Адамзат Жер-Ананы құтқаруды неге кешеуілдетіп жатыр?

0
1648

Жаһандық жылыну – адамзаттың болашағына төнген басты қауіп. Егер Жер тұрғындары бұл мәселені қазіргідей елемесе, онда 2040 жылдан кейін ғаламшарымыз үлкен апатқа ұшырап, өкініштен бармағымызды тістеп қалуымыз әбден мүмкін. Өйткені, адамзат ысырапшылдығының өтемі өте ауыр болмақ. Мәселен, біраз елдер Жер бетінен жоғалады, миллиондаған адам су тасқынынан, жан төзгісіз ыстықтан және өзге де табиғи апаттардан ажал құшады. Апаттан тірі қалғандардың өзі аштыққа ұрынып, жүз миллион адамның өмірі тағы қиылады. Мұндай жағдайға қарыс қадам жақын қалған ғаламшарымыз экологиялық трансформацияны сөзсіз қажет етеді. Эколог сарапшылардың айтуынша, мұны кешеуілдетуге тағы болмайды. Демек, адамзат әлемді сақтағысы келсе, небәрі 20 жылда энергетика мен экология саласында төңкеріс жасауға мәжбүр болады.

ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУ ЖЕРДІҢ ТҮБІНЕ ЖЕТЕ МЕ?

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобы (IPCC) Жер бетіндегі климаттың өзгеруі жайында баяндама жасады. Сарапшылардың тұжырымы көңіл көншітпейді. Жер бетіндегі температура өткен екі мың жылдықпен салыстырғанда жылдам өсуде. Ал, метеорологиялық бақылаулар тарихындағы соңғы ең ыстық бес кезең 1850 жылдан бастап тіркелген. Климатологтар мұның адамзат әрекетінің салдарынан болғанын растап отыр.

Көлік, өнеркәсіп, энергетика салалары атмосфераға жыл сайын 40 млн тоннаға жуық көмірқышқыл газын бөліп шығарады. Жаһандық жылыну мұхиттардағы азық-түлік тізбегінің тиімділігін төмендетіп, ондағы ірі жануарлардың тіршілігіне, азық-түлік қорына үлкен қауіп төндіреді.

БҰҰ қазірдің өзінде жаһандық орташа температура ХІХ ғасырдың аяғымен салыстырғанда шамамен 1,1 Цельсий градусқа жоғарылағанын, ал алдағы 20 жылда шамамен 1,5 Цельсий градусқа жылынатынын айтып, дабыл қағуда. Температураның жоғарылауы мұздықтардың еруіне, мұхиттардың көтерілуіне, орташа ылғалдылықтың артуына әкелетінін ара-тұра естіп жүрміз. Климаттың жылынуы расымен де өмір сүруді мүмкін еместей етеді. Мысалы, Үндістан мен Таяу Шығыс елдерінің жағдайы тірінің тозағына айналуы мүмкін. Африка туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Еуропаны одан да қорқынышты болашақ күтіп тұр. Гренландия мұздығының еруі қазірдің өзінде қайтып келмейтін нүктеге жақын. Ғайыптан тайып еру үрдісі тоқтамаса, аралдағы мұз қалқаны түбегейлі жойылады. Осының салдарынан кәрі құрлық табиғи апаттардан көз ашпайды. Себебі, Гренландия мұздығы әлемдік экожүйенің маңызды бөлігі болып саналады. Мұздық күн сәулесін шағылыстырып, ғарышқа қайтару арқылы ғаламды жылынудан сақтап келеді. Егер ол толықтай еріп кетсе, онда теңіз деңгейі жеті метрге дейін көтеріледі. Сондай-ақ, Атлантикалық меридианның айналымы баяулап, бұл Еуропадағы ауа райының күрт өзгеруіне әкелуі мүмкін. Соның салдарынан қысқы дауыл, жазғы аптап ыстық пен құрғақшылық белең алады. Кейбір елдердің мүлдем жоғалып кетуі де ғажап емес. Теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты ондаған шағын арал мемлекеттердің су астында қалу қаупі бар. Әсіресе, Тынық мұхитының батысында орналасқан үш архипелагтан тұратын Кирибати мемлекетіне қатер төніп тұр. IPCC мәліметтеріне сүйенсек,  мұхит суының небәрі 0,9 метрге көтерілуінің өзі  ХХІ ғасырдың соңына дейін 120 мың халқы бар ел аумағының  үштен екі бөлігін су астында қалдыруға жетіп жатыр.

