Жол үстіндегі екінші әңгіме

0
1163
Туған жерге сапар. Ортада тұрған Кенжеғали Сағадиев пен Қоғабай Сәрсекеев. 1999 ж.

Біз тағы да жол үстіндеміз. Араға 13 жыл салып және жолға шығып тұрмыз. Бағыт – туған жер Торғай.

Туған жер – түп қазық, айналып келіп тұрар мекенің.

Әрине, әр сапардың өзінің мақсат-мұраты болады, бұ жолғы сапардың да өз реті бар, Алматыдан шығарда бәрі пысықталған, бағдар айқын. Жолбасшы – Кенжекең – Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев, бүгінгі заманның айтулы ғалымы, ғұлама ұстаз, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі.

Маршрут белгіленген. Қостанай арқылы жүру қарастырылды. Қайтарда Арқалықты басып өтіп, Атбасарға келеміз де Астанаға аялдаймыз.

Жолға шыққасын ыңғайласқанбыз. Жол қысқарсын деген оймен әңгіме-дүкен құрып отыруға біз Кенжекең екеуміз бір көлікке жайғастық.

Ұзақ сапарда сөздің бастауыш, баяндауышы болмайды, ой ағымы да сондай, сондықтан әңгіме де, ой да бір жүйе – бір арнаға бағына бермей екеу арадағы ашық-жарқа сұхбат еркін өрбиді.

Қазақтың ен даласы… Ұшы-қиыры шексіз-ау… Шүкір дегізетіні қазір қай өңірге барам десеңіз де жол ашық, қатынас жақсы, әуе, темір жол, тас жол, тіпті су жолдары да түсіп жатыр. Алматы мен Астана арасы, біз барамыз деген Торғайға дейінгі бұрынғы сара жол бүгінгі заманауи асфальтты қара жолға ауысқан. Бұл да көңілге қуаныш ұялатады.

Алматы мен Балқаш аралығы 600 шақырымдай ғой, көлікпен жүрген кісіні жалықтырып жіберетін жол осы тұс. Біз бұл аралықтан қалай өткенімізді әңгімемен отырып аңдамай да қалдық. Бүгінгі күннің ақпараттық ағысы жетерлік-ау, бірі бітсе бірі сабақталады. Қоғам жаңа, уақыт басқа, оның үстіне қазіргі адамның дүние өрісі де кең, үйіңде отырып-ақ барша әлем хабар-ошарын біліп, көріп, көңілге тоқисың. Елеп-екшеу еркіңде. Газет-журнал, телехабарларын былай қойғанда интернет бар, компьютер заманы кісіні жалғызсыратпас, міне, осының бәрі әңгімеге өзек. Біразы сапырылды. Бір сөзді бір сөз түртеді. Бірде ауыл, бірде қала, бірде ағайын, бірде дос, өткен-кеткен дендеп, жадымызға оралып, жаңғыра көкіректе тіріліп, дөңгеленген жұмыр жердей жамырай еске түсіп, айтылып қалып жатыр. Пай-пай, тірлік! Деніңнің сауында қызықсың, сен!

Бір сәт еске сонау 1999 жылдың тамыз айы түсті. Сонда да бір қауым жұрт болып елге келіп кеткен едік-ау… Әрине, ол сапардың жөні де бөлек еді, Торғайға келгесін уақыт үнемдейміз деп, әркім әрқалай бөлініп, бірі ата-бабаларының басын қарайтып, белгі қойып, перзенттік парыздарын өтеген, бірі өз жұмыстарының бабымен ауыл-ауылға – туған өңірлеріне аттанып кетіп, тек қайтарда ғана аудан орталығында табысқанбыз. Бұл жолы олай шашырамауға келістік, сапарлас ағайындардың жұтқан ауасы, ішкен суы, татқан дәмі, басқан топырағы бір болды.

Өткендегі сапарымыз жайлы кезінде «Жол үстіндегі әңгіме» дейтін көлемді эссе-сұхбат жазғанбыз. Ол «Егемен Қазақстанда» жарық көрген. Сонда біз әңгімені: «Кенжеке, үлкен ғалым, ғұлама ұстазсыз, ғылым жолы қиын жол ғой, осыған қалай келдіңіз?»  деп аяқтағанымызда, Кенжеғали Әбенұлы: «Бұл үлкен тақырып, ғылым – менің өмірім. Сондықтан бұл әңгімені кейінге қалдыра тұрған жөн шығар. Ғылым жайында жол-жөнекей айтуға болмайды. Ғылым – киелі!» деп еді. Енді сол әңгімені және тірілтіп:

– Кенжеке, сол жолғы әңгімені жалғастырсақ қайтеді, – дедік. – Өзіңіз айтқандай, ғылымның киелі екені рас, бірақ тағы да сапар үстінде келе жатқанымызбен мынау ақ жол ғой, ақ жол үстінде таза сөз сабақталмаушы ма еді?

