Елді салығымен «асырап отырған» компаниялар

1
5752
Фото: kapital.kz

Салық саясаты – мемлекеттің экономикалық саясатының бір бөлігі. Мемлекеттік бюджетті қалыптастыратын да, жалпы ұлттық өнімнің (ЖҰӨ) ауқымын кеңейтетін де салықтық түсімдер мен төлемдер. «Біздің елімізде салықтың ең көп бөлігін кімдер төлейді?» деген сауал төңірегінде ізденіп көрсек, қазына қоржынын қампайтқан 30 компания бар екен.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті Қазақстанда «төлем төлеуге қабілетті» компаниялардың рейтінгіне қысқаша шолу жасады. Қазақстанның ең ірі салық төлеушілерінің үштігі еш өзгеріссіз қалып отыр. Олар «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» қазақстандық бөлімшесі және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ. Осы үш кәсіпорын 2019 жылы Қазақстанның барлық салықтық түсімдерінің 30%-ын қамтамасыз еткен.  Бұл алпауыттардың қанша салық төлегенін білгіңіз келе ме? Ал, биылғыдай пандемиялық ахуал кезінде ірі салық төлеуші компаниялар былтырғыдай төлем жасай ала ма? Осы және өзге де сұрақтарға бірге жауап іздеп көрсек.

МҰНАЙ МЕН ТЕМЕКІНІҢ ҮЛЕСІ КӨП

Kursiv.kz порталы Қазақстанның 30 ірі салық төлеуші компаниясының жыл сайынғы рейтінгін ұсыныпты.  2019 жылы алғашқы отыздық мемлекет қазынасын 5,1 трлн теңгеге қампайтыпты, бұл шамамен мемлекеттік бюджетке түсетін бір жылдық салықтық төлемдердің жалпы мөлшерінің жартысын құрайды.

ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сенсек, 2019 жылы мемлекет қазынасына түскен салықтық түсімнің жалпы сомасы 9,69 трлн теңгені құрады, алдыңғы жылдардағы кезеңдермен салыстырғанда салықтың жиналуы 18,3%-ға немесе 1,5 трлн теңгеге өсіпті. Қазақстанның мониторингке кіретін 300 ірі компаниясы қазынаны 7,25 трлн теңгеге толтырған. Корпоративтік сектор 2019 жылы аса ерекшелене қоймады: 2018 жылмен салыстырғанда тек 0,45 трлн теңгеге, яғни 6,6%-ға көбейген. Дейтұрғанмен, алдыңғы жылдары өсім 40-50% деңгейінде болғанын айта кетейік.

Дәстүрлі түрде бюджетке негізгі соманы мұнай мен ілеспе газ өндірумен айналысатын кәсіпорындар әкелген. Олар рейтингтің 30 орнының 18-не жайғасты. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес мұнай-газ секторының үлесіне ірі салық төлеушілердің алғашқы отыздығының түсімдерінің есебінен 4,32 трлн теңге, яғни 85%-ы түскен. Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда аталған компаниялардан түсетін салық көлемі аз ғана өзгерген. Бұған 2019 жылы мұнай бағасының сәл-пәл ауытқуы себеп болған.

«Мұнайшылардың» қатарын темекі өндірісінің компаниялары толықтырады. Аталған сектордың рейтингке тұрақты қатысушыларына бұл жылы тағы бір компания қосылды. Олардың бюджетке төлеген салықтарының жалпы көлемдегі үлесі 4,7%-ды (238,44 млрд теңге) құрайды. 

Дәл сонша салықты металлургиялық өндірістегі компаниялар да төлепті – 218,6 млрд теңге, яғни «отыздықтың» жалпы салықтық мөлшерінің 4,3%-ы. Рейтингке кен өндіру саласының, транспорт, мұнай өнімдерін қайта өңдеу және байланыс саласының да өкілдері енген. Қаржы секторы мен құрылыс компаниялары 2019 жылдың рейтингінде алдыңғы жылдардағыдай «жарқылдамапты».

