ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ЖОЮ ЖОЛДАРЫ

0
424

Халықаралық еңбек ұйымының 2019 жылғы  есебіне  сенсек, әлемдегі  жұмыссыздар саны 201 миллион адамға жеткен. Бұл мәлімет жұмыссыздықтың жалпы әлем елдеріне ортақ мәселе екендігінен сыр шертеді. Ал, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің мәліметінше, елімізде 443,2 мың адам екі қолға бір күрек таппай жүр. Әрине,  Қазақстан Үкіметі статистикаға қарап телміріп отырған жоқ. Жұмыссыздықпен күресті 2010 жылдан бастап мықтап қолға алды.  2010 жылы 15 ақпанда Үкімет отырысында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының тұжырымдамасы мақұлданған болатын. 2011 жылдан жоспар бойынша игі жұмыстар атқарыла бастады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстарға, қол жеткізілген нәтижелерге шолу жасайды.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ЖОЮ: МАҚСАТ ПЕН МІНДЕТ

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, елдің құрдымға кетуінің негізгі қозғаушы күші – жұмыссыздық деңгейінің артуы. Қазақ «Жұт жеті ағайынды болып келеді» дейді. Дәл солай – жұмыссыздықтың әкелер зардабы да орасан зор. Мемлекетте жұмыссыздық деңгейінің артуы экономикалық дамуға кері әсер етуден бөлек, демографиялық  өсімнің төмендеуіне, қылмыс санының артуына да апарып соғады.

Иә, жұмыссыздық – экономикалық және әлеуметтік проблеманы бірдей тудыра алатын үлкен кесапат. Еңбек нарығын бақылауында ұстай алмаған ұлттың заман көшіне ілесуі де екіталай. Тұрмысы реттелген халықтың әлемдік прогресске ұмтылу қарқыны да ерекше сипатта болады. Бұл ретте Карл Маркстің «Сананы тұрмыс билейді» деген сөзі құптарлық. Қазақтың маңдай алды ақыны Қадыр Мырза Әлидің «Ең ауыр жаза – жұмыссыз қалу» деген әйгілі сөзін бүгінде түйсініп жүргендер де баршылық. Алайда, Үкімет тарапынан республика азаматтарын «жазадан» құтқару шараларының қарқынды жүргізілуі көңілге қуат береді.

Қазақстан Үкіметі жұмыссыздықпен күресу шараларын кезең-кезеңімен өз деңгейінде сәтті жүргізіп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік танытып, елдегі проблеманы жасырмай, 2010 жылы жалпы Үкімет отырысында жұмыспен қамту бағдарламасын даярлауды тапсыруы дер кезінде жасалған маңызды қадам болды. Тұңғыш Президенттің тапсырмасымен жүзеге асқан бағдарламаның нәтижесіне көз жеткізбес бұрын, алдымен бағдарламаның құрылымдық сипатымен танысқанымыз артық болмас.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тоғыз жылдық кешенді бағдарламаның төрт негізгі бағытын айқындаған еді. Олар:

1)  Оқыту және жұмысқа орналастыру;

2) Кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу;

3) Еңбек ресурстарын арттыру;

4)  Ауылдық жерлерді дамыту.

Бағдарламаны жүзеге асыру барысында осы негізі төрт бағытта жұмыстар атқарылды. Сөйтіп, Қазақстан билігі бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыру үшін 2011-2015 жылдары Ұлттық қордан 406,3 млрд теңге қаржы бөлді.

БІРІНШІ БАҒЫТ: ОҚЫТУ ЖӘНЕ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ

Бағдарламаның бірінші бағыты жұмыссыз азаматтарды тегін кәсіптік даярлау курстарынан өткізіп, кәсіби біліктіліктерін шыңдау. Сондай-ақ, оның ішіне курстан өтушілерге психологиялық, материалдық көмек беріп, олардың жұмысқа орналаусына да жәрдемдесу қарастырылған.

Ұлттық қордан азаматтарды кәсіптік бағдарлаудан өткізу үшін 410 млн теңге бөлінген. 2016 жылы бұл қаржы 80 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, жаңа мамандарды  дайындау  және қайта даярлау курстарын өткізуде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сіңірген еңбегі зор. Салалық министрлік 2012 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында 49 795 адам кәсіптік оқудан өткен. Оның ішінде 38 282 адам кәсіби даярлықтан, 9 737 адам қайта даярлау курсынан, 1 776 маман біліктілікті арттыру курсынан өткенін хабарлады.

