ҚЫРҒЫЗСТАН МЕН ТӘЖІКСТАН АРАЛАРЫНДАҒЫ ЖЕР ДАУЫН ҚАЛАЙ ШЕШЕДІ?

0
1033

Кез келген мемлекеттің басты құндылығы – халық пен жер. Бұл екеуі жоқ болса, ешқандай елдің болмасы анық. Ал, тарихта ұлтарақтай жер үшін қантөгіске дейін барған оқиғалар аз кездеспейді. Демек, жер дауы өткеннің еншісіндегі ғана тартыс емес, бүгінде түйіні тарқатылмаған күрделі мәселе. Биылғы жылдың 22 шілдесінде Ворух анклавында (өзге мемлекет құрамында қалған мемлекет аумағының бір бөлігі) болған кезекті ұлтаралық қақтығыс Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шешілмеген мәселенің бар екендігін тағы бір мәрте еске түсірді. Екі ел ресми мәлімдемелерінде ынтымақтастықты ту еткенімен, орын алып жатқан қақтығыстар іс жүзінде көршілердің арасында көрінбейтін қамал бар екенін дәлелдеп берді. «Qazaq» газеті бүгін Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекаралық дауға тоқталады.

ТӘЖІКСТАННЫҢ ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ АУЫЛЫ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

Тәжікстан мен Қырғызстанның шекаралық аумағы 976 шақырымға созылып жатыр. Бүгінге дейін соның 504 шақырымы ғана шегеленсе, қалған 472 шақырымның қай елге тиесілі екендігі даулы мәселеге айналған. Ал, Душанбе мен Бішкек 40 мыңдай тәжіктер тұратын Ворух анклавына қатысты «ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» ортақ бір шешімге келе алмаса, бұл істің аяғы насырға шабатын түрі бар.

Рас, екі жүз жыл бұрын даулы аймақтардың қай халыққа тиесілі болғандығын кесіп айту қиын. Дегенмен, Кеңес Одағы тұсында бүгінгі даулы аймақтарды «біздің жер» деуші халықтардың мекендегені анық. Даудың бас-талуына Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін бөліске түскен жерлердің этностық шеңберді және тарихи деректерді ескермей жасалғаны түрткі болып отыр. Сөйтіп, Одақ ыдырағаннан кейін анклавтар пайда болды. Мәселен, жер көлемі біздің Қостанай облысымен шамалас Қырғызстан аумағында алты анклав бар. Соның төртеуі Өзбекстанға (Сох, Шахимардан, Чон-Гара, Таш-Добе), екеуі Тәжікстанға (Кайрагач, Ворух) тиесілі.

Қырғызстан аумағында Тәжікстан анклав-тарының пайда болуына қос елдің Кеңес Одағының құрамынан дайындықсыз шығып кетулері де себеп болды. Айталық, 1991 жылы 31 тамызда Қырғызстан азаттығын алса, іле-шала 9 қыркүйекте Тәжікстан да өзінің тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздігін жариялаған тоқсаныншы жылдары Душанбе мен Бішкектің шекара мәселесін шешуге мұршалары болмады. Бұғанасы бекімеген елдер жер үшін жан алысып, жан берісе күресуді кейінге қалдырып, тар заманда жер даулағаннан гөрі көршілерімен тату-тәтті қарым-қатынаста болу саясатын жүргізді. Және Мәскеуден бөлініп шыққан әрбір мемлекеттің алдында экономикалық дағдарыстан шығу міндеті тұрды. Қиын-қыстау кезеңде Рахмон Нәбиев пен Асқар Ақаевтың да күн тәртібінде тұрған бірінші мәселелері осы болды. Екі елдің де тұңғыш президенттері анклавтар мәселесін ес жинап, етек жапқаннан кейін ғана талқылауды жөн көрді. Демек, Қырғызстан мен Тәжікстан тәуелсіздіктерін жарияламас бұрын шекара мәселесін алдын-ала талқылап, кесіп-пішіп алғанда, бүгінгі даудың салмағы да аз болар еді.

