Алаш ұлттық буржуазиясы (Зайсан, Тарбағатай өңірлеріне қатысты тарихи деректер бойынша)

0
4545
Бияхмет Бобкин үйі (Бүгінде Зайсан қаласының өлкетану музейі)

Алаш кезеңінің ұлттық буржуазиясын зерттеу мәселесі – өзекті тақырыптардың бірі. Себебі, Алаш қозғалысының бірден-бір дем берушісі қазақ байлары болды. Олар экономиканың ұстыны болып қоймай, рухани жаңғырудың, әсіресе әскери күштің де ықпалды тобы болып қалыптасты.

Белгілі тарихшы Е. Рахметуллин: «ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ қоғамының мемлекеттік құрылымын жаңа, әрі өркениеттілік тұрғыда қалпына келтіруге тырысқан Алаш қайраткерлерінің ел ішінде сенім артқан әлеуметтік тірегі қазақ байлары болғаны талас тудырмайды. Алаш қозғалысының халық арасында кең таралуына, жергілікті қазақ комитеттерінің берік орнығуына аталмыш әлеуметтік топ өкілдері өз септігін тигізді. Бұрынғы Ресей империясының территориясында патшалық билікті алмастырған атқарушы үкімет тарапынан мойындалмаған Алаш автономиясы қазақ қоғамының негізгі экономикалық тірегі саналған қазақ байларына арқа сүйеді. Өйткені, жаңадан құрылған Алашорда үкіметінің қаржылық және материалдық қажеттіліктері қазақ байлары тарапынан өтеліп отырды [1]», – деп жазады.

Бұл зерттеу жұмысымызда шығыстағы Зайсан өңірінің қорған болған Алаш кезеңі байларының қызметі талданады. Зайсан – шығыстағы шолпан қала. Жонын Сауыр-Сайхан тауларына, қапталын Маңырақ тауларына, аяғын Зайсан көліне малып, бетін Ебі мен Күзуін сүйіп жатқан тарихи шаһар.

Тарихы қандай бай болса, табиғи байлығы тіпті атын атап отырып жаңыларсың, тауларында сары алтыннан бастап қара алтының да бірқанша түрі бар, тіпті газ да осы өңірден шығып шығысқа қарай жөңкіліп жатыр деседі.

Тауларында қызыл қарағайдан бастап дәрілік-емдік өсімдіктер мен қатар күнделікті өмірде тұтынатын жеміс-жидектердің түр-түрі бар. Көлінде су өнімдерінің, соның ішінде балықтың алуан түрі ұшырасады.

Ал, тарихына келер болсақ, тарихы тым тереңде һәм әріде жатыр, тарихи шаһардың іргетасы бүгінгі дереккөзінде ХІХ ғасырдың бел ортасында Ресей имперясының бекінісімен байланыстырады-мыс, ал бұл дерек әлі зерттеуді, зерделеуді қажет ететін тақырып.

Қазақ меценаттығы және Бидахмет Бобкин тұлғасы

Иә, Зайсан (Жайсаң) қаласында көпестер, татар байларымен қатар қаланың дамуына тікелей әсер етіп отырған қазақтың ұлттық буржазиясының ірі өкілдері болды. Солардың ішінде бірі және бірегейі – Бидахмет Бобкин.

Бидахмет Бобкин және қызы Айша. Дисклеймер: Бұл сурет жасанды интеллект көмегімен өңделген. Өңдеген: Айнұр Қайратбекқызы

Шығыстағы байлардың ішінде жоқшылықтан жетіліп, ірі ауқаттының қатарына қосылған Б. Бобкин жайлы деректер өлкетанушы Ғ. Байбатыровтың, Ф. Жүнісовтің, Қ. Алтыбаевтың еңбектерінде, белгілі жазушы М. Сәрсекенің «Ноқталанған тарихшы» атты туындысында, алаштанушы З. Кәрімханның мақалаларында кездеседі.

