Аграрлық ғылым мен білімнің бәйтерегі

0
1371

Саналы ғұмырын ғылыми-педагогикалық қызметке арнап, зор ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне, агроөнеркәсіптік кешеніне инновацияларды құру және аграрлық ғылым мен білім берудің үздіксіз жүйесін қалыптастыруға зор үлес қосып, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бағыт-бағдарының қарқынды дамуына басшылық жасап келе жатқан академик Тілектес Исабайұлы Есполов Қазақстанның жоғары білім және ғылым салаларында ерекше бағаланатын көрнекті мемлекет қайраткері дәрежесіне көтеріліп отыр.

Әрине, мен отандық аграрлық саладағы жетекші жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін басқару, халықаралық қауымдастыққа белгілі ғалым-ұстаздарға, PhD докторанттар мен магистранттарға, әр сала бойынша білім алып жатқан студенттерге дұрыс бағыт-бағдар беріп отыру қандай жауапкершілік пен қажыр-қайратты қажет ететінін өз басым жақсы білемін. Өйткені, өзім де 1983-1996 жылдары Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты мен Қазақ ауыл шаруашылығы институтының негізінде құрылған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне жетекшілік еткен азаматтың бірімін, бұл білім шаңырағының тыныс-тіршілігі маған жақсы таныс.

Қазір 90 жасқа келсем де, өзіммен төл құрдас университетім туралы көптеген мәліметтер алып, шыққан биіктері мен жақсылықтарына қуанып отырамын. Университет ректоры Тілектес Есполовтың басшылығымен жасалынып жатқан ұшан-теңіз іс-шараларға көңілім толып, оны мақтан тұтамын. Ол университетті шын мәнісінде әлемдік деңгейге көтерді, еліміздегі ғылым мен білімнің көшбасшысы дәрежесіне жеткізді.

Атап айтар болсақ, әлемдік білім мен ғылым жүйесіндегі бәскелестікке сай жоғары білікті мамандарды даярлауға және аграрлық ғылымды дамытуға қосқан зор үлесі үшін университетке Ұлттық мәртебе берілді. 2010 жылдан бастап университет үздік шетелдік ғылыми орталықтар мен университеттердің 13 сарапшысының қолдауымен жобаларды басқарудың халықаралық стандарттарына негізделген ұлттық зерттеу университетіне айналу үдерісін бастады. Соның нәтижесінде 2020 жылғы 23 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен университет «зерттеу» мәртебесіне ие болды.

Трансформация нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінде, ҚР Білім және ғылым министрлігінде, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде қоғамға бірнеше рет баяндалып, бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жарияланып отырады.

Трансформация нәтижесі бойынша «Жаңа формациядағы университет» – «Университет новой формации» (4 томдық) және «Зерттеу университетінің Қазақстандық моделі» – «Казахстанская модель исследовательского университета» кітаптары жарық көрді. Соңғы шыққан кітап британдық «OCA Magazine» басылымының бастамасымен ағылшын тіліне аударылды.

Зерттеу университетінің әзірленген моделі еліміздің жоғары оқу орындары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Қазірдің өзінде 20 жоғары оқу орнының өкілдері университетте болып, трансформация тәжірибесін қабылдады. Соңғы жылдары ғана университет қызметінің барлық бағыты бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 50-ден астам мақала жарық көрді.

2016 жылы Халықаралық агротехнологиялық хаб – Агроөнеркәсіптік кешендегі инновациялық технологиялардың халықаралық ғылыми-зерттеу институты құрылған кезде оқу орны зерттеу университетіне айналудың жаңа кезеңіне бет алды. Мұндай бірегей құрылымды құрудағы мақсат – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына ықпал ету, ауыл шаруашылығындағы еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа формациядағы мамандарды даярлау. Оның міндеті – агроөнеркәсіп кешеніне жаңа технологиялар мен білімді іздеу, трансферттеу, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін енгізу және бейімдеу.

Агрохаб құрамына 11 ғылыми-зерттеу институты, 8 инновациялық орталық, 49 зерттеу лабораториясы, нақты ғылыми жобалар аясында құрылған 18 халықаралық зерттеу орталығы кіреді.

Университетте 4 зертхана құрылды: «Тамақ өнімдерінің физика-химиялық қасиеттерін және топырақтың, судың және шикізаттың экологиялық сапасын талдау», «Азық-түлік технологиясы», «Жасыл биотехнология және жасушалық инженерия», «Табиғи ресурстарды басқару және агро-экожүйелерді тұрақты дамыту».

