Отыз жылдық араздық: Әзербайжандар мен армяндар арасы қайта ушықты

0
1943

Таулы Қарабақта тағы да оқ атылды. «Тағы да» деп отырғанымыз тегін емес. Өйткені, даулы аймақта оқтын-оқтын оқ атылып, жанжал жиі туындап тұрады. Айталық, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ешқайсысы мойындамаған Таулы Қарабақ Республикасының (армяндар үшін Арцах Республикасы) басшысы Араик Арутюнян 3 тамызда жартылай әскери мобилизация туралы Жарлыққа қол қойды. Степанакерт (қаланың ресми атауы – Ханкент) Әзербайжан қарулы күштері жіберген дрондардың соққысынан екі жауынгер қаза тауып, бірнеше сарбаз жараланғанын хабарлады. Бұл уақытта Баку Лачын (Бердзор) ауданында армян жағынан атылған оқтан бір жауынгер опат болғанын мәлімдеді. Демек, әзербайжандар мен армяндар арасындағы қарулы қақтығыс отыз жылдан бері жалғасып келеді. Тоқтайтын түрі жоқ. Осыдан тура 30 жыл бұрын, 1992 жылы тамызда Бірінші Қарабақ соғысы басталған болатын. Екі жылға созылған соғыс 30 мыңнан астам адамның өмірін жалмап, 1 млн-нан астам адамды босқын етті. Екі жыл бұрынғы соғыста да адам шығыны көп болды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Таулы Қарабақтың даулы мәселесіне тоқталады.

2020 жылғы соғысқа дейін Степанакертке Таулы Қарабақтың 11,4 мың шаршы шақырым жері тиесілі болса, соңғы соғыстан кейін әлем мойындамаған Арцах Республикасы жерінің үштен бірінен көз жазып қалды…

ҚЫРЫҚ ТӨРТ КҮНДІК ҚАНДЫ ҚАҚТЫҒЫС

Өкінішке қарай, әзербайжандар мен армяндар арасында қарулы қақтығыстар жиі болып тұрады. Ал, соңғы рет соғыстың оты 2020 жылдың күзінде тұтанды. Баку мен Ереванның 44 күнге созылған қарулы қақтығысынан кейін әскери қимылдарды доғару туралы келісім қабылданды. Айталық, сол жылы 10 қарашаға қараған түні Ресей Федерациясының Президенті Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы бейбіт келісім жасалғанын мәлімдеді.

Аталған келісімге Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қол қойды. Онда 2020 жылғы 10 қарашада Мәскеу уақыты бойынша 00 сағат  00 минуттан бастап Таулы Қарабақ аймағындағы атысты және барлық әскери әрекеттерді толық тоқтату туралы бейбіт келісім жасалған. Сөйтіп, 44 күндік соғыста Әзербайжан жеңді (келісім бойынша Баку тоқсаныншы жылдардан бері Армения әскерінің бақылауында тұрған жерінің басым бөлігін қайтарып алды), Армения жеңілді, Ресей даулы мәселеде бітімгерлік миссиясын орындады. Өкінішке қарай, қарулы қақтығыстан жүздеген адам опат болды, соның ішінде бейбіт тұрғындар да аз болмады.

Иә, екі тараптың да өліспей беріспейтініне тарих куә. Өйткені, отыз жылдан бері жер дауы Әзербайжан мен Арменияның «бас ауруларына» айналды. Оның үстіне Таулы Қарабақтың саяси мәртебесі де әлі шешілмей келеді. Үшінші жақтың араласуымен де Таулы Қарабақтың даулы мәселесіне нүкте қойылмайтынына көзіміз жетіп отыр.