Өлкетанушы Ғ. Байбатыров: «Қазақ баласы Бидахмет Бобкин бай саудагерлерге жалданып, сауданың қыр-сырын үйреніп, кейін Зайсан өңіріндегі ірі байлардың бірі болады. Зайсан қаласының сәулетіне сән берер үй және сауда орындарын салдырады. «Қазақ» газетінің 1913 жылы 22 маусым күнгі №19 санында: «Зайсан қазағы Бидахмет Бобкин 13 жастағы қызы Айшаны Мәскеуге орысша оқуға апарды» [2, 151], деген дерек келтірсе, «Бидекең кезінде Семейге ұрымтал Омбы, Барнауыл, Новониколаев (қазіргі Новосібір қаласы), алыстағы Төмен мен Ірбіт жәрмеңкелерін түгел ақтап, Мәскеуге де барып, әйгілі орыс алпауыты, ірі фабрикант Савва Морозовпен «тамыр» болып, мануфактура тауарларын молдап алдырған-мыс. 1910 жылдарда ол Еділдің төменгі сағасындағы Нижний Новгородта қысы-жазы жұмыс істейтін халықаралық жәрмеңкеге де барып, өзіне тиесілі тауар айналымын еселеп асырған деседі. Сол жаққа ол Алтайдың бұлғын терілерін жүздеп апарған. Сол табысқа Бидахмет отағасы тынымсыз еңбекпен, жаратылыс сыйлаған ақыл-ойының ұтқырлығымен жеткен, арғы тегі сіңірі шыққан кедей болыпты-мыс…» [3, 148].

Бидахмет Бобкин XIX ғасырдың соңын ала қазақтан шыққан тұңғыш құрылысшы Баязит Сәтбайды Семей қаласынан арнайы Зайсан қаласына алдырып, қалада бұрын-соңды болмаған кең әрі сәулетті үйді салдырған екен.

Алаштанушы Заңғар Кәрімханның жазуынша, «үй құрылысы 1891 жылы басталып, 1894 жылы аяқталған. Мұнда Бидахмет Бобкиннің отбасы тұрған. Үйдің жалпы аумағы өте кең, бірнеше бөлмелер мен үлкен залға бөлінген. Жылыту пеші екеу болып екі жағынан жағылатындай орналастырылған. Үйдің жоспарлы формасы П әрпі секілді. Қасбеттері рустпен үзілген, үзілмелі рельефті белдеуі бар, карнизі өрнектелген және жоғары жағы плиястермен әшекейленген» [4, 128].

Жер үшін күрес немесе Зейнолла болыс кім?

Бидахметтің үйін көрген қаладағы қазағы һәм татар, орыс көпестер шетінен Баязитке үй салдыра бастаған, шамамен жиырмадан аса үй әйгілі сәулетшінің қолынан шықса, Зайсан қаласынан 70 шақырым жердегі Жалши ауылындағы Зейнолла Бұтабайұлының да кесенесі 1923 жылдары тұрғызылғаны турасында кесененің жоғарғы жақ тұсында сәулетшінің аты және кесененің салынған жылы тайға таңба басқандай анық жазылған.

Болыс Зейнолла Бұтабайұлының кесенесі (ШҚО, Зайсан, Жалши ауылы)

Зейнолла кім?

Зейнолла – болыс, аға сұлтан Бұтабайдың ұлы, тарихта әділдігімен һәм батырлығымен есте қалған тарихи тұлға. 1917 жылғы «Сарыарқа» газетінде Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханның Зейнолла Бұтабайұлына жауап хаты турасында Зейнолла Бұтабайұлынан бастап жергілікті жердегі ел жақсыларының қоныс тебуі, мал-жаны һәм әр болыстың жерінің түйілісер тұсына дейін анық әрі нақты баяндап отырған, ұлт көсемі жауап хатты жазбас бұрын ел ағасы Зейнолланың алаш көсемі Әлихан Бөкейханға жазған хаты бүгінге дейін із-түзсіз мүмкін ақпарат бетіне жарияланбаған болуы мүмкін дегенімен, Алаш ардақтысының қолына тигені анық.