ЕҢ КӨП САЛЫҚ ТӨЛЕГЕН ОТЫЗДЫҚ

Рейтингтің алғашқы ондығының сегіз компаниясы мұнай өндіруге маманданған. Қазақстанның ең ірі салық төлеушілерінің үштігі еш өзгеріссіз қалып отыр. Олар ел қазынасын 1,94 трлн теңгеге толтырған «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» қазақстандық бөлімшесі 616,96 млрд теңге және «Маңғыстаумұнайгаз»  АҚ 366,28 млрд теңге салықтық түсім жасаған.  Тек осы үш кәсіпорын 2019 жылы Қазақстандағы барлық салықтық түсімдерінің 30%-ын қамтамасыз еткен. Дегенмен, алдыңғы жылмен салыстырғанда аталған компаниялардың салықтық төлемдері сәл-пәл қысқарған.

Алдын ала болжамдар бойынша, 2019 жылы Қазақстанда өндірілген мұнай мен сұйық газ 90,5 млн тоннаға жеткен. Энергетика министрлігіндегілер анықтағандай, «Теңізшевройл» ЖШС жылына 27,79 млн тонна көмірсутек, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» – 11,27 млн тонна және «Норт Каспиан Оперейтинг Н.В.» – 14,1 млн тонна өндірген. Соңғысы 2019 жылы ірі салық төлеушілердің рейтінгіне кіріп, 88,36 млрд теңге салықтық төлем мөлшерімен 13-орынға жайғасқан. НКОК әлем бойынша соңғы 40 жылда ашылған ең ірі кен орны боп саналатын Қашаған теңіз кен орнында коммерциялық өндіру жобасының операторы.  Жобадағы Қазақстанның үлесі 16,88%-ды құрайды.

Осы үштікке қысқаша сипаттама берер болсақ, мұнайлы өлке – Атырау жерінде орын тепкен Теңіз кен орнының 2033 жылдың сәуірінде өндірілетін өнім көлемі 750 млн тоннадан 1,1 млрд тоннаға (6-9 баррель) жетеді деген болжам бар. Бүгінде кәсіпорында 4 мың қызметкер тер төгеді, оның 95%-ы еліміздің азаматтары.

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» әлем бойынша мұнай-газ, кен өндіретін ең ірі кен орнының бірі. КПО 1997 жылы ел үкіметімен келісімге отырған. Өзара келісім нәтижесінде 2038 жылға дейін қызметін  емін-еркін жүргізе алады. Оның ішінде ешқандай салықтар мен төлемдердің жаңа түрі қолданылмайды екен. Бұл да үлкен жеңілдік емес пе?! Осыдан-ақ еліміздегі салық саясатының қаншалықты жұмсақ екенін бағамдауға болады.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ штаб-пәтері Ақтау қаласында орналасқан. Бұл компания Қазақстанның ең ірі мұнай-газ өндіруші компанияларының қатарында. Негізі 1963 жылы қаланған кәсіпорынның қазіргі таңда 20-ға жуық бөлімшесі бар. Қазақстандық «Қазмұнайгаз» (50%)  бен қытайлық  CNPC (50%)   компаниялары акционерлері.

Рейтингтің төртінші және бесінші қатарына «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Өзенмұнайгаз» АҚ компаниялары кірді. Екеуі де ұлттық мұнай операторы «Қазмұнайгазға» қарасты компаниялар. Бұл компаниялар мемлекетке салық түрінде сәйкесінше 194,88 және 177,44 млрд теңге төлеген. «Ембімұнайгаз» өзінің былтырғы нәтижесін 33,7%-ға жақсартқанын атап айтуға болады. «Қазмұнайгаздың» мәліметіне сүйенсек, кәсіпорын 2019 жылы көмірсутектің ресурстық қорын айтарлықтай арттырған. Өсім жұмыс істеп тұрған кен орындарын барлау кезінде белгілі болыпты.

Еліміздің ірі салық төлеушілерінің 6-8 орындарына қытайлықтармен бірге істейтін «мұнайшылар» орныққан.  Олар «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «СП Қазгермұнай» ЖШС. Бұлардың акционерлері CNPC қытайлық ұлттық мұнай-газ корпорациясы мен CITIC Group-тың құрамына кіретін «Қаражанбасмұнай» АҚ.

Тоғызыншы орында былтырғы нәтижесін 4 қатарға жоғарылатқан «Қазцинк» ЖШС тұр. Компания бюджетке 106,59 млрд теңге (47,7%) көлемінде салық төлемін жасаған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. «Қазцинк» – цинкті мыстың, бағалы металдар мен қорғасынның үлкен көлемін біріктіріп өндіретін алып өндіруші. Серіктестіктің атқарушы инвесторы – швейцариялық Glencore International AG компаниясы.

