Әлемнің ең кедей президенті кімге жақпады?

0
4312

«ХХІ ғасыр – идеологиялық майдан ғасыры» дегенімізбен, сонау ХХ ғасырда-ақ идеологиялардың текетіресі басталып кеткен еді. Екінші Дүниежүзілік соғыста фашизмнің тамырына балта шабылған соң, социализм мен капитализмнің арбасуы басталды. Карл Маркс, Фридрих Энгельс, Владимир Лениндер негізін қалап, дамытқан социализмнің таралу аясы Африка құрлығын да шарпыды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Жоғарғы Вольта республикасындағы (Буркина-Фасо) саяси ойындардың соңы коммунистердің пайдасына шешіліп, социалистік елдердің сапына тағы бір мемлекет қосылды. «Qazaq» газеті бүгін Буркина-Фасоның дамуына ғұмырын арнаған Тома Санкараның саяси бастамаларына, қамшының сабындай ғана қысқа болған ғұмырына тоқталады.

ЖЕР ЖЫРТУҒА ЖІБЕРІЛГЕН ШЕНЕУНІКТЕР

1983 жылы 4 тамызда Африканың Жоғарғы Вольта елінде соңғы 17 жылдың ішіндегі төртінші саяси төңкеріс орын алды. Төңкерісті жасаған маркстік-лениндік көзқарасы үшін абақтыда отырған 33 жастағы ұлттық армия капитаны Тома Санкараның (1949-1987) жақтастары еді. Содан Тома Санкара қамаудан бостандыққа шығып, мемлекеттің атауы Буркина-Фасоға («Адал адам отаны» деген мағына береді) өзгертілді. Елдегі биліктің төңкеріспен ауысқанына жергілікті халық қалыпты жағдай ретінде қарады. Олар «Ешқандай да оң өзгеріс орын алмайды, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалады», –  деп қолдарын бір-ақ сілтеді. Дегенмен, жаңа үкімет билік тізгінін қолына алған соң, халық қате тұжырым жасағандарын түсінді.

Халықтың қателесуі орынды да болатын. Әдетте, Африка елдерінің басшылары алдымен оппозициялық топта болып, төңкеріс жасап, билікті қолына алған соң, өзгеріп шыға келетін-ді. Бұрынғы биліктің жолымен кетіп, жемқорлықтың шырмауына түсіп, ақша толы чемодандарымен Еуропаға немесе Америкаға тайып тұратын-ды. Бірақ, жаңа басшы Тома Санкара президенттік жалақыдан бас тартып (2 000 доллар), офицердің 450 доллар айлығын қанағат тұтты.

Ұлтжандылық пен қарапайымдылықты алдымен өзінен бастаған президент Тома Санкара енді шенеуніктерден де осыны талап етті. Бұрынғы офицер бұл орайда батыл қадамдар жасады. Үкімет мүшелерінің гаражындағы барлық қымбат көліктерді сатты және «Renault 5»-тің орнына қарапайым көліктерді сатып алды. Шенеуніктердің жалақыларын қысқартып, оларға бизнес-класс билетін алуға тыйым салды. Өзгелерге үлгі ретінде ресми сапарларында көппен бірге эконом-класс билетімен ұшып жүрді.

Тағы бір айта кетерлігі, Тома Санкара аптапты ыстықта кабинетінде салқындатқыштың (кондиционер) болғанын қаламады. «Егер көпшіліктің қолы бұған жетпесе, мұндай сән-салтанатқа ие болу ұят. Өзгелердің қолы жеткенде ғана, оны мен де пайдаланамын», – деп түсіндірді.

Мемлекеттік қызметкерлерге еуропалық киімдер киюге тыйым салып, жергілікті мақтадан тігілген киімдер киюді бұйырды. Жаңа жыл сайын шенеуніктерді жалақыларының бір бөлігін мұқтаж жандармен бөлісуге мәжбүрледі. Қызметіне жауапкершілікпен қарамаған біршама шенеуніктерді жер жыртуға егіс алқаптарына немесе мал бағуға жіберді. Тома Санкара: «Олардың кабинетте отырғанынан гөрі, қара жұмыс істегендері халыққа пайдалырақ. Қарапайым адамның қалай күн көретінін білсін», – деген тоқтамға келді. Жеке басын ардақтауды құп көрмеген президент министрліктер кабинеттерінде өз портретін ілуді қаламады. «Менің түрім не үшін қажет? Елімізде мен сияқты жеті миллион адам бар», – деді.

Елде орын алып жатқан мұндай өзгерістер шенеуніктерді естен тандырды.

БУРКИНА-ФАСО БАСШЫСЫ БАТЫС ЕЛДЕРІНЕ НЕГЕ ЖАҚПАДЫ?

Барлық салаларда кең ауқымды реформалар жүргізілді. Президент ірі жер иеленушілердің игерілмей жатқан жер телімдерін шаруаларға үлестірді. Нәтижесінде, егіс түсімі 2,5 есеге артып, елге төнген аштық қаупі сейілді. Тегін олжаның тек қақпанда ғана болатынын түсінген Тома Санкара Батыс елдерінің азық-түлік көмегінен үзілді-кесілді бас тартып, онысын былай түсіндірді: «Бұл дүниеде тегіннен тегін ештеңе болмайды. Кім сені тамақтандырса, соның бақылауында боласың».