Ауылдағы ақсақалдар: Әсет Әбділдабек болыс немересі, Айтмұхамед һәм Иісбек Тайтұяққажы ұрпақтары Зейнолла болыстың жіберген хатының тұспалды ойларын былай баян етті. Зейнолла өте аңғарлы адам болған, заман ағымын һәм жер мәселесі жайында ұлт көсемінің ақылына бағыт-бағдар беруіне жүгінген деседі. Бұл сөзімізді нақтылай түсу үшін Шілікті болысына Сорокин деген көпес генерал-губернатордың бір парақ қағазын құшақтап Жәжеңе (жергілікті халық болыстың атын атамай «Жәжең» деген) келіп ұлтарақтай жер беруін сұраған деседі-мыс.

«Жәжең» өз рұқсатын бере келіп Сорокинге жергілікті халықтың салт-дәстүріне оғаш, қарама-қайшылықты іс-қимылды жасамауды ескерткен.

Арада біршама жылда Сорокиннің малы мыңғырып, тіпті қорсылдақ пәлелерін Қандысудың басына өрбіте бастағанын естіген ел ағасы тізгін ұшымен келіп шектеу қойып, ескертсе, екіленіп алара-бөртіп алған көпес үйінен бір парақ қағазды алып шығыпты. Мұқым Шілікті жазығын астыртын заңдастырып жатқан құжатын кесе-көлденең қойып масайрап тұрғанын көріп қағазды жұлып алып, жұмарлап-жұмарлап жырта салып көпестің басына әңгір-таяқ ойнатқан деседі.

Болыстан таяқ жеген көпес арыз-арманын айту үшін қаланы бетке алып тайып тұрған, ат-арбамен жеткенше бірнеше ай өтеді. Ақыры қаладан шенді-шекпенділерін ертіп келсе, үйі де,  қора-қопсысы да жоқ, мәнісін ұқпаған комиссия өзін жер аударған.

Негізінде батырлығы мен парасаттылығы қатар Жәжең көпес арыз-арманын арқалап кеткен тұста, үй-жайын, қора-қопсысын құлатып, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, қора-қора қойды бірқанша күн ары-бері өткізіп, орнын тегістеп тастаған деседі.

Осы оқиғаны Ғ. Байбатыров былайша жазады: «Күздің алғашқы қары жауған бір түнде Сорокиннің барлық малын, жиған шөбін халыққа таратып, қоралары мен үйлерін талқандатқызып, ең аяғы күл-қоқысына дейін Қандысуға ағыздырып жібереді. Сонан кейін осы жерге үйір-үйір жылқы айдатып, із де қалдырмайды. Кейін Сорокин заң орындарының адамдарын ертіп келгенде ешқандай заттық айғақпен Зейнолланың әрекетін дәлелдей алмайды. Ауызша айтылған куәліктер ғана бар. Зейнолла сегіз ай Зайсанда қамауда жатады. Ел наразылығынан, әрі жоғарыда болған тосын да батыл әрекеттерден қауіптеніп, жағдай одан ары шиеленісіп кетеді деп ойлап, Ояз бастықтары Зейнолланы қамаудан босатады» [2, 142].

Заманында азуын айға білеген ел жақсылары, ұлттың ардақтылары бүгінде көмескі күйде еш насихатсыз, елеп-ескерусіз қалыс қалып жатыр. Жарықтық Зейнолла болыстың ұлт тарихына қосқан өлшеусіз еңбегі бүгін де тасада қалып бара жатқандай көрінеді.

Бірде ауылдағы бір ақсақалдың айтуына қарағанда, Жалши ауылындағы жалпы орта білім беретін мектептің атын тарихи тұлға Зейнолла болыстың атына берсек деп ұрпақтарымен қатар ауыл тұрғындары қол жиып, облыстық ономастика комиссиясына өтініш-тілектерін кіргізгендерін айтады. Облыстан көңіл қуантарлық жауап келмепті, айтуларына қарағанда Зейнолла болыс қызылға қарсы, адам атын мемлекеттік мекемеге беруге болмайды деген жауап алыпты.

Міне, бұл жайт осыдан жиырма неше жылдың алдында болған, енді осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Зайсан қаласының өсіп-өркендеуіне тікелей әсер еткен маңайындағы әр болыстың һәм ұлттық буржазияның әсері өте зор болған.

