Батыс элитасы Путинмен қол алысқысы келмей ме?

0
781
1 наурызда Женевада өткен БҰҰ конференциясында Сергей Лавровтың алдын ала жазылған сөзі басталғанда 40-қа жуық елдің дипломаттары залдан шығып кетті...

24 ақпанда ресейлік әскер Украинаға басып кіргеннен кейін әлемнің бірқатар елі Ресейге қырын қарады. «Үлкен жетілік» (G7) пен Еуропалық Одақ елдері жүздеген санкция салды. Алайда, санкция құрсауында қалған Мәскеу оқ жаудыруды тоқтатпады. Әрине, бастапқыда Батыс елдері Ресей-Украина қақтығысына арағайындық танытты. Ресей президенті Владимир Путинге Франция президенті Эммануэль Макрон мен Германия канцлері Олаф Шольц күнара қоңырау шалып, тараптарды татуластыруға тырысты. Бірақ, қазан айында жетпіске толатын Владимир Путин райынан қайтқан жоқ. Ал, жауына өзінің ұлтарақтай жерін де бермейтінін ашық айтқан Украина да өліспей беріспейтінін байқатты. Содан Макрон да, Шольц та Путинге қоңырау шалуды доғарды. Қазір ресейлік истеблишмент үшін Батыс елдерінің есігі тарс жабылған. Батыс элитасы Путинмен де, Лавровпен де қол алысқысы келмейді. Оған мысал көп…

Енді бір-екі мысал келтірейік. «Қарусыздандыру» және «ұлтшылдардан тазарту» үшін жасалатын «арнайы операция» деген желеумен 24 ақпанда Владимир Путиннің бұйрығы бойынша Ресей әскері Украинаға соғыс ашқаннан кейін БҰҰ конференциясында РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров ыңғайсыз жағдайға тап болды. Айталық, 1 наурызда Женевада өткен БҰҰ конференциясында Лавровтың алдын ала жазылған сөзі басталғанда 40-қа жуық елдің дипломаттары залдан шығып кетті. Ресей СІМ басшысының сөзін тыңдауға Қытай, Йемен, Алжир, Венесуэла, Сирия және Тунис елдерінің өкілдері ғана қалды. ЕО, АҚШ және Ұлыбритания өкілдері мұны Ресейдің Украина аумағына басып кіруіне наразылық ретінде жасағандарымен түсіндірді.

Расында, Сергей Лавровтың Владимир Путин үшін осылай «таяқ жегені» бірінші рет емес. Соңғы рет Индонезияда Ресей СІМ басшысына кейбір әріптестері қыр көрсетті. Мысалы, «Үлкен жиырмалық» (G20) елдерінің сыртқы істер министрлері 8 шілде күні Балиде бас қосып, Ресейдің Украинаға басып кіруі мен соғыстың астық тасымалы мен энергетика нарығына әсері жөнінде ортақ мәмілеге келе алмай тарасты. Жиын соңында ортақ коммюнике де қабылданған жоқ. Тіпті, кездесуден соң министрлер дәстүрлі ортақ суретке түспей қойды. Ресей басқыншылығын айыптаған АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де Сергей Лавровпен бетпе-бет кездесуден бас тартты.

«Үлкен жиырмалық» демекші, күздің соңғы айында G20 саммитін Индонезия қабылдайтынын, оған «Үлкен жетілік» елдерінің қарсылығына қарамастан Путиннің шақырылғанын, Ресейді есепке алмағанда «Үлкен жиырмалықтың» 9 елі Кремльдің сыртқы саясатына қарсы шықпағанын «Qazaq» газетінің өткен санында жаздық (Қараңыз: «Алыптар арасындағы айқас: G20 елдерінің жартысы Ресейдің саясатына неге қарсы шықпады?», №32 (1135), 09.08.2022). Батыс елдері, соның ішінде АҚШ пен Канада Ресейді «Үлкен жиырмалықтан» шығарып тастауды ұсынғанымен, оған мүше кейбір елдер бұған келіспеді. Содан G20 саммитінің биылғы төрағасы Индонезия президенті Джоко Видодо Ресей президенті Владимир Путинге 15-16 қараша күндері өтетін G20 саммитінің қадірменді қонағы болуға Мәскеуге барып ресми шақырды.

4 тамыз күні Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путиннің G20 саммитіне қандай форматта қатысатыны туралы шешім қабылданбағанын журналистерге хабарлап, «нақты шешім қабылдауға әлі уақыт барын» айтты. Негізі «Үлкен жиырмалық» елдерінің басшылары Балиде бір стол басына жиналады. Ал, өткен айда сол Балиде кейбір елдердің министрлері Лавровпен бетпе-бет кездесуден бас тартқандарын ескерсек, Путиннің Индонезия жеріне табан тіреуі неғайбыл. Сірә, Ресей басшысы G20 саммитіне онлайн форматта қатысады.

Айтпақшы, «Үлкен жиырмалық» саммитіне Владимир Путинді шақырған Джоко Видодо G20 мүшесі болып табылмайтын Украина президенті Владимир Зеленскийді де қонаққа шақырды. Дегенмен, 9 тамыз күні Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк Зеленский G20 саммитіне Путин барса ғана қатысатынын айтты.

Сарапшылардың пікірінше, Путин Балидегі басқосуға бармайды, онлайн форматта қатысады. Себебі, «Үлкен жетілік» елдерінің басшылары Ресей басшысының қолын алмауы да мүмкін. Мұны Путин жақсы түсінеді. Оның үстіне Путиннің қыркүйек айында өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясына, тіпті онлайн форматта да қатыспайтыны белгілі болды. Ресей делегациясын Нью-Йоркке сол баяғы Лавров бастап барады.

Айта кетейік, «Үлкен жиырмалық» елдерінің басшыларын 15-16 қараша күндері Бали аралында Индонезия қабылдайды. G20 басшыларының он жетінші кездесуіне Германияның жаңа канцлері Олаф Шольц, Аустралия премьері Энтони Альбанезе, Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель және Борис Джонсонның «тағына отыратын» Ұлыбританияның су жаңа премьер-министрі Лиз Трасс немесе Риши Сунак алғаш қатысады.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here