Университеттің Вакцинология халықаралық зерттеу орталығында шетелдік серіктестер – Огайо штаты университетінің (АҚШ) және «Vaxine Pty Ltd» биотехнологиялық компаниясының (Аустралия) қолдауымен коронавирусқа қарсы қауіпсіз нановакцина әзірленіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының вакцинаға үміткерлер тізіміне енгізілді. Орталықта маусымдық өсімдік тозаңына қарсы вакцинаны, қылшықты жануарларға арналған коронавирусқа қарсы Naruvax-C19 (үй жануарлары) суббірлік вакцинасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

14 зерттеу лабораториясын қамтитын Халықаралық зерттеу орталығы – Су хабы жұмыс жасайды. Оның миссиясы – үздік инновациялық технологияларды, жаңа білімді іздеу және трансферттеу, су ресурстарын тиімді басқару үшін Қазақстан мен Орталық Азиядағы барлық су саласының ғалымдарының күш-жігерін біріктіру.

Университеттің қалыптасуы мен даму тарихы ел экономикасының өркендеуімен тығыз байланысты. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және Қазақстанда алғашқы кеңшарларды құру кезеңінде ауыл шаруашылығы өндірісін ғылыми тұрғыда жетік басқара алатын кәсіби білікті мамандарға қажеттілік туындады. 1929 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерік институты, ал 1930 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институты құрылды. Бүгінде бұл оқу ордасы 221 білім беру бағдарламасын, оның ішінде бакалавриат деңгейі бойынша – 54, магистратура – 130 және PhD докторантура деңгейі бойынша – 37 бағытты жүзеге асырады. 7 факультет пен 30 кафедрада 8 мыңға жуық адам білім алуда, соның ішінде 1,2 мың магистрант пен PhD докторант білім алушылардың 15%-ын құрайды. Мемлекеттік білім беру гранттары бойынша білім алушылардың үлесі 66%-ды құрайды. Кадрларды даярлауды 790 оқытушы-профессорлар жүзеге асырады, соның ішінде 19 ҚР ҰҒА академигі, 103 ғылым докторы және 284 ғылым кандидаты, 102 PhD докторы. Ғылыми дәрежелері мен атақтары бар оқытушылардың үлесі штаттағы оқытушылар санының 62%-ын құрайды.

Университетте Қазақстан Республикасындағы ауыл және су шаруашылығының тәжірибелік мәселелерінің кешенін шешу үшін озық ақпараттық технологияларды пайдаланатын бірегей Ситуациялық орталық жұмыс істейді.

Орталық заманауи компьютерлік техникамен жабдықталған, онда студенттерге арналған қашықтықтан оқыту, жас ғалымдардың конференциялары мен форумдары, ТМД елдерінің жетекші аграрлық университеттері Ректорлар кеңесінің және Алматы аймақтық Ректорлар кеңесінің отырыстары, Қазақстанның ауыл кәсіпкерлері үшін онлайн-консалтинг өткізіледі.

Университетте жыл сайын халықаралық қысқы және жазғы мектептер өткізіледі. 2021 жылы XI Халықаралық қысқы мектепке әлемнің 33 елінен 2000-нан астам тыңдаушы қатысты. Сабақтарды 133 шетелдік маман жүргізді. Мектептердің аясында стартап жобалар байқауы өткізіледі.

Ситуациялық орталық Су хабы мен оның 14 зерттеу лабораториясына, сондай-ақ құрылып жатқан Жер және Климат хабтарының жұмысына қолдау көрсетеді. Осылайша, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде посткеңестік кеңістікте алғашқылардың бірі болып жаңа технологияларды пайдалана отырып, табиғи ресурстарды зерттеу және оларды ұтымды пайдалану бойынша ірі ғылыми орталық құрылды.

Заманауи ауыл шаруашылығы техникасын игерген агроинженерлік кадрларды даярлау және қайта даярлау сапасын арттыру үшін Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы құрылды. 2019 жылы орталық 75 бірлік трактор, комбайн және басқа да ауыл шаруашылығы техникаларымен толықтырылды.

Корнелл университетімен бірге 2019 жылы ашылған өсімдіктерді микроклоналды көбейту зертханасында 3 миллионға дейін бактериалдық күйікке және басқа да ауруларға төзімді, сау көшеттер алынады. Сондай-ақ, сол жылы ашылған сүт өнімдерінің референттік зерттеу орталығы сүт және сүт өнімдерінің сапасына талдау жасайды, мұнда ауыл кәсіпкерлері өз өнімдерінің сапасы бойынша сертификат алады.

