АЛМАТЫДА ЖЕҢІЛ РЕЛЬСТІ КӨЛІК ЖЕЛІСІ (LRT) 2023 ЖЫЛЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

0
542

1,8 миллион халқы бар Алматы қаласында жеңіл рельсті көлік желісін (LRT) 2023 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

«Біз конкурстың бірінші кезеңін аяқтадық. Таяуда екінші кезеңін жариялауды жоспарлап отырмыз. 2023 жылы Төле би көшесінде LRT-ны іске қоспақпыз.  Оның қашықтығы 22,7 шақырымды құрайды, 35 аялдама болады», – деп түсіндірді Алматы қалалық Мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Қанат Байқоңыров.

Алып шаһарда LRT желісінің құрылысын 2020 жылы бастау жоспарланып отыр. Ал, теxникалық-экономикалық негіздеме бойынша жобаның инвестициялық құны – 94 203 млн теңге. Оның 56 907 млн теңгесі депо құрылысын қоса есептегенде инфрақұрылымға, 36 512 млн теңгесі жылжымалы құрамға кетеді.

«Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрғасының орынбасары Айдос Көбетов Алматыдағы LRT желісі құрылысының жобасы қандай принциппен жүзеге асырылатынын айтты.

«Алматыда LRT жобасы бар және оны мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша іске асыру ескерілген. Жоба екінші кезең деңгейінде тұр. Яғни, жобаны жүзеге асырудың екі кезеңдік тетігі бар, бұл ретте әріптестердің өздері тиісті қаржылық-техникалық, заңгерлік шешімдерді ұсынады», – деді Айдос Көбетов Үкімет үйіндегі брифингте.

Осы орайда Айдос Көбетов бірінші конкурстың нәтижесін жариялады. Бірінші конкурстың қорытындысы бойынша консорциумдағы 9 компания ішінен төртеуі өтті. Олардың құрамында Түркия, Жапония, Франция және Оңтүстік Корея бар. Атап айтқанда, бұл жоба аясында қыркүйек-тамызда екінші кезең бойынша рәсімдерді бастау көзделген.

LRT желісінің жол жүру бағыты деподан соңғы аялдамаға дейінгі A, B, C, D, E, F және G аймақтарын құрайды.

A аймағы – Момышұлы көшесі (деподан Төле би көшесіне дейін);

В, C аймағы – Төле би көшесі (Момышұлы көшесінен Панфилов көшесіне дейін);

D аймағы – Панфилов көшесі (Төле би көшесінен Мақатаев көшесіне дейін);

E аймағы – Мақатаев көшесі (Панфилов көшесінен Жетісу көшесіне дейін);

F аймағы – Жетісу көшесі (Мақатаев көшесінен соңғы аялдамаға дейін);

G аймағы – Төле би көшесі (Момышұлы көшесінен Ясауи көшесіне дейін), Ясауи көшесі (Төле би көшесінен Райымбек даңғылына дейін), Райымбек даңғылы (Ясауи көшесінен Әшімов көшесіне дейін).

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласындағы дауға айналған LRT желісі 2020 жылдың қыркүйегіне қарай аяқталатын болды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here