Жалынды публицист

0
2687

Тағдыр Алаш ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілеріне ерекше қайраткерлікпен қоса шығармашылық қуатты да кем бермеген еді. Медальдің екі бетіндей бұл қасиеттер Мұстафа Шоқайға да тән болатын. Әсіресе, жалынды жанр болып саналатын публицистика саласында әлемге танылған тұлғаның туындылары өзі өмір сүрген Кеңес дәуірінің қоғамдық тынысын тап басып шынайы тануымен, мәні мен мазмұнының байлығымен, айрықша батылдығымен, ерекше өткірлігімен сипатталады. Ал, Кеңес үкіметі Түркістан Мұқтариятын жойып, оның басшысы Мұстафа Шоқайды елден кетуге мәжбүр етті. 1919 және 1920 жылдары әуелі екі жылдай Грузияда болып,  большевиктер оны да басып алғаннан соң Түркияға ығысып, 1921 жылдың мамырында Францияға жетті. Парижде орналасқаннан соң берісі Түркістан, арысы бүкіл түркі халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрес алаңын іздеді. Енді қаламның ұшына жүгінді, оны басты саяси құрал етті.

Сонау Ташкентте 1917 жылдың маусымында шығып, 1918 жылғы сәуір айының ортасында жабылған «Бірлік туы» газетінің негізін қалауы әрі оның алғашқы редакторы болуы, Түркістан өлкесі мұсылмандары Ұлттық орталығының бастамасымен 1917 жылдың сәуір айынан бастап шыққан «Улуғ Түркістан» газетінің редакция алқасына кіруі, бұл басылымдардың жұмысына белсене араласуы Мұстафа Шоқайдың ұйымдастырушылық және  журналистік‑публицистік қабілетін танытатын алғашқы айқын қадамдары болатын. Газет беттерінде түркі халықтарының бірлігі, жаңадан орнаған Кеңес үкіметінің ұлттық саясаты, жер, жергілікті халықтың азаттығы мен бостандығы мәселелеріне байланысты бірнеше мақалалары жарық көреді. Егер «Бірлік туы» газетінің 1917 жылғы 4 шілде күнгі санында 1917 жылдың 1-12 мамыр аралығында өткен бүкіл Ресей мұсылмандарының жиналыстан соңғы ойларын қорытқан болса, 1917 жылғы 8 қарашадағы №14 санында жарық көрген Міржақып Дулатұлымен екеуі қол қойған «Алаш ұранды қазаққа!» атты мақаласында Түркістан аймағындағы босқын қазақ‑қырғыздардың жағдайына тоқталып, олардың мың-мыңдап қырылуы мен босқынға айналуы, халықтың топ‑тобымен Қытайға көшкендігі туралы жазылды. Осы алғашқы тәжірибелер 1919‑1920 жылдары Грузия Демократиялық Республикасында болғанда жетіле түсті. Жергілікті бірнеше басылымдарға белсенді қатысып, өзі де газет-журнал шығарды. 60-тай мақаласы жарық көрді.

Парижде болған алғашқы 1921‑1922 жылдары қайсар қайраткер, жалынды публицист «Воля России», «Слово», «Социалистический вестник», «Le Temps», «Оrient et Occident» басылымдарына, өзі сонау Петербургтен жақсы танитын кешегі Ресейдегі Уақытша үкіметтің басшылары, қазіргі эмигранттар А.Ф. Керенский мен П.Н. Милюковтың басылымдарына  қатысып, бірнеше мақалалары басылады. Олар оқырмандар арасына кең таралуымен, ерекше бейнелеу шеберлігімен, жағымды және жағымсыз мағынадағы мәнерлі сипаттауларымен ерекшеленді. «Қырғизиядағы ашаршылық» атты алғашқы мақаласы 1921 жылдың 26 қарашасында П.Н. Милюковтың «Последние новости» газетінде жарық көреді. Алайда, қолдағы материалдарға қарап, орыстың демократияшыл жетекшілерімен түсініспестіктің тым ерте басталғанын байқауға болды. Осы газеттің 1922 жылғы 26 желтоқсандағы бас мақаласында Мұстафа Шоқай 22 желтоқсанда Швейцарияның Лозанна қаласында болғанында Исмет пашамен жолығып, кеңескенде түріктердің Закавказьеге қозғалысында Грузияны айналып өтіп, Арменияны қамтуы туралы айтыпты-мыс деген жалған ақпарат беріледі. Осымен байланысты Мұстафа Шоқайдың басылымның бас редакторына жазылған үшінші хаты ғана газетке басылады. Хатта Исмет пашамен ешқандай кеңестің болмағаны, әлдеқалай онымен әңгіме болса, Закавказьеден аулақ болыңыз дер едім деп жазылған болатын [1, 357 б.].

