«Ағайындылар» фильмі Германияда көрсетіледі

0
368

Киноиндустрия туралы жазатын «Hollywood Reporter» америкалық журналы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген Дархан Төлегеновтың «Ағайындылар» атты дебюттік толық метражды фильмі биыл 14-18 қыркүйек аралығында өтетін Oldenburg International Film Festival беделді кинофестивалінің бағдарламасында көрсетілетінін хабарлады.

«Ағайындылар» фильмі балалар үйі түлегінің өмірі туралы баяндайды. Ақжол қылмыстық әлемге тартылып, інісінің бар екенін білмейді. Кездескеннен соң ағайындылар отбасын табуға үміттеніп, әкесін іздей бастайды…

Режиссер екі ағайындының тағдыры бір-бірімен тамаша ұштасатын фильмді түсіру идеясы шынайы өмірден туындағанын айтады.

Басты рөлдерде – Әлішер Исмаилов, Айбар Салы және Азат Жұмаділ. Картина жасауда кәсіби мамандар тобы жұмыс жасады – сценарист Ален Рахметалиев, продюсер Максим Акбаров, қоюшы оператор Шерхан Таңсықбаев, қоюшы суретші Бағдат Қожахметов. Фильмге музыканы композитор Абай Абаев жазған. Ал, картинаның креативті продюсері өткен жылы қайтыс болған Фархат Әбдірайымов болды.

Фильмді келесі жылдың басында отандық прокатқа шығару жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Ольденбургтегі (Германия) халықаралық тәуелсіз кино фестивалі – әлемдегі жетекші инди фестивальдердің бірі, оны «Еуропалық Санданс» деп те атайды. Бұл кинофорум бүкіл әлемнің тәуелсіз кинематографистерінің шығармашылығын қолдауға бағытталған.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here