Кәсіп пен нәсіп: «Екі қолға – бір күрек» табылатынын дәлелдеген әйелдер

0
638
Махаббат Тағанова

«Кәсіп болмай, нәсіп болмайды» деп қазақ мақалында айтылғандай, «еңбек етемін, отбасымды асыраймын» деген адам бүгінгідей дағдарыста да дағдарып қалмай, еңбек етудің түрлі жолын қарастырады. Өйткені, қазір «алма піс, аузыма түс» деп қол қусырып отыратын уақыт емес. Мысалы, маңдай терімен табыс тапқаннан гөрі «дайын асқа тік қасық» болатындардың қатарына жатпайтын Батыс Қазақстан облысына қарасты Ақжайық ауданының тұрғындары Махаббат Тағанова мен Шолпан Жұмина пандемия жағдайына қарамастан өз шаруаларын еш кедергісіз дөңгелетіп отыр. «Егер адам еңбек еткісі келсе, оған жұмыс табылады» деп санайтын біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз коронадағдарыс салдарынан жұмыссыз қалғанда мемлекеттің көмегіне жүгінген. Неге десеңіз, қосымша ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өз ісін ашып, аяққа тұрып кетуіне мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар барын білген. Сөйтіп, бұл мүмкіндіктерді кәсіп ашуда пайдаланған.

 ҰЛТТЫҚ НАҚЫШҚА БАСЫМДЫҚ БЕРЕТІН КӘСІПКЕР

Махаббат Тағанова 1,5 жыл бұрын Ақжайық ауданының Жаңабұлақ ауылдық мектебінде аспаз болған. Пандемия кесірінен өмірі күрт өзгерді. Карантинге байланысты мектеп жабылып, ол жұмыссыз қалды.

Кәсіпкер бүгінгі таңда күйеуі екеуі 4 бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасылардың бірі. Екі қызы студент. Олар қалада үй жалдап тұрады. Оның үстіне ақылы бөлімде оқиды. Яғни, өзінің жұмыссыз қалуы отағасына салмақ салатынын жақсы түсінген отанасы кәсіп бастаудың қамына кіріседі. Содан табыс көзінен айырылған Махаббат Тағанова ауыл әкімдігінен көмек сұраған. Сол жерде оған Еңбек биржасында жұмыссыз ретінде тіркеліп, «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқуды және «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасы аясында онлайн тігін курсын аяқтап, өз кәсібін дамыту үшін грант алуға болатынын ұсынған. Сөйтіп, ол былтырғы көктемде алдымен онлайн-курстың тәлімгері болды. Маусымда 550 мың теңге көлемінде грант алып, өзінің жеке тігін шеберханасын ашты.

«Атадан балаға мұра болып қалған қолөнермен анам мен әжем айналысты, олардың да бұл қасиеті менің бойыма дарыса керек. Маған тігін тігу ұнайды, сондықтан мен жұмысты қуана қабыл алдым. Ақшалай грантқа тігін машинасын, маталар, қайшылар, барлық қажетті керек-жарақтарды сатып алдым. Шағын цех үшін өз үйімде бір бөлме арнап, қазіргі уақытта ең көп сұранысқа ие өнімдердің бірі – қыз жасауларын тігуге кірістім», – дейді мемлекеттің көмегімен кәсіп бастаған кәсіпкер.

Махаббат Тағанованың жасауына қонақтарға арналған 6 көрпе, келіннің шай құйып отыруына арналған көрпеше және 4 жастық кіреді. Жиынтық бағасы мата мен тапсырысты орындау күрделілігіне байланысты 100-130 мың теңге аралығында тұрады.

Тігінші-кәсіпкердің айтуынша, жұмыста тек жоғары сапалы әрі табиғи маталарды ғана қолданады. Көрпе ішіне тек жуылып, жақсы кептірілген қой жүні салынады. Жүнді ауылдастарынан сатып алады. Сонымен қатар, маусымда күйеуімен бірге өз қойларының жүндерін қырқып, таза жүндерді түтіп алады. Бұл да отбасылық кәсіптің бір бөлшегі. Әр көрпеге 3,5 келі жүн кетеді. Ал, қалыңдық көрпесіне 25 келіден салынады.

Қазіргі уақытта Махаббат Тағанованың отбасы үшін бұл кәсіп отбасылық ортақ іске айналды. Оның жұмысына үш қызы – Әсемай, Айнұр, Үмида және келіні Қамарай көмектесіп отырады. Қыздары көрпе тігумен қатар тұмар жасауды да игеріп алыпты. Олар міндетті түрде барлық бұйымдарды ұлттық ою-өрнектермен және кестелермен безендіріп отырады.

Көрпе, жастық және зергерлік бұйымдардың үлгісін Айнұр ойлап табады. Осылайша, Айнұр қонақтар жинағындағы жастыққа жасанды мақта салып жасау идеясын ұсынған. Тігіншінің қызы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ақпараттық технологиялар факультетінің студенті. Бүгінгі таңда онлайн түрде білім алатындықтан, бос уақытында анасына көмектеседі.

