Түркістан облысында «Oiqazan» интеллектуалды ойынының күзгі маусымы өтті

1
340

21 қазан күні Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаментінің ұйымдастыруымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Білім. Бірлік. Болашақ» тақырыбында «OIQAZAN» интеллектуалды ойынының күзгі маусымы өтті.

Кезекті рет ұйымдастырылған ауқымды шара – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте білім мен зердеге (ой-санаға) басымдық беру арқылы жемқорлық көріністеріне қоғам болып төтеп беруді, саналы ортаны қалыптастыру арқылы бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермеуді көздейді.

Конгресс холл көпсалалы кешенінде өткен шарада арнайы сөз алған Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев сыбайлас жемқорлықтан азат парасатты қоғамды қалыптастыруда – білім көкжиегі кең ел азаматтарының тигізер үлесі мол екендігін және сыбайластыққа жалпы қоғам болып төтеп беру қажеттігін жеткізіп, білімділер додасына қатысушы командаларға тілектестігін білдірді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, Түркістанның тарихы және ой ұтқырлығы бойынша 7 кезеңнен тұрған «OIQAZAN» зияткерлік ойынында 7 қатысушыдан құралған жалпы саны команда бақтарын сынады.

Топтық ойын түрінде өрбіген сайыста командалар білім мен біліктілік, пайым мен парасат, тапқырлық пен шапшаңдық қабілеттері бойынша сынға түсті. Өзара бақ сынаған командалардың құрамында облыс орталығында орналасқан білім беру ордаларының студенттері мен мектеп оқушылары және Түркістан облысына қарасты мемлекеттік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың мамандары, кәсіпкерлер, журналистер мен блогерлер, имамдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ұстаздар мен қоғам белсенділері, сондай-ақ «Тұран» футбол клубының ойыншылары болды.

Білім бәсекесінің нәтижесінде командасы көш басынан көрініп, бірінші орынды Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «Денсаулық» командасы және жүлделі екінші орынды «Turkistan Invest» АҚ-ның «Альфа» командасы, сондай-ақ облыстық «Jas Оtan» жастар қанатының командасы үздік үштіктен көрінді.

Жеңіс тұғырынан көрінген үздік үш командаға тайқазан үлгісінде әзірленген кубок пен бағалы сыйлықтар және рухани азық алуға мүмкіндік беретін «Меломан» дүкендер желісінің арнайы сертификаттары табыс етілді.

Және Департамент тарапынан Түркістан облысының 13-аймақ екендігі ескеріліп, 13 орынды месе тұтқан Түркістан облыстық Сотының «Sud.kz» командасы командасына «Жұбаныш» сыйлығы тарту етілді.

Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға естелік сыйлықтар табыс етіліп, арбада билеу спорт түрінен Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Е.Қалымбетовке бағалы сыйлық пен қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ, жамағатты адал болуға үндеп, парақорлықтан жиренуге дәріптейтін имамдарға мешіт құрылысына қажетті сертификат табысталып, «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының мүшелігіндегі мектеп оқушыларына ынталандыру сыйлықтары үлестірілді.

Білім бәсекесінің соңында белгілі жазушы М.Байғұттың қатысуымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев пен жас журналист Айкерім Айтаханованың «Өркениет үшін күрес» атты авторлық кітабының тұсаукесер рәсімі өткізіліп, тың туындының 250 данасы қатысушыларға тарту етілді.

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here