Польша шекарадағы шиеленісті дуал тұрғызумен шешті

0
1497
Польша ұзындығы – 186 шақырым, биіктігі – 5,5 метр болатын дуал тұрғызды

Былтыр күзде Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Африкадан шыққан мыңдаған мигрант бірнеше ай бойы Еуропалық Одаққа мүше Польша, Латвия және Литваның аймағына Беларусь арқылы заңсыз кіруге әрекет еткенін көз көріп, құлақ естіді. Мигранттар ағынының күрт артуына байланысты Беларусьпен шектесетін жоғарыдағы үш елдің билігі мен шекарашылары біраз әбігерге түскені белгілі. Содан шекарадағы шиеленісті шешу, ендігі әрі оның алдын алу мақсатында былтыр Литва, Латвия мен Польша Беларусьпен шекарасын дуалмен қоршай бастады. Дуал құрылысын Литва тамыз айында, Польша осы айда аяқтады. Ал, шекарада 173 шақырымдық дуал тұрғызып жатқан Латвия оны 2024 жылдың көктемінде аяқтамақ.

Польшаның арнайы қызметінің өкілі Станислав Жарын Еуропалық Одаққа мүше ел шығыстағы көршісі Беларусьпен шекарадағы дуал құрылысын аяқтағанын хабарлады. Дуал салуға Варшава 1,6 млрд злото (шамамен 154 млрд теңге) жұмсады. Оның ұзындығы – 186 шақырым, биіктігі – 5,5 метр.

«Польшаға бүгінде заңсыз кіру мүмкін емес. Поляк шекарасы қазір Еуропадағы қорғанысы ең мықты шекара» деп жазды Станислав Жарын өзінің Twitter парақшасында. 

Бір жыл бұрын Беларусь арқылы Еуропалық Одаққа заңсыз өтпек болған мигранттарды тоқтату үшін Литва да дуал құрылысын бастаған болатын. Ұзындығы – 502 шақырымды, биіктігі – 5 метрді құрайтын дуалдың құрылысы жаздың соңында толық аяқталды. Вильнюс бұған 152 млн еуро (шамамен 71 млрд теңге) бөлді.

Латвияның Беларусьпен шекарасының ұзындығы 173 шақырымды ғана құрайды. Ал, Литва бір жылда 502 шақырымға созылған дуалды тұрғызып біткенін ескерсек, Латвияда бұл жұмыстың баяу жүріп жатқанын аңғарасыз. Бір жылда Рига Беларусьпен шекарасының бір бөлігін ғана дуалмен қоршаған. Шенеуніктер шекарадағы жұмыстың баяу жүруін жердің күрделі табиғи ерекшелігімен және өзге де сыртқы жағдайлармен түсіндіреді. Соған байланысты Латвия бұл жұмысты тек 2024 жылдың көктемінде ғана аяқтайтынын ашық айтып отыр.

Айта кетейік, Еуропалық Одақ шекарадағы шиеленіске Беларусь президенті Александр Лукашенконы кінәлады, мұны «2020 жылы президент сайлауынан кейін енгізілген санкциялар үшін Брюссельден өш алу» деп санады. Ресей қолдайтын Лукашенко режимі Еуропалық Одақтың бұл айыптауын мойындамай, «Польша мен Еуропалық Одақ мүшелері бейбіт азаматтарды паналатудан бас тартты» деп мәлімдеп, «адам құқығын бұзды» деп айыптады. Польша мен Еуропалық Одақтың өзге де мүшелері Мәскеуге «Минскіге дем беріп, шекарадағы дағдарысты ушықтыруға үлес қосты» деп кінә артты. Ал, Кремль мұны теріске шығарды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here