Алаш қамқоршысы – Ақыш қажы

XIX ғасырдың соңын ала Есенгелді биден тараған текті ұрпақ 1889 жылы бірінші легі һәм 1897 жылы екінші легі қажылық сапарында болған.

Екі жолғы қажылық сапардың басы – қасында һәм ұйымдастырған Ақыш қажы.

Қажылық сапарына жолға шығу һәм төзімділікпен бір-екі жылды артқа тастап жол азабын және сан мыңдаған кедергілерден тайсалмай өтіп, елге аман-есен жетулерінің өзі – көзсіз ерлік және батырлық!

Бір жарым ғасыр бұрынғы қажылардың тарихи бағасын әділ һәм нақты берер болсақ:

Бірінші – екінші бір әлемнен тың дүниелердің көзін іздеуі.

Екінші – оқу-ағарту һәм тәуелсіздік, елдік мәселесіне өте белсенді болған.

Үшінші – Құдай жолына тәу етіп барған.

Ақыш қажы Шідеріұлының 1906 жылғы болыстық сайлауға түскенін айғақтайтын құжат. ҚР Орталық мемлекеттік архивінде «Приговоры волостный выборных и разная переписка» атты №540-қорда сақталған.

Есенгелді бидің ұрпағы алты алашқа аты мәшһүр болған атақты Бай Шідері Бөгісұлының кенже баласы Ақыш қажы Шідеріұлының 1906 жылғы болыс сайлауына түсуі жайын да ҚР Орталық мемлекеттік архивінен табылған дерек бойынша;

1905-1907 жылдар Қазақстанның саяси өмірі мен ұлттық интеллигенцияның тарихында I және II Мемлекеттік Думаға (бүкілроссиялық парламент – авт.) сайлауына дайындық пен оны өткізуге байланысты оқиғаларымен ерекшеленді. Бұл науқандарға ұлттық интеллигенцияның белгілі өкілдері белсенді түрде араласты.

Бұл сайлау өңірлерде байлар мен болыстарды, ел ардақтыларын да желпіндірді.

Жоғарыдағы архивтік материалда Ақыш қажының болыстық сайлауға қатысуы және қатысқаны туралы өзінің қолын қазақтың ұлттық жазуы төте жазумен қойғандығы көрсетіліп отыр.

Жоғарыда тек екі парақты ғана ұсынып отырмыз:

Біріншісі, болыстың өз қолы қойылғандығын айғақтайтын парақ.

Екінші парақта Ақыш қажының 1906 жылғы сайлауда 38 жаста екені көрсетілген, бұған қарап біз Ақыш қажы Шідеріұлы 1868 жылы туғандығын анықтай аламыз.

Сонымен қатар, Маңырақ болысынан басқа да кандидаттардың есімдері және парақтың соңында Маңырақ болысының мөрі басылған.

Үшінші парақта жалпы өңірлік болыс сайлауына түсіп, әр болыстықтан жоғары дауыс жинаған болыстықтармен болыстардың есім-сойлары көрсетілген.

Қыдырмолда Құрбанқажыұлы Терісайрық болысынан, Ақыш қажы Шідеріұлы Маңырақ болысынан, Зейнолла Бұтабайұлы Шілікті болысынан, Жәкула Күшікұлы Өкпеті болысынан, Отыншы Әлжанұлы Нарын болысынан қатысып, сайлау көрігін қыздырды. ҚР Орталық мемлекеттік архивінде сақталған «Приговоры волостный выборных и разная переписка» атты №540-қорда жоғарыда біз есімін келтірген шығыстағы Алаш байларының қатарында Ақыш қажы бастаған ел жақсыларының уездік сайлаудағы нәтижелері жарияланған.

Ақыш қажы 17 болыс Найманның төбе биі болып сайланғаны ауызекі деректер де һәм өткеннен жеткен тарихи жыр-дастандарда кездеседі.

Ақыш бидің атақ-абыройы, әділдігі һәм парасаттылығы Тарбағатай даласына кең тараған, сол замандағы рулар арасындағы жер дауын, жесір дауын әділ төрелігін айтып шешіп отырған.