А.Ф. Керенский мен П.Н. Милюковтың газеттерімен тұрақты қатынас негізінен 1923 жылдың сәуірінен басталып, 1924 жылды қосқанда, барлығы 19 айда 50 мақала жарық көрді. Бірер мысал келтіре кетейік. «Последние новости» газетінің 1924 жылдың 5 шілдесіндегі №1287 санында басылған «Ұлт мәселесінің лабораториясында» (Түркістандық тәжірибеден) деген мақаласында Мұстафа Шоқай большевиктердің Түркістанды РСФСР территориясындағы ұлт мәселесінің  зертханасы (лабораториясы) деп атайтынын, алайда жағдайдың тіптен өзгеше екендігіне, жұмыссыздық пен ашаршылық кең етек алғанына нақты мысалдар келтіреді [1, 533-538 б.]. Осы газеттің 1925 жылғы 28 қаңтарында жарық көрген «Түркістан кедейлерімен байланысу» (Смычка с Туркестанской беднотой) атты мақала кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы қыстақ (кишлак) өміріне арналып, публицистикалық жанрда жазылған. Автор жергілікті баспасөз беттерінде берілген материалдарға сүйене отырып, адамдар саны, салық көлемі сияқты нақты мағлұматтарды тілге тиек етеді. Ет салығын төлей алмаған мұсылмандарды қамыс арасындағы жабайы шошқаны ұстап союға мәжбүрлеген биліктің «қамқорлығын», «лениндік ауылға назарды» суреттейді. Қалыптасқан жағдайды осылай сипаттай отырып, автор мақаласын Түркістанға «Ұлы октябрьдің жақсылығын» жоққа шығаруға бола ма деген риторикалық сұрақпен аяқтайды [2, 39 б.].

Мұстафа Шоқайдың мұндай большевиктердің кеңестік кеңістіктегі озбыр саясатын аяусыз қатал сынға алған тарихи-публицистикалық еңбектерінің мазмұны Мәскеуге жетпей қалмады. Кеңес көсемі И.Сталин 1925 жылдың 29 мамырында РКП(б) Қырғыз (Қазақ) өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне  жолдаған хатында  «ақгвардияшылдар баспасөзінде белгісіз емес» Мұстафа Шоқай туралы былай деп жазды: «Бiз өкiметтi, жастарды саяси және идеологиялық тәрбиелеудi партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығымен және еш қалдықсыз коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанда (Қазақстанда – автор) шоқайшылардың жеңiске жетуi әбден мүмкiн. Ал, бұл Қырғызстандағы (Қазақстандағы) коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең» [3, 606-607 б.]. Бұл хаттан кейін Мұстафа Шоқайға Кеңес идеологтары «сатқын», «опасыз», «контрреволюционер», «нағыз пантюркист» және «панисламист» дегендей  толып жатқан аттар тақты. Енді отандастарына Мұстафа Шоқайдың қызметі мен шығармашылық мұрасын білмек түгіл, атын атауға қатаң тыйым салынды.