Кәсіптік бағдарлау жұмыстарының нәтижесінде 2014 жылы еліміздің Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан (Түркістан), Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы саны 21 мың адам қайта даярлау курстарынан өтіп,  өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанның барлық мектептерінде мектеп әкімшілігі кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, оқушыларға семинарлар өткізді. Семинарда кәсіптік бағдарлаудың маңыздылығы, тиімділігі жөнінде үгіт насихат жүргізілді. Аталмыш шара туралы Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының өкілі Берік Кенжебаев: «Кәсіптік бағдарлау ұйымдарын ашудың басты мақсаты – мектеп оқушыларын алдағы уақытта кадрлық резерв ретінде пайдалану», – деп түсіндіреді.

Жұмыспен қамту орталығының қалалық бөлімдері де қалалық деңгейде біршама жұмыстар атқарды. Мәселен, 2018 жылы 778 адам кәсіби бағдарлау бөлімінде өз біліктіліктерін арттырды. Қаланың 60 мекемесінде кәсіби бағдарлаудың маңыздылығы жөнінде түсіндірме жұмыстары өтті. Бағдарламаның бірінші бағыты оқыған мамандығын қажетіне жарата алмай немесе ата-анасының қалауымен қаламаған мамандықты игерген жастарға өз қалауынша жұмыс жасауларына септігін тигізеді.

Техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлау ұзақтығы екі жарым жыл. Жедел оқыту мерзімі бір жыл алты айға созылады. Бағдарлама аясында білім алушылардың басым бөлігі 29 жасқа дейінгі жастар болып табылады. Бірінші бағыт бойынша білімін шыңдаушыларға Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларының тұрғындарына ай сайын 10 АЕК мөлшерінде жол шығынын өтеуге көмек көрсетіледі. Өзге өңір тұрғындарына бұл көмек 5 АЕК мөлшерінде беріледі. 

Бағдарлама аясында оқу курсынан өтем деуші үміткерлерге қойылатын талаптар: жеке басын куәландыратын құжат, аттестат, куәлік, диплом, денсаулық жағдайы туралы мәлімет. Оқу курсына қатысам деушілер жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталығына барып өтініш беруі қажет.

ЕКІНШІ БАҒЫТ: ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының аймақтық бөлімдері елді мекендердегі Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қатысушылармен тікелей байланыса алады. Кәсіпкерлік бастаманы жаппай ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан «Бастау бизнес», «Бизнес өсім», «Bastau кәсіп», «Атамекен Бизнес Академиясының» онлайн-оқыту жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Кәсіпкерлерді дамыту жобасының бірнеше кезеңнен тұратындығын байқауға болады. Жеке кәсібін ашам деушілер оқу курсынан өткеннен  кейін мемлекет кәсіпкерліктің сан-салалы қырын үйрету үшін «Бастау Бизнес» жобасының аясында тегін білім алуға  мүмкіндік  береді. Жобаның негізгі   мақсаты  қатысушыларға  білім  беріп,  бизнес  жоспар жасауға жәрдемдеседі. Курсқа қаты-сушылар шалғай аймақтарда тұрған жағдайда оларға мемлекет тарапынан материалдық-әлеуметтік көмек беріледі.

Әрбір мемлекеттік жобалардың өзіндік ерекшеліктері мен миссиялары бар. Мәселен, жоғарыда айтқан «Bastau Бизнес» жобасы ауылдық жерлердегі жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған жоба. Жобаның іске асырылуы бес кезеңнен тұрады. Олар:

1) Халықты жобамен таныстыру;

2)  Тестілеу жүргізіп, қатысушылар іріктеп алу;

3) Тәжірибелік оқу курсынан өткізу;

4) Жасалған бизнес жоспарды талқыға салып, кем-кетігін түзету ;

5) Жобадағы шағын несие беруді қоса алғанда, алғашқы бір жыл бойы ілгерілету.

Аталған жоба бойынша оқыту ұзақтылығы бір айға ғана созылады.

Тағы бір тиімді жоба – «Bastau Кәсіп». Оның ерекшелігі еңбек нарығының сұранысына сай жұмыс атқаруында.