Ақыш қажының өсиетнамасында: «Сатының бірде-бір баласы Есенгелді ұрпақтарымен қыз алыспаңдар, таза, ақаусыз нәсіл қалыптастырыңдар және сапалы ұрпақ қамын естен шығармаңдар», – делінген.

Міне, бұл бүгінгі би атамыздың ұрпақтарына өнеге һәм өмірлік ұстанымдарына айналар сара жол.

1917 жылы «Сарыарқа» газетінің №2 санында «Ақыш қажы Шідеріұлының тұтқынға алынуы» деген тақырыптағы ақпараттық мақалада:

«Июньнің 5 күні Семейге пароходпен Ахметжан Шідеріұлын Зайсаннан алып келіп Семейдің абақтысына жапты.

Ахметжан (жайдағы аты Ақыш қажы) Маңырақ елінің адамы, бұрын көп жыл болыс болған.

Бертін келе «орысша тіл білетіннен болыс болады» деген жарлық шыққан соң болыстықтан қалған.

Бірақ, сайланған кісінің атағы болыс еді дағы әмір жүргізуші Ақыш қажы.

Ахметжанды жабуының себебі, бұл кісінің елге істеген ісі, зорлығы, өз алдына үкім шығаруы, өзін хан есебінде ұстауы, кеңес үкіметінің орнауына қарсы…

…мұндай адамдар әр елде бар, өзім билеймін, өзім төстеймін…». Осы бір шағын ғана ақпарат болыс һәм қажы Ақышты тереңірек іздеуімізге жол ашты.

Осы ақпарат жазылудан бір жыл бұрын бүкіл қазақ даласын дүр сілкінткен Ұлт азаттық көтерілісінің Тарбағатай өңіріндегі басшыларының бірі осы Ақыш қажы Шідеріұлы болғанын архивтік материалдар және анықтамалық деректер нақты дәлелдік факті ретінде көрсетіп отыр.

XX  ғасырдың 20 жылдары заманының беталысын кәдімгі тамыршыдай баса білетін, көреген Ақыш қажы қызыл үкіметтің қазаққа опа бермейтін дөп басса керек.

Келе жатқан апаттан халқын аман сақтау қамына кіріседі.

Ақыш қажының арғы бетке қамданып буынып-түйініп жатқанын жансыздар жеткізссе керек, тал түсте бір отряд қызыл әскер үйді қоршауға алып, дүние мүлікті тінте бастаған, бірақ еш себеп таба алмай салы суға кеткенін көрген Ақыш қажы бір малын жықтырып етпен қымызды қатар қойып шақырусыз келген қонағын төрге шығарып сылқита тойдырған екен.

Қымыздан сіміріп, еттен асаған солдаттар қуатты тамақ буындарына түсіп кетсе керек, ел орнына отырған шақта мұрттай ұшып ұйқыға бас қойған тұста, Ақыш қажының жасақтары жатқан жерлерінен тарпа бас салып ұстап, қол-аяқтарын матап отырып байлап, жандайшаптылардың бір тал шашына да тиіспей, Ақыш қажы: «Бұларды жазым қылар болсақ, арттағы халыққа кесіріміз тиер, тимейік деп байлауда жатқандардың ішіндегі қазақтарға ескерту жасаған сендерге бүгін жан олжа, бұдан кейін бейуаз халыққа қиянат жасамаңдар, жазаларыңды тек құдай берсін!» деп оларды жұртқа тастап кетіпті.

Қоныс ауыстырып, елінен жырақтауына 1916 жылғы Тарбағатайдағы ұлт-азаттық көтерілісіне бастамашы топтың басында тұрғаны, Шығыстағы халықтың хан етіп сайлағаны, 30 жыл бойы Маңырақ болысында болыс болғаны, Алаш зиялыларымен тығыз байланыс орнатып, алғашқы қазақ басылымдарын шығаруға және Алаш атты әскерін жасақтауға қаржылай әрі рухани қолдау көрсеткен тұлға ретінде сипатталады.

ҚР Президентінің Архивіндегі қордан табылған дереккөздерге сүйенсек, елдің алдын арғы бетке орналастырғаннан кейін Маңырақта,  Кеңсайда төрт-бес рет құпия жиналыс өткендігі, жиналыстың өтуіне арғы беттен жөн сілтеп, жол көрсетіп отырған Ақыш қажы екенін бірқанша куәгер тілдеріне тиек етеді.