Арада қайшылықты жайлар жетіп жатса да, 1921 жылдан 1927 жылға дейін жоғарыда аты аталған газеттерде 150-дей мақала жарияланды. Бұл қадамға баруға Мұстафа Шоқайды екі жағдай мәжбүр етті. Оның бірі – күн көріс қамы болса, екіншісі – әзір басқа күрес алаңының жоқтығы еді. Алайда, күндердің күнінде орыс демократиясының Түркістан ұлттық қозғалысына сенімді одақтас бола алмайтынына көзі жетеді. Оған негізінен А.Ф. Керенскийдің Түркістан халқына деген теріс көзқарасы себеп болды. Сондықтан Түркістан халықтарының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын дербес басылымның қажеттілігін айқын сезінген Мұстафа Шоқай Түркістан Ұлттық Ұйымының басылымын ашу мәселесін іздестіреді. Бұл бағытта Польшаның премьер‑министрі болған Ю.Пилсудскийдiң алға қойған мiндеттерiнен туындаған, 1926 жылы  құрылып, 1940 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтана бастаған кезде жұмысын тоқтатқан «Прометей» қозғалысы көмектеседі. Бұл Мұстафа Шоқайдың Парижге келгеннен соң көп ұзамай Польша мемлекеті өкілдерімен, соның ішінде 1927-1930 жылдары Польша Сыртқы істер министрлігі Шығыс бөлімінің бастығы Тадеуш Людовик Голувкомен алысқан хаттар мазмұнынан айқын байқалады. 1926 жылы жазылған алғашқы хаттарда негізгі мәселе айлық, басылым, оның қаржысы, мақсаты, жарық көрер жері, оны шығарудағы қиындықтар, т.б. туралы жан‑жақты әңгіме болады. Сонымен ТҰБ ұйымының 1927 жылғы ақпан айындағы шешімімен «Йени Түркістан» журналы 1927 жылдың маусым айынан 1931 жылдың қыркүйегіне дейін Стамбулда шықты [4, 262 б.]. Бұл журналдың дүниеге келуіне бар күшін салған, жеке байланыстары мен таныстығын пайдаланған Мұстафа Шоқай «Йени Түркістан» деген мақаласында: «Біз Түркістан сөзін ұлттық бірліктің, ұлттық-мемлекеттік бірліктің символы ретінде, өзбектерге, қазақтарға, қырғыздарға, башқұрттарға, түркімендерге, тәжіктерге ортақ үй ретінде, қазір жасанды ұлттық-мемлекеттік шекаралармен бір-бірінен бөлінгендердің барлығына мәдени орталық ретінде қайта тірілтеміз» деп жазды [2, 294 б.]. Журнал Түркістан халықтары мен Түркия халқы арасында тіл және діл бірлігін нығайтуды көздеді. Ең бастысы, шетте жүрген түркістандықтардың өмірімен, олардың алға қойған арман-мүддесімен, эмигранттардың өздерін Түркістан ұлт-азаттық қозғалысымен, әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайымен, түрік мәдениетімен таныстыруды мақсат тұтты. «Большевиктердің Түркістандағы ұлттық саясатының идеялық және практикалық қырлары», «Кеңестердің Түркістандағы аштық саясаты», «Түркістанға аштық төніп келеді», «Ұлттық мәселе жөнінде», «Тұран мемлекеті жайында» және басқа да  мақалалар Түркістан ұлт-азаттық идеясы мен түрікшілдік ой-пікірлерді таратуда, түркі халықтарының рухани бірлігін насихаттауда маңызды рөл атқарып, сол кездегі кеңестік идеологияның шынайы келбетін ашуымен құнды болды. 

Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы ерекше жұмысының бірі –  Францияның ресми тілін жете меңгеруі болды. Осы тілде 130-дан астам мақала жазды. Әрине, негізгі тақырып – Кеңес үкіметінің бүкіл кеңестік кеңістіктегі озбыр саясаты еді. «Orient et Occident» журналының 1922 жылғы №4 санында жарияланған «Кеңестің Шығыстағы саясаты және Ресейдегі ұлттар мәселесі» атты мақалада Мұстафа Шоқай Кеңес үкіметінің Шығыстағы саясатының мынандай нақты мақсаттары барын айтады: бұл елдерге қолдау көрсету арқылы оларды Кеңес саясатының Батысқа қарсы күресіне жақтас ету және Дүниежүзінде әлеуметтік революция жасауға Шығыстың көмектесуі үшін ол елдерді советтендіру, Батыстың Шығыспен араласпауына барынша кедергі келтіру еді. Тіпті, Түркия баспасөзінің Франция мен Англия жайлы жағымсыз пікірлерді жазуын тоқтатуының өзін большевиктер үлкен қауіптей көрді. Шығыс Кеңес үкіметін әлемдік капитализмді жоятын құрал ретінде ғана қызықтырды [1, 341-352 б.].