– Ақ жолда, әрине, ақ сөз айтылады, өткенді ұмытпай еске салуың да орынды, – деп сөзін бастады Кенжекең. – Ғылым деген шынында да бір құдірет! Менің жұрттан жасырар сырым жоқ, бар өмірім, өнер, білім, ғылым жолындағы ізденістерім де, атқарған қызметтерім өздеріңнің көз алдарында өтіп келе жатыр. Мектепті әуелі туған өңірде бастап, Торғайда жалғадым. Орта мектепті Әулиекөлде бітірдім. Одан Университетке (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) келіп түсіп, оны тәмәмдап, 1963-66 жылдары Г.П.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасында оқып аяқтадым, кандидаттық, докторлықты сол Мәскеуде қорғадым. Тағдырдың жазуымен түрлі оқу орындарында қызмет істедік, жоғарғы оқу орындарында басшылық жұмыстар атқардық. Оның бәрін тізу жөн болмас, ең жоғарғы лауазымды қызметім – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті болғандығым. Кейін де сан-салалы қызметтер атқарып жүрміз. Екі шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болдым. Осы қызметтерім үшін отандық орден-медальдармен марапатталдым. Міне, осының бәрін жұрт біледі. Сондықтан бөле-жара айта қоярлықтай нем бар? Оның үстінде мен таңдаған мамандық – экономика саласы ауқымды cала. Демек, өрісі кең ғылым! Әйтпесе экономика тақырыбы бүгінде қоғамдық ілім-білімнің алдына шығар ма еді, күнделікті тірлік, өндіріс, барша шаруашылық жүйесі – бәрі экономикаға келіп тіреледі, иек артады. Сонда экономика ғылым болмағанда қайтеді?!

Бұл ретте ғалым ендігі сөз ырғағын Астанадағы Назарбаев Университетіне қарай бұрып: – Өткенде Елбасының сол оқу орнында оқыған интерактивті дәрісін телеэкраннан көріп, тыңдадық. Қазақ халқының ғұмырнамалық құжаттарда нақты таңбаланған азаматтық тарихы соңғы мың-мың жарым жыл көлемін қамтиды ғой. Ал тым әрідегі тамырымыздан терсек біздің көне тайпалар шежіресі осыдан бес мың, тіпті одан да әрі жылдар тереңіне сүңгіп кетер ме қайтер. Демек, сол қазақ атымен аталған ұлттық мемлекет шаңырақ көтерген дәуірлер тізбесі Президент дәрісінде біле білгенге тереңнен тартылмады ма. Елбасы өз сөзін: «Ықылым замандардан қалған «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген аталы сөз бар. Қазақтың бұл мақалының өзектілігі бүгінгі таңда тіптен айрықша ғой», деп бастады өз сөзін.

– Иә, таныс фраза, бала күнімізден құлаққа сіңген тіркес. Атамзаманғы бастыны идіріп, тізеліні бүктірген ежелгі Түрік қағанаты, ұлан-ғайыр Дешті Қыпшақ даласының даңқы, одан кейінгі Алтын Орда дәуірі, сонау Анақарыс, Тұмар, Зарина, Еділ-Атилла, Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, Бейбарыс сұлтан, Барақ хан тұсын айтпағанда біздің дәл бүгінгі байырғы Қазақстанның (Қазақия) өткен тарихынан сұрыпталып жеткен аталы сөз!

– Ендеше бабаларымыз өздеріне ілім-білім қажеттігін, елге оқу керектігін ерте білгенмен, оның оқу-тоқу дамуын, жүргізуін, бастауын, әдістемелігін білмеген. Бірақ, оқудың киелі екенін, қиын екенін білген, сондықтан да «оқу инемен құдық қазғандай» деген. Бұл да өмір тәжірибесінен алынған сөз. Өйткені, заман, қоғам сондай еді, бүгінгі дәуір мен өткен көне ғасырлар кезеңін салыстыруға дәл қазір келмес те, уақыт бәріне таразы. Осы ретте бастауын сонау 1456 жылдан алатын елдік тарих, тәу Қазақ Ордасы, оны құрған Керей хан мен Жәнібек хан, бертінгі Абылай хан, соңғы Кенесары хан заманын ойша шолып өткенде де айтар әңгіме қысқа. Оқу саласында реттілік жоқ немесе білім жүйесі мүлде қалыптаспағанын аңғарар едік, мұндай жағдай тіпті отырықшы, қала салған дәстүрі бар тұрақты деген басқа дамыған Батыс, Шығыс елдерінде де мардымды емес.