«Кеңес үкіметінің орнауына қарсы» деген желеумен 1917 жылы Семей түрмесіне тоғытылғандығы, кесірлі кеңес үкіметінің Тарбағатайдағы ел жақсыларының, соның ішінде Ақыш қажының маңдайынан сипаттырмайтыны бесенеден белгілі.

Бірқанша мәрте ашылған жиналыста талқыланған маңызды мәселе артта қалған елін тайлы-тұяғымен бәрін көшіріп әкету, көшке кеңес әскері кедергі келтірер болса, Ақыш қажы қарулы жасақ дайындап, шекарадан өткізіп алатындығы жайында айтқан.

Сонымен бірінші легі 1927-1928 жылдары, екінші легі 1929-1932 жылдардың бас шегінен қозғала бастағаны.

1930 жылы қызыл жендеттер Ақыш қажының аталас туыстары Байпейіс қажы, Нұртаза қажының ұлы Ихсан бастатқан 15 адамды бір түнде Зайсан қаласының іргесінде атып өлтіргені.

1930 жылдардың жаз ортасында Маңырақ болысынан шекараны бетке алып көшіп бара жатқан көштің алды-артынан қоршап, бір қауым елді Маңырақтың бөктерінде жусатып тастаған. Бүгінде сол қырғыншылық болған жер «Қызыл қырған» деп аталып бүгінге жетті, кеңес отаршылдарының қан құйлы әрекеттері бейкүнә халықты аяусыз жаныштағаны, қуғын-сүргінге ұшыратқаны еш уақытта ұмыттылмақ емес.

Ақыш қажының өмірінің соңы құсада өтті десек те артық айтпаймыз, арғы бетке босқын болып өткеннен кейін бақ-дәулеті де орталайды және ол жақтағы кертарпа Шыңшысай билігі және тұрғылықты мәнжүр, қалмақ шонжарлары сондай-ақ қаны бір бауырлас үкірдай, заңгілердің бақастық-бақталастық пиғылдары көрнеуде болмаса да астыртын әрекеттерін жасап отырған.

Бұндай теперіштердің барлығы саналы адамға оңай тимейтіні – ақиқат.

Аумалы-төкпелі заманда көшкен елмен бірге адуынды ақын Әріпжан Жанұзақұлы да Құлыстай өлкесіне қоныс аударған.

Арып-ашыққан, бұрын ауыздарынан май ағып отыратын халықты көрген төпе жырдың сүлейі Әріпжан Жанұзақұлы:

Бес Саты деген ел едік,
Шалқып бір жатқан көл едік.
Қайырбай, Ақыш сабазым,
Жұрт ішінде асқан бел едің.
Кемімеген кен едің,
Қыдыр шалған ел едің.
Құдіретімен Алланың,
Ой, қапа болып жүдедік, –
деп ел басына түскен ауыртпалықты дәп басып отырып айтқан. Тағы бірде Қайқы Иманғали ақын былай жырлаған:

Бағыланды ауызға алдым қажы Ақыш,
Қалтырмас сөйлегенде сөзден нақыш.
Ұстаған құрастырып жегжат елді,
Сатыда болған емес сізден тапқыш.

Көтерді қарағайдай елдің назын,
Дүниенің мөлшерлеушең көп пен азын.
Бір күнде жандаралдан асып едің,
Бұл күнде бір орташа болдың қажым.

Міне, қос ақынның өлең жолдарына қарап-ақ Ақыш қажының өмірінің соңы қандай халде өткенін топшылауымызға болады.

Ақыш қажының сүйегі Дөрбілжін ауданы Қырықошақ деген жердегі жасынды көлдің астында қалды.

Ұлы мұрат жолында еш тартынбай ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Ақыш қажы Шідеріұлының есімі қайта жаңғырып тарихи бағасын алатынына бек сенімдімін.

Сөз соңын Ақыш қажы бабамызға арнаған өлеңімнен үзінді келтіре кетсем:

Жеткізді айта-айта ойларында,
Түйінін де сөзінің байламында.
Бабамыздың сүйегі жатыр қазір,
Дөрбілжін, Тарбағатай аймағында.