Ворух анклавында қырғыздар мен тәжіктер арасындағы қақтығыстар жиі болып тұрады. Өкінішке қарай, қос тараптың үкіметтік арнайы комиссиялары күні бүгінге дейін шекара сызықтарын нақтылауда осалдық танытып келеді. 2018 жылдың күзінде кездескен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон «Ворух жанжалына» қатысты бірқатар мәселелерді талқылап, қырғыз-тәжік аумағын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкіметаралық комиссия шекара мәселелері бойынша ынтымақтастықты тезірек жандандыру қажеттігін баса айтты. Дегенмен, баяғы жартас сол жартас күйінде қалып, ағымдағы жылдың 13 наурызында шекарада тағы да қақтығыс болды. Оның арты Бішкек пен Душанбе арасындағы дипломатиялық жанжалға ұласты. Ал, қақтығысқа тәжік анклавын айналып өтетін Ақ-Сай – Тамдық жолының құрылысы себеп болса керек.

22 шілде күні Ворух анклавында жергілікті тұрғындар тағы да жанжалдасты. Тәжіктердің Ворух – Исфара жолының бойына өз туларын тіге бастауы қырғыздардың наразылығын тудырған. Ресми мәліметтерге сенсек, айыр қалпақты ағайындар оқ жаудырғанда, тәжіктер де қарап қалмаған. Баткен облысының әкімдігі қақтығыстың салдарынан Қырғызстан тарапынан 17 адам зардап шеккенін хабарлады. Ал, бір тәжікстандық қаза тапқан. Шекаралық жанжалдың белең алып кетпеуі үшін Бішкек Ворух – Исфара, Душанбе Исфана – Баткен жолдарын жауып тастады. Қырғызстан билігі шекара маңындағы өз азаматтарының қауіп-сіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ақ-Сай ауылындағы 315 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Эвакуацияланған қырғыз азаматтары үшін мектептерде уақытша лагерьлер құрылды. Қызыл жарты ай қоғамы оларды баспанамен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, гуманитарлық көмек көрсетті.

Жанжалды ымырашылдықпен шешу үшін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 25 шілде күні Ворух – Ақ-Сай шекаралық аймағында жергілікті тұрғындармен кездесіп, оларды өзара татулықта және келісімде өмір сүруге шақырды. Мемлекет басшыларының кездесу барысындағы көтерген мәселелері тағы да сол шекаралық аймақтағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Тәжік-қырғыз көшбасшылары қақтығыс ошағына айналған Ворух анклавын «бейбітшілік қақпасына» айналдыруды көздейтінін жеткізді.

ТӘЖІКТЕР НЕГЕ ҚЫРҒЫЗДАРДЫҢ МАЗАСЫН ҚАШЫРА БЕРЕДІ?

Қос тараптың бір-біріне қойған шарттарының орындалмауынан бұл түйіткілдің түйіні әлі де тарқатылмады. Тараптардың қойылған талаптарды орындамауға себептері де жоқ емес. Себебі, анклавтар стратегиялық және ресурстық маңызға ие болып отыр. Бұл дауда өзекті екі мәселе бар.

Біріншісі – Ворух анклавына таяу Тәжікстаннан Қырғызстанға құятын Исфара өзені. Судың тіршіліктің қайнар көзі екендігі айтпаса да түсінікті. Содан Қырғызстан мен Тәжікстан Исфара өзенін пайдалануда ортақ келісімге келе алмай отырғандықтан, олардың қарым-қатынасына сызат түскен.

Екінші мәселе – Қырғызстанның Ақ-Сай мен Тамдық ауылдарын байланыстыру үшін салынып жатқан жолдың құрылысы.Тәжікстанның бұл құрылысқа қарсылық танытуының негізгі себебі жаңа жол Ворух анклавын айналып өтетін болады. Ал, Кеңес Одағының тұсындағы екі ауылды байланыстырушы ескі жол Ворух анклавы арқылы өтеді. Тас жолға қатысты келіспеушіліктің артында Қырғызстан мен Тәжікстанның экономикалық текетіресі тұр. Кеңес Одағынан қалған Ворух анклавы арқылы өтетін ескі жолмен қатынау Қырғызстан үшін тиімсіз. Себебі, қырғыз кәсіпкерлері Тәжікстанға баж салығын төлеуге міндетті болады. Бұл – бір. Екіншіден, Қырғызстан мен Тәжікстан арасы шындап шиеленіскен жағдайда Тәжікстан жолды жауып тастау арқылы айыр қалпақты ағайындарға сес көрсете алады. Сондықтан да, қырғыздарға алдағы уақытта тәжіктердің қас-қабағына қарамау үшін жаңа жолдың салынуы сыртқы саясаттағы беделіне де, экономикасына да тиімді.