– Сөзіңіздің жаны бар, Кенжеке, Сіздің бұл пікіріңізді Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) пікірі растайды. Ол өз заманының оқу-тоқу саласын талдай келіп: «Қазақ ішінде әр жерде бала оқытатын адамдардан бала оқытуға программа (жосық) көрсетілсе екен деген өтініштер келеді. Бұл күнде қазақ арасындағы оқу жосықсыз һәм жосық жасауға болмайды да. Өйткені, қазақтың бастауыш мектебінде оқитын кітаптар белгіленбек түгіл әлі шыққан да жоқ. Жаңа ғана әліппе шыға бастады. Оның да қайсысы оқылары белгіленген жоқ. Әліппеден әрі оқытатын кітаптар әлі шыққан жоқ. Дін жайынан оқытатын, есеп оқытатын, жағрафия һәм тарихтан қысқалап хабар беретін кітаптар әлі жоқ. Сондықтан программа деген сөзді айту әлі ертерек. Әуелі біз бала оқытатын кітаптарымызды түзеп, сайлап алып, содан соң неден бастап, неге шейін оқытатынымызға жосық белгілеуге дұрыс», – деп жазыпты кезінде.

– Дұрыс айтасың, демек, біздің білім саласында әріге барсақ та, бергі кезеңге үңілсек те оқу жүйесінде өткеніміз тұлдыр екен. Мұның себебі белгілі – кісіге қарағанның күні қараң, бодан елдің бостандығы жоқ, қазақ шаруасының қай саласында да Тәуелсіздіктің таңы атқанша қашан еркіндік болып еді. Ендеше қазіргі қоғамның өткен қоғамның қай-қайсысынан да қаншалықты алыстап кеткенін Елбасының дәрісін тыңдай отырып аңғару қиын болмады. Осы пікірге жүгінсек, бұл заманда білекке сенетін емес, білімге сенетін заман келгенін аңғаруымыз бек керек. Олжа – сол, бүгіндері қазақ даласына білім келді! Таза білім!

Осы аралықта менің жадымда бір бас қосуда тарихшы Манаш (Қозыбаев) ағамыздың айтқан бір әңгімесі тірілді.

– Бірінші, – депті Адам ата ұлына, – ойлан балам, мал-дүниенің соңына қатты беріліп түспе, өйткені ол ұйқыңнан қалдырады. Ауру қылады. Мейірімсіз етеді. Көз ештеңеге тоймайтыны белгілі. Ол бір уыс топырақпен ғана толады. Екінші, өз жұмысыңның түпкі нәтижесін ойла. Сабырлылық сақта. Пайда-зиянын екшей біл. Үшінші, әрбір жұмысыңды бала-шағаңмен ақылдасып, қабырғаңмен кеңесіп істеуге дағдылан. Төртінші, жақсы көретін ең жақсы адамыңмен, өмірлік жарың – жұбайыңмен әркез сыйлас. Қысқа өмірде бір-біріңді құрметтеп өткеннен қымбат нәрсе жоқ. Бесінші, көңілің қаламаған жұмысты ешқашан қолыңа алма. Содан кейін – өтірік айтпа, өйткені өтірік несібеңді жеп қояды. Абыройың төгіліп, тиесілі сыбағаң өзіңе бұйырмай кетеді. Енді бір есіңе ұстар жайт – ішімдік жүрген жерде ақыл болмайды. Әрі шарап сауапты жеп қояды. Ал адамның сауаппен көгеретінін ұмытпа. Және айтам – садақа беріп жүр. Адамда 444 сүйек, 362 тамыр бар көрінеді. Осы сүйек пен тамырдың әрбіріне садақа жасау қажет. Ең соңғысы – қанағат деп жүр. Барға да, жоққа да тәуба жасап қанағат етсең күнәң кешіріледі, – деп. Сөз саптау ұсталығы мен тұрақты ой-тұжырымына қарап отырып Кенжекең маған Адам атаның осы насихатын білетін адамға ұқсап кетті. Өйткені, Кенжеғали Әбенұлы өзін үнемі бір қалыпта ұстайтын кісі ғой, адам жолда танылады. Сан сапарда, сан отырыс-тұрыстарда бірге болып жүреміз, сонда әдептен де озбайды, мінезі де орнықты, өзіне баурай тартып, маңайын үйіріп алады.