Шыдап беріп жүр ұрпақ бір өктемге,
Жұбанып жырмен жанға гүл еккенге.
Жасанды көл астында жатсаң-дағы,
Рухың Ақыш қажы жүректерде!

Әлихан жолдас санаған тұлға немесе Қыдырмолданың арманы

Қыдырмолда Құрбанқажыұлы деген ел ардақтысын ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан қазақтағы жолдасымның бірі деп құрметтеп, қадір тұтқан. «Әлекеңнің бір жолдасы – қарқаралық қаракесек Хасен Ақайұлы, найман Зайсан елі Қыдырмолда – байжігіт. Қазақтың әр елінде «Әлиханмен жолдаспын» деп жүрген қазақ баласы аз емес. «Қазақтың баласын оқытып, егін салып отырықшы ғып, қала салғызып ел қылу, бірте-бірте оқумен болады, күшпен болмайды; бай-кедей демей-ақ үйретеміз» деуші еді [5, 9]», – деп жазады естелігінде ұлт көсемінің туған бауыры Смахан төре.

Қыдырмолда Құрбанқажыұлы. Дисклеймер: Бұл сурет жасанды интеллект көмегімен өңделген. Өңдеген: Айнұр Қайратбекқызы

Қыдырмолда Терісайрық болысына қазақтың өлең өлкесіне аққан жұлдыздай жарық еткен аяулы Сұлтанмахмұт Торайғырдай ақынын Терісайрыққа арнайы алдырып бала оқытуы нені білдіреді? Бұл – ұлттық буржазияның ұлттың болашағына әу бастан әрекет жасағанының бір белгісі.

«Ел жақсыларына ортақ Сұлтан Махмұтты Құрбанқажы да аттай қалап шақыртып алады. Әке пәрменімен жаңаша ашылған мектепте Сұлтан Махмұт Қыдырмолданың бауырлары Мырзасадық, Халым, Молдасадықтарға және баласы Ғабділмәлікті де оқытады. Кейін Қыдырмолла Мырзасадықты Семейдегі орыс мектебіне, Уфа қаласынан келген оқымыстылар сабақ беретін гимназияға жібереді. Кейін Алаш қозғалысына қатысады. Бұл тұлға жайлы алдағы уақытта бөлек әңгіме қозғайтын боламыз. Соңынан Қыдырмолла өз балалары Арынтай, Халық, Әнуарбектермен бipгe немepeci Айтқазыны да Семейдегі орыс мектебінде арнайы оқытып, орта білімді маман етіп шығады» [4, 47-48].

Қыдырмолданың бауыры Мырзасадық Шығыс Түркістанға өтіп, онда Алаш идеясын насихаттап, ағартушылықпен айналысты. Ол – тағдырлы жазушы Қ. Шабданұлының «Қылмыс» романының кейіпкерлерінің бірі.

Бұл тұлғаның жазған мақалаларын, бұрын-соңды шықпаған, ғылыми айналымға енбеген еңбектерін тауып отырмыз, оны кейінгі кезеңге өткен кезде айтып беруге уәде етейін.

«Сарыарқа» газетінің демеушілері

«Алаш қозғалысы» энциклопедиясында: «Байлардың пейiлi меценаттыққа ұласып, ортадан қаражат шығарып кiтап, газет-журнал жариялау, қозғалысқа бiрiгу – Алаш ағартушылығының дәйектi жұмысы» [7, 16], – деп пайымдалған.

