Білім мен ғылым саласындағы жаңа бетбұрыс

0
1345

Отандық білім және ғылым саласындағы өткен жылғы жұмыстың қорытындылары мен биылға арналған міндеттер баяндалған ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Білім саласындағы негізгі бағыттар бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері де мәлімделді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ашықтық саясаты билік пен бұқара арасында алтын көпір бола алады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысқан, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов модераторлық еткен алқа отырысында биыл қазақстандықтардың сапалы білім алуға қолжетімділігі артатыны, бұған жаңадан 200 мектеп салу арқылы оқушылар орнының көбеюі ықпал ететіні, білім беру ұйымдарына білікті педагогтер тартылатыны, ол үшін министрлік қазірдің өзінде әлеуметтік пакетті ұсынуды қолға алғаны, балабақшаларда, мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алу үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалып, білім беру қызметінің сапасына бақылау да күшейтілетіні сөз болды.

Соның ішінде ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Таңатқызы айтқан педагогтердің біліктілігін арттыруға, қала мен ауыл оқушылары арасындағы білім алшақтығын азайтуға да баса назар аударылатыны қазақстандық педагогикалық қауымдастықтың көңілінен шықты.

«Биыл кемінде 70 мың педагог жаңа білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Сондай-ақ, Маңғыстау, Атырау, Алматы және Түркістан облыстарында мектеп оқушыларының білім сапасын арттыру мақсатында осы өңірлерге педагогтерді тарту үшін арнайы бағдарлама іске асырылады. Оларға айтарлықтай әлеуметтік қолдау көрсетіледі (коэффиценті жоғары жалақы, баспана жалдау және коммуналдық төлемдер шығындарын өтеу). Бұл шаралар аталған аймақтарда білім беру сапасы бойынша үлкен алшақтықты азайтуға бағытталады», – деп түсіндірді Шолпан Таңатқызы.

Рас, адами капиталдың сапасын арттыру – қоғам дамуын қамтамасыз етудің басты тетігі. Ал, қоғамның зияткерлік әлеуетін ілгерілетуді жүзеге асыру педагогтерге тікелей байланысты. Сондықтан болашақ педагогтерді даярлайтын білім ордасы ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де Президент тапсырмасымен қолға алған ҚР Білім және ғылым министрлігінің барлық бастамаларының сәтті жүзеге асуына өзіндік үлес қосатынына еш күмән жоқ. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.

Мақтағали Бектемесов,

Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here