Сөз сабақталсын деп мен Абай тақырыбына ойысып:

– Кенжеке, сона заманда Ахмет атамыз Абайды «Қазақтың бас ақыны» деп қазақпен тәу таныстырып еді, сіз бүгінгі заманда жаңа ұрпаққа Абай әлемін аштыңыз. Осы сабақтастық текте жатпасын, әрі Ахаң мен Сіз аталассыз, бір жерде, бір елде, бір топырақта дүниеге келгенсіздер, – дедім.

– Бәрі рас, Ахаңмен аталаспыз, бәріміз де Шақшақ Жәнібек ұрпақтарымыз. Бұл жөнінде айттық та, жаздық та. Ал, Абай тақырыбына келсек, бүгінде абайтанушылар көп болғанымен, Абайды алғаш қазақ даласында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов танытқан. Және бір алыбымыз Мұхтар Әуезов Абай төңірегінде өлмейтін-өшпейтін мұра жаздырып қалдырды. Осылайша абайтану ілімі басталғаны тарихи шындық. Енді әлемдік абайтанудың негізі қаланғанының куәсі боп жүрміз. Осыдан біраз жыл бұрын Абайдың 150 жылдық мерейтойын тойлау туралы ЮНЕСКО-ның арнаулы шешімі шыққанын да білеміз. Мен сол тұста Ұлттық академияның президенті едім ғой, міне, сонда әрі жұмыс бабының ретімен, екінші өзімнің жүрек қалауыммен Абай жайлы сөйлеуге, айтуға тура келді. Сен сондағы сөзді қозғап тұрсың ғой, ия, орынды. Осы тұста және бір пікір қосайын: Есіңде болса Елбасы Түркістанға барғанында қазақтың адастырмас темірқазығы болатын үш ірі мәселені айтпады ма, біріншісі – тарихыңды толық білу, екіншісі – жан-жаққа тартқан діни ағымдардан арашалайтын Ясауи ілімі мен философиясын оқып үйрену, үшіншісі – ұлан-ғайыр Абай өркениеті! – деп. Міне, бұл, ұлттық идеологияның негізгі қағидасы!

Осылайша, ойын түйген Кенжекең енді сөз бағытын өзгертіп, әңгіме арнасын Торғай-дуан тақырыбына бұрды да:

– Торғайдың баяғы біздің бала күніміздегі келбеті есіңде ме? – деді.

– Әрине, есте, әйтсе де көкіректе көмескіленіп бара жатқандай…

– Ол рас, дүниенің бәрі көмескіленеді, ескіреді… Бірақ, тарих көмескіленіп ескірмеуі тиіс. Біздің бұл “Торғай-дуанның” іргетасы 1845 жылы қаланды деп жазылып жүргенмен, негізін сонау Шақшақ Жәнібек заманынан бастаған жөн бе деймін.  Себебі, тым алысқа шегінсек, Торғайға қатысты оқиғалар тізбесі бастауын сонау ХVІ ғасырдан алатын сияқты. Бұл туралы дерек қазақ хандығының негізін салушылардың бірі Жәнібек ханның немересі Абдолланың 1532 жылы мамырдың 19-22 жұлдызында Торғайдан Ұлытауға өткенін жазады. Кейінгі сызбаларда да Торғайдың жағырафиялық сәулесі алыстан түседі. Бұған 1627 жылы А.Мезенцев жасаған тарихшы А.Краусстың “Азиядағы Ресей” (1889 ж.) дейтін еңбегі және басқа да туындылар айғақ…

– Осыны Ғафу ақын дөп басып айтқан ғой. Ол:

Көшелер құрғақ өзен арнасындай,

Қала едің кәрі шуда нар басындай.

Ішіне оқиғаны тиеп-сықтап,

Тарихтың қойып кеткен арбасындай, – десе айтқан-ақ емес пе!

– Ғафу ағамыз дөп басып-ақ айтқан, бейнелі айтқан! Тіпті, патшалық Ресей тұсында да Торғайдың қала аты, өзіндік таңбасы болған – 1878 жылы бекітілген заңды белгісі бар, деректер жетеді. Соны жаңғырту жөн…

– Әттең, бір кем дүние! Торғайдың бүгінгі келбеті… “Шет аймақ”, “Түкпірдегі ел” күйінде қала берсе болашағы нешік болар…

– Гәп осында, ойласатын-ақ тақырып! Бұл өңірдің тағдыры бәрімізді де толғантуға тиісті…

– Осындайда ел адамдары еске оралады. Мен әлі күнге баяғы көне көз қарттарды еске аламын, бейнелері көз алдымда…

