ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: «БІЗДІҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАМЫЗ САБАҚТАСТЫҚ, ӘДІЛДІК ЖӘНЕ ӨРЛЕУ ДЕГЕН НЕГІЗГІ ҮШ ҚАҒИДАҒА НЕГІЗДЕЛДІ»

0
33

ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа келіп, қызметкерлермен кездесті. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының Баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының ғимаратында Жұмысты ұйымдастыру орталығы, Жоспарлау, сараптау және мониторинг орталығы, Қаржылық қолдау орталығы, Құқықтық сараптау орталығы, Логистика және материалдық қамтамасыз ету орталығы, Баспасөз орталығы және республикалық қоғамдық штабтың «TimeQazaqstan» жастар қанатының жұмыстарымен танысты.
Жалпы республикалық қоғамдық штабқа 190 адам кірген, оның 30-ы «TimeQazaqstan» жастар қанатының мүшесі. Ал, ел аумағында 17 аймақтық, 210 қалалық және аудандық қоғамдық штаб жұмыс істеп, онда 6 мыңға жуық адам қызмет көрсетеді. Кандидаттың 19,5 мың сенімді өкілі анықталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлауалды науқанның үгіт-насихат жұмыстарының басталғаны жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық және аймақтық қоғамдық штаб басшыларымен және мүшелерімен кеңес өткізіп, сайлауалды науқанның маңыздылығына тоқталып, сайлаудың Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңге жол ашатынын атап өтті.
«Біздің сайлауалды бағдарламамыз сабақтастық, әділдік және өрлеу деген негізгі үш қағидаға негізделген. Өйткені, Елбасы саясатының сабақтастығы ғана еліміздің қарқынды дамуын қамтамасыз етеді. Азаматтар үшін ең маңыздысы – әл-ауқаттың артуы. Біздің экономикалық жетістіктерімізді әр қазақстандық сезінуі тиіс. Бұл – әділдіктің белгісі. Сондықтан алдымызға нақты мақсаттар қойып отырмыз. Оған қол жеткізу үшін біз үздіксіз дамып, үнемі өрлеп, өркендеуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлауалды науқан кезеңін және сайлауды ашық әрі әділ өткізу үшін қолданыстағы заңнамалардың талаптары қатаң сақталуы қажет екеніне баса назар аударып, «Nur Otan» партиясы ашық сайлау өткізуді және демократиялық талаптардың қатаң сақталуын қалайтынын жеткізді.
Кеңесте республикалық қоғамдық штабтың басшысы, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа электоралды науқан кезіндегі штабтың жұмысы жайында баяндап берді.
Жиын барысында Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының сайлауалды штабының жетекшілері бейнебайланыс арқылы дайындықтары туралы баяндады.
Республикалық қоғамдық штаб мүшелері 13 мамырдан бастап еліміздің барлық өңірлерін аралап, халықпен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Ол жиындарда кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы басты қағидалар мен халық үшін өзекті мәселелер талқыланады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here