Valmont Industries американдық компаниясымен бірге Қазақстан-Америка «Ақылды су» орталығы құрылуда, онда Valley типті инновациялық жаңбырлатқыш машиналары мен суару техникасының басқа түрлерінің демонстрациялық алаңы орналасады.

Агрохабта идеядан бастап коммерцияландыруға дейін стартап-жобаларды жеделдету жұмыстары жүргізілуде. Ең сәтті жүзеге асырылған жобалардың бірі – «UAV GROUP». Жас ғалымдар бортында арнайы сенсорлары бар ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың көмегімен жерді қашықтықтан зондтаумен айналысады. Зерттеу нәтижесінде алқаптардың интерактивті карталары жасалынды. Бұл технологиялар фермерлерге тыңайтқыштарды, гербицидтерді және т.б. қолдануды оңтайландыруға көмектеседі, бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «UAV GROUP» мамандары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысады.

«Агроуниверситет» оқу-тәжірибе шаруашылығы базасында Агротехнопаркті дамыту жұмыстары жалғасуда. Мал шаруашылығы мамандарын оқытатын Көрсеткіштік Smart-ферма құрылуда.

Нидерландтық Dutch Fruit Solutions Kazakhstan (DFSK) компаниясымен «Қарқынды бақ» зерттеу орталығы құрылды, онда жеміс-жидек дақылдарының өнімділігі жергілікті өнімнен 4-5 есе жоғары. Бұл орталық жеміс-жидек дақылдарының жаңа сорттарын және оларды өсіру технологияларын қолданып, жеміс-жидек шаруашылығы саласындағы заманауи инновацияларды көрсетудің алаңы болып табылады. Орталық Қазақстан фермерлеріне нидерландтық технология бойынша бау-бақша отырғызу және күтуде нақты көмек көрсетеді. Демонстрациялық алаң негізінде 2021 жылы DFSK Жеміс мектебі еліміздің ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне жеміс шаруашылығының 9 бағыты бойынша 10 онлайн-тренинг, вебинарлар, Бақ күнін өткізді.

Халықаралық Қазақстан-Корея зерттеу орталығында оқу шаруашылығының базасында сыйымдылығы 450 тонна көкөніске арналған «ақылды» жылыжай ашылды. Корея Республикасының қорынан 1,5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Инновациялық жылыжайдың жұмыс жасауы ҚазҰАЗУ студенттеріне, магистранттарына және докторанттарына көкөніс дақылдарын өсіру технологиясын тәжірибеде меңгеруге, ауыл кәсіпкерлеріне жылыжай шаруашылығының смарт-технологиялары бойынша түрлі семинарлар, тренингтер өткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте жылыжайда ауыл шаруашылығы ғалымдары агротехникалық, ұйымдастырушылық-шаруашылық және қорғау шаралары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, көкөніс дақылдарының әртүрлі сорттарының фенологиялық фазаларына мониторинг жүргізе алады.

Кореялық инвесторларды тарта отырып, Жеміс-көкөніс кластерін құру жоспарлануда, онда барлық қажетті инфрақұрылым: көкөніс қоймасы, өнімді өңдеу цехы, басқа да қажетті логистикалық нысандар құрылады.

Агротехнопаркте ауыл шаруашылығы дақылдарының 15 түрі бойынша шетелдік және отандық селекцияның 100-ден астам жоғары өнімді сорты зерттеліп, заманауи технологиялардың техникалық мүмкіндіктері әзірленуде. Мұнда картоптың 10-нан астам және көкөніс-бақша дақылдарының 25 сорттары зерттеліп жатқан көкөніс шаруашылығының ғылыми стационары жұмыс жасайды. Экологиялық сорт сынау питомнигі құрылды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының сорт сынау жөніндегі республикалық мемлекеттік комиссиясының қарауына картоптың, қызанақтың, тәтті бұрыштың, салаттың 5 жаңа сорты ұсынылды. Жаңа селекциялық жетістіктерге патент алуға 5 өтінім берілді.

Университеттің халықаралық қызметін дамытудағы басым бағыт білім беруді интернационалдандыру, университетті әлемдік деңгейдегі ұлттық зерттеу университетіне айналдыруға ықпал ететін халықаралық ынтымақтастықтың жаңа нысандарын іздеу болып табылады.

Академиялық ұтқырлық дамып, үш тілде білім беру жүзеге асырылуда.