Тәжікстанның да саясатын түсінуге болады. Ворух анклавы арқылы өтетін ескі жолдың арқасында жергілікті тұрғындар көтерме сауда мен алып-сатарлықтан күнін көріп отыр. Егер қырғыздың жаңа жолы салынса, тәжік кәсіпкерлері тұтынушыларынан айырылып қана қоймай, оларға қырғыз кәсіпкерлерімен бәсекелесудің өзі мүмкін болмай қалады.

Тәжікстанға келер тағы бір пайда – қалаған уақытында Қырғызстанды экономикалық блокадаға ұшырата алады. Осы арқылы Бішкектің саясатына да ықпалын жүргізуге мүмкіндігі бар.

Демек, Тәжікстан Ворух анклавындағы ескі жолдың түсіретін пайдасына әбден үйреніп қалған. Содан Ворухтағы жолдың саяси-экономикалық әлеуетінен айырылуына жол бергісі келмейді.

 Қырғызстан басшылығы 2008 жылдан бері Ворух анклавына қатысты мәселені оңынан шешу үшін Тәжікстанға Ақ-Сай – Тамдық жолының салынуына рұқсат етуін сұрады. Әрине, бұл Қырғызстанның сыртқы саясаттағы сыпайылығы болатын. Себебі, Тәжікстан билігінен рұқсат сұрауға ешқандай негіз жоқ. Өйткені, Ақ-Сай – Тамдық жолы қырғыз жері арқылы өтеді, яғни Бішкек не істесе де өзі біледі.

ТӘЖІКСТАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ НЕ ОЙЛАҒАНЫ БАР?

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон билікке келген 1996 жылдан бері бұл мәселемен жақсы таныс. Сонда президент неге 23 жылда бір нәтиже шығара алмады? Әрине, оған қауқары жетпегендіктен емес болар. Себебі, сұңғыла саясаткердің басты ұстанымының бірі – «қалауын тапса қар жанадыға» кез келген мәселені қиыстыра білу.

Сарапшылардың пікірінше, Эмомали Рахмонға қазір шекаралық даудың өршуі тиімді болмақ. Неге десеңіз, 2020 жылы Тәжікстанда президент, парламент сайлаулары өтеді. Келесі президенттікке үміткер ретінде президенттің ұлы Рустам Эмомалидің есімі атала бастады. Эмомали Рахмонға сайлау алдында тұрақтылықты сақтау үшін халыққа қолдан «сырттан төнетін қауіпті жау» жасап берген тиімді. Яғни, сол кезде ғана тәжік халқы диктатураға қарсы әрекет жасамауы мүмкін. Себебі, кез келген халық үшін бейбітшілік маңызды құндылық саналады. Осы арқылы сайлау науқанында халықтың назарын экономикалық қиындықтардан сырттан төнер қауіпке аудара алады.

Эмомали Рахмонның «сценарийі» бойынша президенттікке үміткер Рустам Эмомали «Ворух дауына» нүкте қойып, тиімді келіссөз жүргізуі әбден мүмкін. Сөйтіп, Ворух келіссөзі Рустамның беделіне оң әсерін тигізеді. Президенттің ұлы тәжік халқының және әлем елдерінің алдында білікті саясаткер, бітімгер дипломат ретінде танылады. Осыдан кейін Эмомали Рахмон «қаһарман ұлын» ұялмай «таққа» отырғыза алады.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы алдағы уақытта болатын қауіп те жоқ емес. Біріншісі – ұлтаралық жанжал болса, екіншісі – Ферғана маңындағы лаңкестік топтардың ұлтаралық жанжалды өз пайдаларына асыру қаупі төніп тұр. Сол үшін Бішкек пен Душанбенің өзара бейбіт саясат жүргізулері де маңызды. Ал істің қай бағытта өрбитінін уақыт көрсетеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, Бішкек пен Душанбенің анклав мәселелерін оңтайлы шешуі алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа. Бірақ, істі неғұрлым тезірек шешсе, соғұрлым шекараның тыныш болатынын естен шығармау керек. Әлде, қос тарап «Отты үрлей берсең өшеді, көршіңді күндей берсең көшеді» саясатын ұстанып, бір-біріне қысым көрсете бере ме?!

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here