Алаштың үні болған «Қазақ» газеті Жангелдиндердің күшімен жабылған соң, шығыста «Сарыарқа» газеті жұмысын бастағаны тарихтан белгілі. Аталған басылымның 1919 жылғы 27 қаңтардағы №67 санында газетке жазылып, демеуші болған байлардың аттары мен болыстықтары тізім ретімен келтірілген. Мұнда 24 бай-ауқатты жанның есімі аталады: Олар: Қарқаралыда: Шоқабай баласына – 1, Ақбай баласына – 2, Ақай баласына – 3; Темірші болысында: Ораңқай баласына – 121, Бабыр баласына – 17, Павлодарда: Барлыбай баласына – 8; Баянауылда: Жүсіпбек ақсақалға – 20, Зайсанда: Жомартбай баласына – 1, Жабай баласына – 1, Сәрсеке баласына – 1; Терісайрық болысында: Құрбанқажы баласына – 13; Өкпеті болысында: Күшік баласына – 17; Нарын болысында: Сәрсен баласына – 18; Шілік болысында: Бұтабай баласына – 19; Маңырақ болысында: Шідері баласына – 25; Хабарасу болысында: Нұғманға – 26; Базар болысында: Өкебай баласына – 30; Өскеменде: Елбосын баласына – 11; Көлен баласына – 12; Ұлан болысында: Жәкежан баласына – 29-30; Әлихан баласына – 29-28; Шыңғыстай болысында: Ережеп баласына – 33-31; Қалия болысында: Қайрамбай баласына – 89-88.

Бұдан байқап отырғанымыздай, Зайсан, Тарбағатай өңіріндегі қазақ байлары ұлттық мұрат жолында қолындағы мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған. Алаш идеясына берілгендіктен осы жолда құрбан болды.

Қорыта айтқанда, Алаш кезеңіндегі ұлттық буржуазия – қазақ қоғамының саяси да, әлеуметтік те тірегі. Бидахмет Бобкин, Зейнолла Бұтабайұлы, Ақыш қажы Шідеріұлы, Қыдырмолда Құрбанқажыұлы сынды Зайсан, Тарбағатай даласындағы ірі бай-саудагерлер мен болыс-билердің қызметі соның дәлелі. Олар дәулетін өз басының пайдасына жаратпай, елдік мұрат-мүддеге, ұлтты ұйыстыратын ұлы істердің бастауынан табылды. Оқу-ағарту саласының жаңа сапаға шығып, өзгеше өріс ашуына күш жұмсады.

Бидахмет Бобкин – Зайсан шаһарынан шыққан қазақ меценаты. Зейнолла болыс жер дауына келгенде отаршыл саясатқа қарсы бас көтерген ел қамқоры. Қыдырмолда Құрбанқажыұлы талабы бар жастарды оқытуға жол ашты. Ақыш қажы Шідеріұлы ұлттық баспасөздің жанашыры. Зайсан, Тарбағатай өңіріндегі ұлттық буржуазия өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы ғылымдағы аясы кең тақырып.

Зайсан, Тарбағатай өңіріндегі ұлттық буржуазияның жарқын үлгісі бүгінгі заман биігінде Алаш қозғалысының кең ауқымда барша қазақ даласындағы, тіпті дархан даламыздан тыс тұтастай алғанда бар қазақты біріктіретін бірлік ұғымы, ымыраға келіп ынтымаққа шақыратын ұлы ұғым!

Ақжол ҚАДЫЛБЕКҰЛЫ,
Алаш зерттеушісі

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Рахметуллин Е. ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ меценаттары: тарихы мен тағдыры. // «Қазақстан тарихы» порталы, 07.09.2015. https://e-history.kz/kz/news/show/3166
  2. Байбатыров Ғ. Зайсан. Өлкетану тақырыбындағы тарихи-танымдық туындылар / Ғ. Байбатыров. – Астана: Фолиант, 2014. – 344 б.
  3. Сәрсеке M. Ноқталанған тарихшы: роман-эссе / М. Сәрсеке. – Астана: Фолиант, 2023. – 608 б.
  4. Кәрімхан З. «Толағай». Тарихи-танымдық толғаныстар. – Нұр-Сұлтан: Qyr balasy, 2021. – 188 б.
  5. Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866–1937). Шығармаларының 9 томдық толық жинағы. /Құраст.: Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы. – Астана: «Сарыарқа», 2013. Т. 6. – 520 б.
  6. Нұрпейісов К. «Алаш һәм Алашорда». Алматы: Ататек, 1995. – 256 б.
  7. «Алаш қозғалысы». Энциклопедиялық анықтамалық. Құраст.: Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. – Алматы: Сардар, 2014. – 528 б.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here