– Менің де Торғайға келіп оқыған жылдарым есімде қалыпты, Торғай жұртының қариялары бір қазына еді ғой, шетінен шешен, шежіреші, әңгіме отауын қалай құрушы еді… Соның ортасында менің Мұрат әкем отырушы еді…

– Отырғаны несі, сіздің Мұрат әкеңіз сол ортаның ұйытқысы-тын. Көзіміз көрді. Біздің үйіміз дуандағы Торғай өзенінің жағасында, нақ көпірдің түбінде болатын, сіздің сол әкеңіз біздің Темірғали атамызбен албарлас еді-ау, көрші тұрдық. Күндегі дағды, екінді әлетінде, көлеңке ұзара сол Темірғали атамыздың ауласы кісілерге толып кететін. Пионер көшесінің байырғы тұрғындары менің Бірмағамбет, Мұхаметқали, Есқали аталарым, Самат, Бәйгерей, Тұрмат, Төлеген, Әмірғали, Борсан, Жетімек, тағы кім ұмыт қалды… Бұларға атақты Айса, Нұрхан ақын, боса да Мұрат ақсақал қосылады. Әңгіме-дүкен базары қызатын… Біздер, балалар үлкен кісілердің әңгімелерін ұйып тыңдаушы ек…

– Біздің Мұрат әкеміз:

Ертеде естімеген елде көпті,

Ермек қып кім айтады елде жоқты.

Бірі әділ, бірі залым, бірі момын,

Жаралған бәрі бірдей пенде жоқты.

 

Қарт Мұрат бүгіп алып бір тізесін,

Жосылтып сөйлеуші еді сөз жүйесін.

Бір топта тамсандырып айтып өтті,

Баяғы Қарға ұрының әңгімесін, – деп басталатын жырды білуші ме едің, сондағы “қарт Мұрат” менің әкемнің сүйек жағынан ең жақын інісі еді ғой…

– Мұрат ақсақал халық ақыны – Нұрхан Ахметбековтың айтулы “Қарға” дастанының бас кейіпкері!

– Атағы ер жігіттің өнерінде,

Өмірге кім арашы сөнерінде.

Айтыпты бір әңгіме Қарға дейді,

Халыққа сырын ашып өлерінде, – деп жосылтушы еді-ау ән-жырды!

– Иә, ол да бір өткен заман…

– Заман болғанда қандай, біздің Мұрат әкеміз, әсіресе Ахаң жайлы мол әңгіме айтатын, көп білуші еді… Ахметтің шапшаң дамып, жылдам өсуіне және бір әсер еткен жайт, сол тұстағы Торғай тересіндегі жалпақ жұртқа белгілі ақындық мектеп екенін бүгіндері біреу біліп, біреу білмейді. Атақты уақ Жұмабай, Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Құбаш Шалбайұлы, Әбіқай Нұртазаұлы, Күдері Жолдыбайұлы, Қашқынбай Қазұлы, Әбдірахман Иманқұлұлы сияқты ақындар дүниеге келген Торғай өңірі Ахаңды дүр көтерген ғой. Мұрат әкем солай деп отырушы еді.

Кенжекең осы тұста тіптен шешіліп, ауылда бала күнінде құлағында қалған ескі әңгімелерге көшті.

– Орынбордағы оқуын бітіргесін Ахаң “Жалғыздың жары құдай” деп елге оралмай Батпақтыға – Ақтөбе уезіне мұғалім болып барыпты…  Батпақтыдағы ауыл мектебінде бірер жыл жұмыс істеген ол Қостанай уезінің Әулиекөлдегі болыстық мектебінде, кейін Қостанай қаласының уездік екі сыныптық орыс-қазақ школында сабақ береді. Осында ол үйлі-баранды болған. Жұбайы Александра Ивановна – Бәдрисафамен некелеседі. «Бәдрисафа» дейтін есімді Ахаңның өзі таңдап қойған екен деген сөз бар…

– Ахаңның бұдан соңғы өмірі Омбы, Қарқаралыда жалғаспай ма…

– Омбы, Семей, Орынбор, Қызылорда – бұл Ахаң шарлаған шаһарлар. Бәрінен де қызық әңгіме: Ахмет атамыздың Торғайға келуі ғой. Ол Торғайға келген бір сапарында атақты «Аққұм» әнін шығарыпты.

Аққұмның бір қызығы бар Іңкәр атты,

Сөзі бар алуан шекер, балдан тәтті.

Адамның өзім көрген абзалы екен,

Айтайын өлең қылып перизатты, – деп басталатын бұл жыр кейін халық сүйіп айтатын ән боп кеткен десетін әкелеріміз.

– «Аққұм» әнінің кейіпкері Іңкәрді білесіз бе?