«Еңбекпен табылған тамақ тәтті әрі сіңімді болады» дегендей, ісмер саусақтарының арқасында адал табыс тауып жүргенін айтады. Айына аз дегенде екі қыздың жасауы тігіледі. Тапсырыс берушілер қатары күн санап көбейіп, олар көрші ауылдардан, тіпті Орал, Атырау, Ақтаудан да келеді. Әлеуметтік желідегі арнайы парақшаларына да тапсырыстар түсіп жатыр. Кәсіпкердің айтуынша, ерінбей еңбек етемін деген адамға мемлекет тарапынан қолдау бар.

Иә, «толассыз еңбек тосқауылды бұзып өтетінін» ақжайықтық кәсіпкер Махаббат Тағанова осылай дәлелдеп отыр.

Шолпан Жұмина

СҰРАНЫС БАР ЖЕРДЕ – ҰСЫНЫС БАР

Аталған аудандағы Бударин ауылының тұрғыны Шолпан Жұмина да өзінің жеке кәсібін ашқан кәсіпкер. Ол «Нұрдәулет» атауымен тігін цехын ашып, Жапаргүл Тортқанаева, Гүлім Арыстанова мен Вера Колесникованы жұмыспен қамтып отыр.

Бұл кейіпкеріміз де 2019 жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында тегін тігін курсын аяқтады. Содан кейін жеңілдікпен 1,8 млн теңге несие алып, бірнеше тігін машинасы, мата және басқа да қажетті заттарды сатып алды. Осылайша, жеке кәсібін 2019 жылдың желтоқсан айында бастаған.

2020 жылы «Бастау Бизнес» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 550 мың теңгенің грантына ие болды. Ол қаражатты да кәсіпке қажетті құрылғыларға жаратқан.

«Ауылда тігін саласына деген сұраныс өте жоғары. Біз бастапқыда киімдерді жөндеу, шалбардың балағын қысқарту, сөмке мен күртешелердің сыдырмасын ауыстырып, перденің етегін тігу сынды жұмыстарды атқардық. Кейін тапсырыстар көптеп түсе бастады. Өзім қыз-келіншектерге арналған көйлек тіккенді жақсы көремін. Сондықтан нәзік жандылар киімін тігуге тапсырыстар алдық. Сөйтіп жүргенде еркектердің шалбарын тіге бастадық. Тапсырыстар осылайша көбейе бастады», – деп Шолпан Жұмина жеке кәсібінің алғашқы қадамдарына тоқталды.

Әлемді алқымнан алған пандемия елімізге жеткен кезде «Нұрдәулет» тігін цехы бетперде тіге бастаған. Сұраныстың артқаны соншалық бетперделерді көрші ауылдың тұрғындары да сатып алған.

Шолпан Жұмина да төрт баланың анасы. Оның үшеуі ауылдағы мектепте оқиды. Балалары үшін тер төгіп жүрген қамқор ана ай сайын мектептегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына 40-60 бетпердені тегін таратып отыруды әдетке айналдырған.

Өткен оқу жылының басында бастауыш мектеп оқушыларына арналған мектеп формасы да тігілді. Тігін цехының тағы бір тапсырысы ұлттық оюлармен көмкерілген құрақ көрпелер.

«Менің анам мектепте еңбекке баулу пәнінен сабақ берген. Өзі ісмер болатын. Өзінің өнерін маған да үйретті. Менде анам сияқты киім-кешек тіккенді жақсы көремін. Мен үшін тігістің біркелкі әрі киімнің ыңғайлы болғаны маңызды. Киім тіккенде әртүрлі әдістерді пайдаланып, кейбір жерлерін моншақтармен сәндеймін. Бұрын киімнің тігістерін қолмен келтіретінбіз. Қазіргі тігін машиналары және басқа да құрылғылар ойыңдағы өрнекті қолмен қойғандай шығарады. Ендігі арманым – лазерлі станок сатып алу. Ол арқылы матаның тігісі мен оюларын айна-қатесіз келтіріп, ұлттық нақыштағы сырт киімдерді тігуге болады», – дейді Шолпан Жұмина.

Жеке кәсіпкер жеңілдетілген несие алып, лазерлі станок сатып алу арманын осылайша жүзеге асырмақ. Сонымен қатар, тігін цехына жаңа ғимарат салу жоспарында бар. Ол кәсібін ары қарай дамытуға дайын, өйткені ауылдық жердегі кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының тиімді екеніне көзі жеткен.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Міне, мемлекеттің қолдауын ұтымды пайдаланған біздің қос кейіпкеріміз Махаббат Тағанова мен Шолпан Жұмина жеке кәсіптерін дөңгелетіп, одан нәсіптерін тауып жүр. Өйткені, «қырық шырақты» бұл әйелдер «еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны» екенін, «талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығатынын» (Абай) жақсы біледі.

Индира БІРЖАНСАЛ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here