АБАЙ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ

0
807

«Абай және ұлттық идея» деген тіркес тосындау естілуі мүмкін. Себебі, Абай лексиконында «ұлт» деген сөз жоқ және «ұлттық идея» деген ұғым біз үшін тым соны, ол бүгінгі таңда жиі айтылып, талқыланып жүр, әрі әртүрлі мағынада қолданылуда. Бірақ, Абай сияқты кемеңгердің даналығы да сонда: ол – әрқашан заманауи.

Абай және ұлдары Ақылбай (сол жақта) мен Тұрағұл (оң жақта)

Абайға дейін де, Абай тұсында да қазақ ақындары «ұлт» деген сөзді қолданбаған. Бұл – Алаш зиялылары енгізген ұғым. Абайда «қазақ, халық, ел, жұрт, алаш, ру» деп айту бар. Былай қарағанда, «ұлт туралы Абай не айтты екен» деген сұрақ тууы әбден орынды. Алайда, Абай  ойларының байыбына зер сала қарасақ, «ұлт» деген сөзді қолданбаса да, Абай «ұлт болу», «ұлтты жетілдіру» деген сияқты идеяларды поэзиясында да, прозасында да әдемілеп айта білген. Тек соны біздерге көре білу, тани білу, түсіне білу керек сияқты. Ол үшін ең алдымен «Абай тарихқа, қазақтың өткені мен өз тұсындағы жағдайына қалай қараған, оны қалай түсінген, қалай бағалаған» деген мәселеге көңіл бөлген жөн деп ойлаймыз.

Міне, осы тұрғыдан келгенде, Абайдың бәріміз жақсы білетін «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» еңбегі айрықша мәнге ие. Мұнда ол сонау түркі-моңғол бірлігі заманынан бастап, қазақтың қалай өзінше ел болған кезіне дейінгі ұзақ тарихын қысқаша шолып өткен. Осы тұста Абай көне түркі қағанаты, исламның келуі, ислам мен ескі діннің күресуі, араласып кетуі, Шыңғыс ханның билігі, осы кезде қазақ жұртының мемлекеттік мәселеге араласып, Майқы бидің Шыңғысты хан көтеруге қатысуы, Жошы мен Шағатай мемлекеттері, Алтын Орда, Әмір Темір патшалығы, Моғолстанның пайда болуы, Бабырдың билігі, Қазақ хандығының өмірге келуі, міне, осының бәрін айта келіп, мынадай түйін жасайды: «Қазақтың бар қатты өсе бастағаны құба қалмақтың жұрты бұзылған соң, осы Сарыарқаға орныққан соң ғана болса керек». Демек, бұл кезеңде Қазақ хандығы күшейіп, жоңғардан жерін азат етіп, дербес ел болып, Қазақ мемлекеті атанып, жан-жағына өзін мойындатқан мемлекетке айналған. Олай болса, қазақ сол заманда-ақ ұлт болған деп айта аламыз. Осы жерде мына бір мәселеге көңіл аударайық.

«Ұлт» дегенді қалай түсінеміз? Қазіргі шақта «ұлт», «ұлттық», «ұлттық идея» дегенді көбінесе этникалық тұрғыда түсініп, қолданып жүрген сияқтымыз. Дәл қазіргі кезеңде «ұлт», «ұлттық» сөздерін «мемлекет», «мемлекеттік» деген мағынада да ұғыну керек тәрізді. Егер осы шартпен келсек, «ұлт» дегенді «этникалық ұлт», «мемлекеттік ұлт» деп екі мағынада қолдануға болатын сықылды.

