Қаңтар сабағы: Ашу-ыза мен кекке құрылған қоғамда болашақ жоқ

0
1253

Мемлекеттің дамуы әрбір азаматтың жауапкершілікті сезінуден және оның жауапты болуынан басталады. Ал, оған деген сенім – күрделі әлеуметтік феномен. Халық саясаткерлерге әртүрлі түсінікте сенім артады. Бүгінгі таңда әлеуметтік зерттеулер мен түрлі талдаулардың Президентке деген сенім рейтингтері Парламент, Үкімет, әкімдер корпусы, партиялар мен қоғамдық ұйымдарға қарағанда салмақтылығын көрсетіп отыр.

Қазақстан Президенті өзінің соңғы сұхбатында: «Президент қоғамдық-партиялық және саяси құрылымдардың бәрінен жоғары тұруға тиіс деп санаймын. Әртүрлі қоғамдық-саяси күштерді мемлекетіміздің мүддесіне жұмылдыра білуім керек», – деп атауы халықтың үлкен сенімін оятты. Мемлекет басшысы осы сұхбатында өзінің ашық және адал саяси бәсекелестіктің кепілі ретінде шынайы қызмет ететінін білдірді. Осыған орай, «Мен үшін мемлекет мүддесі біреумен жақсы қарым-қатынастан жоғары» деп айтқаны халықтың талап-тілегі мен арман-мақсатын жоғары қойғанының белгісі санатында қабылданды.

Жалпы, еліміздің тарихи дамуында, халқымыздың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы тұңғыш рет Мемлекет басшысының бастамасымен үндестік тауып отыр. Мұны Қазақстан халқы алғашқы рет Президент деңгейінде есітті. Халық шыдамды, әр сәтті сабырмен күтеді. Күтейік. Оның атқарылу процесі ұзақ уақыт. Ең бастысы, Президент айтты, ол жүзеге асырылуы тиіс.

Қазірдің өзінде билік пен қоғамдық сананың транзиті басталып кетті. Бізге қоғам мен билік арасындағы пәтуа, келісім мен үйлесім, өзара сенім мен сыйластық керек. Әр адам өз орнын білгені шарт. Бұл туралы Конфуций: «Әр адам өз ісін атқара білсін. Билеуші ел билесін, жұмысшы еңбек етсін, әке – әке, бала – бала орнында болсын. Тұрмыстың осы қарапайым қағидасы бұзылса, мемлекет іштен іриді. Өмірдің сиқы қашады, сыйластық жойылады, ел ішін алауыздық пен өтірік-өсек жайлайды. Үлкен өрт кішкене шақпақ тастан шыққан ұшқыннан басталады», – депті. Бұл кешегі қаңтар оқиғасында ақиқатқа айналды.

Қазіргі қазақстандық қоғам модернизациясын жасаудағы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі ерекше. Халық бірлігі мен ұлттық құндылықтарды ескере отырып, адамдарды күйбең тірліктің жетегінде кетпей, болашаққа құрылған жоспар-мақсатты айқын аңғара білуге шақырып отыр. Жаңа Қазақстанды құру Қазақстан азаматтарын жалпыға ортақ міндетке жұмылдыратын стратегиялық мақсат. Бұл мақсатта Президент Жаңа Қазақстанның жолбастаушысы болып табылады.

Прагматизм теоретигі Дж. Дьюи қоғам дамуы ұлы лидерлер тарапынан болатын импульстер негізінде «құбылыстан – құбылысқа» кездейсоқ өрбитінін дәлелдеген.

«Көңілінің нені қалайтынын анық білетін адамның шағын тобы халықты соңынан ертеді», – дейді философ Геннадий Ашин.

Қазақстанның саяси модернизация стратегиясы – тәуекелшіл лидердің образын түзетін саясаткер қадамы. Оны қазір анық көріп отырмыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев – бюрократиялық аппараттан – демократиялық басқаруға бағыт алған саясаткер. Бірақ, біз қанша жерден демократпыз деп айтсақ та, қоғам демократ болуға әлі дайын емес. Қазақ интеллигенциясы да демократияға мұнтаздай дайын болмай тұр. Бүгінгі орта буынның тұтастай толқыны – кешегі кеңес дәуірінің өнімі. Бүкіл болмыс-бітіміндегі жақсылы-жаманды қасиет – сол заманның тікелей жемісі. Демек, мұндай жағдайда мемлекет басшысы демократпын деп айтудан гөрі, қоғаммен санасуды жөн санап отыр. Деспоттық 30 жылдық басқарудан қоғамның кейбір тобы бірден демократияға өтуді ұсынады. Бұл дәл бүгін мүмкін емес. Ұзақ жылдар бойы авторитарлық, соңынан деспоттық басқаруда мәңгіріп қалған қоғам бүгін бірден демократ бола алмайды. Біз оған психологиялық, моральдық, саяси, идеологиялық жағынан тіпті де дайын емеспіз. Оған Президент дайын болғанмен, қоғам дайын емес. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевқа бір күнде демократия орнатпадың деп кінә артудың қажеті жоқ. Екіншіден, демократия деген – кадр алмастырудың тұрлаулы шешімі де емес. Тарихта атышулы Гитлердің өзі ел басқаруда ескі партия мүшелеріне арқа сүйеген мысалдар да болған.