БҰҰ өз баяндамасында соңғы 170 жыл ішінде Жер бетіндегі жаһандық температура 1,23 Цельсий градусқа көтеріліп, бұл 125 мың жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш деген қорытындыға келді. Бұл Жер бетіндегі ыстық ауа толқындарының ықтималдылығын 20-150 есеге ұлғайту үшін жеткілікті көрінеді.

«Ешкім қауіпсіз аймақта емес. Себебі, жағдай тез нашарлайды. Біз жаһандық жылынуға тікелей қауіп ретінде қарауымыз қажет. Экологиялық дағдарыстарға, атап айтқанда, биоалуантүрліліктің жоғалуына, табиғаттың ластануына және бөлінетін қалдықтарға мұқият мән беруіміз керек. Шындығында, мұның бәрі елеулі қауіптер. Әлемдегі барлық елдердің үкіметтері қалдықтарды нөлге жеткізу жоспарын өз парыздарының ажырамас бөлігіне айналдыруы қажет. Олар Париж келісімінде уәде етілгендей, климаттың өзгеруіне бейімделуі үшін дамушы мемлекеттерді қаржыландырып, қолдауы тиіс», – деді БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі атқарушы директоры Ингер Андерсен.

Бүгінде жаһандық жылынудың салдары байқалуда. Осы жазда Германияда болған су тасқыны – соның айғағы. Апаттың шығыны 30 млн еуроға бағаланды. Сондай-ақ, ауа райының өзгеруінің әсерінен биылғы жазда миллиондаған гектар орман алқабы өртке оранды. Ресейдегі, Түркиядағы, АҚШ пен Бразилиядағы ормандар тілсіз жаудан ауыр зардап шекті.

КӨК ТҮТІНГЕ ТҰНШЫҚҚАН ҰРПАҚ

Миллиондаған адам әлі де жаһандық жылынудың қаупіне селқос қарайды. Алайда, табиғи ірі апаттардың ауқымы кеңейе түсуде.  Мәселен, өткен ғасырдағы алпысыншы жылдардан бастап ауа райының құбылуына байланысты табиғи апаттардың саны үш есеге өскен. Еуропа мен Азияда су тасқыны, аптапты ыстық болып, ал Бразилияда қар жауып жатыр. Апаттың салдарынан адамдар ет жақынынан, баспанасынан айырылуда. Сұрапыл тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, дәрменсіз күй кешуде.

Биылғы жылы алты ай бойы Жер шарының әр түкпірінде қалыптан тыс аптапты ыстық тіркелді. Температура 50 Цельсий градусқа дейін жетіп, құрғақшылықтан зардап шеккен алқаптар мен ормандарды алапат өрт шарпыды. Ормандар ғана емес, тұрғын үй аудандары да қызыл жалынға оранды. Ешкім тірі қалмады.

2012 жылы орман өртінен жыл сайын 340 мыңға жуық адам ажал құшады деп есептелген. Өрттің зияны адамдар үшін қауіпті түтін түрінде мыңдаған шақырымдарға дейін таралады. Егер адамзат жаһандық жылынуға қазіргідей пысқырмай жүре берсе, өрт кезінде атмосфераны зиянды заттарға толтыратын көмірқышқыл газы мен көміртегі тотығы белсенді бөліне береді.