«Түркістандағы  ұлттық қозғалыстың мақсаты мен беталысы» атты Франция Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында сақталған құжат‑баяндамада Мұстафа Шоқай Ресейдің саясаты мен Түркістандағы ұлттық қозғалыс жайлы зерттеуін ұсынады. Түркістан 1917 жылдың қарашасында өзін ресми түрде автономия деп жариялады, сонымен бірге Ресеймен мемлекеттік қарым-қатынасын сақтап қалады. Ресейдің шекаралас, діні бір, тілі бір елдері мүлде бөлініп шығып жатқанда, Түркістанның Ресеймен байланысын сақтап қалуының екі себебі бар еді. Бірі – әлі де әлсіз Түркістанды кез келген уақытта оның мұсылмандарына деген өшпенділігі басым Ресейдің қарулы күштерінің оп-оңай басып алуының мүмкіндігі, ал екіншісі – панисламистердің демократиялық ұлтшылдықты псевдоисламдық шовинизмге айналдырмауының алдын алу. Панисламистерден қорғанамыз деп жүргенде, Түркістан ұлтшылдары большевиктердің уысына түседі. Олар Түркістанды Кеңестің Шығысқа әскери насихат жасайтын орын ретінде белгіледі. Осылай елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайы әлсіреді. Большевиктердің саясатына қарсылық ретінде ұлтшылдар қозғалысы да жандана түсті. Олар Түркістанның азат және тәуелсіз болуын талап ете бастайды және бүкіл халық, тіпті коммунист-мұсылмандарға дейін ұлтшылдарды қолдайды. Ал, ұлтшылардың мақсаты – Кеңестің Түркістанды Шығысқа үлгі жасайтын басты қаруы ретінде қолдануын тоқтату еді [1, 358-361 б.].

Мұстафа Шоқайдың бар қайраткерлік қызметінің, шығармашылық жұмысының негізгі мақсаттарының бірі бүкіл түркі халқының бірлігі мен тұтастығы болды, онсыз азаттық та, тәуелсіздік те мүмкін емес болатын. Париждегі «Прометей» журналының 1929 жылғы №28 санында жарияланған «Большевизм және түркі халқы» деген мақалада түркі халықтарының өміріне буддизм мен исламның қалай келіп, қаншалықты әсер еткені және солардың соңынан ала келген большевизмнің әуре-сарсаңы жайлы айтылады. Түркі халықтары кезінде Қытайға жиі шабуыл жасап, аспан асты елін үрей мен қорқынышта ұстаған. Бұл зәбірден мезі болған қытайлар түркілерге буддизмді уағыздау үшін миссионерлерді жібереді. Буддизмнің Орталық Азияда пайда болуы түркі халқының әлеуметтік өміріне үлкен ықпалын тигізіп, соның нәтижесінде түркілер әлсірейді. Осылайша, Қытай дұшпанынан құтылады. Бірнеше ғасыр бойы буддизмнің ықпалында жүрген түркілердің жағдайы қатты нашарлайды. Ақыры бұл діннен бас тартып, өз өміріне ыңғайлы ескі дініне қайта оралып, жаңадан көркейе бастайды. Алайда, мұндай күй ұзаққа созылмай, түркілерді арабтар жаулап, ислам дінін енгізеді. Арабтар түркілерге тілі мен мәдениетін сіңіре алмағанымен, ислам дінін кеңінен таратады. Түркілердің наным-сенімі тағы да үлкен өзгеріске ұшырайды. Одан кейін түркі халқы бұдан зор сұмдыққа тап болды. Ол – большевизм еді. Орыстардың он жыл бойы жүргізіп жатқан өзгерістері өздеріне ғана тиімді, ал түркі халқына еш пайдасы жоқ болатын. Олар марксизмді өздеріне ыңғайлы етіп өзгертіп, одан большевизмді жасап шығарды. Түркілердің  жерін, тілін жаулап алған большевиктер енді ұлттарды жоюға бет алды. Бірақ, олар негізге алған марксизмде ұлтты жою деген ұғым атымен жоқ болатын [5, 70-74 б.].

Эмиграцияда Мұстафа Шоқай 5-6 материалдарын ағылшын тілінде де  жариялады. Әсілі бұл тілді білуге деген ықыласы Ұлыбританияға 1924-1933 жылдары алты‑жеті рет барғанда туған сияқты. Мысалы, 1928  жылы  «The Asiatic Review» журналында жарияланған «Түркістандағы басмашылық қозғалыс» атты мақалаға берілген редакциялық «Ішкі Шығыс» атты кіріспеде  былай деп жазылған: «Батыс Еуропада бұрынғы Ресей империясының мұсылман халықтарының Кеңес Одағының билігіне қарсы ұзақ күресінің маңызды мәселесі туралы ақпарат аз. …Осы нөмірде біз 1917 жылғы қарашада Түркістан мұсылмандарының Төтенше съезінде сайланған Түркістан Автономиялық Уақытша үкіметінің президенті Шоқаев мырзаның қаламынан 1918 жылғы 31 қаңтардағы есебін алу бақытына ие болдық. Шоқаев мырзаның істі ерекше білімімен және беделімен жазуға мүмкіндігі бар, сонымен бірге оның Түркістандағы соңғы он жылдағы оқиғаларға шолуы дәлелді және объективті болып табылады» [2, 417 б.].