Қоғам лидерге, лидер конституентке (серіктеріне) арқа сүйеу арқылы үздіксіз алға жылжиды. Бұл ретте Қазақстан Президенті жанына өз пікірлері бар конститунттерді жинап алды. Сондықтан Президент қоғамның жүрек қағысын солар арқылы бақылай алады. Бүгінде Президент жанына абстракциялық ойлауы жетілген, қоғамда болып жатқан саяси ойындардың астарын аңғаратын, әлеуметтік-саяси ситуацияны объективті бағалай алатын ұлтшыл, реформашыл азаматтар шоғырланған.

Халықтың сабырлылығы мен ауызбіршілігі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім артады және оған бастаған ісін соңына дейін жеткізуге қолдау білдіреді. Қазірдің өзінде Президент пен халық арасында сенім бар. Бұл ретте Президент демократиялық ресурстарға иек артады. Қоғам мен лидер біте қайнасқанда ғана ықпалды имидж қалыптасады. Қазір Президент ауқымды аудитория алдында өз «менін» көрсете білуінің нәтижесінде халықпен қатынас шеңберін құрап алды. Оның кішіпейілділігі қоғамның көңіл күйін игеруіне мүмкіндік ашып берді. Соның арқасында Мемлекет басшысын барлық сегмент жылы қабылдап отыр.

Жалпы, қаңтар оқиғасы адамзаттық құндылықтар негізіне құрылған мәдениетімізге нұқсан келтірді. Тәуелсіздік жылдарында үлкен қиындықпен өркендеген демократиямыз нығая бергенде, оған өлім қаупі төнді. Қаңтар оқиғасының негізгі себептері су бетіне қалқып шықты.

Қоғамда өкпелі жұрт көп. Егер оны ашу-ыза мен кекке айналдырып алсақ, бізге болашақ жоқ. Бірақ, ақылды адам пенделік эгоизмге құл бола қоймайды. Ондай болған сәтте мемлекетті, елді жоғалтамыз. Сондықтан бүгінгі күннің түсі мен мінезін түсініп, құлқымызды сәл тия тұрып, дүрлікпегеніміз абзал. Егер кешегі дүрбелеңге халық жаппай қосылып кеткенде не болар еді?! Бірақ, халық оларға ермеді, сабыр сақтады. Соның арқасында қоғамда деструкциялық құбылыстарға жол берілмеді. Бұл неден шықты? Жас ұрпақтың болашағына деген сенімінің жоқтығынан, маман ретінде лайықты жұмыс таба алмауынан қоғамда қарама-қайшылықтарды тудырды. Адамның пікір қайшылығы, бірін-бірі түсіне алмауы да осының салдары. Бір-бірінен алшақ әлеуметтік топтардың қалыптасуы әлеуметтік ортада байлықтың әділетті бөлінбеуінен туындады.

Мемлекеттің сипаты басшының еркі мен мінезіне байланысты болады. Қаңтар оқиғасы кезінде Президент бар билікті өз қолына алды. Мемлекет басшысы халық үнінің салмағын үнсіздік бұзылған кезде анық естіді. Еліміздің басындағы шешімін таппай қордаланып қалған мәселелердің түпкі салдарын түсінді. Өркениетті елдердің демократиясыз өмір сүре алмайтыны талассыз шындық. Алайда, әлемдегі мейманасы тасып отырған елдердің өзі демократияға бірден өтіп кете қойған жоқ. Демек, қоғамды саяси, экономикалық жағынан эволюциялық жолмен модернизациялау бірер жылдың бедеріндегі шаруа емес. Әлемдегі ең дамыған өркениетті ел саналатын Германия демократиялық қоғам орнату үшін авторитарлық билікке арқа сүйей отырып, жарты ғасырлық өмір жолдарынан өткенін ұмытпағанымыз абзал. Президент осының бәрін сараптай келе қоғамның сауығуы жолында бар ақыл-ойын жұмсап отыр. Конституциясы мығым деген Францияда соңғы 10 жылда 7 рет халық наразылығынан туындаған шерулер өткен.