Италияның Сицилия аралында Еуропада соңғы қырық жылда болмаған 48,8 градустық ыстық тіркеліп, салдарынан орманда өрт шықты. Өрттің ошағы аралдың шығыс жағалауындағы 300 мың халқы бар Катания курорттық қаласы болды. Тұрғындардың көпшілігінде үйлерін тастап кетуден басқа амалдары болмады. Қою қара түтінге байланысты қаланың әуежайы қызметін уақытша тоқтатты. Оқиға орнынан түсірілген суреттерден Ле Капанин жағажайындағы өрт сөндіру жұмыстарының қалай жүргізілгенін көруге болады. Ыстық жел жалынды бүкіл аралға таратты. Курорттық аймақтан 200-ге жуық адамды теңіз арқылы құтқаруға тура келді. Полиция өртті қаскөйлердің әрекетіне балайды. Тіпті, күдікті дегендерді ұстап та үлгерді. Әйтсе де, қоғамда апатқа себеп болған жаһандық жылынудың әсерінен болған аптапты ыстық пен құрғақшылық деген пікір басымырақ. Жалпы алғанда, тілсіз жау 80 мың гектар орман алқабы мен елді мекендердің күлін көкке ұшырды.

Биыл жаздың шіліңгір ыстығы бастала салысымен, Ресейдегі орман өрті өршіп кетті. Мәселен, Самара облысындағы өрт орман алқабының 100 гектарын қамтыған. Онымен қоймай, қызыл жалын Коноваловка мен Немчанка елді мекендерін де шеңгеліне алып, 18 ғимараттың түбіне жеткен. Тілсіз жаудан үш адам зардап шекті. Сондай-ақ, Якутиядағы орман өрті де күллі әлемнің назарын аударды. Орманда екі жүз өрт ошағы тіркеліп, 1,5 млн гектар жерді шарпыған. Тіпті, тілсіз жау мұнай базасына бір жарым шақырым жақындап, жұртшылықтың зәресін алған.

БАТЫС ЕЛДЕРІ ҒАНА СӨЗДЕН НАҚТЫ ІСКЕ КӨШТІ

Әлемнің барлық елдері климаттық қауіпті мойындап, Париж келісіміне қол қою арқылы онымен күресуге келісті. Екі жүзден астам мемлекет 2050 жылға дейін «нөлдік көміртегі ізіне» келуге міндеттеме алды. Бірақ, әзірге бұл тек индустрия дәуіріне дейінгі шығарындылардың мөлшеріне дейін азайту туралы мәселенің қозғалуына алып келді.

Әлемдегі экономикасы дамыған елдердің атмосфераны ластайтын зиянды қалдықтарды дамушы елдерге қарағанда көп шығаратыны белгілі. Еуропалық Одақ экономикалық әлеуеті бойынша АҚШ пен Қытайдан кейінгі үшінші орында тұрса да, залалсыздандыру шараларын бірінші болып бастады. Сөзден нақты іске көшіп, 2030 жылға қарай қоқыс шығарындыларын 1990 жылмен салыстырғанда 55 пайызға азайту туралы құжатты заңды түрде рәсімдеді. Сондай-ақ, Брюссель жанармай қозғалтқышы бар автокөліктерді сатуға тыйым салуға, әуе компаниялары мен теңіз тасымалдаушыларына зиянды шығарындылары үшін салық төлетуге және көміртегі салығын енгізіп, орманды қалпына келтіруге дайындалып жатыр.

Еуропалық Одақ Париж келісіміндегі міндеттемелерді қазірде жүзеге асыруға болады деп санайды. Бірақ, бұл көміртегі шығарындыларының көрсеткішін бүкіл әлем бойынша тез арада төмендетуді талап етеді.

«ІPCC  баяндамасы климаттық дағдарыспен күресу үшін шұғыл шаралар қабылдаудың маңыздылығын көрсетеді. Егер біз қазірден әрекет етсек, климаттың күрт өзгеруін әлі де болса тежеуге болады», – деп қорытындылады Еурокомиссия басшысының орынбасары Франс Тиммерманс.

Еуропа мұнай мен газ дәуірін өткеннің сарқыншағы деп санайды. Бұл туралы Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен: «Пайдалы қазбаларға негізделген экономика өзін-өзі сарқыды. Біз болашақ ұрпаққа өмір сүруге қолайлы ғаламшар қалдырғымыз келеді», – деп пікір білдірді.

Ғаламшарымыздың ең ірі ластаушылары – АҚШ пен Қытай. Олардың шығаратын зиянды қалдықтары әлемдегі парниктік газдардың жартысын құрайды. Дональд Трамптың тұсында АҚШ Париж келісімінен шыққан еді. Бірақ, Джо Байден келген соң, олар келісімге қайта келді. Қазір экологиялық саясат Ақ үйдің күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің біріне айналды.