– Естуімше, Іңкәрді Торы Қыпшақтың Бессарысына жататын айтулы әнші-күйші Бөгембай салдың қызы десетін. Бұл деректі де сен жаздың ғой…

– Иә, сол Бөгембайдан Дүйсембай мен Іңкәр туылыпты. Іңкәрдің нағыз ару боп өскен бойжеткен кезінде Ахаңның көзіне түскені шындық, тәу махаббаты болғаны және рас дейді білетіндер. Ахаң «Аққұмнан» соң «Қараторғайды» жазған. «Қараторғай» «Аққұм» әнінің заңды жалғасы, бұл екі ән – егіз әндер. Екі ән де Іңкәрға арналған.

– Бұдан соң Ахаң «Қарғаш», «Екі жирен» әндерін жазыпты ғой…

– Ахаңның «Қарғашы» да Іңкәрға арналған. «Қарғаш», «Қараторғай», «Аққұм» – триптих әндер! Бұл төңіректе өзің де жақсы жазып жүрсің, сенің Ахаң туралы эссеңде біз әңгімемізге арқау етіп отырған тақырыбымыз терең қарастырылған ғой, іздене-түртінгенге айтар сөз жеткілікті.

Осы кезде біздің алдымыздан Торғай қылтиған. Әңгіме тежелді.

Елтіген көңіл киелі жұрт шетіне жеткесін толқиын деді. Бәрі тағдыр. Жолда топшылап келемін ғой, «елде кім бар?» деп. «Ет жақындар аз қалыпты-ау, өзі… Анам көз жұмған, ағайындар да таусыла бастапты, достарымның біразы шетінеген,.. қатар сирепті…»

Кенжекең де ойлы… «Жақсылардың біразы жер астында…» деп келе жатқан жол бойы.

«Тірлік-ай, – деймін іштей, – елге – туған жерге келіп, мауқыңды басып, аунап-қунап кету ерсі болмағанмен, біздің осы жүрісімізді кім қалай қабылдар? Салтанат көре ме, әлде естілік дер ме?..»

О, туған жер! Армысың – Сарыарқа! Сағына жеттік, саған!

Атажұрт ыстық та, керемет қой. Кенжеғали Әбенұлы да сілкінгендей, ажары нұрлана, төңіректі шалады. Ол бір сәт сол қапталда қалып бара жатқан жолды нұсқап:

– Әне, Ақкөлге тартатын біздің ауылдың қара жолы! – деп дауыстап жіберді.

– Алла бұйыртса бүгін Торғайда ат шалдырып алып, ертең осы қара жолға түсеміз! – дедім мен де оның сөзін қостап.

– Иншалла! – деді Кенжекең сүйсіне. – Сан жүрген жол ғой бұл, бұл жол үстімен кімдер жүрмеген, іздер, іздер…

Әрине, Торғай-дуан, жалпы ел қарсы алды-ақ қой. Несін айтасың… Бірақ, бұл жерде ішкен-жегенді айту да жөн емес, алдыңнан шыққан басшы-қосшыны тізу, сәлем-сауқат сұрасқан ағайынның атын атап, түсін түстеп хатқа түсіру де артық. Ең бастысы – ықылас, ниет түзу. Пейілде шек жоқ. Бәріне – тәуба, қанағат.

Ас-су, дәмнен соң аудан орталығын аралап, музейлерді көрдік. Музей демекші, мұнда музей көп-ақ. Ахаң мен Жақаң музейі, Шақшақ Жәнібектің, Әліби Жангелдиннің, Нұрхан Ахметбековтің…

Аудан орталығы ажарын түзеген. «Біткен іске мінші» болмайық дей жүрсек те көңіл алаң, бала кездегі көз үйренген кеніштерді іздейді. Бұрын Торғайдың көшелері атқан оқтай түзу келетін, қазір көшелер қисық-қисық. Баяғы Пионер көшесі бөлініп қалыпты. Көшенің нақ ортасында мешіт тұрғызылған. Құрылыс мектебі дейтіннің орнына кафе салыныпты, ескі клуб үйі бұзылған, бұрын сол орынды саудагер Якушевтің дүкені деуші еді. Ыбырай мектебінің жаңа құрылысы ұнамады. Аманкелді батырдың штаб-үйі болған дейтін ғимарат, ескі орталық алаңындағы үлкен қоңырау, жер кіндігі делінетін темір құбыр, сәнді көпір – бүгінде соның бірі жоқ… Торғай өзені де тартылған, арнада су аз, биыл өзен тасымапты.

