Токио-2020: Жазғы Олимпиада алдындағы Қазақстан

0
1326

Өткен жыл жазғы спорт түрлерінің атлеттері үшін Олимпиада алды жарыстың соңғысы болды. Ал, оның қорытындылары әдетте үлкен талқыға түсіп, соның негізінде алдағы Олимпиадаға болжам жасалады. Оның үстіне 2019 жыл әлемдік деңгейдегі турнирлерге толы болды. Жүлде жиынтығы молынан болатын жеңіл атлетика, суда жүзу, бокс сынды бірқатар спорт түрлерінен екі жылда бір өтетін әлем біріншіліктері де осы жылға тұс  келді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті басталуына бес ай уақыт қалған Токио Олимпиадасына болжам жасайды.

САН ДА, САПА ДА ОЙЛАНТАДЫ

Алдыңғы маусымда жазғы спорттың олимпиадалық түрлері бойынша әлем чемпионатында қазақстандықтар барлығы 19 медаль иеленді. Оған каратэден 2018 жылғы әлем біріншілігінде алынған тағы біреуін қосуға болады. Өйткені, спорттың бұл түрінде әлем біріншіліктері тек жұп жылдарда ғана ұйымдастырылады.

Жиырма марапаттың сегізіне олимпиадалық емес салмақ дәрежесінде қол жеткізілгені рас. Сондықтан өткен жылдың жетістіктерін биылғы Токио Олимпиадасымен салыстыра отырып, 12 жүлде алып қалуымыз мүмкін: 1 алтын, 2 күміс және 9 қола. Бұл сапа жағынан да, сан жағынан да Рио-де-Жанейрода 2016 жылы өткен Олимпиададағы нәтижелерден нашар. Төрт жыл бұрын біздің спортшылар 17 медаль – 3 алтын, 5 күміс және 9 қола әкелді. Бұған допинг дауынан кейін зілтемірші Денис Улановқа берілген қола жүлдені қосқанда барлығы 18 медаль болады. Риодағы көрсеткіштер І-ші кестеде көрсетілген.

Көріп отырғандарыңыздай, Қазақстан ауыр атлетикадан көш соңында қалды. 2016 жылғы Олимпиада ойындарында зілтеміршілер боксшылармен тең дәрежеде ел қоржынын медальге толтырушылар қатарынан болса (осы спорт түрлерінің әрқайсысынан бес-бес медальдан), соңғы әлем чемпионатында олимпиадалық салмаққа жатпайтын 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Игорь Сон ғана күміс медаль еншіледі. Қыздар арасынан үздік бестіктен Зульфия Чиншанло ғана көрінді. Ал, қалғандары ондықтың ауылынан тым алыста болды. Оның үстіне бұл біздің ауыр атлеттердің жүлдесіз қалған екінші әлем біріншілігі еді.  Демек, ауыр атлетиканың қазіргі жағдайы расымен ауыр.

Иә, биылғы Токио Олимпиадасында қазақстандық ауыр атлеттер мүлдем медальсіз қалатын түрі бар. Біріншіден, біздің ұлттық құрама допингке қарсы ережелерді өрескел бұзушы ел ретінде екі олимпиадалық лицензияға ғана үміткер бола алады (бір ер және бір әйел), оның өзін жеңіп алу керек. Екіншіден, былтыр Тайландта аяқталған әлем чемпионатының қорытындысы шындығында құрамада үлкен сенім артар ешкімнің қалмағанын көрсетті. Осындай жағдайларды ескере келе, біздің ауыр атлетика бойынша медаль алуға үміттенуіміз бекер деуге болады.

Спорттың күрес түрлері бойынша жағдай аса бір өзгере қоймаған секілді, ал сан жағынан оң өзгерістер байқалады (бұрынғысы 10 жүлде болса, соңғысы 11 жүлде). Бірақ, тереңірек  үңілер  болсақ, соңғы Олимпиадада медаль санын көбейткендер қатарында ерлерге қарағанда әйелдердің  үлесі  көп болды. Олар Қазақстанға еркін күрестен үш жүлде алып берді, сонымен қатар, дзюдо мен бокстан бір-бірден жүлдені қанжығасына байлады. Ал, 2019 жылғы әлем чемпионаттарында олар барлығы күш салып, олимпиадалық салмақ дәрежесінде бір ғана медаль – қоланы жеңіп алды, оның өзі жақында Қазақстан азаматтығын алған экс-ресейлік Валентина Исламованың ғана қолынан келді.