Этникалық ұлт дегеніміз – өте ерте заманда бір тектес, ортақ тілі, әдет-ғұрпы бар тайпалардан құралған қауым болып шығады. Этникалық ұлт қандай жағдайда қалай болса да сақталады. Ол басқа бір ұлттың езгісіне түсіп, жан-жаққа бытырап кетсе де этникалық сипатын жоғалтпайды. Әлем тарихында мұндай мысалдар көп. Ежелгі мемлекеттердің бірі пайда болып, бірі жойылып кеткенмен, сол мемлекеттерді құраған этникалық ұлттар мүлде жоғалып кеткен жоқ. Мысалы, ассирия, күрд, еврей сияқты көне этникалық ұлттар ұзақ уақыт бойы қаншама мемлекеттер құрамында болғанымен, біздің заманымызға ұлт болып сақталып жетті. Тіпті, қазіргі Еуропа мен Азияның, Американың мемлекеттері де бір емес, бірнеше этникалық ұлттардан тұрады. Францияда тұрып, өзін неміс ұлты, Германияда тұрып, өзін түрік ұлты, Италияда тұрып, өзін армян ұлты, Канада да тұрып, өзін украин ұлты санайтын жұрт аз ба?! Бізде де солай ғой. Ал, мемлекеттік ұлт дегеніміз – мемлекетті құрған негізгі этникалық ұлт. Ол өз маңайына басқа да этностарды топтастыра отырып, бәріне ортақ бір саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік, әскери-құқықтық жүйесі бар қоғам құрады.

Осы аспектіден келгенде, Абай не дейді? Абай сөздерінен байқайтынымыз: қазақтың арғы бабалары есте жоқ ескі заманда, сонау түркі-моңғол тайпаларының бірлігі кезінде этникалық ұлт болып қалыптасқан да, түркі дәуірінде мемлекеттік ұлтқа айналған. Бірақ, сол мемлекеттік ұлт мәртебесін үнемі сақтап тұра алмаған. Бір мемлекетті екінші мемлекет басып алып, оның еркіндігін жоғалтқан сайын ұлт та біресе біреуге тәуелді болып, біресе өзінше дербес өмір сүріп отырған. Сөйтіп, қазақтың өз атымен жеке мемлекет құрып, мемлекеттік ұлт болуы Қазақ хандығы тұсына дөп келген. Бұл – құба қалмақтың басқыншылығын жойып, қазақ ұлтының шарықтаған шағы. Абайдың мына сөзі дәл осы бір кезеңді суреттесе керек: «… Рас, – деп жазады Абай 39-қара сөзінде, – бұрынғы біздің ата-бабаларымыз бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ, бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен… Ол екі мінез қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жүргізбек болмайды екен…».

Міне, Абайдың айтып отырған екі қасиеті мемлекеттік ұлт болған жұртқа тән. Алғашқысы – халық түгелімен ел басына бағынған, яғни мемлекетті басқарған көсемге толық билік берген. Халық соны тыңдаған, соның бұйрығын орындаған. Ал, сол ел басының билігі топ басылары арқылы жүзеге асып отырған. Ендеше, ел басқарған, басшы болған қайраткер – мемлекеттің күшті болуына, халықты бірлікте ұстауға міндетті болған. Абай айтқандай, билікті қолына алған адам «бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады» екен… Оның бір себебін Абай былай түсіндіреді: «Оны (ел басын – С.Қ.) зор тұтып, онан соң жақсылары азбайды екен». Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?». Мұның бәрі мемлекеттік ұлтты сақтау мен күшейтуге бағытталған.

Абайдың айтып отырған екінші қасиеті – қазақ жеке мемлекет болғанда ешкімге намысын жібермеуші еді, елдің бірлігі күшті еді. Аруақ шақырып, мемлекетті қорғауға барлық қазақ күш салушы еді деген идея. «…Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. …Бұлардан айырылдық!» дейді Абай. Неге айырылдық? Орыстан жеңіліп, мемлекеттен айырылған соң, мемлекеттік ұлт та өз мәртебесі мен сипатынан ада болды. Абай тұсында мемлекеттігіміз де, ұлттығымыз да тәуелділікке түсті. Қазақ өз тағдырын өзі шешуден қалды. Өзгеге бодан болған жұрттың этникалық ұлт ретіндегі мінез-құлқы да, іс-әрекеті де, ой-арманы да басқаша болды.

Бас-басына би болған өңкей қиқым

Мінеки бұзған жоқ па елдің сыйқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді ырқың.

«Ырқың өз қолыңнан кетті» дегені Абайдың тікелей қазақ мемлекетінің жойылғанын, қазақ енді дербес ұлт ретінде жоқ екенін, енді ешнәрсені өз еркімен істей алмайтынын айтып отырғаны күмәнсіз.