Жоба даярлау және жұмыспен қамту қызметтері арқылы жүзеге асырылады.  Яғни, сұранысқа ие мамандық бойынша мамандарды оқытып, еңбек нарығының үйлесімділігін тұрақтандыруға септігін тигізеді.

Сондай-ақ, кәсібін дөңгелету үшін білім беруден бөлек, болашақ кәсіпкерлерге микрокредиттер берілу жолға қойылған. Алайда, ескеретін бір жайт, микрокредит мынандай мақсаттарда берілмейді:

1) Қарыздарын өтеу;

2) Жылжымайтын мүлік алу;

3) Жер учаскелерін сатып алу үшін.

Қатысушыларға микрокредиттер мынандай шарттармен ғана беріледі:

1) Микрокредит мерзімі бес жылдан жеті жылға дейін;

2) Ауыл шаруашылығы саласында бірлестіктер құруға және мал шаруашылығымен айналысатындар үшін жеті жылға дейін;

3) Микрокредиттің ең көлемі 8 000 АЕК-ке дейін болады.

Қосылатын жылдық пайызы 6 %-ды ғана құрайды.

Миркрокредитті алу үшін болашақ кәсіпкер апаруы тиіс қажетті құжаттар:

1) Жеке төлқұжаттың көшірмесі;

2) Дайын бизнес жоспардың болуы;

3) Кәсіпкерлік курстан өткенін растайтын құжаттың түпнұсқасы;

4) Еңбекақысын немесе басқа да табыс көздерін растайтын құжаттар;

5) Банктерде қарыз берешегі жоқтығын куәландыратын құжат;

6) Кепілдік қамтамасыз етуді растайтын іс-қағаздардың көшірмесі.

2017 жылы шағын несие беру мақсатында 32 млрд теңге бөлініп, соның арқасында 7 200-ден астам шағын несие бөлінді. 2018 жылы мемлекет тарапынан микрокредит берілуі үшін ұлттық қордан 61 млрд теңге бөлінсе, 2019 жылы бөлінген қаржы 129,3 млрд теңгені құрады.

Микрокредиттермен ел көлемінде қамту мақсатында Қазақстанда былтыр 362 несие беруші ұйымдар ашылды. Оның 310-ы қалаларда, 52-сі ауыл-аймақтарда.

Статистика мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылдың қорытындысы бойынша белсенді микрокредиттік ұйымдар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында екендігі анықталды.

Еліміздің оңтүстік астанасында 61 микрокредиттік ұйым жұмыс істесе, елордамызда 38 ұйым. Ал, шырайлы Шымкент шаһарында 37 микрокредиттік ұйым өз жұмысын атқаруда.

Сондай-ақ, кәсіпкерлерге микрокредиттерді беру саны жағынан республика бойынша Қостанай облысы көш бастаушылардың қатарынан табылады. «Даму» қорының берген ақпаратына сүйенсек, 2019 жылы Қостанай облысында 1 244,2 млн теңгеге 142 микрокредит берілген.

ҮШІНШІ БАҒЫТ: ЕҢБЕК РЕСУРСТАРЫН ЖАППАЙ ЖҰМЫЛДЫРУ

Еңбек ресурсы – еліміздің экономикалық күш-қуатының ең негізгі бөлігі болып табылады. Еңбек ресурстарының өсімі демографиялық процестің қарқынды өсуіне, экономиканың әлеуетін көтеруге тікелей әсер ететін фактор. Бұл ретте еңбек ресурстарын жұмылдыруға баса мән беру маңызды қадамдардың бірі. Жұмыс күші жеткіліксіз аймақтарға өз жерінде жұмыс таппай жүрген мамандарды көшіру үшін арнайы субсидия беріледі.

Төртінші бағыт өз мәресіне жетуі үшін көшуге субсидия беру қарастырылған, жаңа жерге көшіп келгендерді кәсіптік даярлаумен қатар қайта даярлау, біліктілігін арттыру курстарында тегін оқытып, жұмысқа орналасуына көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, келушілерге арнайы қызметтік үй беру жағы да есепке алынған. Жас мамандарға арналып жатақхана құрылыстары да қарқынды жүргізілуде. Сонымен бірге, өзге аймақтан келген мамандарды сол өңірге сіңістіру мақсатында арнайы психологиялық бейімдеу орталықтары ашылған.