Осындайда Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі еріксіз еске түседі. Даудың басы 30 жыл бұрын жер үшін басталды. Әзербайжанның қарауынан шығып кеткен даулы аймақ 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялап, Таулы Қарабақ (Арцах) Республикасын құрды. Әрине, Таулы Қарабақ тәуелсіз ел ретінде өзінше отау тігіп отырмайтыны белгілі. Түпкі мақсаты – алдымен Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін әлемге мойындатқызып, кейіннен Арменияға қосылу. Ереванның да ұстанған саяси ұстанымы осы. Ал, Таулы Қарабақ – әлемдік қауымдастық үшін Әзербайжанның бөлінбес бөлшегі.

Рас, дауды қан төгіссіз шешуге 2020 жылға дейін де қадамдар жасалды. Мәселен, 1994 жылы Бiшкекте (Қырғыз Республикасы) Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжан арасында атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасалған еді. Дегенмен, осы 28 жылдан бері Баку, Ереван және Ханкент (Степанакерт) «ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» ортақ бір шешімге келе алмай жүр. Соңғы атыс та соны айғақтайды.

ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТЫҢ ДАУЛЫ МӘСЕЛЕСІ

Таулы Қарабақ қанды қырғын ошағына, ал әзербайжан мен армян халқы ата жауға қалай айналды? Енді осы сұраққа жауап беріп көрейік.

Таулы Қарабақ аймағында әзербайжан мен армяндар бiрнеше ғасыр бойы бiрге өмiр сүрді. 1988 жылы Таулы Қарабақ автономды аймағы Әзербайжан КСР-ның құрамынан шығып, Армян КСР-ның құрамына кiру жөнiнде Мәскеуге өтiнiш жасады. Әуелден бөлiнуге басты себеп – екi халықтың ұстанатын түрлi дiнiнде, Әзербайжанға бағынатын аймақта 75 пайыздан астам армяндардың (соңғы кездері бұл аймақта 99,7 пайыз армян тұрды) тұратынында болды. Бұған тіл, діл мәселесі қосылды. Уақыт өте бұл мәселелер ұлтаралық араздыққа әкеп соқтырды.

Бұрыннан тамыр жайған Таулы Қарабақ мәселесiн шеше алмаған күйi Кеңес Одағы ыдырап кеттi. Таулы Қарабақ аймағындағы халықтың төрттен бiрiн құраған әзербайжандар қудаланды. Армян күштерi Таулы Қарабақ аймағымен ғана шектелмей, оған жапсарлас жатқан Әзербайжан ауылдарын да күшпен қосып алды. Сөйтiп, 1992-1994 жылдардағы қарулы қақтығыс кезінде Әзербайжан Таулы Қарабақ пен оған қарасты жеті ауданынан көз жазып қалды. Екі жыл бұрын сол жерлерінің басым бөлігін әзербайжандар армяндардан азат етті. Атап айтқанда, 2020 жылғы соғысқа дейін Степанакертке Таулы Қарабақтың 11,4 мың шаршы шақырым жері тиесілі болса, соңғы соғыстан кейін ол жерінің үштен бірінен көз жазып қалды. Баку 3,7 мың шаршы шақырым аумақты қарулы қақтығыс барысында, 4,6 мың шаршы шақырым аумақты бейбіт келісім аясында өзіне қайтарып алды.

Таулы Қарабақтағы 1992-1994 жылдар аралығындағы екiжақты әскери iс-қимылдан 30 мыңнан астам адам қаза тапты. 1994 жылы Қырғыз Республикасында Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжан арасында атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасалғанымен, Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас жатқан аймақтар Арменияның бақылауында қала бердi. Сондықтан Таулы Қарабақта ауық-ауық әзербайжан және армян күштерiнiң арасында қақтығыстар орын алып тұрады.

БАКУ МЕН СТЕПАНАКЕРТ ӨЛІСПЕЙ БЕРІСПЕЙДІ

Таулы Қарабаққа қатысты Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыста ара ағайындық міндетін атқарушы елдер таулы аймақтың даулы мәселесін саяси диалог арқылы бейбіт жолмен шеше алмай келеді. Дегенмен, ол елдердің қақтығысқа қатысушы жақтарға басу айтып, бітімгершілікке шақырып, мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынғанын жоққа шығаруға болмайды. Ал, мәселенің тығырыққа тірелгеніне екі тараптың екі түрлі көзқарасы себеп болса керек. Өйткені, Әзербайжан мен Арменияның ұстанымдары дәл Крыловтың арбаны шаян шөлге, шортан көлге, аққу көкке сүйреген мысалындағыдай болып тұр.