Көп жылдар Қазақстандағы әйелдер спортының жарық жұлдызына айналған атақты Ольга Рыпаковаға келсек, 36 жастағы спортшының дәурені де өткендей көрінеді.

Рас, «бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетіп» жүрген алтын қыз аттан түскен жоқ. Соңғы 12 жылда Қазақстан жеңіл атлетикадан әлем біріншіліктері мен Олимпиада ойындарында 11 медаль иеленіпті. Соның бәрі бір ғана Ольга Рыпакованың еншісінде.

Әлемге әйгілі жеңіл атлет ұзындыққа үш қарғып секіруден Бейжің Олимпиадасында күміс, Лондон Олимпиадасында алтын, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қола медаль иеленсе, әлем біріншіліктерінде үш рет жүлдегер (2011 жылы күміс, 2015 пен 2017 жылдары қола медаль) атанды. Ал, жабық залда өткен әлем чемпионаттарында 2010 жылы чемпион, 2012 жылы вице-чемпион болды. 2010 жылы құрлықтық кубокта және 2006, 2010, 2014, 2018 жылдары Азия ойындарында топты жарды. Байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүрген Ольга Рыпакова соңғы 14 жылда елге 18 медаль (10 алтын, 4 күміс, 4 қола) сыйлады. Дегенмен, қазақстандық жеңіл атлетиканың патшайымы осы күзде 36 жасқа толады. Бұл спорт үшін оңай жас емес. Өйткені, әлемде оның өкшесін басып келе жатқан мықты жас жеңіл атлеттер де жетерлік. Өкініштісі, әлемдік бәсекеде Ольга Рыпакованың ізін басатын, жеңісті жолын жалғайтын Қазақстанның жас жеңіл атлеттері көрінбейді. Ал, Ольга Рыпакова былтыр бұрынғыдай алысқа секірген жоқ.

Суда жүзуде де осыған ұқсас жағдай. Онда әлемдік деңгейдегі  бір ғана спортшы бар, ол – Рио-де-Жанейродағы айтулы жеңісінен кейін үлкен бір  табыстарға  жете  қоймаған  Дмитрий  Баландин. Олимпиада чемпионы 2019 жылғы әлем чемпионатында жетінші орынды қанағат тұтты.

Әрине, Әділбек Мусин секілді дарынды жастар да бар, бірақ Олимпиада медалі үшін мықтылармен таласу оларға әзірге қиынға түседі.

«АЛТЫННЫҢ» ҚҰНЫ

Олимпиаданың болашағы тұрғысынан алғанда алтынмен қоса, күміс медальдердің де аздығы алаңдатады. Қола жүлделер қатарының айтарлықтай көптігі аса қуанарлық жағдай емес. Шынында, олардың бәрі (9-дың 8-і) басқа спорт түрлеріне қарағанда осы сайыстың бір емес қос медалі ойнатылатын түрінен алынып отыр. Яғни, бокста, күресте, дзюдода қола медальге ие болу оңайырақ. Бұл – бір. Екіншіден, елдерді медальдер есебі бойынша саралағанда алдымен басымдық алтынға, сосын барып күміс медальге беріледі. Мәселен, 2016 жылғы Олимпиадада Әзербайжан 18 медаль жеңіп алды (бұл көрсеткіш бойынша 14-ші орында), алайда жалғыз «алтынымен» бар болғаны 39-орынға тұрақтағандығын еске салайық.

Сол кезде Қазақстан 22-орыннан табылған еді. Ал, өткен жылдың нәтижелері бойынша біздің еліміз мүлдем төмендеп, 43-орынға түсіп кетті. Рио-де-Жанейродағы Олимпиада нәтижесімен Қазақстан посткеңестік кеңістікте үшінші орында болса, енді алдына 2016 жылдағыдай Ресей мен Өзбекстанды ғана емес, Украина, Грузия, Беларусь, Әзербайжан елдерін салып, 7-ші орынға төмендеді.

Азия құрлығында Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея бастаған «үлкен үштіктен» басқа біздің алдымызды Үндістан – 4 (барлығы 14 жүлде), Өзбекстан – 3 (9), Тайпей – 3 (7), КХДР – 2 (9), Иран – 2 (7), Филиппин мен Гонконг – 2 (4) алтын медальмен орап кетті.