Абайды қатты қинаған ендігі мәселе – қалай қазақты бұрынғы мемлекеттік ұлт қалпына келтіру болды. Оның жолын іздеді. Сынады, мысқылдады, білімге шақырды, ақыл айтты, күлдірді, ашуландырды… Болмаған соң мынандай ойға келді: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек… Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек… Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек». Абайдың «қазақты түзеймін» деп отырғаны – сөз жоқ, ұлттығын қалпына келтіру деген ниет. Әрине, ол үшін қазақтың мемлекетін қайта құру керек. Бірақ, Абай «қазақты түзету» үшін оның мемлекеттігін қайтару қажет деп ашық айтпайды. Әлбетте, ол орталыққа қарсы қару алып, күресуге де шақырып отырған жоқ. Мұның бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншіден, Абай заманында отаршылдық жүйе әлі керегесі сөгілмей, күшейіп тұрған-ды. Тіпті, орталыққа қарсы қару алып күрескен кейбір елдердің қаншалықты шығынға ұшырап, көсемдері жер аударылып, азап шеккенін Абай оқып та, көріп те білген. Екіншіден, Абай Ресей империясына қарсы қару алып күрескен Кенесары хан мен оның сарбаздарының тағдыры қалай болғанын жақсы білгені күмән туғызбайды. Үшіншіден, отарлықтан құтылудың жолы тек қана қарулы көтеріліс емес, басқа да, яғни халықты бос шығынға ұшыратпай, оның білімін көтеріп, елді ғылымға жетілдіріп барып іске асыруға болады деп түсінген сияқты. (Бұл оның гуманистік көзқарасынан туындаса керек). Абайдың ойы – Ресейдің құрамында болып-ақ халыққа жаппай білім беру мен оны ғылымға үйрету арқылы қазақты жаңа сапаға көшіріп, жаңа ұлт деңгейіне көтеру болатын. Сол себепті де ол орыс тілін, мәдениетін, өнері мен ғылым-білімін меңгеруге шақырады.

Абай пікірлеріне сүйене әрі бүгінгі өмірімізге қатысты проблемаларды ескере отырып, шартты түрде болса да мынадай үш нәрсені анықтап, айқындап алуға болатын сияқты. Бұлар: ұлт, ұлттық идея және ұлттық мүдде. Оларды мүлде бөліп тастауға болмайды. Олар бір мақсатқа бағытталған біртұтас жүйе. Біз оларға тек анықтама беруге ұмтылып отырмыз.

Біріншісі – ұлт. Біз қазіргі кезеңде мемлекеттігімізді қайтарып, мемлекеттік ұлт ретінде қалыптасып жатырмыз. Демек, біз енді ұлт дегенді тек этникалық, яғни этнос деген ұғымда ғана емес, мемлекет деген мағынада да түсініп, қолдануға мүмкіндік алып отырмыз. Егер халықаралық терминге сәйкестендірсек, этникалық ұлт дегеніміз – «этнос», ал мемлекеттік ұлт дегеніміз – «нация» деген ұғымдарды беретін сияқты көрінеді. Егер солай болса, «ұлттық» атты мәртебесі бар мекемелер этникалық емес, мемлекеттік деген мағынаны бермек. Мәселен, «ұлттық кітапхана» деген – тек бір ғана ұлттың кітапханасы деген сөз емес қой. Сол сияқты «ұлттық университет», «ұлттық институт», «ұлттық академия» дегендер де этникалық мағынаны білдірмесе керек. Осындағы «ұлттық» деген мәртебе мекемелерге қазақ халқының қайтадан құрып жатқан мемлекеті беріп отыр емес пе? Ендеше, осы мемлекеттің негізі саналатын қазақ ұлты өзінің этникалық сипатын сақтай отырып, мемлекеттік ұлтқа айналуда деп айтуға болады.

Екіншісі – ұлттық идея. Осы идеяны жүзеге асыру – орасан еңбек пен төзімділікті, ұзақ уақытты талап етеді. Тәуелсіздікті сақтаудың шарттары көп. Олардың ең бастылары, әрине, Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаевтың мейлінше салиқалы жүргізген сыртқы және ішкі саясаты. Содан соң – қазақ халқының ауыз бірлігі мен ұлттық менталитеті (меймандостығы, қанағатшылдығы, тәубешілдігі, төзімділігі т.т.). Нұрсұлтан Назарбаев кезінде Тараз университетіндегі кездесуде ұлттық идея туралы қадап тұрып, өте дәл айтты: «Біздің ұлттық идеямыз – тәуелсіздік, тәуелсіздікті сақтап қалу және ұлттың дәрежесін көтеру… Ендігі ең қастерлі міндетіміз – тәуелсіздікті жариялап алу бар да, сол тәуелсіздікті сақтап, баянды ету. Өз мемлекеттігін, өз жер аумағын сақтап қалған мемлекет қана нағыз мемлекет болады. Осы үш мәселе төңірегінде түпкі идеямыз болуы керек» деді.