Университет әлемнің 137 жетекші жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтарымен ынтымақтасады, АҚШ, Еуропа және Тынық мұхиты аймағы елдерінің жетекші серіктес университеттерімен бірге 11 қос дипломдық бағдарлама жүзеге асырылуда. Мысалы, Варшава жаратылыстану ғылымдары университетімен (Польша) «IT-технологияларды қолдану арқылы су ресурстарын басқару» атты қос дипломдық магистратура бағдарламасы жүзеге асырылуда.

ҚазҰАЗУ өзінің инновациялық дамуында аграрлық мамандықтар бойынша QS әлемдік рейтингінде № 1 жоғары оқу орны болып табылатын Вагенинген (Нидерланд) зерттеу университетінің тәжірибесін басшылыққа алады. 2019 жылы ҚазҰАЗУ-да Вагенинген университетімен жұмыс істеу институты ашылды, онда 2020-2021 оқу жылында пилоттық режимде студенттерді «Өсімдіктер және технологиялар туралы ғылым», «Ветеринариялық-тамақ қауіпсіздігі және технологиялар» атты екі инновациялық білім беру бағдарламалары бойынша даярлау басталды. Вагенинген университетінің филиалын ашу үшін ҚазҰАЗУ базасында барлық қажетті ғылыми-білім беру инфрақұрылым жүйесі іске қосылған.

Ғылым және техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйақы – 4 жетекші ғалымға, Мемлекеттік ғылыми стипендия – 5 жас ғалымға, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының ғылым саласындағы сыйлығы – 2, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының студенттік шәкіртақысы – 3 адамға, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының гранты бір жас ғалымға берілді. Университеттің 9 жас ғалымы «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды.

2021 жылы Web of Science халықаралық ақпараттық-сараптамалық платформасының мәліметі бойынша, ҚазҰАЗУ екінші рет қатарынан «Web of Science Core Collection Q1 және Q2 квартилді журналдарындағы жарияланымдар саны бойынша ТМД елдерінің аграрлық университеттері арасында көшбасшы» тәуелсіз жүлдесін жеңіп алды. Ғалымдар 1 284 мақала, оның ішінде ҚР БҒМ БҒССҚК-нің басылымдарында – 249, Web of Science және Scopus компанияларының дерекқорына енген шетелдік ғылыми журналдарда – 154 мақала жариялады. Web of Science немесе Scopus базалары бойынша ПОҚ 47 пайызының Хирш индексі бар. Ғалымдар 46 патент алды.

Университетте корпоративтік басқарудың тиімді моделі енгізілді, басқаруды орталықсыздандыру жүзеге асырылды – факультеттер мен кафедраларға көбірек өкілеттіктер мен функционалдық жауапкершілік берілді.

Тек соңғы жылдары университетте магистратура мен докторантурада оқуды ойдағыдай аяқтаған, сонымен қатар жетекші шет мемлекеттерде білім алған 200 жас ғалым конкурстық негізде оқытушылар қатарына қосылды. Құрылымдық бөлімшелер басшыларының 65 пайызы жас ғалым-оқытушылар.

Ауыл шаруашылығы ғылымы, ветеринария, жерге орналастыру және т.б. 15 мамандық бойынша PhD докторы ғылыми дәрежесін беру бойынша диссертация қорғау үшін 9 диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Диссертациялық кеңестердің төрағалары негізінен ҚР АШМ ҒЗИ-ның Басқарма төрағалары болып табылады.

Дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғандай, білім алушылардың тәжірибелері үздіксіз, негізінен өндірістің нақты талаптарына жауап беретін және болашақ мамандардың біліктілігі мен дағдысын арттыруға қажетті ресурстардың барлығы бар ұйымда өтуі керек.

Тәжірибеге бағдарланған мамандарды даярлауды күшейту үшін тәжірибенің барлық түрлері 7 айға дейін ұзартылды. Агробизнестегі стратегиялық зерттеулер орталығы құрылды, онда студенттер екінші курстан бастап бизнес-жоспарлар әзірлейді. «Алтын үшбұрыш» деп аталатын осындай нақты интеграцияның мысалы ретінде университеттің «Байсерке-Агро» Агрохолдингімен ынтымақтастығын айтуға болады.

Агрохолдингпен, АШМ ҒЗИ-мен және университетпен жасалған 3 жақты келісім негізінде ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал өсіруді егіс алқаптарынан тұтынушыға дейін қадағалау технологияларын қолдануға мүмкіндік беретін ғылыми-өндірістік кластер жұмыс істейді.