Кенжекең осы сапарға бет алғанда-ақ: «Біздер елге шыққан уәкіл-өкіл емеспіз, сондықтан әкім-қара мекемесін жағалап, жұртты дүрліктірмелік», деген. Осы ұстаным қатаң сақталды. Дүрмек құрмадық, ел ішінде шалқаймай, шалқақтамай, көз көрген ағайын-туыс арасына сіңісіп кеттік. Халық ішінде қарапайымдылық жарасады. Ертеңгісін «Ақкөл» астық.

«Ақкөлдің» жолы… Жол деген аты ғана, әйтпесе «Кенжекең қиялындағы қара жол» машина жүретін «жол» болмай шықты, ит ырғақ – өгіз аяңмен жылжуға тура келді. Бірақ, «осы жол» Кенжекеңе қатты ұнады. Өзі тым сергек, ауылына беттегеннен-ақ жадырай жанып, ажары ашылып, дала табиғатынан ләззат тауып, көкірегінде сақталған елінің көне суреттері көз алдына елестегендей, балалық шақтың аралын кезген тәтті қиял ырғағында тербеліп отырды.

«Ақкөлдің» орталығы – Ызбан! Ызбанда қонақтарға деп тігілген киіз үйлердің Ақкөл жағасында екені анықталды.

Ақкөлге табан тірелді. Бұл арадан Ахаң дүниеге келген Сартүбек, Кенжекең өмір есігін ашқан Құмарал қашық емес, таяқ тастам жерде, екі мекен де Ақкөлдің сағасында. Бірақ, Сартүбек пен Құмаралда бүгіндері ел тұрмайды, олардың орындарында құм басқан көңдері ғана жатыр. Қазір қазақтың кең даласында осындай құм төбелер, жермен-жексен болған ескі көңдер жыртылып артылады, тым көп-ақ.

Көңдер, құм төбелер, аңсаған Ақкөл… Ақкөл көлі аспанның көз жасындай мөлдірейді. Ұлытаудан құйылатын Жыланшық өзені оны жылма-жыл толтырып тұрады. Жыланшық тасыса, Ақкөлдің берекесі кіреді – жарқырайды, жайылады, ел ырысы! «Жыланшық құрғаса, Ақкөл жылайды» дейді жергілікті тұрғындар.

Біз Сартүбекте тұрмыз – Ахмет Байтұрсыновтың туған жері, киелі мекен! Кішкентай ғана мүйіс. Жыланшықтың Ақкөлге құяр мүйісі. Жазда бұл жер күннің ыстығынан сарғайып кетеді, сондықтан болар аты да «Сартүбек!». Осыдан ұзамай жатып 3-4 шақырым жерде құмды өлке басталады, қазақтар бұл тұсты «Құмарал» атайды. Міне, осы құм таулы, шағырлы-жынысты алқапта Кенжеғали Әбенұлы туған…

Туған жер, бір кездері өмірі жайнаған, тіршілігі қайнаған ауыл орны – Құмаралға келгенде Кенжекең де толқығандай, сапарлас достары жиылып ғалымды кір жуып, кіндік кескен орнында, туған топырағына мауқын бассын деп аунатып алдық…

Құмарал – құс базары іспетті мүйіс, бұл аралда құстың не бір атасын ұшырастырасың, торғай – торғайдың түр-түрі жеткілікті бұл атырапта, аққу, қаз, шағала, үйрек боса-болмаса да, бүркіт, жапалақ, қара құс, қыран ен даланы емін-еркін жайлап, мылтық дауысын еш естімей алаңсыз тіршілік кешіп жатқан құсни-ғұмырды көріп жан рахаттанды…

Көкірек толып кетеді, мына жазық сахараға қарап. Әттең, бір кем дүние, қайдамыз осы, мына кең жазира дала неге құлазып, бос жатыр?

Бір кезде басыласың әйтеуір. “Бұл жалғанның бәрі күндік дүние ғой” деп. Өмірдің бәрі өткінші. Ақкөл өңірін олай шарладық, былай кесіп өттік – бәрі бос, ен даладан не жан, не мал кезіктірмейсің… Кезіктірсең де тарығып барып ұшыратасың… Қайран, Дешті қыпшақ даласы-ай!? Жер астынан мұнай шықты дейтін Қараой (осы Қаройдың мұнай қоры Маңғыстау түбегінен кем емес деген де ана кезде сөз шыққан), Шөптікөл, Аққұм, Айырқұм, бір жағы Тосын құмы аралықтарының бәрінде де тірі жан сирек ұшырасады. Елсіз мекеннің әр жер – әр жерінде жарқыраған сор – тұзкөлдерді көрер ең, кәдімгі қаратұздар, табиғи астұздары жалтырайды. Шіркін, кәсіпорын ашып жіберсе ғой дейсің, дайын өнім далада жатыр… Ғажабы сол, Шөптікөлде жер астынан ыстық сулар атқылап тұр, бірақ бұған назар аударып жатқан жан және көрінбейді. Жан!

