Сексен бестің төріне шыққан ғалым

0
519

Жайлыбай Келіс Нұрмашұлы 1961 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (бұрынғы ҚазМУ) биология-топырақтану факультетін «Өсімдіктер физиологиясы» мамандығы бойынша бітірген. 1961-1969 жылдары Қазақ егіншілігі және өсімдіктер шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өсімдіктер физиологиясы лабораториясының ғылыми қызметкері. 1969-1998 жылдары ол Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу   институтының «Өсімдіктер физиологиясы» лабораториясының аға ғылыми қызметкері, лаборатория меңгерушісі. 1998-2004 жылдары осы институттың «Селекция» және «Технология» бөлімінің аға ғылыми қызметкері.

Келіс Нұрмашұлы күріш физиологиясы, фотосинтетикалық қызметі, агробиологиясы, өсіру технологиясы жөніндегі 25 жылдық ғылыми зерттеу еңбектерін жүйелеп, 1997 жылы «Фотосинтетические и морфофизиологические основы продуктивности риса» (03.00.12-өсімдіктер физиологиясы) тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Ол күріш морфофизиологиясы, фотосинтезі, күріш егісінен ең жоғары әрі сапалы өнім алу теориясын тұжырымдады. Осы зерттеулер нәтижесінде ғалымның «Күріш: ең жоғары әрі сапалы дән өнімін алу теориясы» (монография), «Күріш өсірудің сорттық технологиясы және агроэкологиялық негіздемесі» (оқу құралы), «Күріш егіншілігі және экология» (оқулық), «Қазақстан күріш егіншілігінде тыңайтқыштар қолданудың агроэкологиялық және морфофизиологиялық негіздемесі» (ұсынымдар) толайым еңбектері баспадан шығып, шаруашылық басшыларына, агрономдарға, бригадирлерге, сушы-звеноводтарға таратылды. Бұл оқулықты аграрлық университеттер сатып алып, қазіргі кезеңде студенттер, PhD-докторанттар, магистранттар, оқытушылар оқу процестерінде пайдалануда. Күріш, бидай, арпа, сұлы, түйежоңышқа дақылдарының Арал өңірі жағдайында (Қызылорда облысы) ең жоғары әрі сапалы дән өнімін беретін агроценоздарының (егістерінің)  морфофизиологиялық параметрлерін анықтап, моделін жасап шығарды. Бұл теориялық және практикалық маңызы зор ғылыми жаңалықтар Келіс Нұрмашұлының және шәкірттерімен бірлескен монографияларында тұжырымдалған. Олар: «Рис: теория формирования высоких и качественных урожаев зерна» (К.Н. Жайлыбай. Монография), «Жаздық бидай» (К.Н. Жайлыбай, Ә.М. Тоқтамысов), «Арпа, сұлы, тары» (К.Н. Жайлыбай және басқалары. Монография), «Түйежоңышқа» (К.Н. Жайлыбай, К.А. Мырзабек. Монография). Ғалым күріштің жоғары өнімді сорттық үлгілерін бағалап сұрыптайтын жаңа морфофизиологиялық әдістемелерін жасап шығарды және олар Қазақстан Республикасы патенттерімен қорғалған. Арал өңірінде күріш өсірудің сорттық жаңа жетілдірілген технологиясын тұжырымдап, өндіріске енгізді. Бұл жаңа технология Қазақстан Республикасы патентімен (№9029) қорғалған. Арал өңіріндегі суармалы егіншілік жағдайында ерте дәнді дақылдарды (бидай, арпа, сұлы) егіп өсіру күріш ауыспалы егісі құрылымын оптимизациялап жақсартады, танаптардан алынатын дән өнімін арттырады, суды үнемдейді, өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады. Осыған байланысты аталған дақылдардың өсіру технологиясы жетілдіріліп, өндіріске енгізілді (К.Н. Жайлыбай және басқалары. Күріш ауыспалы егісінде дәнді дақылдарды (күздік және жаздық бидай, арпа, сұлы, тары) өсіру технологиясы және агроэкологиялық негіздемесі (Ұсынымдар). Алматы: Бастау. 2003.-40 бет). Зерттеулер нәтижесінде аталған дақылдар (күріш, бидай, арпа, сұлы, түйежоңышқа) туралы 7 монография, 2 оқулық жарық көрді және бұл еңбектерді егіншілік саласы мамандары, университет ғалымдары, PhD-докторанттар, магистранттар өз жұмыстарында басшылыққа алып  пайдалануда. Мұның дәлелі 2009 жылы Қазақстан агроөндірістік кешені саласында ең көп оқылатын авторлар номинациясы бойынша Келіс Жайлыбай «Парасат» сыйлығының 3-ші дәрежелі дипломымен марапатталған. Бұл тәуелсіз зерттеулер бойынша анықталған.