650 га аумақта бірлескен демонстрациялық алаң құрылды, онда ғалымдар, докторанттар, магистранттар соңғы әлемдік деңгейдегі жабдықтар мен технологияларды пайдалана отырып, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізеді.

Жыл сайын университеттің 700-ден астам студенті осындай шаруашылықтарда 7 айға дейін тәжірибенің барлық түрінен өтеді, бұл оларға инновациялық технологияларды – «шикізаттан дайын өнімге дейін» толық меңгеруге мүмкіндік береді.

Аграрлық білім мен ғылымды тиімді интеграциялаудың нәтижесі университеттің ҚР АШМ ҒЗИ-мен ғылыми-білім беру кластерлерін құруы болды. Мысалы, IT-технологиялар, агроөнеркәсіп кешенін автоматтандыру және механикаландыру факультетінің базасында «Агроинженерия. Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру» ғылымдар тобының ғылыми-білім беру кластері құрылды. Механизациялау орталығының қызметкерлері факультеттің ғылыми бағыттары бойынша кеңесші қызметін атқарады. Өз кезегінде білім алушылар Механикаландыру ғылыми-өндірістік орталығында тәжірибелік сабақтар өтеді.

Технология және биоресурстар факультетінің базасында «Мал шаруашылығы, генетика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу» ғылымдар тобының ғылыми-білім беру кластері, ал Агробиология факультеті базасында «Өсімдік шаруашылығы, селекция» ғылымдар тобының ғылыми-білім беру кластері құрылған.

Тәжірибеге бағдарланған кадрларды дайындау жұмыс берушілер тарапынан сұранысты арттырды. Жұмыспен қамту 83-тен 87%-ға өсті.

Фермерлердің жоғары мектебі Қазақстанның 9 облысы мен 88 ауданындағы ауыл кәсіпкерлеріне кеңес беру қызметін көрсетеді. Қазақстандағы 22 мыңнан астам агроқұрылымдарының деректері негізінде ақпараттық статистикалық база құрылды. Ақпараттық семинарлар, дөңгелек үстелдер, «Дала күні», «Бақша күні» және тренингтер өткізіледі.

Университет ұжымының жүргізіп жатқан мақсатты жұмыстарының барлығы университеттің жаңа талаптарға сай дамып келе жатқанын, тіпті кейбір мәселелер бойынша алда тұрғанын көрсетеді. Университет еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың институционалдық локомотивіне айналды.

Тілектес Исабайұлы 500-ден астам ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыстардың, соның ішінде 30-дан астам монографияның, оқулықтардың, оқу құралдарының авторы, 40-тан астам патенттер мен өнертабыстардың иегері және Аграрлық сала экономистерінің үлкен ғылыми мектебін құрып, осы салада біліктілігі жоғары 98 ғылыми кадр даярлауға басшылық етіп, оның ішінде 25 ғылым докторы, 7 PhD докторы және 66 кандидатын тәрбиелеген ғалым.

Еліміздің білім беру саясатын ілгерілетудегі қажырлы қызметін замандастары жақсы біледі, әрдайым көрнекті ғалым ретінде ерекше құрмет тұтады. Тәуелсіз Қазақстанның өскелең ұрпағына тәрбие берудегі сіңірген қажырлы еңбегі лайықты бағаланып, ол «Парасат», II дәрежелі «Барыс», «Қазақстан даңқы», I дәрежелі «Барыс» ордендерімен және бірқатар мерекелік медальдармен, төсбелгілермен марапатталған. 2019 жылы «Қазақстан Республикасының табиғи-шаруашылық жүйелерін Ұлттық қауіпсіздік контексінде тұрақты сумен қамтамасыз ету саласындағы ғылыми жұмыстар циклі» атты 5 монографиядан тұратын ғылыми еңбегі үшін әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Елдің, университеттің абыз ақсақалы ретінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры, академик Тілектес Исабайұлы Есполовқа ғылым мен білім саласында ұйымдаса қызмет жасап жатқан берекелі де үлкен ұжымның мәртебесін көтерудегі еңбегіне алғысымды білдіре отырып, мерейтойымен құттықтаймын!

Қалдыбек СӘБДЕНОВ,
Алматы малдәрігерлік-зоотехникалық
институтының бұрынғы ректоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,
профессор, академик, Қазақстан ауыл шаруашылығына
еңбегі сіңген қызметкер, КСРО өнертапқышы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here