Тома Санкараның жасаған кезекті бір мәлімдемесі Батыс елдерінің мүлдем таңданысын тудырды. Буркина-Фасо басшысы: «Африка сыртқы қарыздарын төлеуден бас тартуы әбден мүмкін. Кедей қаналушылардың өз ақшаларын бай қанаушыларға беруі ақылға қонымсыз», – деп мәлімдеді. Оның бұл мәлімдемесі Батыс елдерінің тарапынан қарсылыққа ұшырағанымен, ол жергілікті халықтың зор қолдауына ие болды. Халықтың әл-ауқатын көтеруді сөзбен ғана емес, іс жүзінде жүзеге асыруды құп көрген бұрынғы офицер ел астанасы Уагадугуде алғаш рет азық-түлік супермаркетін ашты. Азық-түлік бағасының қолжетімді болуын қадағалады.

Қақпағы кеткен қазанды көріп, ұяты кеткен шенеуніктердің «арқасында» кезінде «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен мемлекет байлығын қайтаруға бағытталған арнайы бағдарлама әзірленді. «Халықтық, революциялық трибунал» құрылып, жемқор шенеуніктер мен төңкеріске қарсы күштердің өкілдерін сотқа тартты. Тома Санкара бұл ретте өзіне дейінгі төңкерісшілердей кінәлілерге өлім жазасын үкім етпеді. Өлім жазасына кеспегенмен, қылмыстылардың жазасы жеңілдей қойған жоқ. Жүз доллар пара алған жемқорды он жылға бас бостандығынан айыратын қатал заң шығарды.

САНКАРАНЫҢ БАСЫНА ТІГІЛГЕН БЕС МИЛЛИОН ДОЛЛАР

Президенттік билігін нығайтқан Тома Санкара соғыс қимылдарын тоқтатып, мемлекетті гүлдендіру машақатына білек сыбана кірісті. Буркина-Фасоны аяқтан тік тұрғызып, өзге елдермен терезесін теңестіру оңай шаруа емес еді. Жемқорлығы бір төбе, ашаршылық пен құрғақшылық бір төбе болса, елді жайлаған жұқпалы дерттер өз алдына бөлек мәселе болды.  Жеті ағайынды болып келетін жұттың құрғақшылық кесапатының алдын алу үшін 10 миллионға жуық ағаш отырғызды. Жұқпалы дертке қарсы 2,5 млн балаға арнайы вакцина ектірді. Мемлекетті артқа тартып тұрған феодалдық құрылыстың дәурені біткенін мәлімдеп, ру басыларын барлық артықшылықтарынан айырып, дүние-мүліктерін тәркілеп, оны халыққа үлестірді. Ру басылардың шаруалардан салық жинауына тыйым салды. Шаруалар бұрынғыдай көсемдердің егіс алқаптарында ақысыз жұмыс істемейтін болды. Үкімет мемлекеттік банктердің үлкен пайызбен несие беруін тоқтатты. Буркина-Фасоның мұндай экономикалық қадамдарына Батыс елдері оң қабақ таныта қойған жоқ. Сондай-ақ, маркстік-лениндік идеологиядан нәр алған Тома Санкараның күн көсем Владимир Ленинді мадақтаған мәлімдемелері ашуларын қоздырып қана қоймай, үлкен қауіп төндіре бастады. Қауіптенулерінің басты себебі, КСРО мен АҚШ арасындағы «қырғи-қабақ соғыста» Кубаның социалистік республика болып, АҚШ-тың көзіне күйік болғаны аздай, енді Африка құрлығында жаңа социалистік республиканың пайда болуы жығылғанға жұдырық болды. АҚШ пен капиталистік Батыс елдеріне Фидель Кастроның (Кубаны 50 жыл басқарған революционер) салған әлегі де жетіп жатыр еді.