Оныншы орынға Қазақстандағы темекі өндірісінің өкілі – «Джей Ти Ай Казахстан» ЖШС жайғасыпты. Кәсіпорын мембюджетке 101,91 млрд теңге салық төлеген, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 22,5%-ға жоғары.  Қазақстандағы темекі өнімдері бойынша тағы бір компания – «Филип Моррис Казахстан» – 11-орынға жайғасып, бір қатарға жоғарылапты. 95,17 млрд теңге, яғни алдыңғы жылмен салыстырғанда 24,8%-ға көбірек қаржы төлеген.

«Қазмұнайгаз» ҰК салықтық төлемдері 3 есеге – 2018 жылы 31,53 млрд теңгеден 2019 жылы 90,93 млрд теңгеге артқан. Нәтижесінде ұлттық компания 26-орыннан 12-орынға жоғарылады. Moody’s рейтинг агенттігінің өткен жылы компанияның несие төлеу қабілеттілігінің рейтингін көтергенін айта кету керек. Себебі, «Қазмұнайгазға» Қазақстан үкіметі тарапынан «Ва3»-тен «Ва2»-ге дейін ешқандай қолдау көрсетілмейді. ҚМГ-ның ұзақмерзімді рейтингі «Bаа3» деңгейінде «тұрақтыдан» «дұрыс» деген болжамды қайта қарағаннан кейін расталған.

Қазақстандағы ірі кен орнының бірі «Қарашығанақтың» шетелдік мердігерлері – «Би Джи Карачаганак Лимитед» пен «Аджип Карачаганак Б.В.» компанияларының бөлімшелері рейтинг бойынша 14-15-орындарға жайғасты. Бұл компаниялар қазынаға сәйкесінше 78,1 және 74,23 млрд теңге төлеген. «Шеврон Интернэшнл Петролеум Компанидың» бөлімшесі бұл жобаның қатысушысы 54,1 млрд теңге сомасында салық төлеп, 20-орынға шықты. 

Қазақстандық кәсіпкер Тимур Құлыбаевтың компаниясы – «Каспий нефть» акционерлік қоғамы – 2019 жылы бюджетке 67,1 млрд теңге төлеп, рейтингтің 16-орнында болды. «Еуразиялық өндірістік компанияның» (ERG) құрамына кіретін «Казхром» трансұлттық компаниясы 17-орында тұр. 2019 жылдың нәтижесі бойынша компанияның салықтық аударымы 63,17 млрд теңгені құраған, бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 26%-ға жоғары.

Ары қарай рейтингтің су жаңа мүшелері таныстырылмақ. «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС 58,02 млрд теңге салықтық түсімінің мөлшерімен 18-орынға шықты. Алдыңғы жылғымен салыстырғанда көрсеткіші 83%-ға жоғарылаған. Eurasian Resources Group құрамына кіретін «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің» төлемдері 2 есеге, 27,38-ден 57,17 млрд теңгеге өскен.

Ақмола облысында алтын өндірумен айналысатын «Қазцинктің» қоластындағы «Altyntau Kokshetau» 2019 жылы қазынаға 51,75 млрд теңге төлеп, алдыңғы нәтижесін 63,6%-ға жақсартты. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 50,62 млрд теңге салықтық аударымдарымен бір сатыға, яғни 22-орынға жоғарылады.

Бұлардың соңынан 48,7 млрд теңге салық төлеп, көрсеткіші алдыңғы жылғыдан 18,8%-ға төмендеген «Қазақмыс» ілеседі. Компания алдыңғы рейтингтен 9 саты төмендеді.  «Қазақмыстың» ірі акционері – қазақстандық кәсіпкер Владимир Ким.

«Матен Петролеум» акционерлік қоғамы Қазақстанға салық және өзге де төлемдер түрінде 48,68 млрд теңге төлеген. Қазақстандық кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысовтың бұрынғы компаниясының акциялары қазірде қытайлық Geo-Jade Petroleum-нің қоластындағы голландиялық Sino-Science Netherlands Energy Group B.V. компаниясына тиесілі.