Түркістан Ұлттық Бірлігі ұйымы жұмысының Еуропаға ауысуы «Йени Түркістан» журналымен қатар жаңа басылымды қажет етеді. Оны ұйымдастыруға Мұстафа Шоқай үлкен дайындық жүргізеді. 1926 жылы 2 қарашада белгісіз адресатқа (хаттың мазмұнына қарап мұны Голубко деуге болады – Ә.Б.) деген хатында жаңа басылымның ашылуы туралы ол: «Жүзеге асырыла қалған жағдайда журналдың жарық көруі менің қолымның бос болуын талап етеді. Бұл іске мен үлкен мән беремін… Біз енді ғана ұлттық күрестің практикалық жолын іздеуге шықтық. Біз бірден нәтиже күтпейміз және ондай уәде бермейміз де… Бірақ, ұзақ мерзімге арналған мемлекеттік мүдде тұрғысынан алғанда, біздің бұл жұмысымыз қазірдің өзінде пайдалы» деді [6, 40-41 б.].

Осындай қажырлы еңбектің нәтижесінде 1929 жылдың желтоқсанында  Берлинде «Яш Түркістан» («Уаs Тürkistan») журналының алғашқы саны жарық көреді. Түрік-шағатай тілінде араб қарпімен шыққан басылымды «Прометей» қоры қаржыландырады. Көлемі 40 бет шамасында болған журналдың мазмұнын ашып, мәнін арттыруға қызмет еткен алғашқыда екі-үш айдар болды. Мысалы, журналдың алғашқы санындағы «Саясат» айдарында «Біздің жол», «Яш Түркістанның» редакциялық алқасынан» тақырыбында редактор Мұстафа Шоқайдың бас мақалалары, «Әдебиет» айдарында Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері, «Жаңалықтар» айдарында Түркістаннан алынған хабарлар жарияланады.

Көлемі жағынан шағын болғанымен бүкіл түркі жұртының азаттығы мен тəуелсіздігін ту еткен 1939 жылдың тамызына дейін жарық көрген «Яш Түркістан» журналы Мұстафа Шоқайдың шығармашылық жұмысына ерекше қарқын, айрықша мазмұн берді. Бұл іске Еуропа елдерінен «тікелей көрсетілетін көмектің жоқ» екенін жақсы білген Мұстафа Шоқай: «Егер біз халқымыздың ұлттық тəуелсіздігі жолындағы талаптарының мəн-мағынасын бұзбай, күшін əлсіретпей, «Жас Түркістан» беттерінде көтере алсақ, онда бəріміз үшін қасиетті жəне аса ауыр жауапкершілік  артқан міндеттердің бір бөлігін өтеген болар едік» деп жазды [7, 21 б.]. Бұдан ары мақалада азаттық пен тәуелсіздіктің туын биік көтеруімен бірге оларға жетудің жолы, алда тұрған саяси мұрат пен мақсат нақты қойылды. Автор большевиктердің «Түркістан республикаларын түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық» деулерін талдай келе: «Ал, бiздiң мұратымыз – Түркiстанда түрi жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттiк құрылымға қол жеткiзу. Сонда ғана халқымыз өз жерiнiң нағыз қожасы бола алады» деп кесіп айтты [7, 22 б.].

«Яш Түркістан» журналында Мұстафа Шоқайдың 220‑дан астам мақаласы жарық көрді. Онда Ресей үкіметінің отарлық саясаты, осыдан туындаған проблемалар, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы Ақпан жəне Қазан төңкерістері, Алаш қозғалысы, Түркістан Мұхтарияты, басмашылар көтерілісі, большевиктердің ұлттық аймақтардағы өрескел саясаты жан‑жақты қатаң əшкереленді. «Орыс тепкісіндегі Түркістанның ұлттық қозғалыстарынан. Жеңілмес ұлтшылдық», «Түркістандықтар – бас имегендер», «Ұлт мәселесі төңірегінде», т.б. еңбектерінің алғашқысында әлемде Түркістаннан басқа  көптеген отар елдердің барлығы, бірақ бұл жердегі орыстардың отаршылдық саясатындай сұмдықтарды, ұлттық озбырлықтарды  тарих әлі көрмегені атап көрсетілген. Патшалық Ресейден бөлініп, өз алдына тəуелсіз өмір сүрмек болған Түркістан сынды өлкелерді жылдар бойғы қанды соғыстар арқылы қайтадан Мəскеуге тəуелді еткендігі, мұның ең қайғылы осы әрекеттерін большевиктер «орыс емес халықтардың азаттығы», «шығыс камқоры» – орыс   ұлтының «адамгершілік міндетін» өтеуі, пайғамбар Лениннің бодан халықтарға істеген «шапағаты» деп бағалайтыны айтылған. Мақала «Халқымыздың мәдени және рухани жақтан қол жеткізген жетістіктерінің бәрі тек ұлтшылдық қозғалысына тән», өйткені «Ол – халқымыздың жаны мен жүрегі» деген қорытындымен аяқталған [7, 49 б.].  Осы бір ойларды айта отырып, бір мәселеге назар аудара кетсек.