Тәуелсіз еліміздің тұғырының биіктігі, мызғымастығы қоғамдағы әділеттілік деңгейімен өлшенеді. Еліміздің алға дамуы үшін келісім мен ынтымақ, ауызбіршілік керек екені бәрімізге аян болса, ол тек әділеттілік бар жерде ғана болады. Әділеттілік – тәуелсіздіктің темірқазығы. Әділетсіздік белең алған кез келген қоғам тығырыққа тіреледі, тоқырауға ұшырайды, ел тәуелсіздігіне қауіп төндіреді, мемлекетке деген сенімді төмендетеді, билікке қарсы наразылықтарды күшейтеді. Кеше ғана елімізде болған трагедия соның айқын дәлелі. Соңдықтан да, әділетсіздікпен аяусыз күресу біздің басты міндетіміз болуы керек. Бұл тарихтағы алғашқы оқиға емес. Мұндай оқиға бұрын да болған. Бүгінгі көптеген дамыған елдер де осы жолдан өткен. Солардың бірі – Малайзия.

Малайзия – Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан мемлекеттердің локомотиві. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары осы елде де халық көтерілісі орын алды. Оны малай халқының зиялы топтары ұйымдастырды. Елдің экономикалық ұлы секірістері мен есеп-қисапқа деген табанды көзқарасы батыс әлемінің зәресін талай алса да, олар еркін нарық пен шетел инвестициясына сенімділікпен қарайтынын жасырмады. Халық үкіметтен Малайзияны кедей ел қатарынан жоғары дамыған елдер қатарына енгізуге батыл қадамдар жасауды талап етті. Сол талап негізінде Малайзия дамымаған ел санатынан жоғары технологиялар әлеміне, заманауи байланыс жүйелері дамыған индустрия алаңына үлкен секіріс жасады. Малайзияның соңғы 40 жылдағы феноменальды қарқынды дамуы ел премьер-министрі Махатхир Мохамадтың есімімен тығыз байланысты. Ол Малайзияның динамикалық өсу және оны үшінші әлемнің жетекші елдерінің біріне айналдыру стратегиясының авторы және орындаушысына айналды.

1969 жылы 13 мамырда ел астанасы Куала-Лумпурде малайлар мен қытайлардың арасында қанды қақтығыстарға жол берілді. Қытай ұлты өкілдерінің иелігіндегі тұрғын үйлер, дүкендер өртеліп, қиратылды. Мұндай жағдайлар өзге қалаларда да орын алды. Елде төтенше жағдайлар енгізілгеніне қарамастан, қақтығыстар одан әрі өрши түсіп, оның соңы қытайлар мен үндістер және малайлар арасында ұласып, өрши түседі. Осы оқиғадан кейін Махатхир Мохамад «Малайзиялық ой-тұжырым» атты аты-шулы кітап жазды. Ол өз еңбегінде малай халқының өмірден артта қалу себептерін және оны қорғау үшін не істеу қажеттігін түсіндіріп, бұл жолдағы үкіметтің іс-қимылын сынға алды. Қоғамда үлкен сілкініс тудырған бұл кітап «ұлтшылдыққа» сайып, оның еркін айналымда таралуына қатаң тыйым салынды. Ол өз сөзінде: «Малайзия – экономикалық секірістің табалдырығында тұр. Біз әлемді өзімізді құрметтеуге мәжбүр етеміз, ал малайлар өздерін-өздері сыйлауға тиіс»,  – деді.

Дағдарыс жағдайынан шығарудың шебері атанған Махатхир өзінің алғашқы жұмыс күнін тәртіптен бастады. Малайлықтардың күнделікті өміріндегі «әйтеуір, өлмесек көрерміз» деген қасаң тұжырымының санадан өшуін қатаң ескертті. Шенеуніктердің ертеңгісін сағат 8-де жұмыс орындарында болуын, тіпті министрлердің өзі жұмысқа нешеде келіп, нешеде кетуі тіркелуі міндетті саналды.

1970 жылдардан бастап Малайзия қоғамның барлық маңызды салаларын елдің ұлттық байлығымен қамтамасыз ету мақсатында экономика белсенді түрде қайта құрыла бастады. Осыған сай, 1970 жылы Жаңа экономикалық саясат пайда болды. 1990 жылы ол Ұлттық даму саясатына ауыстырылды. Ұлттық даму саясаты халықтың әртүрлі топтарының әл-ауқатын зерттей келе, ол одан әрі экономикалық теңгерімдеуге, санға емес, сапаға мән беруге бағытталды.