Елбасы тапсырмасымен оңтүстіктен солтүстікке жұмыссыз жас мамандарды көшіру үдерісі бүгінде үздіксіз атқарылып келеді.

Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды әлеуметтік үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының төрағасы Мұхит Отаршиевтің мәлімдеуінше, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламысының аясында 2014-2016 жылдар аралығында оңтүстіктен солтүстік өңірге 154 жас отбасы қоныс аударып, бағдарламаға сәйкес көшу шығындары төленген. Екі жылда қоныс аударған мамандардың қазірде 48-і ауыл шаруашылығында, жергілікті басқару органдарында 11 адам, қызмет көрсету саласында 12 адам болса, денсаулық сақтау саласында 7 маман қызмет етуде. Бағдарлама күшіне енгеннен бері бүгінде солтүстік аймаққа 19 мың адамның қоныс аударғаны белгілі.

Мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарынан тұрғындарды көшіру көзделген. Тұрғындарды жаңа қонысқа тартудың негізгі тиімділігі жұмыспен қамту, баспанамен қамтамасыз ету арқылы еңбек ресурстарын жұмылдыру.

Жұмыс күшінің жетіспеушілігінен арылуды көздейтін жоғарыда аталған облыстарда белсенді әрекет етуде. Мысалы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында кемінде жылына екі  мәрте  өңірлік  еңбек жәрмеңкесі өтеді. Еңбек жәрмеңкесінде облыстық  басқарма өңірде жұмыс күші жетіспей жатқан мамандықтар санын, келушілерге аймақтағы тұрғын үйлердің бағаларын таныстырып, кадрлардың отбасын балабақша, мектеп, ауруханамен қамтамасыз ете алу мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі айтып береді. Бұл өңірлерге келем деушілерге жасалынып отырған таныстыру әрі ынталандыру шарасы. Сондай-ақ, аймақтан аймаққа көшіру барысы жұмыссыздардың еркімен ғана жүзеге асырылады. Болашақ қоныс аударушыларға бірінші кезекте тұратын баспаналары, жұмыс орындары көрсетіліп, айлық жалақысының көлемі туралы келісімшартпен алдын ала таныстырады. Көшу, көшпеу құқығы әрбір азаматтың өз еркінде. 

ТӨРТІНШІ БАҒЫТ: АУЫЛ-АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУ

Ауыл-аймақтардағы инфрақұрылымды дамыту және қайта құру – ел экономикасындағы ішкі сұранысты қанағаттандыруға қажетті агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда жаңаша серпін береді. Еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің тұралануына көбінесе өндіріс орындарының шағындылығы мен шашыраңқылығы кері әсер етеді. Содан шағын кәсіпорындарды біріктіріп, нақты мақсатқа бағыттау үшін пилоттық жобалар қолға алынып келеді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы қиындықты еңсеру үшін «200 ауыл шаруашылығы кооперативі» бағдарламасын әзірлеу үстінде. Сондай-ақ, жеті мыңнан астам шаруа қожалықтарын біріктіруге ниетті болып отырған 238 ауыл шаруашылық коопертивтеріне қолдау көрсетіліп келеді. Шағын шаруа қожалықтарын біріктіру арқылы ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, сыртқы нарыққа тауар шығару көлемін арттыру деңгейін көтеруге мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде ауылда тұратын ел азаматтарының өзін-өзі жұмыспен қамтуына жағдай туғызады. Қазіргі таңда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері халық арасында ауылдық кооперативтер ұйымдастырудың мәні, маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуде.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында осы төрт бағыт бойынша бүгінге дейін атқарылған игі шаралардың нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай. Осылайша, Қазақстан Үкіметі әлемдік мәселеге айналған жұмыссыздықпен күресу жұмыстарын тиімді ұйымдастырып отыр. Бағдарлама аясында нәпақа тапқыңыз келсе, мемлекеттік ресми сайттардан қажетті мәліметтерді толық ала аласыз. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көру үшін бағдарлама мақсатын терең түйсініп, сергектік танытып, қолдау көрсетсек, жұмыспен қамту бағдарламасының халыққа берері мол болмақ.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here