«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім»: Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды

0
587

Өткен ғасырдың басында қазақ даласында мемлекетшілдік ұраны оянды. Сан ғасырға жалғасқан бодандық қамытын сілкіп тастап, бұғаудан босануға қам-қарекет жасалды. Осы баянды істің басында қазақ оқығандары тұрды. Солардың бірі һәм бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы. «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген қазақтың Ахаңы өз ұлтының азаттығы үшін отаршыл империямен алысып, саяси күрес майданына араласты. Басын бәйгеге тігіп, халқының қамын жеді. «Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек» деп «Қазақ» газетін шығарды. Ұйқыдағы халқын «Маса» боп ызыңдап оятуға тырысты. Бір сөзбен айтқанда, «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім» деген Ахмет Байтұрсынұлының халқы үшін еткен қызметі шаш етектен. Осы жолда қуғын-сүргінге ұшырап, солақай саясаттың құрбаны болды. Ал, Ұлт ұстазының «Асықпаңдар, артымызда қазы бар!» деген сөзі ақиқатқа айналды. Есімі халқымен қайта қауышты.

ТОРҒАЙДАҒЫ ШАРАЛАР КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ

5 қыркүйек – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осыдан тура 150 жыл бұрын қазіргі Қостанай облысына қарасты Жангелді ауданының Ақкөл ауылында дүниеге келген Алаш арысының ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқан мерейтойы туған өлкесінде жалғасуы тиіс болатын. Алайда, Қостанай облысында тұтанған алапат өрттің салдарынан Торғайдағы шаралар кейінге шегерілді.

3-5 қыркүйек күндері Торғай өңірінде бірқатар шаралар жоспарланды. Өкінішке қарай, айтып келмейтін апат бар жоспардың быт-шытын шығарды. Тек алғашқы күні ғана Орталық стадионда  «Бабалар аманаты» республикалық ақындар айтысының іріктеу кезеңі мен Н. Ахметбеков атындағы Мәдениет үйінде режиссер-драматург Ерсайын Төлеубайдың «Оян, қазақ!» спектаклі қойылды.

Жоғарыда жазғанымыздай, қызыл жалын 4 қыркүйек күні Ахмет Байтұрсынұлы ауылында Ұлт ұстазының кесенесіне топырақ салу рәсімін, медициналық пункттің ашылуын, Торғай ауылында Жастар форумын, қазақ күресін, қызыл жалау, арқан тартыс, жаяу тарту, жамбы ату сияқты қазақтың ұлттық ойындарын,  «Бабалар аманаты» республикалық ақындар айтысының финалын,  ат жарысын, «Жайдарман» көңілділер мен тапқырлар клубының облыстық кезеңін, мерекелік концертті өткізуге мүмкіндік бермеді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қыркүйек күні Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығының ресми іс-шараларына қатысатын болған. Бірақ, Мемлекет басшысы Қостанай облысына сапары барысында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы ескерткішінің, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің лентасын қиған жоқ, өртті сөндіру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізуге мәжбүр болды. Президент  Қостанайдағы жұмыс сапары кезінде: «Амандық болса, осы бір қасиетті жерге келіп, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, тойды өткіземіз», – деді.

Осылайша, Қостанай облысындағы қызыл жалыннан көптен күткен Ахмет Байтұрсынұлының туған жеріндегі 150 жылдығы кейінге шегерілді. Ал, Торғай алыстан ат терлетіп келген қонақтар басы салбырап, еңсесі түсіп үйлеріне қайтты.

ҰЛТ ҰСТАЗЫ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛҒАН ЖОҚ

Әрине, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шаралар туған жерінде кейінге қалдырылғанымен, Ұлт ұстазының кешегі туған күні елімізде елеусіз қалған жоқ. Әр өңірде түрлі шаралар қолға алынды. Сондай шаралардың бірі Елордада өтті. Айталық, кеше Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және жаңа Қазақстанның зияткерлік сабақтастығы» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Саяси қайраткердің 150 жылдығына арналған конференцияға АҚШ, Түркия, Венгрия, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей, Башқұртстан, Татарстан ғалымдары қатысты.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің сөзінде ҚР Үкіметі жыл соңына дейін «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін дайындап, мерейтойлық маркалар мен монеталарды айналымға енгізетінін атап өтті. Гуманитарлық ғылымдар саласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығын беру – ғылым саласы үшін тағы бір маңызды жаңалық болмақ.

«Ахмет Байтұрсынұлына арналған іс-шаралар ЮНЕСКО шеңберінде халықаралық деңгейде өткізіледі. Алдағы екі айдың ішінде Парижде және Ыстамбұлда конференция өтеді. Анкара қаласында Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш орнатылады. Осы іс-шаралардың қорытындысы ретінде Мемлекет басшысының қатысуымен ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ аясында Түркістан қаласында халықаралық түркітанушылар конгрессі өтеді. Ұлт ұстазының шығармаларын кеңінен таныту мақсатында таңдамалы еңбектері 4 тілде (қазақ, орыс, түрік, ағылшын) шығарылады», – деді Саясат Нұрбек.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ұлт руханиятының бастауында тұрған Ахмет Байтұрсынұлы Орынборда «Қазақ» газетін шығарып, оның редакторы болғанын, келесі жылы «Қазақ» газетіне 110 жыл толатынын айтты.

«Биыл өтетін «Astana Media Week» халықаралық шарасында Ахмет Байтұрсынұлына арналған тақырып ұйымдастырамыз. Сол сияқты «Үркер» шығармашылық байқауының үлкен бір аталымына Ахмет Байтұрсынұлы атауын беру жоспарланып отыр», – деді Дархан Қыдырәлі.

Конференция аясында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықовтың «Ахмет Байтурсынов – учитель нации» кітабының тұсаукесері өтті. Жыл соңына дейін «Алаш» институтының ғалымдары Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы үй-музейі бірлесе дайындаған 12 томдық еңбегі жарыққа шығатыны белгілі болды.

Айта кетейік, кеше Мәскеудегі қазақ диаспорасының өкілдері мен ресейлік жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандықтар Қазақстанның РФ-дағы Елшілігімен бірлесіп, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай дөңгелек үстел өткізді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген Ахмет Байтұрсынұлының осылайша ұлықталып жатқаны қуантады. Бұл да азаттықтың арқасы. Өйткені, қазақты аяусыз қырған «қызыл империя» тұсында Алаш арыстарының аттарын атаудың өзі қылмыс  саналды. Ендеше, туған халқының бостандығы жолында құрбан болған қайраткерлердің барлығы да елдік пен ерліктің өшпес өнегесі ретінде әспеттеле беруі керек. Ал, ғылым мен мәдениетімізге қалтқысыз еңбегі сіңген терең ойлы Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың жадында зерделі тұлға боп мәңгілік сақталары сөзсіз.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here