Еліміз тәуелсіздіктің отыз жылын бастан кешті. Алайда, осы кезге дейін «ұлтшылдық» ұғымына тиесілі мән берілмей, ұлтсыздық үдерісінің жалғаса түсуі байқалады. Қазағымыздың ғасырлар жасап келген тамаша әдет‑ғұрып, салт‑санасының күрделі өзгерістерге ұшырап келе жатқанын күнделікті көріп  отырмыз. Қазіргі республиканың 7 мыңға таяу мектептерінің 54 пайызы ғана, астанамыздағы 91 мектептің 34‑інің ғана қазақ мектептері екені, аралас мектептердің азаймай отырғаны сөзімізге дәлел бола алады. Орыс мектебінде оқып, тәрбие алған ұл‑қыздың өз әке‑шешесінің шынайы перзенті бола бермейтінін өмір көрсетіп отыр. Осы сәтте оқыту мен білім беруде ұлттық тілдің рөліне ерекше көңіл бөлген Мұстафа Шоқайдың: «Орыс мектептерінде оқып, орысша тәрбие алған орыс емес ұлт зиялылары, өздері меңгерген ғылым‑білімдерін туған халқының игілігіне жұмсай алмады, орыс зиялыларының тобын көбейтіп, орыс білімін толықтыру үшін қызмет етті» деген сөзін еске түсіре кетейік [8, 243 б.].

Мұстафа Шоқай 1930 жылғы «Яш Түркістан»  журналының №5, 6 сандарында жарық көрген «Түркістан лениншілдеріне жауап» атты мақаласында Түркістандағы ұлттық қозғалыстың тууына екі түрлі себептің барлығы, оның бірі – Түркістан халқы орыстардан мүлде басқа ұлт екендігі, екіншісі – Түркістанның ұлттық экономикасының мүддесі Ресейге қарсы екендігі атап көрсетіліп, қозғалыстың барған сайын күш алып бара жатқаны, ал большевиктердің ұлттық революционерлерге жалалы шабуылдарын үдете түскені туралы жазылған еді. Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескендерді «шоқайшылдар» деп атай бастады. Мысалы, Нәби Қадырұлының «Баспасөздің маңызы және оның міндеттері» атты  кітабында «шоқайшылдар» туралы жазған. Большевиктер үстемдігіндегі Түркістандағы экономикалық және мәдени «жетістіктер» сыналған [7, 62-70 б.].

1930 жылғы 18 ақпанда жазылған «Түркістандықтар – басын имегендер» деген мақалада америкалық журналист Линдсей Хобсеннің Түркістанға іс сапарынан алған әсері туралы Парижде «Пари-Миди» газетінде «Қызыл дуалмен қоршалған кеңестік Түркістан» («Советы окружили Туркестан  красной стеной») деген шағын хабары туралы айтылған. Бұл Кеңес үкіметі орнағалы бері Түркістанда шынайы шындықты берген шетелдіктердің ішінде жалғыз америкалық  журналист еді.  Мақаланы  осылай атауының өзі жаңалық болатын. Автор Ресейдің отары Түркістанды бояулы көзілдірікпен емес, өз көзімен көрген. Мақалада автор орыстардың Түркістанды өткен ғасырдың соңында жаулап алғаны, енді олармен қосыла орыс большевиктері жергілікті халықтың ұлттық дәстүрлерін жоймақ болғаны, сондықтан мұның қарсылыққа ұшырап отырғаны туралы айтылған. Осындай бірнеше жолдар бірнеше беттік мақаладан әлдеқайда құнды деп бағалаған Мұстафа Шоқай тағы да мынандай ойларды назарға ұсынады: «Түркістан орыс бұғауына өз еркімен түскен емес», «Түркістандықтар коммунистік бұғау астында өмір сүріп жатқанымен, басын имеген». Мақала: «Жалғыз  құқықты білу, әрине, аз. Ол үшін күресе білу керек. Керек кезінде өз құқығымызды күрес арқылы қорғап қалуға  әрқашан әзір болуымыз тиіс» [7, 271-274 б.].