«Ешбір ел бұл дағдарысты жалғыз өзі жеңе алмайды. Сіздердің бәрін жақсы түсінетіндіктеріңізді білемін. Біз бәріміз, әсіресе экономикалық әлеуеті жоғары елдер күш-жігерімізді арттыруға тиіспіз», – деді Ақ үй қожайыны Джо Байден.

Байденнің бұйрығымен 2030 жылға қарай АҚШ-та жасалған автокөліктердің кемінде 50 пайызы электр қуатының қондырғыларымен жарақтандырылуы тиіс. Сондай-ақ, елде көлік шығарындыларының жаңа стандарттарының енгізілуін ұсынуда. Сол арқылы 2026 жылға қарай ластану деңгейін он пайызға азайтпақ.

Климаттық дағдарысқа қарсы іс-шаралардың бірі – табиғатты ластайтын өнімдердің импортына салық енгізу. Ал, таза энергиясын өндіретіндерді ынталандыру үшін арнайы төлемдер қарастырылмақ. АҚШ үкіметі климаттың өзгеруімен күресу үшін 3,5 трлн доллар қаражат бөлді.

Аспан асты еліндегі зиянды шығарындылар жан басына шаққанда  АҚШ-қа қарағанда екі есе аз. Бірақ, сонда да 1,4 млрд халқы бар әрі экономикасы қарқынды өсіп келе жатқан Қытай жаһандық экологияға қауіп төндіруші басты ел болып шықты. Қазіргі уақытта Қытай әлемдегі парниктік газдардың төрттен бір бөлігін шығарады. Елдің басты мәселесі – көмір. Ол әлі күнге дейін энергияның негізгі көзі болып қала береді. Дегенмен, Қытай үкіметі көмірді тұтынуды біртіндеп тоқтатуға уәде берді. Бейжіңдегі Цинхуа университетінің зерттеушілері ҚХР 2050 жылға қарай электр энергиясын өндіру үшін көмірден толығымен бас тартып, оны ядролық және жаңартылатын энергия өндірісімен алмастыратынын айтып әлемді сендіреді. Әрине, Қытай уәдесінде тұра ма, жоқ па – оған уақыт төреші.

АУАНЫ ЛАСТАЙТЫН ЗАТТАРДАН БАС ТАРТУ АДАМЗАТҚА ТЫМ ҚЫМБАТҚА ТҮСЕДІ

Адамзат  жаһандық жылыну мәселесін түпкілікті шешу үшін әлемдегі ең ірі экономикалық жүйелер – мұнай мен газ отынынан бас тартуы қажет. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, егер экономиканы қайта құруды бастамаса, әлемдік экономиканың көмірсутектерден бас тартуы көптеген елдер үшін тым қымбатқа түсетінін бірнеше рет ескертті. Бұл Қазақстанға да қатысты.

Екінші жағынан алғанда, экологиялық трансформация тек мұнай мен газға тәуелді елдер үшін ғана емес, барлығы үшін де қымбатқа түсуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, адамзаттың қоршаған орта үшін күресі әлем бойынша барлық тауарлардың бағасының шарықтап кетуіне әкеледі. Әрине, бұл ұзаққа созылмайды. Бірақ, жаңартылған көздерден келетін электр энергиясы мол болған кезде ғана әлемдік баға төмендеп, арзандай бастайды. Әйткенмен, әзірше мұндай алғышарттар жоқ.

Ғалымдардың қорқынышты болжамдарының аясында экологиялық трансформация мейлінше тездетілуі керек. Бұл үкіметтің қатаң шараларды қолдануына, өндіріс орындарын жаңғыртуға, көміртегі салығын көбейтуге алып келеді. Мұндай саясатты жетекші елдер, соның ішінде Еуропа елдері жүзеге асыруды бастап та кетті.