Жекешелендіру саясаты жергілікті халықтың жалпы топтарын оған белсенді тартуға алып келді. Соның арқасында елде ірі бизнес гүлденіп шыға келді.

 Жаңа саясат тек билік басындағылардың туыстары мен солардың жақындарына ғана тиімді емес екенін айтып, оның ішкі мәніне ой тастады. Барлық есептер бойынша, Малайзия билігі бизнеске ашықтық жариялады.

Жемқорлыққа қатысы бар шенеуніктер мен саясаткерлер сотталып, олар заң бойынша қатаң жазаланды. Әйтсе де, Малайзиядағы сыбайлас жемқорлық бұрын-соңды экономикалық инвестициялық процестің дамуына кедергі болатындай ауқымда болған жоқ немесе олар қажетті рұқсаттарды қолайлы мерзімде және көп қағазбастылықсыз ала алатынын жақсы білді. Шын мәнінде, Малайзияның жоғары экономикалық өсу қарқыны сыбайлас жемқорлықтың төмен деңгейінің ең жақсы көрсеткіші болып табылды. Өйткені, сыбайлас жемқорлық кең таралған елдердің дамуы мен оған инвестициялардың түсу қарқынының өте төмендігін көрсетіп берді. Егер ол әлсіреген жағдайда үкімет жемқорлық уытына ұшырап, протекционизм болып шығар еді. Жемқорлық пен протекционизм өркендеген жерде компания активтерінің тегін акциялары таңдаулы субъектілерге берілетінін билік жақсы түсінді. Сондықтан Малайзияда жағдай мүлде басқаша сипат алды. Соның арқасында Малайзия экономикасы әлемнің кез келген елімен жекелеген салалар бойынша бәсекеге түсе алды. Күні кешеге дейін Малайзияның ұлттық экономикасының 80 пайызын ауыл шаруашылығы құраса, небәрі 20 пайызын өнеркәсіп өндірісі құрап келген еді. Премьер осы екі саланың орнын ауыстырып, экономикалық үлкен секірістерге жол ашты. Қазақстан Президентінің бүкіл ой-мақсаттары да осыған саяды.

Шындығына сайсақ, Малайзияда кәсіпкерлікпен, негізінен, қытай ұлтының өкілдері айналысты, елдің бар байлығы солардың игілігінде болды. Олар әбден байыды, алайда ел мүддесі үшін қызмет етпеді. Елдің 60 пайызын мұсылман халқы құрайтын Малайзияда бір сілкініс қажет болды. Мұндай сілкініс болды да. Нәтижесінде, ұлттық келісім мен үйлесім салтанат құрып, жаңа бір ортақ тұжырым қалыптасты. Халықтың сана-сезімін оятып, рухын көтеру жолында арнайы бағдарлама жасалды. Сөйтіп, ұлттық рухани менталитетке революция жасалды. Бұл ең басты қағида еді. Егер Малайзия қоғамында жалт еткен жаңалық болса, ол – менталитетке жасалған революцияның жемісі саналды. Бүгінде Қазақстан Президентінің барлық тұжырымдары да осыған саяды. Ол айналасы 2-3 жылда өз жемісін беретіні анық.

Малайзия дәстүрінде үлкен орын алған «Готонг-ройонг» – бірге өмір сүріп, бірге жұмыс істеу, барлық жағдайда бірімізге-біріміз көмектесу ұраны да салауатты қоғам орнатуда өз ықпалын тигізді. Бұл ұран қоғамның байыған топтарын өзгелерге, халықтың аз қамтамасыз етілген топтарына бұру ниетінен туындады. Ұран қоғамның барлық саласында қолдау тауып, іс жүзінде орындалды. Мысалы, белгілі бір кәсіпкер – өз ісін үйретіп, нақты бір жолға салғанша бірнеше адамды баулып шығаруы тиіс саналды. Бұл еңбегі үшін оларға мемлекеттен қаржы берілмеді немесе қызмет саласында артықшылықтар жасалмады.

Бүгінде Малайзия қоғамында кедейлер жоқ. Ол қалай жойылды? Атқарушы билік оны былайша ұйымдастырды. Қоғам есебінен байығандарға бірнеше кедей отбасыларын бекітіп, оларды қатарға қосуды, жұмыспен қамтамасыз етуді, отбасын құруларына көмектесуді міндеттеу арқылы жоя білді. Ол үшін белгілі бір шектеулер енгізілді.

Міне, бізге осы үлгі ауадай қажет. Қазақстан Президентінің бүгінгі бастамалары да осыны меңзеуі тиіс.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here