Үшіншісі – ұлттық мүдде. Бұл бүгінгі тіршілік пен келешек өмірдің қажеттіліктерінен туындайды. Сол себепті мұнда этникалық та, мемлекеттік те мүдде қатар жүреді. Себебі, біз енді Адамзат өркениетінен қалмауға тиіспіз. Оның озық ойлары мен жетістіктерін түгел игеріп, пайдалана білуіміз керек. Бұл үшін ең әуелі қазақ ұлтын жаңа дәрежеге көтеру керек. Енді қазақ – дала халқы емес, қала ұлты болып, бүтіндей аграрлықтан гөрі индустриялық мемлекет құруға міндетті. Қазіргі мемлекетімізде осы бағытта үлкен бағдарлама жасалып, Президент те, Үкімет те елдің индустириялық-инновациялық даму жолына түсуін қатты қадағалап отыруы – ұлттық  мүддені көздегендік.

Ендігі тағы бір үлкен мүдде – Қазақстанды ұлттық мемлекет ету. Бүкіл өркениетті елдер бастапқыда ұлттық мемлекет болып құрылған және сол этникалық ұлт негізіндегі мемлекет болып дамып келе жатыр. (Англия, Германия, Франция, Италия, Бельгия, Ресей. т.б. алсаңыз да, ішінде қаншама этнос көп болса да, өздерінің этникалық ұлт ретіндегі мемлекеттігін сақтауда). Ұлттық сипатта құрылған мемлекет тек ерте заманда ғана болатын құбылыс емес. ХХ ғасырда азаттық алған Азия мен Африкадағы халықтардың көбісі ұлттық мемлекет құрғаны мәлім. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қайта құрылған Израиль мемлекеті де таза ұлттық негізде пайда болды емес пе?! Олай болса, бүгінгі заманда ұлттық мемлекет болмайды деп айтуға болмас. Ұлттық мемлекет тек бір ғана ұлттан тұрмайды. Әлемде бір ғана ұлттан тұратын мемлекет кемде-кем. Әсіресе, үлкен және  дамыған мемлекеттерде көптеген ұлт өкілдері тұрады, бірақ сол мемлекеттер ұлттық мемлекет болып саналады.

Олар бұл мәселеде бізге үлгі бола қоймас. Құдайға шүкір, Қазақстанның байырғы жұрты – қазақ  халқы  «мың  өліп, мың  тірілсе  де»,  этникалық ұлт сипатын жоғалтқан жоқ. Қазір мемлекет құрып, мемлекеттік ұлт ретінде жер-жаһанға танылып жатыр. Сондықтан, алдағы басты мүддеміздің бірі – Қазақстанды ұлттық мемлекетке айналдыру. Бірақ, бұл – бізде тұратын басқа этностардың мүддесін жоққа шығару емес, керісінше, солармен бірлесе, жұптаса отырып істелетін міндет. Ұлттық мүддені жүзеге асыру – өркениетті, демократиялық жолдармен келісімді іс-шаралар болмақ. Бұл істе мемлекеттік саясатпен қатар ғылым мен әдебиеттің, өнер мен мәдениеттің де рөлі үлкен. Олар ұлтқа, ұлттық идеяға, ұлт мүддесіне, қоғамға қызмет етуге тиіс.

Міне, Абайды ұлттық идея тұрғысы­нан оқығанда туған ойлар осылар.

Сейіт Қасқабасов,

Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ, мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек.

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды.

Өткен жылы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бұл елдік шараға мен де қатысып, қолдау көрсеттім. Мектеп оқушыларынан ел азаматтарына, тіпті әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып, лезде іліп әкеткен бұл бастама бірнеше айға ұласты.

Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады деп сенемін.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені, сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз.

Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады.

(Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласынан)

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here