, енді бірі үйінен айырылып жатыр. Осылайша, құмар ойынның құлдары қалтасының  түбін  қағып,  бар  ақшасын  рулеткаға  лақтыра салады. Барлығы бірдей бақ сынайды. Бірақ, түбінде барынан айырылады. Иә, құмар ойындар ешқашан опа таптырмайды. Арбайды, алдайды, қалтаңда түк қалдырмайды…

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here