Сонымен қатар, Елорда маңында орман жасатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өнегесін, идеясын ауылдық жерлерде жүзеге асыру мақсатында профессор бастамашы болып, 2006-2017 жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттеріне, Жамбыл, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарының және Адматы қаласы мектептеріндегі биология, география, экология мамандығы мұғалімдері мен оқушыларына күшті фотосинтездеуші әрі ұзақ жыл  қалыптасып өсетін емен, арша, акация, үйеңкі,  бозарша (туя), талшын, сирень ағаштарын тұқымынан өсірудің ең арзан әдістемесі үйретілді. Ағаштарды жылда көптеп өсіріп, Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсартуға, жастарды (студенттерді, оқушыларды, ауыл жастарын) экологиялық патриотизмге тәрбиелеуде өзіндік үлесін қосуда. Бұл материалдар газеттерде жарияланған. Осыған байланысты Келіс Нұрмашұлы «Үздік көгалдандыру- 2016» байқауының «Алматы қаласын көгалдандыру бойынша үздік жоба» номинациясында 2-ші орын алғаны үшін 2-ші дәрежелі дипломмен марапатталады.

Профессор коронавирус індеті туралы  өзінің ой-пікірлерін, болжамдарын биология, экология ғылымдры тұрғысынан дәлелдеп, газеттерде жариялады. Атап айтқанда, «Вирус пен табиғат шайқасы» («Qazaqstan dauiri» газеті, 10.09.2020), «Вирустың пайда болуы және олардан қорғану жолдары» («Qazaq» газеті. 03.11.2020).

Келіс Жайлыбайдың басшылығымен екі ғылым докторы, бір ғылым кандидаты, үш магистр дайындалды. Басқа да шәкірттері ғылым және білім  саласында табысты еңбек етуде. Республикалық, шетелдік журналдарда, басылымдарда 500-ден аса ғылыми еңбегі жарияланды, соның ішінде 7 монография, 3 оқулық, 9 оқу құралы, 12 кітапша, күріш және ерте дәнді дақылдар егіншілігі өндірісіне 15 ұсыныс, өнертабысқа берілген 3 патенттің авторы. Монографиялық еңбектерінің мазмұны, ғылыми зерттеу нәтижелері, өнертабыс және өндіріске ұсыныстары Республикалық және халықаралық (шетелдік) конференцияларда баяндалып талқыланды.

Экология және биология мамандықтары бойынша профессор Келіс Жайлыбай 2 оқулық, 14 оқу құралын, 2 оқу әдістемелік кешенін дайындап шығарды. Қазіргі кезде осы оқу құралдарын студенттер сабақтарда пайдалануда. Педагогикалық жұмыста Келіс Нұрмашұлы өзінің білікті маман – лектор екенін көрсетті, сабақтарды қазақ және орыс тілінде, терең ғылыми-теориялық деңгейде жүргізеді. Сондықтан оның ғылым және білім саласындағы зор еңбегі, өзіндік үлесі ескеріліп, ғылым беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.   

 Карима Аймаханқызы Мырзабек,

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінінің кауымдастырылған профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here