«ПетроҚазақстан» – «Қытайлық Ұлттық Мұнай Корпорациясы» (CNPC) мен «Қазмұнайгаз» ҰК акционерлері болып табылатын мұнай компанияларының тобы. Рейтингке компанияның екі тобы бірден енді – 44,96 млрд теңге салық төлеген «ПетроКазахстан Ойл Продактс» 25-орынға және 43,96 млрд теңге аударған «ПетроКазахстан Кумколь Ресорсиз» 26-орынға жайғасты.

Рейтингтің 27-ші сатысында «Қазақтелеком» АҚ жайғасқан. Байланыс және коммуникация секторының өкілі – ел бюджетіне 43,31 млрд теңге төледі. 2018 жылы 40,22 млрд теңге төлеген болатын.

Рейтингті үш жаңа қатысушы қорытындылайды. «Нельсон Петролеум Бузачи Б.В.» мен «СNPC Интернешионал (Бузачи)» компанияларының қазақстандық бөлімшелері Маңғыстау облысындағы Солтүстік Бузачи мұнай кен орнын бірдей үлесте қайта өңдейді. «Нельсон Петролеум Бузачи Б.В.» 2019 жылы Қазақстанға 43,24 млрд теңге мөлшерінде салық төлеген. Компания Голландияда тіркелген. Ресейлік «ЛУКОЙЛ Оверсиз» бен қытайлық Sinopec компаниялары акционерлері болып табылатын Caspian Investment Resources Ltd тобына мүше. Ақтау қаласындағы «СNPC Интернешионал (Бузачи) Б.В.» корпорациясының филиалы өз кезегінде 41,69 млрд теңге сомасында салық төлеген.

Рейтингтің ең соңғы 30-қатарында «Бритиш Американ Тобакко Казахстан Трейдинг» ЖШС көрінді. Кәсіпорын Қазақстан бюджетіне салық және басқалай төлем түрінде 41,35 млрд теңге аударған. British American Tobacco – әлем бойынша ең ірі темекі өндіретін компания.

Сонымен біз мұнай өндіретін компанияларымызбен мақтана аламыз. Ал, ауылымыз аралас, қойымыз қоралас көршілес Қырғызстанның алтын өндіретін кәсіпорындары алдыңғы орында. «Құмтөр» – қырғыздардың ірі инвестициялық жобасы. «Құмтөр Оперейтинг Компани» Орталық Азия бойынша алтын өндіретін алып кәсіпорын. Канадалық Centerra Gold Inc компаниясы инвесторлық етеді. Аталған кәсіпорында осы уақытқа дейін 10,42 млн унция немесе 324,1 тонна алтын өндірілген. 

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстанды салығымен «асырап отырған» 30 компанияны жіпке тізгендей тізіп шықтық. Ал, биыл көрінбейтін жау COVID-19  індетіне байланысты шектеу шаралары мен мұнай бағасының ауытқуы салықтық түсімдерге де кері әсер етуде. Сонымен, Қазақстанның Қаржыгерлер қауымдастығының мәліметіне қарар болсақ, 2020 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Ұлттық қордың қаржы аударымдары 403 млрд теңгеге, яғни 1 млрд долларға, ал республикалық бюджет  – 667 млрд теңгеге, яғни 1,65 млрд долларға кеміген. Мұны пайыздық көрсеткішке шағатын болсақ, республикалық бюджетке жиынтық салықтық түсімдер 24,5%-ға, Ұлттық қордың түсімдері 27,9%-ға төмендеген.

Мұның бәрі Қазақстанда 1 сәуір мен 1 қазанға дейін зейнетақы қорынан салықтар мен өзге де міндетті төлемдерге шағын және орта бизнес субъектілеріне нөлдік мөлшерлеме қойылғанынан болып отыр. Мұндай жеңілдік 29 қызмет түріне қатысты.

Оның үстіне бізде бизнес цифрландырылмаған. Дәстүрлі бизнес-үлгісінде салықтық түсімдер екі есе көп болады. Кәсіпорын ғимараты, жұмыскерлері, т.б. барлығын есептегенде салықтық жүктеме көбейе береді. Енді төрткүл дүние сандық технологияға тәуелді екенін анық ұғынғандай. Әсіресе, карантин кезінде кәсіпкерлер электронды сауданы жақсы меңгерсе, салық мәселесін де оңай шешетіні түсінікті.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, шолушы

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here