«1941 жылдың жазы» әскери драмасы көрерменге жол тартады

0
1910

21 сәуір режиссер Бекболат Шекеровтің «1941 жылдың жазы» атты әскери драмасы отандық кинопрокатқа шығады. Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген. Фильмнің тұсаукесері 9 мамырға орайластырылған.   

«1941 жылдың жазы» – Ұлы Отан соғысына арналған алғашқы ауқымды көркем фильм. 1991 жылдан кейін Қазақстанда бұл тақырыпта шағын киножобалар мен телевизиялық сериалдар ғана шығарылды. Сценарист және кинодраматург ретінде танымал болған Бекболат Шекеров үшін бұл фильм режиссерлік дебют.   

«1941 жылдың жазы» фильмінде екі негізгі ой бар, көрерменге оны барынша жеткізуге тырыстым. Біріншісі – қазақтар мен қазақстандықтардың бұл соғысқа қатысуы туралы. Себебі, бұл барлық 15 республиканың ортақ Отаны еді, ол үшін бәрі де бірдей жандарын қиды. Екіншісі – фильмді кеңестік киноның ең жақсы дәстүріне сай қылып жасау, яғни соғыс туралы, бірақ соғысқа қарсы», – деп атап өтті Бекболат Шекеров.

Фильм немістер басып алған Беларусь жерінде партизан отрядын алғашқылардың бірі болып басқарған қазақ ғалымы, жазушысы және қоғам қайраткері Әди Шәріповтің жауынгерлік жолы туралы баяндайды. Картинада Шәріповтің өмірінің бір бөлігі көрсетілген – оның алғашқы шайқасынан бастап 1944 жылы жарақат алғанға дейінгі кезең.    

Картинадағы басты рөлді ресейлік актер, ұлты қазақ Азамат Нығманов сомдады. Азаматтың айтуынша, Ұлы Отан соғысы туралы фильмге түсу  үлкен мәртебе. Айта кетсек, актер үшін бұл алғашқы тәжірибе емес, Азамат бірнеше әскери драмаларда, оның ішінде «28 панфиловшылар» атты кинотаспада рөл сомдаған.    

«Түсірілімге дайындық барысында мен Азаматты екінші жоспардағы рөлге шақырған едім, бірақ кейін  басты кейіпкерді сомдайтынына бір күн өкінбедім.  Мен оған сендім. Азаматтың шығармашылығын біле тұра және онымен сөйлескеннен кейін мен оның моральдық, психологиялық және физикалық тұрғыдан осындай қиын және жауапты рөлге дайын екенін сездім. Бұл рөл құрметті, сонымен бірге қиын», – деді Бекболат Шекеров.

Фильмнің түсірілімі соғыс кезінде фашистермен ең қатал шайқастар орын алған жерлерде өтті. Негізгі түсірілім орындары Беларусьте болды, кейбір көріністер Алматы облысында түсірілді.

Айта кетейік, «1941 жылдың жазы» әскери драмасының режиссері мен сценарий авторы – Бекболат Шекеров, продюсері – Тасболат Мерекенов, Зарина Кисикова. Басты рөлдерде – Азамат Нығманов, Андрей Олефиренко, Шәріпбек Зәкіров, Әлихан Лепесбаев, Андрей Сенькин, Елизавета Шукова, Мақпал Қасенова, Александр Брухацкий, Валентина Гарцуева, Арсений Врагов.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here