«Жан» дедік пе? Немене, сонда бұл төңіректе жан жоқ дедіңіз бе – жоқ бар, болғанын көзіміз көрген. Және қандай еді! Әттең дүние, сол бар жандардың біразы өмірден өтті, біразы ата-жұртты тастап көшіп кетті. Ал, қалғандарының өшкенді жаңғыртуға қолдары қысқа, тұйық ауылдың бұйығы тірлігін ашып жіберуге мүмкіндіктері келмейді, білек сыбанып іске кірісейін десе қолда жұмыс жоқ, бұрынғы колхоз-совхоз жүйесі жойылғасын дағдарып қалған. Жұрттың елді тастап, басқа жаққа көше бастауының себебі де осы тұстан басталады. Міне, гәп қайда, күйбең тірліктің мәнін қайдан іздеу керек. Сондықтан да бұл өңірде адамдар қарасы сирек, аз, бірақ сол ата жұртта қалған аз адамдар мейірімін айтпайсыз ба, алдыңнан ас-суын, дәмін алып шығып, жік-жапар болғанын көргенде іштей егілесің «қайран, қазағымның таза ықыласы-ай» деп. Қайда барсаң да жылылық, сағыныш, пейіл!..

Осылайша, біз Ақкөл жақтың оң-солын армансыз сүзіп, тұзына түсіп, суына шомылып біраз араладық, ағайындардың ыстық ықыласына бөлендік, қорымдарға барып ата-баба рухтарына дұға қылып, құран бағыштадық. Ахмет Байтұрсынов әке-шешесінің, Кенжеғали Әбенұлы аталарының бейіттерін көрдік, аруақтарға тағзым еттік. Осы тұста біздің ауыл – мен туған өңір де қашық емес, асса қырық қырқаның астында жатыр, Жыланшық бойымен тартып отырсаң үстінен түсесің, ауыл жаққа мойын созып қоямын… Мұнда анық аңғарылғаны: Аудандағы бұрынғы дүркірей аты шыққан «Ақкөл» кеңшарында бүгінде неге өрісінде мал, даласында егін жоқ десек мұнда жұрт істейтін кәсіп жоқ екен, техника жоқ, тіпті ен Ақкөлдің ең болмаса тегін балығы ауланбайтынының да себебі жағдайлары жоқ.

Осы жайттар толғандырады ма, Кенжеғали Әбенұлы да үнсіз. Әлде бір нәрсені іші сезе ме, ойлы… Ғалым жүрегін түсінуге болады. Несіне үндесін, Кенжекең де, біз, қонақтар да бұл елді сынап-мінеуге келіп пе ек?.. Бәрі белгілі жайт қой… Соның ішінде Кенжеғали Әбенұлы бұл мәселелерді білмейді емес біледі, өзінің де сан көтерген мәселесі. Қайтерсіз, біз осындаймыз, Үкімет үнсіз, қазақ ауылдарының жай-күйі жүрек сыздататындай дәрежеде бола тұра әлі де бейғамбыз. Бірақ, даурығу көп, жеткілікті!?

Бізде қазақ шаруасының жайын жүре тыңдау әдетке айналған.  Әйтпесе Ұлы Далаға жөндем бетбұрыс жасай алмай жүргеніміз жасырын шаруа емес қой. Баяғы сарын – бір сарын.

Ақкөлдің айдынында аққулар көрінеді.

Сартүбектен құстар әні естілді.

Құмарал аспанында қыран қалқыды. Біреу,.. екеу…

Мен қасымдағы Кенжекеңе қарадым. Қанында тектіліктің, жанында іріліктің, жұмысында реформаторлықтың, бойында ерлік пен күрескерліктің мол табы бар ғұлама ғалым – академик алысқа көз тігіп тұр. Маған дәл осы сәт Кенжеғали Әбенұлы Құмаралдың қыранындай боп елестеді.

Ойлай берсең, ой – тұңғиық…

Біз енді Алматыға беттейміз.

Беу, тіршілік…

Туған жер, ел-жұрт, сен аман бол, дүние тұрғанша тұр, қайран атамекен!

Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ, жазушы

Редакциядан: Марқұм Қоғабай Сәрсекеевтің жоғарыдағы эссесі 2012 жылы «Qazaq» газетінде жарияланды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here