Енді салыстырмалы ІІ-ші кестені ұсынамыз. Соңғы бағанда Рио Олимпиадасының қорытындылары бойынша елдердің орындары көрсетілген.

Әрине, бұл кестеде алдымен 2019 жылы өткен әлем чемпионаттарының нәтижелері ескерілген. Кейбір спорт түрлерінің көрсеткіштері де көрсетілмегенін айта кетейік. Мысалы, оқпен ату бойынша әлем біріншілігі төрт жылда бір рет қана ұйымдастырылады. Сондай-ақ, гольф, бейсбол, теннис те назардан тыс қалды. Жалпы алғанда, 339 олимпиадалық жарыстың 328-нің нәтижелері қамтылды.

ІІ-ші кестеге алғашқы алпыс елдің ішінен медальдер жеңіп алған 88-і ғана енгізілген.

Соңғы Олимпиадада таза жеңіске жеткен американдықтардың үстемдігі енді мүлдем төмендеп қалды. АҚШ атлеттері жеңіл атлетикада (14 алтын медаль), суда жүзуде (10), спорттық гимнастикада (5) басымдық танытса, қытайлықтар – ауыр атлетика (10), суға секіру (8), үстел теннисі (5) бойынша алда, соған қоса олар есу спортынан айтарлықтай озық болды (4).

Ресейдің ілгері екендігі де айдан анық, бірақ допинг дауынан олардың Токиоға бару-бармауы әзірге белгісіз. Үшінші орынға Жапония үміт ете алады, оның үстіне бұл ел биылғы Олимпиада қожайыны. Ұлыбританияның да дәмесі зор. Ал, үздік ондыққа өткен Нидерланды мен Жаңа Зеландияға келсек, онда алтын медальдер  қатарын айтарлықтай көбейтуге негізінен олардың  велошабандоздары (7) мен есушілері (6) үлес қосты. Алғашқы жиырмалыққа аяқ астынан Үндістан кіріп кетті, олар алдымен өздерінің мергендері және палуандарымен мықты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Сонымен, отандық спортқа қайта оралайық. Мұндай қиын жағдай бірден қалыптасқан жоқ, оған біз соңғы екі онжылдықта аяңдап келдік. Сол аралықта біз тек бокс, күрес пен ауыр атлетикаға үміт артып, барлық қаржыны аталған спорт түрлеріне құйдық.

Айтпақшы, дәл сол уақытта алғашқы қауіп дабылы қағылған болатын, нақты айтқанда, олимпиадалық жарыс нәтижелерін ескерер болсақ, 2018 жылғы Азия ойындарында біздің ел алтын медаль саны жағынан КХДР-мен 8-9-шы орынды бөліскен еді, ал негізі құрлықта тұрақты 4-ші орында болатын. Сондықтан өткен жылғы қорытындылар жалпы алғанда заңды да.

Олимпиадада тым болмаса алғашқы отыздыққа ену үшін 3-4 алтын медальді жеңіп алу керек. Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстанды осындай жетістікпен қамтамасыз етуге кім қауқарлы?

Расын айтқанда, қатысатын екі зілтеміршіден алтын медаль күтудің қажеті болмас. Сол себепті олардан кейінгі үміт боксшылар мен палуандарда, аздап дзюдошыларға да сенім артамыз. Дегенмен, бокста 2005 жылдан кейін 2013 жылғы елде өткен әлем чемпионатын айтпағанда біздің былғары қолғап шеберлеріміз екі алтын медаль алып көрген жоқ. Ал, палуандарымыз жиырма жыл бойына Олимпиада чемпионы да, әлем чемпионы да атанбады.

Қалай десек те, болашақта спорттың сан алуан, әсіресе, бұқаралық және медаль көп әкелетін түрлерін дамыту жұмыстарымен мемлекеттік деңгейде айналысу керек. Ал, Токио Олимпиадасында қандай көрсеткішке қол жеткізетінімізге уақыт төреші. Оған да бес ай ғана уақыт қалды…

ЖАНСАЯ ШЫҢҒЫСХАН, «QAZAQ»-ТЫҢ НҰР-СҰЛТАНДАҒЫ МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here