Алдымен «Прометей» журналында басылған, содан орыс тіліне аударылып, Парижде шығатын «Горьцы Кавказа» журналының 1929 жылғы №2-3 санының 22-35 беттерінде жарияланған «Түркістандағы ұлттық өзара қатынас туралы мәселе» (кеңестік материалдардан) атты мақаласында Мұстафа Шоқай «Прометей» редакциясына өзінің Түркістандағы ұлтаралық қатынас мәселесіне тағы да оралғысы келетіні туралы жазып, өзінің орыс халқы, оның демократиялық және революциялық өрісі туралы түсінігіне елеулі өзгерістер туғызатын жаңалықтар еститінін ескертеді. «Біздің бұрынғы жетекшілеріміз орыс халқының ұлттық эгоизмі мен ұлттық ерекшеліктерінің жоқтығына қатты сенген болатын. Олар өз сенімдерін кейінгілерге берді және бұқараны соңынан ертті. Ақпан Қазанмен ауысты. Халық Уақытша үкіметтің  кеткеніне селт еткен жоқ, бірақ Кеңес үкіметіне де сенім көрсетпей отыр. Мұның себебі, Түркістандағы революцияның, Ақпан мен Қазанның қозғаушы күші, бұрынғы орыс отаршыл монархиясының сүйенері солдаттар болды. Олар патшалық Ресей кезінде жергілікті халыққа өздерінің қалағанын істесе, ал революция кезінде өздерінің билігін барынша көрсетті. Ал, орыс жұмысшылары жергілікті халықпен салыстырғанда патша үкіметі кезінде ерекше жағдайда болды, олар орыстың империалистік отаршылдық рухымен ауырды. Орыстың шаруа келімсектері қышлақтар мен ауылдарды өздерінің қалтасындай сезінді. Осындай Түркістанның жергілікті тұрғындарына қатынастарына қарай революцияның үш элементіне сипаттама беріледі. Большевиктер «әскери коммунизм» аталған дәуірді бастан кешіп, әрбір кеңестік құрылым революциялық жолда тұрғанның барлығын қиратты және оған орталық билік жауап берген жоқ. Кеңес өкіметі өзінің жиырма жылдығына аяқ басты. Шетелдік қонақтарға  ұлтаралық достықтың үстемдігі туралы ертегілер айтылуда. Ал, шындық өмір басқаша» деп автор кеңес газеттерінің материалдарына сүйене отырып, бұған түрлі дәлелдер келтіреді [5,  63-69 б.]

Мұстафа Шоқай уақыт қойып отырған проблеманы терең сезініп,  оны дер кезінде баспасөз бетінде көтере білудің асқан шебері болатын. Кеңес қоғамындағы Сталиннің жеке басына табыну үрдісін ерте білді. Бұған «Кеңестің негізгі заңы», «Кеңес одағының негізгі заңы төңірегінде» атты мақалалар толық дәлел бола алады. Алманияның ұлы мемлекет қайраткері Бисмарктің: «Әкімшіліктен ынсап кеткен жерде заңнан қайыр жоқ» деген сөзінен басталатын алғашқы мақала «Сталин жолдас жасасын!» деген ұрандармен ерекшеленсе, кейінгі мақала Коммунистік партияның «Сталиннің жеке басын» саяси құралға айналдырғаны туралы жазылған. Бір айта кететін мәселе – кез келген мемлекетте жеке билік қоғамның ыдырауына әкеліп отырған. Оған әлемде социализм орнатамын деп алас ұрған Советтер империясының аяғы неге әкелгені нақты дәлел.

Мұстафа Шоқайдың ақиқат құжаттарға, айқын фактілерге сүйене отырып, философиялық оймен, мəнерлі де көркем тілмен әрлеген, публицистік стильмен баяндаған шығармаларының болмысы, міне, осындай. Сол себепті де «Яш Түркістанның» бес жылдығына (1934 ж.) орай жазған мақаласында автор: «Қазір «Яш Түркістанды» оқымайтын Түркістан эмиграциясының бірде-бір ошағы жоқ. Араб елдерінен, Түркиядан, Персиядан, Үндістаннан, Ауғанстаннан, Қытайдан, Қиыр Шығыстан және басқа да елдерден түсіп жатқан хаттар «Яш Түркістанның» таралым ауқымына, оған үлкен құрметпен қарайтынына толық дәлел бола алады» деді [9, 44 б.]. Егер бұл журналды түрлі елдердің жиырмадан астам қоғамдық ұйымдары мен жеке адамдар алып отырған болса, оның 885 данасы 19 мемлекетке және Мәскеу, Тифлис, Баку және Түркістанға тараған болатын. Бұл туралы «Яш Түркістан» журналын алушылардың мекенжайы деген ақпаратта жазылды [10, 169‑171 б.].