Санкараның «еркелігін» Батыс елдері одан әрі көтере алмады. Францияның арнайы қызметі тағы бір әскери төңкерістің сценарийін әзірлеп жатты. Буркина-Фасо Францияның бұрынғы отары екенін ескерсек, Париждің Уагадугудың ішкі саясатына араласуы қалыпты құбылыс. Төңкерісті қаржыландыруға 5 млн доллар бөлінді. Қомақты қаражаттың иісі шыққан соң-ақ, Тома Санкараға қарсылар да пайда бола қалды. Олардың арасын-да президенттен көңілі қалған жемқор шенеуніктер, жергілікті басшылар, жемтігінен айырылған әскерилер де болды. Кейбір әскерилерге Буркина-Фасоның Мали мемлекетімен болған шекаралық қысқа соғыста Санкараның бейбіт тұрғындарды бомбалауға тыйым салғаны ұнамады. Тек бұл ғана емес, саяси күштердің шиеленісі де артып кетті. Санкараның үзеңгілес серігі Блэз Компаоре (елді 1987-2014 жылдары басқарған қайраткер) президентке қарсы шыға бастады. Ол құрған ұлттық революциялық кеңес мүшелері әскерилердің арасына жік салды. Сондай-ақ, төңкерісшілерді қолдамайтын саясаткерлер Санкарамен ат құйрығын үзісіп, азаматтық ұйымдар құра бастады. Уфуэ Буаньи да төңкерісшілердің реформасын ары қарай жасауларына жол бергісі келмеді. Санкара болса, ел бірлігін сақтауды мұрат етіп, өзінен тыс саяси ұйымдардың жұмысын қатты сынға алды. 1987 жылдары Санкара бастамаларын уақытша тоқтататынын, бас басына би  болған саяси ұйымдардың басын біріктіріп, жаңа саяси партия құратынын мәлімдеді. Бірақ, онысы нәтиже бермеді. Томас Санкараға өкпелі топ ұйымдасқан түрде бүгінгі кеткен есесін ертең қайтаруға қамдана бастады.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ БАР БАЙЛЫҒЫ: ҮШ ГИТАРА МЕН ТӨРТ ВЕЛОСИПЕД

1987 жылы 15 қазанда бір топ әскерилер Буркина-Фасо астанасы Уагадугудегі Тома Сан-караның резиденциясына шабуыл жасады. Шабуылды Санкараның жақын досы, үкімет басшысы Блэз Компаоре басқарды. Атыс кезінде Санкара тұтқындалып, артынша өлтірілді. Мәйіті белгісіз жерге жерленді. Онымен бірге елдегі игі бастамалардың да ғұмыры үзілді. Блэз Компаоре жасаған қылмысын халық алдында ақтап алу үшін Санкараны жемқор басшы ретінде көрсетуге тырысты. Санкараның жеке меншігін тінту кезінде қымбат маркалы көліктер, алтындар табылмады. Швейцариялық банктерде де миллиардтаған доллары жоқ болып шықты. Тексеріс нәтижесінде Санкараның бар мүлкі үш гитара мен төрт велосипеді, ескі тоңазытқыш пен сынған мұздатқышы ғана бар екені анықталды.

«Санкара орнатқан әпербақан коммунистік режимді құлатып, шынайы демократия орнатамын» деген Блэз Компаоре халыққа да, азаматтық ұйымдарға  да  берген  уәдесін  орындамады.  Ол  27 жыл бойы билікті уысында ұстады. Демократия мен диктатураны шатастырып алған Компаоренің алдына бір кездері Санкараға жасаған қастандығы бумеранг болып қайтты. 2014 жылы өз халқы жасаған толқудың әсерінен биліктен айырылып, елден қуылды. Ал, Тома Санкара «африкалық Че Гевара» ретінде Буркина-Фасо халқының жадында мәңгіге қалды.

Тома Санкара өлімінен бір апта бұрын Эрнесто Че Гевара өлімінің жиырма жылдығына арналған митингте сөйлеген сөзінде: «Төңкерісшіні өлтіруге болады, бірақ оның идеяларын өлтіре алмайсыз», – деген еді.

Иә, оның мемлекетті дамытуға арналған бастамалары мен ұстанымдары әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Уақыт өте келе оны жоқтаушылар да табылды. 2006 жылы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері Буркина-Фасо үкіметінен Тома Санкараның өлімін тергеуді талап етті. Ал, 2010 жылы туыстары осындай талаппен сотқа жүгінді. 2015 жылы мамыр айында Санкара мен оның жақтастары жерленген бейіт табылып, мәйіттерге сараптама жүргізілді. Кісі өлтіру бабы бойынша сегіз адам күдікті деп танылып, сотқа тартылды. Сол жылдың 6 желтоқсанында мемлекеттік төңкеріс жасауда белсенділік танытқан Жильбер Дьендереге де айып тағылды. Айыпталушы Санкараның төңкеріс кезінде өлтірілгенін растады. Сараптама барысында Калашников автоматының, G3 автоматының, бірнеше тапаншаның оқтары табылды. Президентке он екі оқтың тигені, қолынан, аяғынан, кеудесінен алған жарақаттардың салдарынан көз жұмғандығы анықталды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Тома Санкара – елінің болашағы үшін басын бәйгеге тіккен күрескер тұлға. Оның мемлекетті гүлдендіруге арналған бағдарламасы тиімді болғанымен, жүзеге асыруда қателіктер кетті. Басты қателігі – биліктегі кландар арасындағы қақтығысты тізгіндей алмады. Сонымен қатар, реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру-дың орнына асығыстыққа бой алдырды. Бұл өз кезегінде өзгеріске дайын болмаған саяси күштердің түсінбестігіне, қарсылық көрсетуіне апарып соқты. Буркина-Фасоның гүлденгенін тезірек көргісі келгені оның түбіне жетті.  Дегенмен, 1987 жылғы төңкерістен кейін қара тізімге енген Санкараны зымыраған уақыт бәрібір ақтап шықты.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here