1997 жылғы баспасөз конференциясында Кеңес Одағының құрамынан бөлініп шыққан Арменияның 1991-1998 жылдардағы бірінші Президенті Левон Тер-Петросян ара ағайындық міндетін атқарушы елдердің қос тарапқа даулы мәселені шешудің қандай жолдарын ұсынғанын айтқан еді. Айталық, Әзербайжанға Таулы Қарабақтың Лачын ауданынан басқа жерлері кері қайтарылады, ал Лачын ауданы Арменияның тарихи жері ретінде Ереванға оралады және мұсылман елінің құрамына қайта енетін автономиялық республикаға өзінің жеке көзқарасы бар арнайы мәртебе беріледі. Сол жылдары Баку Ереванға Таулы Қарабақтың бір сүйем жерін де бермейтінін және аймаққа арнайы мәртебе беруге мүлдем қарсы екенін мәлімдеді. Содан алғашқы келіссөз нәтижесіз аяқталды.

Арада 20 жыл өткеннен кейін де мәселені оңтайлы шешудің жолы ұсынылмады. Алайда, 2020 жылғы қақтығысқа дейін барлық тарап «Мадрид ұстанымы» аталып кеткен келісіммен жұмыс жасады. Ол ұстаным бойынша Ереван Таулы Қарабақтың 5-6 ауданын (аймақта барлығы 10 аудан бар) қайтарады, ал Баку аймаққа арнайы мәртебе береді. Бірақ, қос тарап та мұнымен келіспейді. Оның үстіне өткен ғасырдың соңында өзінің бір ауданын бермеген Әзербайжан енді Арменияда 4-5 ауданды оңай қалдыра салмайтыны әу бастан белгілі еді. Армения да Таулы Қарабақтың 5-6 ауданынан бас тартып, Әзербайжанға қайтаруға жылы қабақ танытқан жоқ. Дейтұрғанмен, жоғарыда жазғанымыдай, 2020 жылғы 44 күндік соғыс Бакудың пайдасына шешілді, Степанакерт біраз жерінен көз жазып қалды.

Баку нақты қадамдарға бармаса, 30 жылға созылған дау кемінде тағы 40-50 жылға созылар еді. Содан Ильхам Әлиев әкесі Гейдар Әлиевтің (Әзербайжанның 1993-2003 жылдардағы президенті) тағдырын қайталап, Таулы Қарабақты бүтіндей елге қайтара алмай биліктен кеткісі келмеді. Сондықтан кіші Әлиев 2020 жылдың күзінде батыл қадамға барды. Және әзербайжан халқының сеніміне селкеу түсірмеді. Сөйтіп, саясаттағы ғұмырын ұзарта алды. Ал, бұл соғыста ойсырай жеңілген Никол Пашинян армяндардың сенімін ақтай алмады. Өйткені, Үкімет басшысының бұл келісімге қол қойғанын сатқындыққа балаған армяндар мен оппозиция өкілдері екі жылдан бері шерулетіп келеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жерлері онсыз да кішкентай Кавказдағы қос елдің Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданымен жері бірдей Таулы Қарабақ үшін тартысына 2020 жылы 10 қарашада нүкте қойылғанына сенгіміз-ақ келген еді. Бірақ, осы екі жылда қаншама оқ атылғанын ескерсек, Таулы Қарабақтың даулы мәселесі бейбіт жолмен шешілмейтініне көзіміз анық жетті. Оның үстіне оқ атпау тәртібін бақылауға ресейлік бітімгерлердің де шамасы келмей жүр-ау…

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here