Жинақтай айтсақ, Мұстафа Шоқайдың публицистік-редакторлық, ұйымдастырушылық қабілетін барынша танытқан ең соңғы туындысы – «Яш Түркістан» журналы болды. Бір айта кететін мәселе, өздеріңіз көргендей, «Улуғ Түркістан» басылымынан бастаған «Йени Түркістан», «Яш Түркістан», «Түркістан» журналдардың барлығы Түркістан атауымен байланысуы жайдан‑жай емес. Бұл, шын мәнінде, Мұстафа Шоқайдың энциклопедиялық білімі мен сұңғыла саясаткерлігінің, түркі халықтарының тәуелсіздігіне қызмет жасауға дайын түркішілдік рухының айқын көрінісі болатын.

Осындай эмигранттық журналистиканың тамаша туындыларын атай отырып, мынандай мәселелерді ерекше көрсеткіміз келеді: біріншіден, бұл басылымдар негізінен Мұстафа Шоқайдың бастамасымен шықты. Оған оның Польша резиденттерімен жазысқан хаттары куә бола алады. Екіншіден, олар шет елдердің  қаржыландыруларымен жарық көрсе де, сол мемлекеттің мұңын мұңдап, жоғын жоқтамай, негізгі мұраты – берісі түркістандықтардың, арысы бүкіл түркі жұртының азаттығы мен тәуелсіздігі болғандығы. Үшіншіден, түркі халықтарының ортақ мемлекеттік құрылымының болуы, олардың бірлігі мен тұтастығы, ұлттық рухты көтеру, саяси‑әлеуметтік сананы қалыптастыру үшін күресі. Төртіншіден, олардың шет елде шығуымен байланысты қиыншылық, тиісті мәліметтердің, әсіресе, кеңестік ақпараттардың қолға тиюінің әсте оңай болмағандығы, соған қарамай, жарық көрген материалдардың Кеңес үкіметінің орыстан басқа ұлттарға жасап отырған отаршылдық әрекеттерін жан‑жақты, өткір де терең көрсетіле білуі болды.

Осыларды бір мақаланың көлемінде ғана баяндай отырып, мен де қажырлы қаламгер, жалынды публицист Мұстафа Шоқайды қазақ эмигранттық журналистикасының негізін қалаушы деушілер үніне қосылғым келеді. Оған ұлы күрескердің бүкіл шығармашылық мұрасы айқын дәлел бола алады.                                                             

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылым докторы,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
университетінің профессоры,
Мұстафа Шоқай ҒО ғылыми жетекшісі

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. ІІ том, – Алматы: Дайк-Пресс, 2012. – 640 б.
  2. Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. III том, – Алматы: Дайк-Пресс, 2012. – 664 б.
  3. Общественная мысль Русского зарубежья: Энциклопедия /Отв. ред. В.В. Журавлев; отв. секр. А.В.Репников. – М.: Российская политическая энциклопедия (РОССПЭН), 2009. – С. 704.
  4. Қара Ә. Мұстафа Шоқай: Өмірі. Күресі. Шығармашылығы / Ә. Қара; жауапты шығ. Ғ. Әнес, түрік тілінен ауд. Г. Шадиева. – Алматы: Арыс, 2004. – 320 б.
  5. Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. IV том, – Алматы: Дайк-Пресс, 2012. – 532 б.
  6. В эмиграции: Эпистолярное наследие Мустафы Шокая 1919-1941 /Ред. Г.К. Кокебаева: составители: Г.Т. Исахан, Г.К. Кокебаева, С.К. Шилдебай. – Алматы: Полиграфия сервис и К, 2021. – 488 с.
  7. Шоқай М. Таңдамалы шығармалар. Үш томдық. 1-т. – Алматы: «Қайнар» баспасы, 2007. – 352 б.
  8. Шоқай М. Таңдамалы шығармалар. Үш томдық. 2-т. – Алматы: «Қайнар» баспасы, 2007. – 392 б.
  9. Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. VII том. – А.: Дайк‑Пресс, – 2013. – 572 б.
  10. Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. VIII том. – А.: Дайк‑Пресс, – 2013. – 560 б.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here