Баяндамашылардың сөзінше, кейбір экологиялық жобалар кейінге шегеріліп немесе мүлдем кәдеге жарамай қалады. Себебі, «климаттық мәселелерді ушықтырып аламыз ба?» деп қауіптенеді. Халықаралық  энергетика агенттігінің мәліметінше, 2020 мен 2050 жылдар аралығында  температураның 1,5 Цельсий градусқа көтерілуін тежеу үшін күн мен жел энергиясының қуатын бес есеге арттыру қажет болады. Экономикалық қиындықтардан бөлек, табиғаттың өзі де адамзаттың жасыл энергетикаға көшуіне кедергі келтіреді. Мәселен, қатты құрғақшылық гидроэнергетиканы толықтай жояды. Мұндай проблемаға АҚШ, Қытай және Бразилия елдері тап болып отыр.

Кейбір үкіметтердің климаттық мәселелерге бейжай қарауы жетекші елдердің бастамасын артқа тартып тұрғаны да рас. Егер бұлай жалғаса берсе, Париж келісімінде көрсетілген ауаның орташа температурасын индустрияға дейінгі кезеңдегі деңгейге жеткізу үшін 1,5 Цельсий градусқа көтерілмеуіне жол бермеу әрекеттері нәтижесіз болмақ. Ғалымдар келісімде көрсетілген мақсаттарға жету үшін 2030 жылға қарай шығарындыларды екі есеге азайтып, 2050 жылға қарай шығарындыларды өндіруді мүлдем доғару керек екенін анықтады.

Жасыл экономикаға көшу үшін болатын үлкен шығындар мен бағалардың өсуі – алдағы уақытта ғаламшарымызда болатын жағдайлармен салыстырғанда дәнеңе де емес. Өйткені, жаһандық жылыну – адамзаттың тікелей кінәсі. Демек, мұны климаттың өзгеруімен күрескенде ғана жуып-шая алады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Еліміздегі зиянды шығарындылардың негізгі көзі – ірі өнеркәсіптік орындар, автокөліктер мен тұрғын үйлердің жылыту жүйелері. Әсіресе, соңғысының зияны ірі зауыттар мен дизельді қозғалтқыштардың әсерінен кем түспейді. Бір қарағанда зиянсыз болып көрінетін пеш түтінінде қауіпті химиялық қосылыстардың «коктейлі» бар: көміртегі тотығы, азот диоксиді, ауыр металдар, формальдегид, бензол және тағы басқалар. Қалалардың ауасын негізінен автокөліктерден бөлінетін улы газдар ластайды. Бірақ, соған қарамастан, еліміздегі атмосфералық ауаны ластайтын зиянды шығарындылардың негізгі бөлігі өнеркәсіптік кәсіпорындарға тиесілі. Өңірлер арасында бұл көрсеткіш бойынша Қарағанды облысы көш бастап тұр. Сондай-ақ, Павлодар облысы екінші орында, Ақтөбе облысы алғашқы үштікті қорытындылайды.

2019 жылы  ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жылына 4,9 млн тонна шығарындыларға рұқсат етілген лимит бекітті.

Рас, өнеркәсіп кәсіпорындарының атмосфераға үлкен зиян шектіретіні анық. Кәсіпорындардағы шығарындылар деңгейін азайту үшін елімізде жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Мәселен, құжатта ұсынылған шаралардың бірі – ең озық қолжетімді технологияларды енгізу. Алайда, Мемлекеттік экологиялық сараптама және рұқсаттар басқармасының басшысы Ерлан Таспаевтың пікірінше, Қазақстандағы өнеркәсіп кәсіпорындарының барлығы посткеңестік мұра болып табылатынын ескере отырып, ең озық қолжетімді технологияларға көшу кәсіпорындарды толық қайта жабдықтауды, өндірістің технологиясына дейін өзгертуді білдіреді. Бұл жағдайда олардың үлкен шығынға бататыны сөзсіз. Алдағы дағдарыс кезінде бұл міндеттемелер кәсіпорындар үшін ауыр жүк болары анық.

Еске сала кетейік, Қазақстан экономикасы шикізатқа тәуелді. Ал, экологиялық талаптардың күшеюі мүлдем басқа мәселеге апарып соғады. Өнеркәсіптік секторларды күйретіп, дағдарысқа ұрындыруы мүмкін. Тоқ етерін айтқанда, мәселені шешуде экология да, экономика да зардап шекпейтіндей жолды табу қажет. Барлығын «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here